Қандай да бір дінді алып қарастырғанда ол басқа бір мемлекеттердің ресми діні, идеологиясы, халқының ұстанатын сенімі, сол мемлекеттердің қамқорлығындағы діни ұйым болуы мүмкін. Сондықтан халықаралық діни қарым-қатынаста кез келген мемлекет мұны ескеріп, әр уақытта санасуы керек. Оның үстіне адам құқығы жөніндегі халықаралық құжаттарға қол қойып, талабын қабылдағаннан кейін бірінші кезекте діни сенім бостандығы алға шығады. Дін бостандығы, плюрализм деген сияқты әлемдік деңгейдегі құндылық деп саналатын дүниелерге біздің мемлекет те жол ашып беруі тиіс деп есептелді. Бірақ Батысқа жақсаң да, өз басыңа жақпайтын мұның екінші бір қыры бар.
Қазақтың ғасырлардан бері қарай ассимиляцияға түспей біртұтас болып келе жатуының бір себебі діни сенімінің бірегейлігінде жатыр. Жоңғарлармен 300 жыл шайқассақ та біз мұсылман, олар будда дінінде болғандықтан, олардың дүниетанымына бейімделген жоқпыз. Өйткені мұсылманшылығында олардың сенімі бізге бұрыс, ал олардың сенімі бойынша мұсылмандық дұрыс деп саналмайды. Қазақ алса алатын шығар, жоңғарға қыз бермеген. Одан кейін 150 жылдық патша отары оған ұласқан Кеңес Одағы бар, экономикалық, әлеуметтік саяси тұрғыда біте қайнасып араласқанмен, жоғалып кетпеуіміздің де себебін біздің мұсылман болуымыздан, олардың православ болуында деп айтамыз. Басында шоқындыру, кейіннен құдайсыздандыру саясаты жүргізілгенін білесіз, соған қарамастан, шоқындыру үдерісі сәтті болған жоқ. Сонымен дініміздің арқасында біз ұлт ретінде өзімізді сақтап қалдық десек болады. Ұлттың сақталуында оның тілі, танымы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы – бәрі бір-бірімен ұштасып жатады. Мысалы, христиан дінін қабылдаған қазақ үшін қазақтың салт-дәстүрі маңызды емес, өйткені ол христиандықтың ұстанымын құрметтейді. Пәкістанда оқығандар пуштундардың киімін сатып алып кие бастады. Діннің мәдениетпен, салт-дәстүрмен тікелей байланысы бар. Біз ұлт болып, халық болып, құндылығымыз бен дәстүрімізді осы мәселелерде бөлектеп, өз мүддеміздің тұрғысынан қарап, реттемейтін болсақ, ертең қазақтың жартысы христиан, жартысы мұсылман, мұсылмандардың өзінің жартысы радикал, жартысы ханафи, өзінің дәстүрін дәріптейтін деп болып, одан қалғаны тәңіршіл, тіпті барлық дінге қарсы атеист болып жік-жікке бөлінеді.
Ұлтымыздың дәстүрімен қалыптасқан «дәстүрлі дін» деп жүргеніміздің өзінің қазіргі нақты позициясы әлсіреп, сырттан келген ағымдардың айғай-шуы көбейіп тұрған жағдайда біздің ұлттың діни бірегейлігіне сызат түсіре бастады деген қауіпті біліп айтамыз. Мұны қолданыстағы заңнамамен реттей алмаймыз, өйткені заң бойынша діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген. Дін мемлекеттен бөлінген жағдайда мемлекет дінді қолдап, дәріптей алмайды, жасөспірімдерге діни білім бере алмайды, университтерде оқытылмайды. Яғни зайырлы мемлекеттің азаматы ретінде әркім өз білгенін істейді. Ал «өзі білгеннің» ақыры қайырлы болмай, дініміз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Әсіресе тәуелсіздік алғаннан кейінгі дін тұрғысында дауыл соққан бәйтеректей шайқалуымыздың себебі қазақ халқына 74 жыл коммунистік жүйенің діни сауатсыздығы әсер етті. Өйткені осы кезеңде өзінің ата-бабасы ұстанған иманынан, құндылығынан, дәстүрінен, тілінен де ажырап қалды. Оның бәрі саналы түрде ажыратылды. Әдейі жойды. Тек қана әліпбидің үш рет ауысқанын білесіз. Ата-бабамыз жазған қолжазбаларды оқи алмайтын ұрпаққа айналдық. Мұсылманшылық мектеп ретінде жалғасып келе жатқан дүние үзіліп қалды. Ауыз әдебиетінде, аңыз-әпсаналарда, өлең-жырларда, термелерде халыққа әйтеуір дін жетсін деген мақсатпен айтылған дүниелеріміз фольклордың бір тармағына айналып, аз айтылып жүрді. Қазақ даласындағы 1920 жылдарға дейін жалғасқан үлкен ислам мәдениеті, мешіт-медресе, білім беру, ағарту ісі үзіліп, екі буын ауысқан кезде мүлдем жоғалып кетті. Әрі қарай исламнан хабары жоқ ұрпақтың басында дағдарыс орнады. Содан соңғы 30 жылда шетелден ағылып келгендердің уағызын дұрыс түсінетін, бұл менің дінімді уағыздап тұр ма, әлде менің дәстүрлі дініме қайшы нәрсені уағыздап тұр ма дегенді анықтайтын адамның санасында да, қоғамда да шаблон осылайша жойылды. Біліммен келетін түйсік болмаған кезде адамдар жаңалықты тез қабылдайды. Айтушының қисынына құлап, не болмаса пайданы ойлап, не қарсы аргумент келтіре алмағандықтан өзгенің айтқанына мойынсұнып, қабылдауы мүмкін. 90-жылдары, тәуелсіздіктен кейін халық өз дінін қалағанынша ұстасын, қалағанынша мешіт салсын, өз құлшылығын жасасын дедік. Қандай дінді дегенде мүдірдік. Заң қабылдар кезде бізде дінтанушылар, мемлекеттің діни саласын реттеуге көмектесетін діни сауатты тұлғалар болған жоқ. Бірен-сараны болғанмен, олар, былайша айтқанда, заң қабылдауға белсене араласқан жоқ. Солқылдақ заңның кесірінен өзге ағымдарға есік ашылып, есімізді жинай алмай қалдық.
Әсіресе тәуелсіздік алғаннан кейінгі дін тұрғысында дауыл соққан бәйтеректей шайқалуымыздың себебі қазақ халқына 74 жыл коммунистік жүйенің діни сауатсыздығы әсер етті. Өйткені осы кезеңде өзінің ата-бабасы ұстанған иманынан, құндылығынан, дәстүрінен, тілінен де ажырап қалды
Бір мысал айтайын, қазіргі «салафизм, ваххабизм» деп жүрген ағымдардың өзінің қалыптасқанына бірнеше ғасыр болып, яғни 18-ғасырда таралған дүниелер еді. Бірақ біздің қаншама қазақ, мықты тұлғаларымыз Меккеге барса да, оны алып келген жоқ. Өйткені олардың «иммунитеті» мықты болды, жат ағымның қазақтың ауызбіршілігіне жік түсіретінін білді. Мұстафа Шоқай «Жас Түркістан» газетінде «біздің Түркістан территориясына ваххабизм деген ағым көшіп келді. Ешкім оған кірмейтін болғаннан кейін олар Иранға көшіп кетті» деп жазады. Демек, бұл ағым ғасырдың басында да келген. Алайда олар қанша жерден өз идеологиясын уағыздай берсін, оның қазақтың құндылығына жат нәрсе екенін білген соң ешкім қабылдамады. Олармен керіспей, ұрыспай-ақ сөзін тыңдаса да, қабылдамайсыз. Ол әрі айналды, бері айналды, ізіне ешкім еріп, дініне ешкім кірмеген соң, «қой, мұнда пайда жоқ, өз дініне мығым екен. Мен алып келгенімді тықпалап, бұдан пайда түсіре алмайды екенмін. Босқа шығындалмай, кетуім керек» деп жөнін табады.
Ал тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде, сол мәдени дәстүрдің үзілуіне байланысты, көп азамат топ-тобымен осы ағымға кірді. Тәуелсіздіктен кейін экономикалық ахуалдың нашарлауы діни ағымдардың оң жамбасына келді. Қайырымдылық қорларын, тіл курстарын ашып, киім-кешек, азық-түлік, мол қаражат таратып, жылап отырған адамды көшеден тауып алып басынан сипап, айналасына топтастырды. Ал адамның иманы берік, діни иммунитеті болмағандықтан, біраз уақыттан кейін сол қамқоршысына бауыр басады. «Осылардыкі дұрыс екен, мен жылағанда кім бауырына басты, мен тоңғанда кім көмір түсіріп берді, жалаңаш жүргенде кім киім берді? Маған ең жақын адамдар осылар екен» деді. Адам баласы жақсылықтың құлы ғой. Оларға кіріптар болып, әбден бауырлап алды. Сөзін де, ісін де жүрегіне орнықтырды. «Қайт» десең де қайтпайды.
Батыстың демократиялық саясатының көлеңкесінде қаншама діни ағым барын, ар жағындағы қамқоршылары кім екені белгілі. Олардың бетінен қаға алмайсыз. Қазіргі күнде дін – саясаттың бір бөлшегі. Сондықтан да мемлекет елдегі ахуалды заңнама арқылы реттеуі керек. Неге десеңіз, әрісі ХІ, берісі ХІІ ғасырдан ислам дінін біртіндеп қабылдаған халықпыз. 1200 жылдық ислам тарихы, ілімі, құндылығы жатыр. Көне қолжазбаларды жарыққа шығару, халыққа ұсыну, насихаттау, өзіміздің бояумен ұсыну, шошындырмайтындай етіп жеткізу жұмысы жатыр. Мұсылман болу әсте-әсте дейді ғой. Түсінбейтін адамға дұрыстап түсіндіру тәсілдері бар. Оны жетілдіру үшін барлық тетікті, амал-құралдарын іске қосқан абзал. Имамдардың біліміне беделі сай болуы керек. Аузы дуалы, айтқан сөзіне ісі сай болса мақұл. Ең үлкен мәселе – осы. Ең таза деген қазаннан кейде шошқаның басы шығады.
Халық ойлайды дін деген мұсылман деп. Мұсылманға қарап исламды түсінеді. Сөйтіп исламға кінә тағушылар да көбейіп жатыр. Мұсылман мен дін – бөлек нәрсе. Экономика деген ол экономист емес қой. Бұрын қазақтардың арасында діннен безу деген болмаған. Жалпы дін – жер бетіндегі адамдардың дұрыс өмір сүру жүйесі. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп айтушы еді ғой. Құдайдан қорқып жүру керек, ертең Құдай менің жазамды береді. «Құдай төбеңнен ұрсын» деп қарғайтын. Дін адамның адамшылығын сақтап тұратын критерий болатын. Біздің ислам қазақтың этнопедагогикасымен астасып, ұлт құндылықтарымен байланған ислам еді. Өкінішке қарай, медреселерде осыны оқытатын адамдар жетіспейді. Шетелден оқып келгендер сондағы алған тәлімін береді. Оны қазақы психологиямен, этнопедагогикамен салыстырып түсіндіруге өресі жетпейді. Сондықтан дін тұрғысында қоғамда жасайтын шаруа әлі де көп. Көп нәрсе жасалып та жатыр. Алайда қазіргі ақпараттың ағымына жету мүмкін емес. Бүгін бір адамды теріс ағымнан шығарсаңыз, дұрыс бағыт берсеңіз, ертең екі адам оның қатарына кіріп кетеді. Өйткені бәрінің қолында интернет, бұл жерде кешенді жұмыс жасау керек. Басты нәрсе мемлекет дін саясатында стратегиялық жоспар жасауы керек. Мұның көбін көпшіліктің теріс ағымдарға кетпей тұрғанында бастау керек еді. Зая кеткен уақытты ешкім қалпына келтіре алмайды. Ақырында мемлекеттің ішкі тұтастығына сына қағылуда. Отбасындағы екі адам екі дінге кірсе, отбасы бұзылады. Мемлекет ішінде де бірнеше діни ағым болса, ертең бірінің қолына қару беріп «ана кәпірлерді өлтір» десе, өзінің бірге туған қазағы екеніне қарамайды. Дін – адамның жүрегіне әсер ететін дүние. Қаншама адам Сирияға кетті. Өлгендері өлді, тірі қалғандары оралды. Қалай кетті, неге уақытында құндылықтарды бере алмадық жат ағымнан қайтарып, жолын бөгей алмадық? Осымен айналысатын саланың адамдары мемлекетке қарап отыр, заңнамалық негіздерін, тәртіп негіздерін, қылмыстық негіздерін тежейтін қолында үлкен тетік пен құзырет органы бар. Қолға алатын уақыты жетті. Тым болмағанда жастарға дұрыс мәлімет беретін кітаптарды көптеп шығарып, дұрыс оқыту маңызды. Ертең бала ержетіп қоғаммен араласқанда, менің дінім бұл емес деп айта алатындай мәліметі мен түсінігі болуы тиіс.
Мемлекет үшін екі жол ғана бар: елдегі діни ахуалды бақылап отырады не бақыламайды. Дін, сенім тұрғысында өршу шыққанға дейін бақылауда болуы мүмкін, алайда өршу бұрқ ете қалғанда кеш болмасын дейміз. Өршу, шиеленіс қай кезде шығады? Жат ағымдардың саны көбейгенде шығады. Олардың қатары артып, жиналады, ұйымдасады. Дауысы қатты естілетін болады. Арасынан идеолог, көшбасшылары анықталады. Оларды мүдделі топтар қаржыландырып, өзіне тартады. Билікке араласып, өзіне қолайсыз заң қабылдатпауы мүмкін. Осылайша тамырлай береді. Олар да жайдан-жай ислам үшін, біреулердің басын жайдан-жай қатырумен айналысып жүрген жоқ. Ар жағында осы мемлекетке иелік ету мүддесі тұр. Ешкім Құдайға құлшылығым жақса екен, жүрегім тазарса деген үмітпен етегіне намаз оқып жүрген жоқ. Ар жағын қазсаңыз саясат жатыр. Терроризмнің астын қазсаңыз – ақша, экстремизмді қопарсаңыз – қару-жарақ жасырылулы. Яғни әлемдік деңгейде арам пиғылын осындай нәрселермен бүркеп қойған. Әйтпесе ислам діні адамзатқа ешқандай қиянат жасамайды, тіпті кісіні өлтірмек түгіл, сыртынан ғайбат айтуға тыйым салынған. Бабаларымыз ұстанған ислам болса, бірге туған бауырды кәпір де, елден без, ұлтыңды мансұқта деп он екі ғасырдан бері айтушы еді ғой. Қазіргі саясат қазақтың ішіне жік салып, бір-біріне айдап салу арқылы кикілжіңді өршітіп, «экстремизм», «терроризм» деп байбалам салып, қазақты «қамқорлап», көбірек әскерін кіргізіп, соғыспай басып алу. Мұндай әдемде болып жатқан ойын картинасы қазіргі күнде қарапайым адамдарға да түсінікті болып қалды. Осындай ойынның тұзағына тұтылмау үшін әрекет етуіміз қажет.
Керек болса, дін мен мемлекет бөлінген деген қағидатты қайта қарау керек шығар. Дін қоғамнан бөлінбейді, олай болса мемлекет дін саласын өзі бақылап, жақсыларын өзі қамқорлап, жамандарымен өзі күрессін. Оның несі бар?! Ондай мемлекеттер бар. Зайырлылық деген тек қана «сен тимесең, мен тиме» деп отыра беретін ұғым емес. Мемлекеттік діні бар, ресми конфессиясы бар еуропалық мемлекеттердің өзі дініне қамқорлық жасап, діндарларымен келісіп отырады. Мысалы, Германияда христиан-демократтар партиясының жетекшілері ел басқаруда. Ол – халқының мүддесі. Одан біз не үшін қорқуымыз керек? «Ойбай, біз мынаны істесек, аналар да мұны сұрайды» деп жалтақтауға болмайды. Алайда қолданыстағы қазіргі заңның қағидатына бұл пікіріміз келе бермейді. Зайырлы деп айтатын сөзімізді айта алмай қалдық. Үйрететін тәрбиемізді бере алмадық, айтатын уағызымызды жеткізе алмадық. Біздің теріс ағыммен күресіміз сыртқы атрибуттарымен күрестен аса алмай қалды. Тек қана орамалмен, тек қана сақалмен күрес аз. Бұл – идеология. Сананың ішіндегі мәселе. Жеңе алмасақ та, болашақты жоспарлай аламыз. Болашақта келбетіміз былай болады, мына нәрсенің алдын алу керек дегендей әрекетімізді алдын ала ұйымдастыра аламыз. Қазір басымыз аман, еліміз тыныш, шүкір деп отыра беретін уақыт емес. Дін тұрғысында дер кезінде іргесін қымтамай, уақытын өткізіп алған елдің болашағына, ұрпағының келешегіне үлкен қауіп-қатер төнеді. Жат елдің идеологиясымен санасы уланғандар ойланбастан елін сатып жіберуі мүмкін. Бұл мәселе парасатты, ұлтшыл, әсіресе елім, жұртым деген елдіктің, тәуелсіздіктің қадірін білетін азаматтарды ойландырмай қоймауы керек. Саясат саясатпен, бірақ болашақтың, елдің мүддесінен ештеңе жоғары тұрмайды. Қазақта сөз бар «үй менікі демеңіз, үй сыртында кісі бар» деген. Жағдайымызға қарап аңдып отырғандар бар. Қаңтар оқиғасы кезінде де біраз мәселенің беті ашылып қалды. Қымтанатын уақыт жетті.
Кеңшілік ТЫШҚАН,
философия ғылымдарының кандидаты