Жас діни лидерлер форумына қатысқан “Нұр-Мүбарак” Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры, PhD Ершат Оңғар жас ұрпақ – келешек әлемнің құрылысшылары екенін айтты. Оның пікірінше, бүгінгі жас лидерлер алдыңғы буын қалдырған дүниені мұраға алып қана қоймай, болашақты өз қолымен қалыптастырып жатыр.
“Ал бұл болашақтың негізі өзара сыйластыққа, сенімге және ашықтыққа құрылуы тиіс. Діндер арасындағы диалог – төзімділік таныта білу ғана емес, әлемнің бейбіт өмір сүруінің негізгі шарты. Қазіргі жастар өзара түсініспеушіліктердің орнына көпірлер салып, қоғамды жақсартудың архитекторы бола алады.
Әрине, діни және мәдени біркелкілік болуы мүмкін емес. Осындай әралуандылық алауыздыққа апармауға тиіс. Адамзатқа тән осы ерекшелікті өскелең ұрпақ ұтымды пайдаланғаны жөн. Себебі, түсіністік пен ынтымақтастық – ортақ болашағымыздың басты кілті.
Сонымен қатар, жастарымыз өздерінің болашақ үшін және болашақ бейбітшілік үшін жауапты екенін терең сезіне отырып, діни диалогты жалғастыруы қажет. Ал діни диалог дегеніміз жай ғана келіссөз емес, шынайы бейбітшілікке бастайтын жол. Әр дін мен әрбір сенім жүйесінде ортақ игілікке үлес қосатын идеялар бар. Біз ұсақ-түйек мәселелерде келіспеуіміз мүмкін, алайда әділетке, мейірімге және қайырымдылыққа деген ортақ талпынысымыз бізді біріктіреді. Біз әрқайсымыз осы ізгілік қозғалысына өз үлесімізді қосып, басқаларға құрмет көрсетіп, диалог арқылы жақындасуымыз қажет.
Қазақстан жиырма жылдан астам уақыт бойы Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезін өткізіп келеді. Бұл өте беделді әрі тұрақты, діни диалогты қамтамасыз етіп отырған бірден бір алаңға айналды. Бүгінгі жастар форумы бір жағынан осы қалыптасқан діни диалог дәстүрін жастарға өнеге ретінде көрсету үшін де жасалып отыр деп қабылдауға болады. Сондықтан, жастарымыз осы маңызды месседжді дұрыс қабылдағаны жөн” деді ол.