– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Әрине, жастардың имандылыққа бет бұруы – үлкен жақсылықтың нышаны. Жастайынан ізгілік пен ізеттілікке тәрбиеленген адам өскенде мейірімді, қайырымды, иманды жанға айналады. Иманды адам өзінің өскен ортасы мен отбасына, жалпы қоғамға көбірек пайдасын, шарапатын тигізеді.
Бірде пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген. Демек, қазір біздің қоғамға өз ісінің майталман маманы бола білген иманды, жанашыр, дәстүрлі құндылықтарды құрметтейтін парасатты жастар қажет. Білім мен көркем мінезді, ар мен ұятты өз бойына ұялатқан адам еліміздің өркендеуіне үлкен үлес қоспақ. Біз жастарымызды осыған тәрбиелеуіміз керек.
Мектеп мұғалімі балаға сабақ берумен қатар оны ізгілікке баулыса, ата-ана ұлы мен қызының тәрбиесін жіті қадағаласа, дін қызметкерлері көркем уағыздарымен имандылыққа ұйытса, қарияларымыз бен зиялы ағаларымыз тәлімін айтса – бала көргені мен естігеніне амал ете бастайды. Сондықтан, ізгі ғұламалар «баланы тәрбиелегің келсе – әуелі өзіңді тәрбиеле» деген.
– Жұма намазы алдында айтылатын уағыздар жақсы, тағылымы мол. Өкінішке қарай, көп жағдайда уағыз айтушы имамның шешен, жатық, әдемі сөйлеуі кемшін соғып жатады. Осы олқылықтың орнын қалай толтыруға болады?
– Тілегіңіз орынды. 2016 жылдың жаңа оқу жылынан бастап еліміз бойынша 9 медресенің оқу бағдарламасына «Шешендік өнер» пәні енгізілді. Қазір шәкірттеріміз осы пәннен дәріс тыңдауда. Ал Діни басқарма қызметкерлерінен бастап, аймақтағы имам-молдаларға дейін шешендік өнерден арнайы семинарлар өткізіліп келеді. Дәрісті Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры, елімізге танымал дикторлардың ұстазы Мұрат Әбзелбаев өткізуде. Сонымен қатар, ҚМДБ баспасөз бөлімінің жетекшісі, журналист Ағабек Қонарбайұлы да облыстардағы имам-молдаларымызға «Шешендік өнер және көркем уағыз» тақырыбында теориялық әрі тәжірибелік тұрғыда тренинг жүргізіп келеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде имамдарымыз біраз шыңдалып қалды.
Сөйлеу өнері – сонау пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с), ат сүрінгенше сөз тапқан ата-бабаларымыз бен би-шешендерімізден қалған мұра. Бүгінгі дін қызметкерлері пайғамбарлар мен кешегі дуалы ауыз абыз ақсақалдарымыздың мұрагерлері деп есептеймін.
Алла тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 63-аятында: «…Оларға үгіт бер де, әсерлі сөз сөйле», – деп бұйырған. Сонымен қатар, Мұса (ғ.с.) пайғамбардың тілінде айтылатын аятта: «Бауырым Һарун маған қарағанда шешенірек…» («Қасас» сүресі, 34-аят) деп баяндалған.
Жүсіп Баласағұни бабамыз бір өлеңінде:
«Айтар сөзді сайлап алғын ақылмен, Жауабың дөп қатар түссін нақылмен», – деп жырлайтыны бар. Расында, адам баласының талғамы өсіп, таңдауы артқан мына заманда біздің имамдарымыз да әсерлі сөз сөйлеп, халықты өзіне қарата білуі керек. Наполеон Бонапарттың: «Кім әсерлі сөйлей алмайды, сол жетістікке жете алмайды», – деген сөзінде жан бар. Облыстарға жасаған сапарларымда шешен сөйлейтін имамдарды кездестірсем, оны Астана немесе Алматы қалаларындағы мешіттерге қызметке тағайындаймын. Көркем сөйлей алатын, тұшымды уағыз жүргізіп, ойын түйіндеп жеткізе алатын дін қызметкері үлкен мінберлерден көрінуі тиіс.
Аллаға шүкір, бүгінде сөзге шешен, тәжірибелі имам-молдаларымыз тек діннің ғана емес, дәстүрдің де насихатшысына айналды. Уағыздарда ақын-жырауларымыздың тағылымды тұжырымдары, өнегелі өлеңдері қоса айтылатын болды.
– Біздің кейбір жастарға салафилық сияқты жат ағымдардың теріс идеологиясы әсер етуде. Өкінішке қарай, дінімізді, тілімізді, салт-дәстүрімізді, тарихымызды, әдебиетіміз бен мәдениетімізді, руханиятты шала, үстірт білетін, иланғыш, еліктегіш кейбір жастарымыздың аталмыш теріс ағымға өткендігін білеміз. Сондай жастармен қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Идеология – қолға ұсталмайтын, көзге де көріне бермейтін күшті қару. Адам санасына жылдармен кірген идеологияны күндермен тазарта алмасымыз анық. Сіз айтып отырған уаһабилік, яғни салафилық идеологияны қолдайтын жастардың діни таным-түсінігін түзету ең әуелі уақыт пен жүйелі жұмысты қажет етеді. Бұл бір күннің немесе бір аптаның жұмысы емес. Бірнеше жылдан бері мешіт жамағаттарымен жастарды бір игі мақсатқа біріктіретін спорттық, рухани, мерекелік шаралар ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, футбол, теннис, дәстүрлі спорт жарыстары, пікір алмасу басқосулары, т.б. салауатты да сауапты іс-шаралар жүзеге асуда. Біздің имамдар жат ағымның жетегінде кеткен жастармен сағаттап сұхбаттасады, көңіл-күйіне үңіледі, мүмкіндігінше моральдық және материалдық тұрғыда көмектесіп, байланысты үзбеуге тырысады.
Жыл соңында жүргізілген жұмыс нәтижелерінің қорытынды есебін жасаймыз. Атап айтсақ, 2016 жылы 1 398 жат ағымдағы тұлғаларға жеке түсіндіру жұмысы жүргізілді. Жүйелі дәрістер мен кездесулердің нәтижесінде нақты 533 тұлға дәстүрлі дінге бет бұрды.
Сонымен қатар, 96 дін қызметкері еліміз бойынша 67 түзеу мекемесінде терроризм және діни экстремизм бабы бойынша жазасын өтеп жатқан сотталушыларға жүйелі дәріс өткізеді. Өткен бір жылдың ішінде 1410 сотталушыға түсіндірме, оңалту жұмыстары жүргізілді. Оның 186-сы дәстүрлі дінімізге оралды. Ал сол түзеу мекемесінде отырған 96 азамат өздерінің радикалды көзқарастарынан қайтты. Бұл – нақты жұмыс нәтижесі.
– Имам демекші, қазіргі дін қызметкерлерінің қанша пайызының жоғары, орта діни білімдері бар?
– Бүгінгі таңда 800-ге жуық дін қызметкері, яғни 20 пайызы жоғары білімді. 27 пайызы, яғни 1033 адамның орта білімі бар. 1786 (54%) имам-молда Алматыдағы имамдардың білімін жетілдіру курсынан өтіп, арнайы семинарларға қатысып білімін жетілдірді. Өткен жылдың өзінде Ислам институтында 270 имам 2 айлық курсты тәмамдады.
Қазір барлық мүмкіндікті пайдаланып, дін қызметкерінің білімі мен тәжірибесін арттыруға күш салып жатырмыз. Осы бағытта 2016 жылы 204 семинар өткіздік. Білім жетілдіруге арналған дәріске 2 968 имам-молда қатысты. Сонымен қатар, діни кадрларымызды Мысырдың әл-Азһар университетінде, Түркияның «Хасеки» академиясында оқытып жатырмыз. Қазір сол шетелдік оқу орындарында тәжірибесін шыңдап, білімін арттырып келген түлектердің алғашқы легі қызметтерін жалғастыруда.
Діни басқарма 2020 жылға дейінгі діни білім саласын дамытуға арналған тұжырымдама қабылдады. Тұжырымдаманың мақсаты – мешіт-медреселерімізді білімді де білікті діни кадрлармен көбірек қамтамасыз ету, сонымен қатар, діни білім сапасын жоғары деңгейге көтеру. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының көңіл бөліп, қолға алып отырған негізгі міндеттерінің бірі – қазіргі қоғам талабына лайықты имам дайындау.
Өйткені, бүгінгі дін қызметкері заманның ағысынан, уақыттың талабынан әсте қалыс қалмауы тиіс. Бүгінгі имам үнемі өздерін дамытып, жетілдіріп, діни һәм зайырлы біліммен сусындап отыруы қажет. 2 жылдың көлемінде 3 мыңға жуық имамдарымызды қайта аттестаттаудан өткізіп, білім деңгейін анықтадық. Аттестаттаудан сүрініп, білімін дәлелдей алмаған дін мамандарын қайта оқытып жатырмыз.
– Жасыратыны жоқ, ауылдағы жамағатқа тұшымды уағыз, жалпы Ислам құндылықтары жетпей жатқан сияқты. Мешіт жамағаттары аз, жұма намазына баратындар саны саусақпен санарлық… Сосын жамағаты аз, жалақысы жоқ ауыл имамдары қалай күн көреді? Олардың да отбасы, бала-шағасы бар емес пе?
– Ауылдағы жағдай маған жақсы таныс. Ауыл имамы болып қызмет еткен соң, ондағы молдалардың да жағдайын жақсы білемін. Алайда, Алла разылығы үшін зейнетақысын мешіттің жылуы мен жарығына жұмсап, мешітті ұстап отырған ақсақалдар да аз емес. Ондай ерлік жасап жүрген имамның талайын көрдім. Сол кісілерге, яғни өз-өзін қаражатпен қамтамасыз ете алмайтын ауыл мешіттерінің имамдарына ҚМДБ жанындағы «Зекет» қорынан 30-50 мың теңге көлемінде жалақы беріліп келеді. Әрине, қордағы қаражат бәріне бірдей жетпейді. Кейде менен кәсіпкерлер: «Қандай қайырымдылық жасайын?» – деп сұрағанда, ауыл имамдарының өз зейнетақысынан жырып беріп, мешіттің шығындарына жұмсайтынын айтқанда, еріксіз елжіреп кетеді. «Соларға көмектесіңіз, мүмкіндігіңіз болса қажылыққа жіберіңіз», – дедім.
Бізге үлкен ұстаздарымыз: «Дінге мұқтаж жерге барып қызмет етіңдер», – деп ылғи құлағымызға құйып отыратын. Аймақтағы имамдармен кездесулерімде осы сөздің мәнісін ұғындырып отырамын. Бірнеше жылдың жүзі болды, «Нұр Мүбәрак» университетін, медресені бітірген шәкірттерді өздерінің ауылдарына қызметке тағайындап келеміз. Астана, Алматы секілді ірі қалаларда қызмет еткен тәжірибелі имамдарды ротациялық жүйемен ауылға ауыстырып отырамыз.
– Ал жаңадан құрылған Дін және азаматтық қоғам министрлігімен арақатынастарыңыз қалай?
– Министр Нұрлан Ермекбаевтың қабылдауында болдым. Ашық әңгіме барысында діни саладағы жұмыстарды жетілдіруге қатысты ойларыммен бөлістім. Ол кісі құптады. Министр «Әзірет Сұлтан» мешітінде болып, мүфтият қызметкерлерімен де кездесіп, жұмысымызбен танысты. Ортақ ойларымыз бен игі жобаларымызды ортаға салып, пікірлестік. Бізді біріктіретін ортақ мақсаттар көп. Халықтың имандылығын арттыру, дінаралық татулық пен бірлікті нығайту бағытындағы ізгі іс-шараларды жүзеге асыру жөнінде ортақ уағдаластыққа қол жеткіздік.
– Сұхбатымыздың соңында сізге бір ұсыныс айтайын деп отырмын. Бүгінгі жас өскін – балаларды имандылық, адамгершілік, отансүйгіштік, елінің патриоты ретінде тәрбиелеу бағытында көркем шығармалардың алатын орны үлкен. ҚМДБ балалар мен жасөспірімдерге арналған прозалық шығармаларға, айталық, әңгіме, мысал, ертегі, сахналық көрініс, хикаяттарға жыл сайын өтетін дәстүрлі бәйге жарияласа. Қаншама жас балалар жазушыларының есімі әйгілі болар еді…
– Ұсынысыңыз өте орынды. Қолдаймын. Бұл жобаны жүзеге асырудың жолдарын қарастыратын боламыз.
Біз Діни басқарма жанынан балалар журналын шығарсақ деген ойымыз бар. Бала тәрбиесі өте маңызды. Мұсылманның мұраты – иманды, ізгі ұрпақ тәрбиелеу ғой. Бір ғұламаның: «Бала қымбат болса, баладан бұрын оның тәрбиесі қымбат», – деген сөзінде де үлкен мән жатыр…
– Мәнді-мағыналы сыр-сұхбатыңызға рахмет! Алла риза болсын!
Әңгімелескен
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ,
жазушы
“Егемен Қазақстан”