Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған құпиялылық саясатының өзгеруіне байланысты WhatsApp мессенджерінен бас тартты. Бұл туралы Bloomberg түрік басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қауіпсіздік мәселелеріне байланысты Түркия президентінің әкімшілігі бұрын WhatsApp-та құрылған топтарын Turkcell Iletisim Hizmetleri-ге тиесілі BiP қосымшасына көшірді. Ердоғанның кеңсесі өз мәлімдемесінде журналистерді де BiP-ке көшуге шақырды.
Мемлекет басшысының соңынан Түркия Қорғаныс министрлігі де жаңа қосымшаға көшті. Бұл қадам Ердоғанның шетелдік әлеуметтік желілерге қарсы ауқымды науқанының бөлігі болды, деп хабарлайды агенттік.
Turkcell мәліметтері бойынша, соңғы күні BiP Messenger-ге Түркияда миллионға жуық жаңа пайдаланушы қосылған.