– Ершат Ағыбайұлы, соңғы күндері БАҚ беттерінде шу болып, қоғам дертіне айналған мәселенің бірі – «талақ». Тіпті, бұл аз болғандай «халал жезөкшелік» деген бәле шықты. Осы дауға айналған мәселеге қатысты өзіңіз исламтанушы ғалым ретінде пікір білдірсеңіз?
– Иә, рас, соңғы кездері ғаламтордағы түрлі порталдар мен форумдарда, әлеуметтік желілерде «Халал жезөкшелік» немесе «Халяль проституция по-казахский» деген тақырыптағы рас-өтірігі аралас ақпараттар жарияланып жүр.
«Халал жезөкшелік» деп айтудың өзі дұрыс емес. Халал мен жезөкшелік сөздері бір-біріне еш үйлеспейтін ұғым-түсініктер. Шариғат қағидаларына салатын болсақ, жезөкшелік ешқашан халал болған емес, болмайды да. Өйткені бұның зинақорлық екені баршаға аян. Сондықтан, халал сөзін жезөкшелікке телуге болмайды. Одан біз ештеңе ұтпаймыз. Тек исламды қаралауға жол ашылады.
Жат ағымдардың шығарған «бауырластық», «жиһаду ән-никах» жыныстық жиһад немесе «әз-зауажу әл-мунакаха» уақытша некелесу сияқты неке түрлерінің ислам дініне үш-қайнаса сорпасы қосылмайды. Бұларды радикалды ағымдар өз мүдделері үшін ойлап шығарған. Радикалды (сәләфилік-такфирлік) топтардың шығарған, шариғатқа қайшы келетін неке түрілерінің бірі – «жиһаду ан-никах» жыныстық жиһад немесе «әз-зауажу әл-мунакаха» уақытша некелесу деп аталады. Бейбіт халықты қойдай қырып, қан төгіп, бас кесуді қасиетті жиһад санайтын Сирия жеріндегі Ислам мемлекетінің содырларына тәнін ұсынып, біраз күн немесе бірнеше сағат «әйел» болуды бүгінгі шейх-сымақтар қыз баланың жыныстық жиһады деп атап жүр. Соған алданып қалған әйелдер күніне қанша содырмен некелессе, сонша рет талақ алып ажырасып үлгереді. Шариғаттың қағидалары бойынша куйеуінен ажырасқан әйел үш етеккір кезеңін күтуі қажет. Бұны шариғатта – идда дейді. Ал күйеуі өмірден өтіп, жесір қалған әйел төрт ай он күн күтеді. Осы аталған екі жағдайда да әйелдің жүкті екені мәлім болса, онда баланы босанғанша күтеді, яғни иддада отырады. Мұсылман әйел жоғарыда аталған идда мерзімдерін өткізбей, басқа күйеуге шығуына болмайды (харам).
– Осы ретте, ислам дініндегі неке ұғымының мәні мен мазмұны, ерлі-зайыптылар арасындағы жауапкершіліктің салмағы қандай?
– Неке – қасиетті ұғым. Ислам дініндегі ресми ақ некенің өзіндік шарттары бар. Олар: 1) мұсылман болу; 2) екі тараптың ризашылығы (ата-анасының ризашылығын алу да маңызды); 3) мәһірдің (сыйлық) болуы; 4) куәгердің қатысуы (екі ер немесе бір ер, екі әйел); 5) Неке құтпасы оқылуы. Мұндай жолмен қиылған неке ерлі-зайыптыларға белгілі міндеттер жүктейді, сол арқылы олардың арасындағы одақты нығайтады. Неке бірінші кезекте әйел адамның құқықтарын қорғайды. Оның баспанасы, тамағы, киім-кешегі, емделуі сияқты қажеттерінің барлығы күйеуінің мойнына жүктеледі. Сондай-ақ, әйелінің ар-намысын қорғау да күйеуінің міндеті болып табылады. Сондықтан да ислам шариғаты тұрмыстағы әйелге сөз салуға, оған үйленуге қатаң тыйым салады.
Шариғат некесі ерлі-зайыптылар арасындағы жауапкершілікке қаты мән бергені соншалықты, оны қасиетті Құранда «…ол әйелдер сендерден салмағы өте ауыр келісім алды» (ән-Ниса сүресі, 21-аят), – деп, некенің салмағы ауыр одақ екенін көрсетеді. Аллаға иман келтірген мұсылман жандар некелесу арқылы перзент сүйіп, ұрпақ жалғастыруға, нәпсісін басуға, рухани кәміл адам болуға ұмтылады.
– Жалпы, азаматтардың кейбірі өздерін сәләф санайды. Бұған не дейсіз?
– Қазіргі заманда өмір сүріп жатқан адамның ешқайсы өзін сәләф санай алмайды. Құқығы да жоқ. Өйткені, «Сәләф» сөзінің мағанасы «алдыңғы өткендер», «бұрынғылар» дегенді білдіреді. Ғалымдардың пікірінше «сәләф» сөзі исламның әуелгі үш ғасырында өмір сүрген, пайғамбарымыз Мұхаммедті (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) көзі көрген сахабалар, сахабаларды көрген табиғиндер, әрі табиғиндерді көрген табаға табиғиндерге қолданылады. Бұларды – «сәләфус-салихин» алдыңғы өткен салиқалы ғұламалар деп атайды.
Бүгінгі өзін «сәләфпын» немесе «сәләфимин» (сәләфилер) деп жүргендер алдыңғы өткен салиқалы ғұламалардың ғана жолымен жүреміз деп ойлайтындар. Алайда олардың бұл идеясы ислам әлемінде қалыптасқан төрт дәстүрлі мәзһабты (Ханафи, Мәлики, Шафиғи және Ханбали мектептерін), жергілікті халықтың ұлттық тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын мойындамайтын бір беткей топтардың пайда болуына әкеп соқты. Бұндай «сәләфи» топтар қазіргі қоғамда «уаһабилер», «тәкфирлер», «сурурилер» және «мадхалилер» болып жік-жікке бөлініп жүр.
Ғалымдардың ойынша сәләфилік идеяның негізін қалаушы Ахмад ибн Таймия (1263-1328ж.). Ибн Таймия кім де кім шариғатты білмей тек «Алла біреу, Мұхаммед оның Елшісі» деп айтумен шектелсе, ол мұсылман бола алмайды деген пікірді алға тартады. Оның ойынша, амал (намаз, ораза) жасамайынша мұсылман емес. Сондай-ақ Ибн Таймия дүниеден өткендерге зират салуға, пайғамбарлар мен әулиелер басына барып дұға бағыштауға қарсы шыққан. Өзін сәләфтардың жолын жалғастырушылар қатарына жатқызған. Оның ілімін жалғастырушылар сәләфилер деп аталды.
Сәләфилер біздің Әбу Ханифа мәзһабының талабын, ережелері мен ұстанымын ғана емес, өзге мәзһабтарды да мойындамайды. Сондықтан да оны қолданғандар тек мұсылмандар арасында емес, жалпы қоғам арасында іріткі салу, дау-жанжал шығаруға бейім. Ал бұл енді даму бағытын айқындаған біздің еліміз, діни сеніміміз үшін зиянды екені анық.
Сәләфилер идеясынан бастау алатын «әт-Такфир уәл-һижра» ілімі өздерінің пікірін қолдамайтындарды, жамағатына қосылмағандарды – кәпір санайды. Олардың ойынша, кім де кім имамдардың немесе сахабалардың сөзін дәлел ретінде қолданса, қияс, маслахат әл-мурсала, истихсан және тағы басқа шариғи дәлелдерді қолданып діни мәселеге шешім шығарса, ол – мүшрік әрі кәпір деп танылады. Осылайша мұсылмандар арасында ынтымақ пен бірлікті бұзып, іріткі салушы бұл ағым қоғамымызға өте зиян.
– Өзіңіз білесіз, мешіттерде аталмыш ағымға арбалған кейбір азаматтарымыздың имамдарға мысқылдай қарап, олардың айтқан уағыздарына құлақ түрмей (құлаққап киіп алуы) отыруы жиі кездеседі. Байқап қарасақ, мешіттің тұрақты жамағаты бір бөлек, әлгі азаматтар жеке бөлініп отырады. Бұл бөлінушіліктің астары неде? Қайда апарып соғуы мүмкін?
– Ислам діні – бірлікке, ынтымаққа негізделген дін. Қазіргі таңда еліміздегі өзекті мәселелердің бірі – 25 ұлт пен ұлыстан тұратын халқымыздың ауызбіршілігі, ынтымағы мен достығы, яғни, мұсылмандардың ауызбіршілігі. Дінде бөлінбеу, әрі басшыға бағыну – мұсылманның негізгі қағидасы. Мұсылмандардың әрбір әрекеті бір-біріне үлгі екенін атап айтуымыз керек. Мешітке Алла алдындағы құлшылығын орындау, имамның уағызын тыңдау үшін келу, мұсылман бауырымен дидарласу – бұл үлкен мұсылмандық тағылым. Жамағатпен бірге болу керектігі туралы жүздеген хадистер дәлел. Бес уақыт намазда бірге болу өзара сүйіспеншілікті, бауырмалдықты күшейтеді. Жұма намазына жиналу, имамның уағызын ұйып тыңдау – бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға үндейді.
Имамның да атқаратын қызметі зор. Ол жамағатқа ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі дінімізді, шариғатымызды үйретіп, білімдерін арттырып, білмегендерге исламды жетік түсіндіру жолында еңбек етеді.Мешітке келген жамағатқа білім алу, сауат ашу, білім көкжиегін кеңейту мүмкіндігі туады.
Имам мешіттегі жамағатқа басшы. Басшыға бағыну – әрбір мұсылман үшін міндет. Бұл амалдың парыздығы Құран кәрім мен хадистерде бекітілген. Қасиетті Құранда: «Ей, мүминдер! Сендер Аллаға бойұсыныңдар, Пайғамбарға бойұсыныңдар әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де. Егер, бір нәрсе үстінде талас-тартыста қалсаңдар Аллаға және Пайғамбарға жүгініңдер. Егер сендер Аллаға, ақырет күніне сенетін болсаңдар, осылай істеу әрі қайырлы әрі жақсы нәтижелі болмақ», – делінеді («Ниса» сүресі, 59-аят).
Ал, ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсыныпты. Кім маған бойұсынбаса, ол Аллаға бойұсынбапты. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, ол маған бағынбағаны», – дейді (Бұхари және Мүсілім риуаяты).
Ибн Хажәр әл-Әсқәләни имам Бұхаридің хадис жинағы бойынша жазған шархы «Фәтх әл-Бари» атты кітабында: «Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бұл сөздерді басқаруға немесе билік атқаруға тағайындалған адамдарға бойұсынуы үшін және оларға қарсы көтерілмеуі үшін айтты. Әйтпесе, мұсылмандардың арасында келіспеушіліктер пайда болар еді», – деп көрсетіпті. Демек, басшыға бағынбау жалпы қоғамда келіспеушілік тудыруы мүмкін, ал келіспеушілік өз кезегінде, елдің ауызбіршілігін, жұрттың тыныштығын бұзады.
Сахіл ибн Абдуллаһ әт-Тустари: «Адамдар басшысы мен ғалымдарын сыйласа жақсылықта болмақ. Егер (басшысы мен ғалымдарын) құрметтесе, Алла олардың дүниелік тіршілігі мен ақыреттік өмірін түзейді, ал егер оларды елемесе, онда олар өздерінің бұ дүниесі мен о дүниесін құртады», -деген (Имам Құртуби тәпсірі).
Мұсылмандар арасында ауызбіршілік болмаса, халықтың тыныштығы бұзылып, үнемі қауіпті жағдайда күн кешеді. Ынтымағы жарасқан елді сыртқы жаулардың ала алмайтындығына тарихтан көз жеткізгенбіз. Кез-келген сыртқы жау бір мемлекетті жауламас бұрын, мемлекет басшылығына қарсы топтарды пайдаланады.
Жат идеологияның жетегінде кеткен азаматтар мешіттегі дәстүрлі ислам жолындағы жамағаттан бөлініп, оқшауланып жүретіні рас. Бұның астарында жылдар бойы шиеленісіп қалған бірнеше ауқымды мәселелер жатыр. Негізгі себептері – ақида айырмашылығы. Теріс қарап жүретін топтар имамды мойындамайды. Олар Қазақтың тарихынан, рухани өмірінен үлкен орын алатын Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебінің жолымен жүретін дүйім жұртты адасқан санайды. Екінші жағынан білімсіздік, жастардың діни сауатсыздығы және ұлттық салт-дәстүрден алыс болу факторлары да жоқ емес. Ұлттық дәстүрдің қайнарынан сусындап жүрген адам мұндай жат қылықтарға жол бермейді.
Сондықтан, бүгінгі күннің басты талабы – жамағаттың ауызбіршілігін сақтау. Жат бағытта жүргендерге насихат айтып, имамға бойсұнуға үндеу. Халықтың сауатын көтеру. Осы мақсатта кешенді, жан-жақты жұмыстар атқарылу қажет.
– Бүгінде еліміздің ғана емес, әлем елдерінің жастары «жиһад» жасаймыз деп Сирия мен Иракқа аттануда. Исламдағы жиһад ұғымы мен содырлардың көксеген «жиһады» туралы не айтуға болады? Бұл мәселенің алдын алу үшін ҚМДБ қандай жұмыстар атқаруда?
– «Жиһад» сөзі – араб тіліндегі [жахд] «тырысу, күш салу, талпыну, ынталану» деген түбір етістіктен шығады.
«Жиһад» ұғымының аясы өте ауқымды. Бүгінгі таңда деструктивті ағымдар мен жат пиғылды саяси топтар «жиһадты» қару алып соғысу деп біржақты түсіндіріп жүр. Бұндай түсінік жиһадтың мағынасын шектейді. Ал, «Жиһад» сөзінің дұрыс мағынасы белгілі бір асыл мақсатқа жету үшін, яки бір игі істі істеу үшін бар қажыр-қайратың мен ынта-жігеріңді жұмсау, сол үшін тырысу, күресу деген мағыналарды білдіреді.
«Жиһад жасаймыз» деп Сирия мен Иракқа аттанған жастар не үшін, кім үшін соғысып, кімнің қанын не үшін төгіп жүр?!
Сирия мен Иракқа аттанған жастар “Ат-такфир уаль-хиджра”, яғни «Тәкпіршілер» жамағатының өкілдері. Олар адамдарды сенім мен күпірлік (таухид пен ширк), бірқұдайлық пен серік қосу (иман мен ширк) мәселесінде адастырып, кәпірге шығаруда. «Таза Ислам», «таза Таухид» деген сөздерді бетперде еткен жамағат өкілдері жастарға жарқын болашақты уәде етіп, бүлікке бастайды.
Сирия мен Ирактағы содырлардың жасап жүргендері «жиһад» емес. Олардың көксегені «мұсылманның қанын төгу» деп атасақ дұрыс болады. Өйткені, олар мұсылмандармен соғысуда. Оның ішінде бейбіт халықтың қанын төгуде.
Әбу Бакра есімді сахаба (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер екі мұсылман қолдарына қару алып соғысатын болса, өлтіргені де, өлгені де тозаққа түседі», – дегенін естідім. Мен: «Уа, Алланың елшісі! Өлтіргеннің тозаққа түсуі түсінікті. Ал өліп қалған байғұс не үшін тозақы?» – деп сұрадым. Ол: «Өйткені, ол (өлген адам) өз бауырын өлтіруге қатты тырысқаны үшін (тозаққа түседі)» деп жауап берді». Әйгілі сахаба Ибн Аббас қасақана кісі өлтіруші тозақта мәңгі қалады деген пікір білдірген. Қасиетті Құранда бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен бірдей деген аят та бар.
Шынайы мұсылман адам еш уақытта лаңкес болмайды. Құран Кәрімде «Кімде-кім шаң тозаңындай жақсылық жасаса, соның (сауабын алады), кімде-кім шаң тозаңындай жамандық жасаса, соның жазасын тартады» («Зилзал» сүресі, 7-8 аяттар), – деп, пенденің әрбір ісі үшін Ахиретте жауап беретіндігін жеткізген.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Тәкпіршілерге» қатысты арнайы пәтуа шығарған болатын. Сол пәтуада «тәкпір – дінге енген жаңалық» екені туралы үкім берілді. Бұл пәтуа бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Сенімде шектен шыққан тәкпіршілердің іс-әрекеті мұсылмандыққа мүлдем жат. Діни басқарма Сириядағы соғысқа не үшін барғанын білмейтін, мақсаты айқын емес жастарды мұндай фитнаға (бүлінушілікке) қатыспауға шақырады.
Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан Республикалық ақпараттық насихат тобы (РАНТ) құрылды. РАНТ мүшелері бекітілген жылдық жоспар бойынша өңірлерде ақпараттық жұмыстарды жалғастыруда. Жұмыс барысында түрлі мекемелерге барып, дәстүрлі діни құндылықтар жайлы, қоғамда белең алған жат ағымдардың зияны мен сыртқы сипаттары жайында ақпараттандыруда.
– Арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ