Astana Hub қабырғасында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен дарынды жастармен бірге әзірленген есірткі қылмысының алғашқы digital-картасы ұсынылды.
Өткен жылы Astana Hub және «Жастар рухы» жастар қанаты Amanat Tech хакатонын өткізіп, онда Назарабаев Зияткерлік мекетебінің оқушыларынан тұратын «Shalqyma» командасы нақты уақыттағы есірткі қылмысын бақылау картасының идеясын ұсынып, жүлделі орынға ие болды. Бұл идеяны Esbol Qory қолдап, есірткі қылмысының сандық картасын әзірлеуге және іске қосуға көмектесті.
Esbol.kz сайтында Карта нақты уақыт режимінде жаңартылатын болады. Кез келген белсенді азамат есірткі қылмысының белгілерін жүктей алады.
Өз сөзінде Esbol Qory төрағасы Мемлекет басшысының «Нашақорлық пен есірткі қылмысымен күрес жалпыұлттық сипат алу керек» деген қағидатына сай жұмыс істейтінін атап өтті.
«Бұл картаның іске қосылуы – барлық есірткі саудагерлерінің қорқынышы. Президент бұл дертпен күрес жалпыұлттық екенің босқа айтқан жоқ, әрбіріміз – белсенді азамат болсақ та, кәсіпкер болсақ та, атсалысу керекпіз. Енді әрбір азамат олардың орындарын белгілеп, у сатуға кедергі жасай алады», – деді Esbol Qory-ның төрағасы Жандос Ақтаев.
Аталмыш картаны іске қосу азаматтық белсенділікті арттыруға және есірткі қылмысының таралуына қарсы күреске бағытталған. Пилоттық режимде карта Астана қаласында тестіленетін болады, ал сынақтан сәтті өткен соң, бүкіл ел көлемінде енгізіледі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі