Яғни, киім адам денесіндегі әурет жерлер мен кемшіліктерді сырт көзге көрсетпей жауып тұратыны секілді ерлі-зайыптылар да өз араларындағы сырды сақтай білуі тиіс. Мысалы мұсылмандық әдеп бойынша үй ішіне ғана қатысты кейбір әңгімелерді жақын туыс немесе жақын достарға да айтуға болмайды. Ал тіпті жұбайларының дене пішімі, келбеті, төсек қатынасы жайлы мәселелерді басқаларға айтуға дініміз бойынша тиым салынған. Себебі хадистерінде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Төсек қатынасымен мақтану харам», «Қиямет күні Алла тағаланың алдына барғанда қиянат атаулының ең сорақыларының бірі жұбайлардың төсек қатынасынан кейін әйелінің сырын ер адамның басқаларға жаюы» деп ескерткен. Мұсылман кісі мұндай арсыздықтарға бармай, үй ішінің құпиясын әрдайым сақтай білуі тиіс. Ал ерлі-зайыптылардың бір-бірінің кемшіліктерін басқаға айтуы ғайбат болып есептеледі. Ол да үлкен күнәлардың бірі. Сондықтан ерлі-зайыптылар бір-бірінің үстіне киілген киім секілді барлық сырды іште сақтауы керек.