Көзі қарақты оқырманға бұқаралық ақпарат құралдары бетінде жарияланып тұратын тұщымды дүниелерімен білікті журналист, лирика жанрында қалам тербеп жүрген ақын ретінде есімі белгілі Еркеғали Бейсеновтің тағы бір қыры – оның жастайынан түз даланы жортып өскен аңшылығы.
«Бес күнді қалада, екі күнді далада өткізуге» тырысатынын жасырмаған аңшымен болған әңгімемізде қазіргі таңдағы саятшылықтың жайы, бүгінгі аңшылардың бет-бейнесі және дала тағыларының азаюына әкеп соқтырған жөн-жосықсыз аң атушылар мен браконьерлер мәселесін қозғаған едік.
– Ереке, бүгінгі адамдар «аң аулау», «аңшылық» десе, жазық далаға шығып, машинамен, тікұшақпен аңды қуып жүріп ату деп түсінеді. Ал шын мәнінде, аңшылық, саятшылық деген – қазақтың ежелден келе жатқан бекзат өнері емес пе? Әңгімемізді осы аңшылықтың, құсбегіліктің қазақ халқының тұрмысындағы орны жөнінде бастасақ?
– «Заманына қарай – адамы, адамына қарай – амалы» дегендей, кезінде қазақ саятшылары аңды көбінесе жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазының көмегімен ұстап, оны қанжығалау үшін сойыл, шоқпар, қамшы, кездікті пайдаланса, қазір өзіңіз айтқандай, озық техникаларға арқа сүйеп алған.
Қолдарында – қылт еткенді қалт жібермейтін қымбат мылтық. Ертедегі «Қақпан құрған үйде жатып алады, құс салған қызығына батып алады, ит жүгірткен сілесі қатып алады» деген тәмсілге бүгінде «тікұшақ, жеңіл көлікпен шыққан оп-оңай атып алады» деген бір ауыз сөз қосып қойса да болғандай.
Өз басым ондай «вип-аңшылықты» әншейін еріккеннің ермегі деп қана қабылдаймын. Ата-бабаларымыз саятқа «қара қазан, сары баланың қамы үшін» шығып, аң, құс, тағы жануарлардың ет, тері, сүйек, мүйіз, қауырсынын тұрмыстық қажеттіліктерге кеңінен пайдаланғаны мәлім. Табиғаттан Алла нәсіп еткен өз ырзығын ғана алып отырды.
Төл тарихымызды парақтасақ, қазақтың бағалы киімі кәмшат бөрік, түлкі тымақ, қасқыр ішік… деп кете береді. Тұрмыстық заттары да киік сирақты қамшы, үкілі домбыра, мүйіз шақша және өзге де атауларға бай. Олар суық қарудан садақ тартып, найза лақтырып, шиті пілтесін тұтатса да, бүгінгі желөкпелер сынды маң даланы жөн-жосықсыз қан сасытқан жоқ.
– Сонда адамзат баласы дамып, өркендеген сайын, аңшылығымыз тағыланып бара жатқандай ма, қалай?
– Қазір «аңшылық маусымында осынша қасқыр ауланды», «былтырғы жыл қорытындысы бойынша бәлен браконьер түген елікті атқан» деген ақпараттардан басқа түк жоқ. Сонда ол пәтшағарлар түздің тыныштығын не үшін бұзып жүр?!
Жарайды, дәрі-дәрмектің түр-түрін істей алатын Қытайға заңсыз жолмен мүйіз өткізу үшін екенін білеміз. Соның салдарынан Ақмола, Ырғыз, Торғай, Орал даласында теңкиіп-теңкиіп мыңдаған ақбөкеннің басы жоқ денесі жатады. Ал дала санитары, әлемдегі жыртқыш аңдардың ішіндегі ең қасиеттісі, ең ақылдысы, ең қайсары, туған жеріне ең адалы – қайран қасқырды не үшін қырып жатыр?
Ресми есепке сенсек, бүгінде Қостанай облысы бойынша 450-дей ғана көкбөріміз қалыпты. Өкінішке қарай, оның терісінің бір кәдеге жарағаны туралы дерек те, аңшылық маусымынан алынып отырған есеп те жоқ бізде.
Қазір маралды да мүйізі үшін атып, денесін далаға жайратып кетіп жатқан қаныпезерлер көп. Ондайларға қайдағы аңшылық?! Олар – аңшы емес, қандықол қылмыскер! Жазасыз қалмауы тиіс.
– Өзіңіз аңшылықты қай кезден бері жаныңызға серік еттіңіз? Бұл әлдекімнен жұғысты болған мұрагерлік кәсіп пе, әлде өзіңіздің қызығушылығыңыз болды ма?
– Әкем Болат – Торғай өлкесінде 40 жыл бойы мал соңында жүрген кісі. Соның көбінде бас жылқышы болып, кейінірек қой да бақты. Оның он баласы – біз сәби шағымыздан алты ай жаз жайлауда, алты ай қыс қыстауда ес біліп, етек жиғанбыз. Тұмсамен біте-қайнасып өскен дала қазағымыз. Сондықтан мен 10 жасымда-ақ мылтық атуды үйреніп, аңдардың жымына тұзақ құрып, қақпан сала бастадым.
Бұл – ешқандай мұрагерлік те, жай ғана қызығушылық та емес. Басқа сала мамандарына қатысты айтылатындай, кәсіби аңшы да «аңшы болып туу керек». Мен солай туған үйдегі жалғыз аңшымын деп қысылмай айта аламын. Қазір ізімді Наурызбай, Серікбай деген жиендерім басып келе жатыр.
Мәселен, Серікбай бір қыста тек тұзақпен-ақ оншақты қасқыр алады. Қабан мен түлкіні де жиі қанжығалауда. Ал Наурызбай – балықшы. Ол Торғайдың салмағы 20 келі тартатын шортандарын талай рет олжалады. Бір қызығы, өзі балық жемейді.
– Торғай өлкесі деп жатсыз, негізінен қандай аңдарды аулайтын едіңіз? Ол жерді мекендейтін аң-құстар жайында мәлімет бере кетсеңіз?
– Тұзақ, қақпан арқылы көбінесе қоян, түлкі, қарсақ, борсық, күзен, зорман ауладым. Ол жақта төбесі бұлт тіреген алып таулар мен қарағайлы қалың орман болмағандықтан, бұғы, бұлан, елік, арқар, тауешкі, сілеусін, барыс, аю мекен етпейді. Қасқырдың да шибөрі, қызыл қасқыр деген түрлері жоқ. Тек алып көкжалдар мен қабан, киік бар. Еті үшін аулайтын адал құстардан қаз, шіл, бөдене көп.
Сондай-ақ, айдынымызда үйрек түрлерінен кегер, қасқалдақ, бізтұмсық, барылдауық үйрек, шүрегей жүзеді. Құр, дуадақ, қырғауыл, ұлар дегенді ауылда теледидардан ғана көргенбіз.
– Аңшылықты өнер деп жатырмыз. Спорт десе де артық емес. Ол біреудің қолынан келуі мүмкін, біреудің қолынан мүлдем келмеуі де ғажап емес. Аңшы болу үшін адамға қандай қарым-қабілет керек?
– Меніңше, нағыз аңшыға сабырлы, жүректі, қанағатшыл болу – басты шарт. Мәселен, қарсы алдыңнан атып шығып, бірден шабуылға көшкен қабанды қақ маңдайдан көздеп атып, аяғыңның астына топ еткізу үшін сабыр мен жүрек керек десек, қанағатшылдық – табиғатты толықтырып тұрған аң, құс, жануарды текке қыра бермеу үшін қажет.
“Менің ұғымымда мылтық ұстағанның бәрі аңшы, суға қармақ салғанның бәрі балықшы емес!”
– Шариғатта аңды мақсатсыз, мұқтажсыз өлтіру дұрыс емес делінеді. Бүгінде тек қызық үшін, ермек ретінде аңға шығып, тіпті оларды қорлап, итке талаттырып, видеосын интернетке салып жататындар бар. Аңның киесі, обалы деген түсінік қайда қалды сонда?
– Міне, өте дұрыс айтып отырсыз! Адам аң аулау мақсатында табиғат аясына шыққан кезде обал-сауапты баса ескеріп, түз тағыларының киесінен қорқуы керек. Қатыгездік пен ысырапшылдық ұзаққа апармайды.
Біріншіден, қолына мылтық ұстаған аңшы ең алдымен сұрмерген болуы тиіс. Нысанадағы құрбандығын бас пен жүректен дәл көздесе, олардың терісі де бүлінбейді, жаны да қиналмайды. Ондайда әрбір мұсылман баласы жабайы жануарды бісмілләсін айтып, мүмкіндігінше жаны шықпай тұрғанда-ақ бауыздап жіберуі керек.
Екіншіден, аңшылық – кәсіп, аң-құс – нәсіп. Қызық қуып шығып, мергендік сынау үшін аулауға еш хақың жоқ! Аңдар түлейтін көктем және тықыр жүнді болып жүретін жаз мезгілдерінде, тіпті, күздің алғашқы айларында қасқыр, түлкі сынды терісі бағалы аңдарды атқан да, оларға тұзақ құрып, қақпан салған да жөн емес. Соңынан қарақанаттанбаған балапандарын ерткен құстарды да нысанаға алу – әбестік. Сондықтан мемлекет бекітіп берген аңшылық маусымдарын өз орнымен пайдалануға міндеттісің.
Енді «аңшылық – кәсіп» дегенді түсіндіре кетсек, әбден бабына келтіріп илеген теріні құлақшын, тымақ, тон тігетін фабрикаларға немесе тері қабылдаушы жеке кәсіпкерлерге аңшылықтағы еңбегің мен шығыныңды өтейтін бағаға сата аласың. Аурухана, емханаларға, дәрі-дәрмек өндіретін орындарға суыр мен борсықтың буға дұрыстап қайнап, таза сүзілген майын өткізуге болады. Тіс емханалары да қасқырдың азуын жақсы қабылдайды. Себебі, адамға сүйек тіс ретінде салуға тек қасқырдың азуы ғана тікелей сеп бола алады.
Үшіншіден, аңшы болуың үшін бұйырған олжаңды дұрыстап соя білуге тиістісің. Бүлдірмей ірелген әр аңның терісін илеудің де өзіне тән әртүрлі әдіс-тәсілдері жеткілікті.
Төртіншіден, аң, құс, жануар сияқты, су жәндіктерінің де обал-сауабы бар. Оларды да ермек үшін ерігіп аулай салған дұрыс емес. Сондықтан жағалауда «қалтқы аңдып отырған» жұрттың бәрін жаппай балықшы деп атауға болмайды.
Мысалы, өзен тереңдігі 2 метр болса, қалтқы мен ұштың арасын әрі кетсе 1 метр көлеміне соза аласың. Оған көбіне майшабақтар үйірсек келеді. Ал ірі балықтар судың түп жағында мекен етеді. Қармақ ұшына жауынқұрт салып отыруды ғана білетін «балықшылар» әлгі қаптаған майшабақтар мен кішкентай қызылқанат сынды ұсақ балықтарды бірден босатып қоя бермейді. Құрлыққа шыққан жарты сағат көлемінде өліп қалатын байғұстарды далаға тастап кете салады.
Бұдан су түбінде тіршілік ететін балықтардың бәрі бірдей ірі болады екен деген түсінік қалыптаспауы керек, әрине. Оларды да салмағы кемінде 200 грамнан кем болса, босатып жіберген дұрыс. Ірілерінің өзін қуыру, бұқтыру, сорпа қылу үшін алған несібеден артық жөн-жосықсыз қыра бермеген жөн. Шортан, көксерке, жайын, алабұға сынды жыртқыш балықтарды аулайтын жалтырауық түрлерін таңдаудың өзі балықшы тәжірибесінің қаншалықты екенін көрсетеді. Оны әр балықтың қабу деңгейіне сай жалтыратудың әдістері де көп.
Сол себепті, менің ұғымымда мылтық ұстағанның бәрі аңшы, суға қармақ салғанның бәрі балықшы емес!
– Аң-құстың нәсіп екенін, сондай-ақ, балықты қуыру, бұқтыру, сорпа қылу жөнінде айтып қалдыңыз. Осы орайда, оқырманды аңшының асханасында қандай ерекшеліктер болатыны да қызықтырары сөзсіз…
– Түсіндім. Жоғарыда айтылған төрт ерекшелікке аң, құс, балық еттерінен әзірленетін тағам түрлерінің рецептін қосып кетуге болар еді. Алайда, оның әрқайсысына тоқталып отыру – ұзақ әңгіме.
Жалпы айтқанда, далада күні-түні шөптің сонысын талғап жеп, судың тұнығын ішетін, үнемі шабыста жүретін түз тағыларының етінде адам ағзасына пайдалы дәрумендер мол. Тек оның құнарын жойып алмай, дәмдеуіш ретінде жеміс-көкөністерді ғана қосып бұқтыру және қуыру қажет.
Суға қайнатудың, майонез, кетчуп сынды химиялық қоспаларды жолатудың қажеті жоқ. Түз тағылары соғымның орнын баса алмайтындықтан, олардың еті сүрлеп сақтауға жарамайды. Қан-сөлін бойында сақтап тұрған балғын қалпында тек жеңел-желпі қуырмаштарға пайдаланылады.
Сол сияқты, балық етінде кальций көп. Адамның сүйегі қатты, бұлшық еті тығыз, зердесі мықты, көзі көргіш болуы үшін құрт, ірімшік, қаймақ, май, қымыз, қымыран, шұбат, айран сынды таза қол өнімдерімен қатар, жабайы құс, жануар, балықтың етін жиі тұтынуы қажет.
Мәселен, ондай мүмкіндіктен ада бола бастағаныма 10 жылдан асып еді, менің шашым ағарып, көру қабілетім нашарлап, қиядағыны қағып түсіретін мергендігім де артта қалып бара жатыр.
Бұл ретте бір ескерер жайт, дүкен сөресіндегі сүт өнімдерінің барлық жасанды түрі және мұздатылған балықтар мен тауықтар ағзаңызға зияны ғана тимесе, ешқандай пайда бермейді.
– Қазақстанның қызыл кітабында омыртқалы жануарлардың 125-тей түрі бар екен. Киесін былай қойып, заңның өзін аяққа таптаған браконьерлер аулауға тыйым салынған аңдарға ауыз салуын қояр емес. Дала тағыларының жайынан хабары мол аңшысыз, жойылуға айналған аң-құстарымызды сақтап қалып, көбейтуге не жетіспей жатыр?
– Біздің қорықшылардың жиі алға тартатын мәселесі – оларда браконьерлердің жол таңдамайтын жүйрік көліктерін қуып жете алатын мәшине жоқ. Көбісі «УАЗ», «Нива» дегендей ескі-құсқы салдамаларын әлі салдырлатып жүр. Соған қарағанда, тоғайды тікұшақпен «тіміскілейтін» дөкейлерге тіптен «тістері батпайтынға» ұқсайды. Әйтпесе, ел аумағында шамамен 690 аңшылық шаруашылық тіркелген. Қорықшылар саны 2 мыңнан астам адамды құрайды.
Меніңше, браконьерлердің саны кәсіпқой және әуесқой аңшылардан аз болуы керек. Сондықтан қорықшылар мен тәртіп сақшылары тынымсыз еңбек етсе, даланы үздіксіз қадағаласа, мүлде жойылып кетудің алдында тұрған аң-құстардың санын арттыра аламыз.
Әрине, оларды жанар-жағармай және басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз ету үшін қыруар қаржы керектігі түсінікті. Сонда да азын-аулақ заң бұзғыштардан саусақпен санарлық қана қорықтарды қоруға болады. Егер қорықшылардың өздері де браконьер болып кетпесе, түз тыныштығын сақтау – тым қиын шаруа емес.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ескендір ТАСБОЛАТ