АЛМАТЫ. 30 маусым. E-ISLAM.KZ – Қасиетті Рамазан айы басталды. «Лә-иләһа ил-Алла» деген мұсылман жұртшылығы оразаның алғашқы күнін қарсы алып, ауыздарын бекітті. Қайыры шексіз қасиетті отыз күнде бауырларымыздың сауабы еселеп артсын деген ниет бар әр кеудеде. Осындай игі пиғылды біз де ұстанып, көңілдегі бірнеше сауалымызды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына жолдаған едік. Дінбасы мен тілші арасындағы әңгіме былай өрбіді…
– Ержан қажы Малғажыұлы, қасиетті Рамазан айы мүбәрак болсын. Мұсылмандардың ұлық айына діни басқарманың дайындығы, ұйымдастырылатын шаралар төңірегінде әңгімелесеңіз алдымен.
– Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құдайға шүкір, қасиетті Рамазан айына да аман-сау жеттік. Ұлық айға есендікпен жеткеннің өзі үлкен нығмет. Жаратқан Ие баршамызға осы айдағы жауапкершілікті лайықты түрде атқаруға медет берсін, жәрдем етсін.
Бұрынғы мұсылмандар осынау мүбәрак аймен қимай қоштасып, ал келесі жылы құдды қырық жыл көрмеген қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады екен. Өйткені, бұл ай – әрбір жанға иләһи мейірімнің бір сынығын сыйлайтын сауабы мол маусым. Бұхари мен Мүсілімнің Әбу Һурайрадан (р.а) жеткізген риуаятында Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Кімде-кім рамазан оразасын шынайы иманмен сауабынан үміт еткен түрде тұтса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі» деген.
Рамазан – қайырымдылық айы. Рамазанға бір ай қалғанда барлық өкіл имамдардың қатысуымен төралқа мәжілісін өткіздік. Діни басқарма жыл басынан бері үш бағыт бойынша жұмыстарға басымдық беріп келеді. Соның бірі – қайырымдылық шаралары. Рамазанның құрметіне қоғамдық орындарда халыққа құрма таратылуда. Өткен жылы қалаларда оразаның бірінші күні автобуста тегін жүру акциялары ұйымдастырылды. Биыл да осы үрдіс қайта жалғасын табуда. Асханаларда ауызашар уақытында қайырымдылық шараларын өткізу жоспарда бар. Түнгі тарауих намаздарына келген жамағат үшін үйлеріне дейін жеткізетін арнайы автобустар тағайындалды.
– Рамазан – сауаптар еселеп жазылатын, қайырымдылыққа шақыратын ай. Осы орайда, еліміздегі мұсылман бауырларымызға не айтар едіңіз?
– Дұрыс-ақ, Рамазан – сауап айы. Биыл мұсылман қауымына, халыққа Үндеуімде құрылыс салаларында, шахталарда, кәсіпорындарда, заводтарда ауыр жұмыс істейтін ауыз бекіткен отандастарымызға басшылық тарапынан жеңілдіктер жасалса деген өтінішімізді айттым. Өйткені, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде әр адам өз қарамағындағы адамдарға жауапты екенін жеткізген.
Сонымен қатар, Рамазан айында жасалатын Құдайы тамақтар, той-томалақтар сынды іс-шаралар ауызашар уақытында жасалса деген ұсынысымызды білдірдім. Халықтың күнделікті тұтынатын заттарына жеңілдіктер жасалса, тіпті, нұр үстіне нұр болар еді.
Ораза ұстаудан босатылған науқас, жүкті, омырауында сәбиі бар әйелдер қарттарды, жағдайы жоқ кедей адамдарды бір рет тамақтандыруы қажет. Бұл – дініміздің талабы. Алла тағала өз құлдарына ауырлық қаламайды, керісінше, жеңілдік қалайды. «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Алла тағала сендерге оңайлық қалайды, ауырлық қаламайды…» делінген.
Рамазан – ағайынның арасын жақындататын ай. Осы айда туған-туыстармен байланысты күшейтіп қалуға әрекет еткеніміз абзал.
– Еліміздегі дінтанушылар, теологтар, имамдар арасында орысша сауатты уағыз айта алатын қызметкерлердің тапшылығы жиі әңгіме болады. Тіпті, орыс тілінде діни сауаты мығым мамандарға сұраныс та баршылық екеніне көзіміз анық жеткен. Өйткені, жат ағымдардың жетегінде кеткендердің дені орыс тілді жастар екенін жасыра алмаймыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл бағытта қандай шараларды қолға алуда?
– Кейбір облыстарға, әсіресе, Солтүстік Қазақтан аймағына барғанымызда орыс тілді бауырларымыздың тарапынан «Бізге орысша уағыз айтылса» деген ұсыныстар, өтініш-тілектер түсіп жатады. Еліміздің кейбір аймақтарында орыс тілді жамағатымыз имамдардың қазақ тілінде айтқан насихаттарын түсінбей жататын жағдайларды байқаймыз. Солтүстік аймақтарда орыс тіліндеге уағыздарға сұраныс көп. Осыны ескере келе, бауырларымызға ұғынықты болу үшін арнайы насихат тобын жасақтау жайында ұйғарым жасадық. Насихат тобының құрамына орыс тілін жетік меңгерген, діни һәм дүниеуи сауаты жоғары, халыққа даналықпен көркем уағыз айта алатын дінтанушылар мен имамдар енді. Республика бойынша бес-бес адамнан тұратын екі топ жасақталып, аймақтарда уағыз айтуға кірісті. Жуырда «Әзірет Сұлтан» мешітінде орыс тілді уағызшылар тобына алғашқы семинар-тренинг өткізілді. «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам Мәдениеті университетінде де болашақ имамдарды орыс тілінде уағыз айтуға бейімдеу жоспарымызда бар.
Мүфтият дін қызметкерлерінің білімі мен тәжірибесін арттыру мақсатында бірнеше елдермен келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастық меморандумын қабылдады. Атап айтқанда, Мысырмен, Түркиямен, Мәскеумен білім саласы бойынша ынтымақтастық келісімдер жасалды.
Жуырда Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль Ғайнутдин біздің ұсынысымызды қабыл алып, Мәскеу Ислам институтында имамдарымызды оқытуға рұқсат берді. Институт ректоры Дамир Хайретдиновпен кездесіп, еліміздің діндарларын үш және алты айлық курсқа жіберу туралы уағдаластыққа қол жеткіздік.
– Ержан қажы Малғажыұлы, діни басқарманың бастамасымен соңғы кездері қайырымдылық, спорттық, әлеуметтік шаралар жиі ұйымдастырылады. Солардың ішінде қай бағытына басымдық берілгенін қалайсыз?
– Әрине, қайрымдылық шаралары мен жобалардың бәрі біз үшін қымбат әрі қайырлы. Бізге бәрінен биік нәрсе, ең алдымен адамдардың ары мен иманын кірлетпесе, күнәдан сақтанса, бірлігіне сызат түсірмесе. Жетім мен жесірдің, мүгедек пен қарттардың, тағы басқа адамдардың көңілі қымбат біз үшін. Жобалар мен қайырымдылық шараларды бөле-жармай-ақ қояйын, ең бастысы Алланың разылығына бөленуге жетелейтін әрбір қайырлы амалды жүзеге асыру маңызды. Өйткені, пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Амалдардың жақсысы – аз да болса, үнемі жалғасын тауып отырған амал» деген.
Сауап – ол біздің айналамызда. Қамыққанға жанашырлық таныту, жетімнің басын сипау, адамдарға кедергі келтірген жолдағы тасты алып тастау – ол да сауап.
Адамдар Ислам туралы дұрыс түсінікте болса деймін. Оның ақиқат дін екенін дұрыс түсінсе. Исламды қаралаған ақпараттар мен жағымсыз әрекеттерге алданып, соған сеніп қалмаса деймін.
– Ислам дініне қадам басқан мұсылман алдымен мешіттің табалдырығын аттайды. Осындайда мешіт қызметкерлерінің көркем мінезі көп рөл атқарады. Қазақстандық имамдардың, жалпы, дін қызметкерлерінің этикасын биіктету, адамдармен қарым-қатынасын жақсарту бағытында қандай да бір шараларды қолға алдыңыздар ма?
– Иә, дұрыс айтасыз. Бауырларымыз мешітке келгенде, имамнан мейірім, әдеп, жылышырай күтеді. Әркім әртүрлі сұрақтармен келеді. Оларға бірдей көңіл бөлуіміз қажет. Осы ретте дін адамы жұмсақ, сыпайы, иманды, сабырлы, бір сөзбен айтқанда, көркем мінез иесі болу қажет. Біздің имамдар осынау талап-тілек деңгейінен көріну керек. Абыройлы атымыз бен қызметімізге қылау түсірмей, ізгі істерде жарыса білуіміз қажет. Халық мешіттен Исламды іздеп келеді. «Жайылып жастық, иіліп төсек бол». Тамаша теңеу. Құдды осы мақал бізге, дін қызметкеріне қатысты айтылса керек. Мешіттің күзетшісі, мейлі имамы болсын, Құран оқытуға, кеңес алуға, жәрдем сұрай келген кез келген кісіге кішіпейіл мінез көрсетуі тиіс екенін жиналыстарда жиі ескеріп келеміз. Жамағаттың, жеке тұлғаның іш-бауырына кіріп, оларға шынайы жанашырлық таныту – имамдардың суапты да жауапты жұмыстары.
Жамағатқа, мешітке келген жалпы жұртқа жанашырлық таныту – иілу емес – игі іс. Жағымпаздық емес – жанашырлық. Демек, Алланың хақ жолын таңдаған адамға рухани демеу деген сөз. Мұны рухани дағдарыс пен күйзеліске түскен жанға көрсетілген алғашқы ем-дом, тұңғыш таңу дейміз. Медицина тілімен айтқанда, жедел жәрдем. Жауапты да сауапты қызмет деп отырғанымыз – осы.
Құлшылық үйіне қадам басқан әр адамның жүрегіне ізгілік дәнін себу – үлкен жеңіс. Керісінше, келген кісінің хақысы берілмей, қанағаттанбай кетуі – үлкен қасірет. Мүфтият басшылығы бүкіл имамдарды осыны ұмытпауға шақырады. Ендеше, әуелі өзімізден бастайық. Сауап еселенсін.
Иә, имамға имамдық қызмет аз. Оның атқарар саласы сан алуан: психолог, тәрбиеші, ұстаз, кеңесші, уағызшы, ұйымдастырушы, т.б.
Алматыда имамдардың білімін жетілдіру Ислам институты жұмыс істейді. Біз осы инстиутыттың бағдарламасын қайта қарап, жаңа пәндер енгіздік. Олар – шешендік өнер, қазақ тілі, Қазақстан тарихы, информатика, Қазақстан Заңдары, уағыз әдебі, психология, адамдармен қарым-қатынас әдебі, т.б. Әр имам психолог болу қажет. Бұл – уақыт талабы. Сондықтан имамдарға қосымша көмек ретінде психологтарды мешітке жұмысқа қабылдау туралы мәселені Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде талқылайтын боламыз.
Асхат Райқұл