Исламның қойған шарттары бойынша мұсылман еркек яуди немесе христиан әйелге үйленуіне болады. (Маида сүресі, 5) Демек, әртүрлі діндердегі ерлі-зайыптылардың өз діндеріне сай өмір сүруі мүмкін. Алайда мұнда да әйел адам мұсылман сеніміне келу мүмкіндігі жоғары болғандықтан рұқсат етіледі. Ал, дінсіз, теріс дін өкілдерін әйелдікке алуға рұқсат жоқ. Құранда: «Ей иман еткендер! Аллаға серік қосатын әйелге, олар иман келтірмейінше үйленбеңдер…» (Бақара, 221) делінеді.
Бірақ, мұсылман әйел басқа дін өкіліне немесе дінсіз адамға тұрмысқа шыға алмайды. Құранда: «Мүшрик еркектерге, иман келтірмейінше мүмин әйелдерді некелемеңдер!» (Бақара, 221) делінеді. Себебі, әйел заты көбінесе еріне бағынышты болғандықтан күпірлікке түсіп кету қаупі бар. Тарихта керісінше болған жағдайлар да жоқ емес. Османлы сұлтаны Йылдырым Баязидтің ұлы Косова жеңісінен кейін Христиан ханшайымы Оливераға үйленіп, кейін соның ықпалында қалғандығы айтылады.
Сондықтан да ерлі-зайыптылардың әртүрлі дінде болуында көптеген мәселелер бар. Қазіргі зайырлы қоғам үшін қалыпты жағдай сияқты саналғанымен балалардың тәрбиесі мәселесінде, тамақ мәселесінде, адал-арам мәселесінде көптеген сұрақтардың туындайтындығы ақиқат.
Сол себептен де фиқһ кітаптарында мұсылман әйел бола тұрып басқа дін өкіліне үйленуге рұқсат болғанымен мәкрүһ (жағымсыз) саналған. Үйлесімділікте отбасын қалыптастыру үшін сенімі де, құдылығы да ортақ болғаны абзал саналады. Қазір түрлі діндердің қазақ қоғамында таралуы, тіпті бір отбасының ішінде әртүрлі сенімдегі адамдардың шығуы отбасын құлатуға, шаңырақты шайқалтуға жасалған алғашқы қадам деуге болады. Тақырыпқа тікелей қатысы болмаса да Абай хакімнің сөзімен тұжырымдасақ:
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма!
Кеңшілік ТЫШХАН
дінтанушы, ф.ғ.к.
Мен келіспейтін тұстарым бар. Мұсылман еркек христианға үйлене алады немесе яхуди. Сонда әйел ислам дінін қабылдамаса қалай болады? Екеуі екі жақта Алласына сыйынып,бір төсекте ұйықтай береме? Менің миыма сыймай жатырғаны…
Рас, екі сенімдегі адам қалайша бір-біріне өмірлік серік бола алады…