– Мәселе оны қалай түсінуде?! Егер, бізде ешқандайда сыртқы фактордың әсерінсіз өздігінен құрылған лаңкестік топ бар ма дейтін болсақ, әрине, жоқ! Қазақстанда болған барлық оқиғалар – әлемдегі түрлі террористік топтардың қандай да бір жеке мәселесін шешу немесе өздерінің бар екенін білдіру жолындағы талпыныстары ғана. Әрине, бұл барлық қақтығыстар сырттан қолдау тауып отырды дегенді білдірмейді. Бірақ, бұл топтардың барлығы кезінде құрылған қылмыстық желінің бөлшегі болатын, олар автономды түрде әрекет етті, кейбіреулері сырттан қолдау тапса, кейбіреулері өз беттерінше қимылдады. Алайда, бұл вирус бұрын, көп жылдың алдында-ақ, таралып кеткен болатын. Жаңағы «Халифат сарбаздары» – «Ислам Жиһады Одағының» Қазақстанға жоспарлаған миссиясындағы бір кішкене ғана жоба еді. Жалпы алып қарағанда, бұл Қазақстанда тренд емес, соңғы жылдары түгел Орта Азияға тән болған террористік мәселелермен астасып жатқан тенденция. Ауған-пәкістан шекара аймағына шоғырланған ӨИҚ – Өзбекстандағы Ислам қозғалысы, Түркістан Ислам партиясы, Исламдық Жиһад одағы секілді және басқа да террористік топтар әлдеқашан белгілі бір мемлекетке орныққан шағын топтарды тәжірибеден өткізуді жүзеге асырып жатыр. Мысалы, Қырғыстандағы террористік ұйым саналатын – «Жаиш аль-махди» немесе тәжік террористік ұйымы – «Джаммат Ансаруллох».
– Соңғы кездері Қазақстан ақпарат құралдарында терроризм тақырыбы көп қозғалмай жүр. Осыған қарап, мемлекет бұл қауіптің алдын алу шараларын тиімді ұйымдастырып, күресті жақсы жүргізіп жатыр деп ойласақ болады ма, әлде, бізде қандай да бір лаңкестік оқиға болуы мүмкін бе?
– Әуелі атап өтетін жайт, бұл қауіптің дәрежесін анықтағанда ақпарат құралдарында қалай талқыланып жатқанына сүйену дұрыс емес. Егер біз бұл жөнінде аз айтып, аз талқылап жатсақ, бұл біздің терроризмді толық жеңгенімізді білдірмейді. Әрине, бұл тақырыптың аз айтыла бастауы, сөзсіз, арнайы мамандар мен үкіметтің тынымсыз еңбегінің жемісі, соның нәтижесінде еліміздегі қауіп сейілді деуге болады, дегенмен, әлі де қауіп бар. Қайталап айтамын, қауіп әлі бар, ал оны елемеу қате. Сондықтан жаппай арқаны кеңге салуға болмайды.
Халықаралық аренада қарбалас артып келеді. Ғаламдық ойыншылар арасындағы қақтығыс өршуде, олардың келесі жолы қайда маңдай түйістіретінін де ешкім білмейді. Кез-келген террористік топтың артында әлдебір мемлекеттің немесе үкіметтің, әйтпесе арнайы қызметтердің мүдделері тұратыны ешкімге жасырын емес. Террористік топтар мен ұйымдар – геосаяси соғыстың өзіндік бір құралдары. Демек, терроризм қауіпі әлемдік дәрежеде өсе түсетін болады, сондықтан бізге сақадай сай болу шарт.
– Еліміде лаңкестіктің қандай идеологиясы басымырақ таралуда?
– Бұлай сұрақ қою дұрыс емес. Ондай идеология бар ма әуелі? Бар болса, оны біздің елімізде танымал деп кім айтты? Сосын, Қазақстанда болған оқиғаның барлығын классикалық түрдегі террактілік іс деуге келмейді. Көптеген шетелдік сарапшылардың, оның ішінде АҚШ, Батыс Еуропаның сарапшыларының өз есептерінде Қазақстандағы оқиғаларды террористік әрекет деп атамағаны кездейсоқ емес. Атырау мен Тараздағы оқиғаны қоспағанда.
Идеология маңызды емес демеймін, бірақ идеологияны қандай да бір тапсырмаға пайдалану үшін адамдардың белгілі бір тобына арнайы қолданады. Кім күні ертең Украинадағы қақтығыстарға қатысу үшін Орталық Азия мемлекеттеріне лаңкестер шоғырланбайды деп кепілдік бере алады?! Ал бұл істе басқа идеология қажет болатыны түсінікті. Сондықтан мен терроризм идеология емес, стратегия деймін, бұл белгілі іс-әрекеттер жүйесі, ал идеологиялық тұғырнамалар небәрі құрал ғана.
– Қазақстандағы терроризмнің себебі неде?
– Әр жағдайдың түрлі себебі бар. Кез келген оқиға ішкі және сыртқы факторлардың өте күрделі байланысынан туады. Біздің зерттеуіміз бойынша, 2002-2003 жылдардан бастап түрлі халықаралық террористік топтар өздерінің радикалды желілерін бізде тарата бастаған. Олар әр түрлі ішкі ахуалдарды – идеологиясыз бос кеңістік, кедейлік, жұмыссыздық, сыбайлас-жемқорлық секілді мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасындағы шешімін таппаған күрделі мәселелерді өз мақсаттарына өте тиімді пайдаланады. Тағы қайталаймын, лаңкестік – ол бір вирус, жегі құрт. Егер мемлекеттің ішкі иммунитеті әлсіресе, қоғамда түрлі мәселе туындап, ол мемлекет сыртқы күштердің ықпалына төтеп бере алмайтын болады.
– «Зарин» газын шашып қаншама адамды қырып тастаған жапондық лаңкестер секілді жоғары технологияны меңгерген террористер Қазақстанда пайда болуы мүмкін бе?
– Радикалды күштер де бір орында тұрмайды, олар да амалдарын, әдіс-тәсілдерін, қаруын жетілдіреді. Егер біз арнайы дайындалған адамдармен бетпе-бет келсек бәріне дайын болуымыз керек. Қазақстандағы болған қақтығыстардың басым бөлігі террористер үшін сәтсіз өтті. Себебі, радикалды ұйымдардың әрдайым қаруға қолдары жете бермеді, жарылғыш заттарды кітапқа қарап жасады, арнайы дайындықтары болмады. Осыдан келіп жасырын жасап жатқанда бомбалары абайсызда жарылған жайттар болып тұрды. Бірақ, жағдай тез өзгеріп келеді, оның үстіне әр түрлі елдерде соғыс қимылдарына қатысып тәжірибені жинап жатқан отандастырымыз бар. Және оларды өз еліне қарсы жұмсайтын күштер де табылуы мүмкін.
– Кейбір бақылаушылардың пікірінше, Сириядағы қазақстандықтар туралы әңгіме саяси технология таратқан лақап қана, шын мәнінде, шетел асқан ешқандай қазақстандық содырлар жоқ көрінеді. Сіз мұнымен келісесіз бе?
– Өкінішке қарай, Сирияда біздің азаматтарымыз бар. Ұлыбритания, Франция, Бельгия секілді елдерден келіп соғысып жатқандармен салыстырғанда саны көп емес, бірақ еліміздегі халықтың санына шақсақ, аз да емес. Сирия аумағында Қазақстаннан және түгел Орта Азиядан келген жүздеген адам соғысып жүр, тіпті, олар әртүрлі топтардың құрамына кіріп, бір бірімен шайқасып жатыр. Ал, саяси технологияның жемісі – сол біздің азаматтарымыз туралы табылған ақпараттың таратылуы. Айтып отырғаным, Қазақстаннан Сирияға соғысуға барғандар отбасыларымен бірге көрсетілген атышулы бейнеролик. Бұл бейнеролик – ақпараттық соғыстың бір бөлшегі. Бір жағынан видеоны түсіргендер барғандардың кері қайтар жолын жабу үшін әдейі жариялаған болса, екінші жағынан оны насихат ретінде пайдаланып, жаңа жауынгерлерді тартуды көздейді. Осы істердің бәрінің де артында тұрғандарға жәрдемдеспейік десек, мұндай ақпараттарды таратқанда өте ұқыпты болу керек.
– Осы күндері терроризм бойынша сотталғандар 8-9 жылдан соң бостандыққа шығады, Сириядан «бауырлары» да оралады. Сіздің ойыңызша, олар өздерін қалай ұстайды және биліктің дайындығы қандай болу керек?
– Осылай болу керек деген нақты қағидат жоқ. Кез келген елде қазір бұл тақырып қызу талқыланып, қай заңды қатайту керек немесе қайсысын жұмсартқан жөн деген сыңайдағы дискуссиялар жүруде. Талқылаулар әлі жалғасуда. Бұл мәселені шешуде объективті ұстаным болу қажет. Тым сенгіштіктен немесе қателесіп террористік ұйымдарға еніп кеткендер бар. Қарулы қақтығыстарға қатыспаған адамдарға жеңілдіктер болу керек, мысалы, рақымшылық жасау сияқты. Бұны ымыраға келу деп емес (бізде азаматтар мемлекетке жаппай қарсы шыққан емес), жастарымызға тағы бір мүмкіндік беру деп түсінген жөн. Олар біздің елдің азаматтары ғой! Мен ол жастармен күреспеу керек, керісінше, олар үшін күресу керек деп санаймын. Себебі, олар да біз секілді адамдар, тек бір кездері олар қатты жалғызсырады, сосын шығар жол, өздеріне түсінікті идеология іздеді, қателесті, теріс жолға түсті, ақыр соңында оларды бәзбіреулер қолшоқпар қылды. Бірақ, қолына қару алып, қылмыс ұйымдастырып, қасақана әрекет еткендерді міндетті түрде қатаң жазалап, оларға мұндай қылмыс жазасыз қалмайтынын ұқтыру қажет!
– Коалициялық күштер Ауғанстаннан шығарылған соң террорлық актілер Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан үшін үйреншікті болып кетеді деген қауіп қаншалықты рас?
– Коалициялық күштер кеткен соң Орта Азияда лаңкестіктер жиілеп кетеді деп үрейлену, негізі дұрыс емес. Иә, Ауғанстан дүниедегі барлық радикалдардың баспанасына айналды. Бірақ сол аймақтың өзінде қауіп сейіліп келеді. Әртүрлі топтардың билікке таласы, ішкі талас-тартыстар мен қарсылықтар да – бір сәт лаңкестікпен күресті бәсеңсітеді. Оның үстіне билік ауысатын кезде, элита болсын, арнайы қызмет болсын, барлығы да ұлттық және аумақтық қауіпсіздікті босаңсытып алуы мүмкін деп қорқамын.
– Бас прокуратураның мәліметтеріне қарағанда, қылмыстықтың бұл түрі 2008 жылдан бері серпінді түрде өсіп келеді екен. Бұл немен байланысты?
– Статистикалық деректерге сүйеніп сараптама жасау ең бір сүйкімсіз нәрсе. Бұл деректердің қалай жиналып, қалай іріктеліп, қалай сұрыпталып жатқанын біз әрқашан біле бермейміз. Кең көлемде қарасақ, терроризм мәселесінен басқа пеодофилия, суицид секілді толып жатқан мәселелер пайда болғанын көреміз. Бұл жағдай қоғамдағы жүріп жатқан күрделі процестерді, құндылықтардың өзгергенін, арзандағанын және т.б. көрсетеді. Оның үстіне қазіргі адамдарға бәрібір, жамандыққа еті үйреніп кеткен. Мәселен, бізде соңғы уақытта бірнеше рет жабылып қыз зорлау оқиғасы болды. Осы қылмыстарға біздің халықтың қатты назар аударып, күдіктілерді жазалауды талап етіп, қатқыл үн қатқандарын байқамадым. Қоғам салғырттыққа салынса, қылмыс өрши түсері анық.
Сол себепті, былтырғы жылғы «нөлдік шыдамдылық» жөніндегі президенттің идеясы мемлекеттік органдарда басты ұстаным болу керек деп есептеймін. Мұндай қылмыстың кез келген түрін ескерусіз қалдыруға болмайды. Мысалы, күдікті жазадан сытылып кеткен немесе оған жеңіл жаза берілген, тіпті, ескертумен ғана шектелген атышулы жол көлік оқиғалары анық дәлел бола алады. Қоғамда шыдамдылық төмендеді. Қоғам талап етуді азайтса, мемлекет те тым еркінсіп кетеді. Және керісінше.
2003-2013 жылдар аралығындағы терроризмге қатысы бар қылмыстық істерге сараптама жасағанымды жоғарыда айтып өттім. Мыңдаған том қылмыстық істерді оқыдық, тергеушілермен, сотталғандардың туыстарымен және олардың өздерімен кездестік. Таңғалған бір нәрсем – әрбір қылмыстың болатынын алдын ала білген кем дегенде 5-6 адам болған және олардың бірде-біреуі еш жерге хабарламаған, алдын алмаған. Ол аз десеңіз, күдіктінің қару-жарағын жасырысқан, мылтығын сұрап алып пайдаланған, қаруды көлікке тиеуге көмектескендер де болған. Терактінің айғақтарын жасыруға көмектескені үшін бүгінде Бостонда өте ауыр жаза күтіп отырған біздің отандастырмызға қатысты ұстанған америкалық тәсілді біз де қолдансақ, онда Қазақстанда жүздеген адамды түрмеге тоғытуға тура келер еді. Ал, біз жүйе қай жерді босаңсыды немесе қаталдық танытты деп бас қатырудамыз. Бейжайлық, салғырттық – міне, нағыз қатерлі қауіп осы және мұнымен біз бірінші кезекте күресуіміз керек.
Suqbat.kz