«Таяқты әліп деп үйреткен» ұстазды құрметтеу қазақтың қанына сіңген қасиет еді. Өкінішке орай, ғаламторда мұғалімді мазақ еткен оқушылардың бейне ролигіне куә болдым. Бұл – білім күні қарсаңында. Содан еріксіз қолға қалам алдым.
Дінде: «Адам баласы жетістік шыңына құрмет көрсетумен шығады, ал құлдырауы құрметсіздік салдарынан», – деген нақыл бар.
Бұрынғы заманда шәкіртке «Сенің үш әкең бар: біреуі – бел әкең, тағы біреуі – білім берген ұстазың, үшіншісі – сен қызын алған кісі», – деп оқытады екен. Бұл ұстазыңды әкеңдей құрмет ет деген тәрбие болса керек. Мұғалімге деген құрмет, оның жолын кеспеу, алдына түсіп алмау, орындығына отырмау, рұқсатсыз сөз бастамау, сөзді көбейтпеу сияқты әдептілікті де қамтиды. Сондай-ақ, ұстаз шаршап тұрғанда сауал қоймау, уақытқа мән беру, мазасын алмау және ұстаз бөлмесіне есік қағып кіру де сый-құрметке жатады. Бір қараған адамға тым асыра сілтеу сияқты. Бірақ, саңлақ сахаба Әли (р.а.): «Мен өзіме діннен бір мәселе үйреткеннің құлымын. Қаласа мені сатып жіберсін, қаласа өзіне құл етсін, қаласа бостандық берсін», – деген сөзі ұстазға жасалған құрмет әрқашан да көп етпейтіндігін көрсетеді.
Алла Талағаның сөзі Құранды үйреткен ұстаз ерекше құрметке лайық. Алайда, ақ қағазға қара қаламмен жазуды, әліппе ұстатып әріп үйреткен алғашқы ұстаздан бастап адамның ғұмыр жолында жолыққан, білім алуына ат салысқан әрбір ұстаздың орны бөлек.
Халифа Һарун Рашидтың ғибратты хикаясында былай жазылған: Һарун Рашид баласын атақты ғұлама Асмағиге білім және әдеп үйрену үшін тапсырады. Күндердің күні халифа оқудағы баласының жағдайын көруге барады. Ғалым Асмағи дәрет алып, аяғын жуып отырған екен. Ал, халифа баласы ұстазының аяғына су құйып тұр екен. Сонда халифа Асмағиге: «Мен сізге балама білім берсін, әдеп үйретсін деп жіберген едім. Неге балама бір қолымен су құйып, екінші қолымен аяғыңызды жууды бұйырмадыңыз?!», – деп сын айтқан екен. Иә, «Еті сенікі, сүйегі менікі» деген осы болар.
Пайғамбарлардың да басты міндеті – ұстаздық. Алла Тағалаға құлшылық етуге үндеуші елшілердің басты міндеті адамзатқа ақ пен қараны ажыратуды үйрету болды. Екі дүние сұлтаны Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз: «Ақиқатында мен мұғалім (үйретуші) етіп жіберілдім»,-деген сөзі бұған айқын дәлел.
Құрметті ата-ана! Балаңыз мектеп табалдырығын аттады. Қадамы құтты болсын! Балаңызға бірінші кезекте ұстазын құрметтеуді үйретіңіз. Себебі, тәрбиесіз білім алысқа шаппайды. Абайдың қара сөзіндегі қайрат, ақыл және жүрек үшеуі өз артықшылығын айта жарысып, ақыры төрелігін білімнен сұрағанда «…Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы…»,-деп білім діндарлық пен тәрбиені таңдағанын естеріңізде болғай.
Мұхаммед Ибраһим