Асқар таудай болған әкеміздің ортамыздан кеткеніне 3 жыл уақыт өтіпті. Артында қалған ұрпақтары сағынышпен еске ала отырып, үлкенге құрмет, ізет ретінде аз да болса шексіз алғасымызды білдіріп, естелік әңгімемізді 2021 жылдың 4 қараша күні Шымкент қаласының «Жастар сарайында» әкеміздің құрметіне арнайы мұражайдың ашылу салтанатына орай жазып отырмыз. Әкеміздің әріптестерінің бастамасымен ұйымдастырылған шара біз үшін үлкен мақтаныш және абырой.
Әкеден алған өнегелі істі қолымыздан келгенше өзіміздің балаларымызға баулып, жақсы білім беруге, адал еңбек етуге тәрбиелеп келеміз. Бұл күндері немерелері де әр алуан жетістіктерге ие болып отыр.
Әкеміз Батырбек Рүстемұлы Қойшиев үздіксіз әділ қызмет еткен, білім саласына зор еңбегі сіңген асыл адам еді. Домбыра, гитара, пианино музыкалық аспаптарында ойнап, олар әр қашан біздің үйдін төрінде тұратын.
Музыкалық таланты немерелеріне өтіп, қазіргі таңда үлкен немересі Дарияжан Нұр-Сұлтан қаласының музыкалық мектебін үздік бітіріп, талай халықаралық конкурстардың жеңімпазы болса, екінші немересі Зере де сол мектепте музыкалық дәрістерін тәмамдауда.
Ұрпағына музыкалық тәрбие беріп, сүйікті немересі Дарияжанға 4 жасында гитара сыйлап, ал қазақ халық аспабы домбыраны арнайы жасатып сыйға тарқан болатын. Атасы өнер арқылы терең білім беріп, немересінің болашағына үлкен іргетасын қалап бірнеше қадам алда жүруге көпір соққан.
«Атам сыйлаған домбырамды қолыма алсам шыққан үні сүйікті атам туралы жырлайтын сияқты, – дейді Дарияжан. – Асыл мұра етіп қалдырған аспабы мен үшін баға жетпес ескертіш».
Кенже қызы Томирис биыл «Алтын белгі» иегері атанды. Қазіргі таңда ерекше медицина саласында білім алып жүр. Әкесінен алған тәрбиесін әр уақытта алға ұстар ерекше жан. Қызды қасиетіне, ұлды ісіне етіп тәрбие берген әкемізге алғысымыз шексіз.
Мына жалғанда саналы ғұмырын еңбекке арнайтын, сол арқылы көптің құрметіне бөленетін жандар болады. Ондай адамдар жұртқа үлгі боларлық iсiмен дараланып тұрады. Сондай жандардың бірі Батырбек Рүстемұлы Қойшиев бақытын еңбектен тапқан жан болатын.
1959 жылы 4 қарашада бұрынғы Оңтүстiк Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Шұбар-ағаш ауылында дүниеге келген Батырбек Рүстемұлы Талас Алатауы жотасының оңтүстiк сiлемi, Майдантал құзды шатқалының бөктерiндегi «Новый строй» сегiжылдық мектебінде сауат ашады. Әжесiнiң әңгіме-ертегiсiмен есейіп, атаның тәрбиесінен тәлiм алып, жасынан зерек, оқуға алғыр болып өседi.
Жастайынан еңбекке араласып, ауыл тұрмысымен етене таныстығы, ауыр еңбектен қашпай, істі соңына дейiн жеткiзуге деген талпынысы оның болашақ өмiрiне қажеттi ғұмырлық бағыт-бағдар болады. Еңбекпен ержетіп, еңбекпен шыңдалған ол бiлiм жолында да толайым табысқа кенелді. Ташкент қаласындағы Ташкент мемлекеттiк университетінің филология факультетіне оқуға түсiп, 1980 жылы Шымкент қаласындағы Шымкент педагогика институтының орыс тілі мен әдебиетi мамандағын бітіреді. «Ер – туған жерiне» демекші, жас маман араға 1 жыл салып өзінің өсiп-өнген өлкесі Төлеби ауданындағы «Большевик» орта мектебінде еңбек жолын бастайды.
Алғаш еңбек жолын бастаған тұста таң рауаны тарала мектепке асығып, бойындағы бiлiмiн алдындағы шәкірттеріне сiңiрiп, аз уақыттың iшiнде тәжiрибе жинақтап, өзіндік орны бар маманға айналды. Олай деуiмiздiң себебі, Батырбек Рүстемұлы 1982-1987 жылдар аралығында Шымкент қалалық, облыстық комсомол органдарында жауапты қызметтер атқарып, бiлiктiлiгi әрмен қарай шыңдала түседі.
1987-1989 жылдары Төлеби ауданы «Буденный» атындағы орта мектепте, 1989-1990 жылдар аралығында Шымкент каласы №50 ортa мектепте директордың орынбасары кызметтерін абыроймен атқарады. Батырбек Рүстемұлынан білім алған балалар шәкiрттiк алғыстарын әлi күнге айтудан жалыққан емес. Өйткені, әу баста баланың бойына дарыған бiлiм дәнi өз жемiсiн берді.
Елеулі еңбегі үшін мақтаулар да, марапаттаулар да алды. Бiрақ, ол бiрiн атамайтын. Бұл да болса, ұлағатты ұстаздың мансап немесе мадақ үшiн еңбек етпейтінін, бала арманына деген адалдығын таныста керек. Сонау КСРО кезенiндегi, (казiргi құмырсқадай құжынаған көлiктен көз сүрiнетiн заман емес әрине) ауылдан қалаға небәрі 3-4 көлік қатынайтын уақытта, отыз шақырымды артқа тастап, таң шапағы көрінер-көрінбес мезгiлде 20-30 минут бұрын жұмыс орнынан табылып, өзінің қызметтік мансабында ағаттығы болмағаны өз мамандығына берілгендігін бiлдiредi.
Елiмiз егемендік алып, етек-жеңімізді жинаған тұста, сенгенді жандандырып, ұлттық болмысымызды танып, өткенiмiзден сабақ алып, өз заманымызға қарай бейімделу кезi едi. Осы тұста, ұлағатты ұстаз Батырбек Рүстемұлы 1990-2005 жылдар аралығында облыстық «Оқушылар сарайының» директоры қызметінің тізгінін ұстады. Қызметке тағайындалған күннен бастап, балалармен тығыз байланыста болып, бақытты кезеңдерді өткізді.
Батырбек Рүстемұлы оқушылар сарайының мәдениетімен, таңғажайып шығармашылық ахуалын, сонымен қатар ересектер мен балалардың ұжымдарын сақтап қалып, сапалы деңгейге жеткізді. Ұстаздар қауымының шығармашылық құзырлықтарына қолдау жасай отыра, әрбір ұстаздың кәсіби біліктілігін арттыруға көмегiн берiп, өзi шебер ұстаз бола отыра, үлгi бола бiлдi.
Білім саласының қыр-сырын жетік меңгерiп, ұжымды ұршықтай иіре бiлетiн ұлағаттты ұстаз қызметтiк бабын 2005 жылдан бастап Шымкент қаласындағы №59 мектеп директоры қызметiнде жалғастырады. Ұжымда моральды психологиялық ахуал, ауызбiршiлiк деңгейi жоғары болады. Көптеген игі iстердiң басы-қасында жүрiп, мектептің мультимедия, химия, физика, биология кабинеттерiн жабдықтауға үлкен үлес қосып, ат салысты.
Бұл жұмысты 2012 жылға дейiн атқарды. 2012 жылдың қараша айынан бастап №16 жалпы орта бiлiм беретiн мекеменің директоры қызметiне тағайындалды. Бұл ұжымда да мектептiң методикалық әдістемелік бөлмесiн қажеттi құралдармен ұстаздарға көрнекті нұсқаулар, ережелермен, жаңалықтармен камтамасыз етiп, абаттандыру жұмыстарын жүзеге асырды. Жас педагогтарды қамқорлыққа алды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесiнде мектеп бойынша оқушылардың үлгерім деңгейi жақсарды. «Тәрбиесіз берілген бiлiм – адамзаттың қас жауы», – деп шығыстың ғұлама данасы Әл-Фараби бабамыз айтқандай, басты назарда тәлім-тәрбие жұмыстарын жақсартуға арнады. Өзі басқаратын мектепте түрлi тақырыптарға арналған іс-шаралар, конкурстар, спорттық жарыстар, еңбек және соғыс ардагерлерімен кездесулер өткізу дәстүрге айналды.
Саналы ғұмырын білім саласына арнап, ұрпақтын ұлы мұрат жолында ұзақ жыл еңбек еткен Батырбек Рүстемұлының өнегелiк өмiр жолында талайға тағылым болар үлгiлерi көп. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, 40 жылға жуық ұстаздық қызметтің талай суығын да, ыстығын да сезiнiп, соған төзе білген ұлағатты ұстаз ешқашан iзденуден жалыққан смес. «Болдым, толдым» деп көкiрек керiп, тоқмейiлсiген емес. Өз ұжымында мұғалімдерге «Мен бастықпын, сен кызметкерсiң» деп бөліп-жарған емес. Барлығымен әрiптес ретінде, сырлас құрбы-құрдас ретінде сөйлесетін.
Әрине, басшы екенiн де бiр сәт естен шығармады. Бiлiктi басшының бiлгiрлiгi, көрегендiгi болар, мектептегі барша ұстаздар қауымы әркезде «бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол» шығарып, ұйымшалдықпен жұмыс атқарып келеді.
Ұстаздардың басшыға деген құрметiн әр сөз арасынан-ақ аңғаруға болады. Отбасында да, ортасында да қажырлы ісiмен елене бiлген «Еңбек epiнің» мектеп үшін жасаған еңбегі ерен. Қажырлы, елеулі енбегінің арқасында ҚР Бiлiм және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы, «ҚР білім беру iciнің үздігі» төсбелгiсі сынды түрлі марапаттауларын жіпке тізіп айта берсең жетерлік.
Батырбек Рүстемулы 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, ұлы Бауыржаннан 3 немере сүйiп отырған үлгілі шаңырақтың отағасы еді. Ұзақ жылдан бері білім ошағын басқарған білікті басшының ұстанымы егемен елiмiздiң ертеңгі болашағын әлемнің дамыған елдері қатарында алып жүретін азаматтар тәрбиелеу болатын. Шәкірттерiне өмiрлiк азық болар тәлім-тәрбие берiп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік тұрғыда бағыт-бағдар берген ұлағатты ұстаз, бiлiктi басшы, өмiрi өнегемен өрілген Батырбек Қойшиев қандай құрметке болса да лайықты азамат еді.
«Көп адам дүниеге бой алдырған.
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сия ма айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған, – деп Абай атамыз айтқандай, ұлағатты ұстаз, білікті басшымыз Батырбек Рүстемұлы артына өшпестей із қалдырды. Өзi басқаргған №16 жалпы орта білім беретін мектепте абаттандыру жұмыстарына ерекше көңiл белiп, мектеп ауласына 500-ге жуық жемiс ағашын отырғызуды ұйымдастырды.
Иә, әрбір ағаш қандай да бiр тiршiлiк иесiнiң пайдасына асса, бір құс ұя салып, жемiстерiн жесе, бір адам көлеңкесіне саялап, кәдесіне жаратса, осының өзі үлкен сауапты іс. Осындай игiлiктi iстердiң басы-қасында жүретін Батырбек Рүстемұлы жаратылысында адалдығы мол, тумысында турашылдығы ерекше тұлға еді.
Айжан ЫСҚАҚОВА
Мен Батырбек ағамен бірнеше рет танысу мен кездесу құрметіне ие болдым, ол шынымен де еліміздің белсенді азамат, діндар, адал, лайықты және нағыз атасы, әкесі, күйеуі, ағасы, өз Отанының көшбасшысы және патриоты болды! Ағамыздың жаны жәннатта, иманы саламат болсын, алдынан жарылқасын, артта қалғандарға өмір берсін
P. S. Айжан, жаным! Қайын атаң туралы осындай керемет мақала үшін рахмет, ол Бауыржан мен сені, және кішкентай немерелерді қатты жақсы көрді. Алла сендерге ағамыз үлгермеген нәрсені көруді және жасауды нәсіп етсін.
Керемет, бұл мақала мақтауға тұрарлық.
Арыстай азаматқа, лайықты мақала.
Иманды болсын! Калған туыстары, балалары, немерелері есте сақтап аман болсын!
Алладан рахым пайғамбардан шапағат болғай. Біз Батекең салған үйде тұрамыз, еккен жеміс ағаштарын қарап жемістерін жеп жүрміз Алла сансыз сауаптардан жазсын. Ерте кеткені өкінішті. Алладан быз Аллаға қайтамыз. Марқұмдарға құран бағыштағанда əрдайым қосып тұрамыз. Ізгі ниетпен Асқар Алтынсарыұлы Қамбарбаев