Ерболат Айтбайұлы 1983 жылы ОҚО, Шардара ауданы, Қазақстан ауылында дүниеге келген. 2007 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін, 2009 жылы аталмыш мамандықтың магистратурасын тәмәмдады.
2001-2013 жылдар аралығында ОҚО, Мақтарал аудандық «Мақтарал» газетінде, Республикалық «НТК» телеарнасында, «Заң» газетінде, «NS» радиосында, «Әдемі-ай» журналында және «Қазақ радиосында» тілшілік, редакторлық қызмет атқарған. 2013 жылдың қыркүйек айынан бастап ҚМДБ-ға қарасты «Хикмет» телерадио студиясында қызмет атқарып келеді.
— Ерболат Айтбайұлы! Сіз бес жылдан бері «Хикмет» телерадиостудиясында қызмет атқарып келесіз. Жалпы, «Хикметтің» қызметі жайлы айтып өтсеңіз?
— «Хикмет» телерадиостудиясы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты болғандықтан елімізге белгілі имамдар мен исламтанушы-ғалымдардың, діни саладағы ұстаздардың, дінтанушылардың уағыз-насиxаттарын, дәрістерін интернет ресурстары арқылы xалыққа жеткізіп келеді. Сонымен қатар, қоғамдағы өзекті мәселелер мен жат ағымдардың алдын алу мақсатында арнайы репортаждар мен әлеуметтік һәм инфографиялық роликтер дайындаймыз. Ал, жастар мен балаларға қатысты бірнеше тәрбиелік мәні бар, жас ұрпақты имандылыққа, отансүйгіштікке, ынтымақ пен бірлікке тәрбиелейтін арнайы жобалар мен анимациялық өнімдерді шығарып отырамыз. Мұнымен қоса, сан ғасырдан бері атадан балаға жалғасып келе жатқан xалқымыздың бата-тілектерін, шешендік сөздерін, ғибратты әңгімелерін, ежелгі дәуір әдебиеті мен жыраулар поэзиясындағы өлеңдерді, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Аxмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сынды т.б. тариxи тұлғалардың шығармаларын да жинақтап, елімізге белгілі дикторларға оқытып, xалыққа ұсынып келеміз. Осы ретте тағы бір айта кететіні, «Хикмет» телерадиостудиясы рухани-танымдық және ағартушылық бағытта ғана жұмыс жасап қоймай, діни басқарама аясында өткен барлық іс-шаралар мен республикалық, халықаралық форумдарды, ғылыми конференциялар мен басқосуларды фото және видеомен қамтамасыз етіп отыр. «Хикметтің» тағы бір қызметіне келер болсақ, полиграфиялық өнімдерді шығарумен айналысамыз. Мәселен, өзіміздің мұрағатта жинақталған аудио және видео өнімдерді он мыңдаған тиражбен CD, DVD дисктерге басып шықтық. Мұнымен қоса жыл сайын мешіт жанындағы жазғы сауат ашу курстарына кітапшалар мен дипломдар, арнайы алғыс хаттар, діни басқарама төңірегінде өтетін мерекелік концерттерге билеттер мен броюшалар дайындап шығарамыз. Бір сөзбен айтқанда, «Хикмет» телерадиостудиясы бір бағытта ғана емес, сан-салалы қызметті атқарып жүр.
— Қазақ радиосында теле-радио журналист боп қызмет еткенде қандай жобаларға жетекшілік еттіңіз?
— Қазақ радиосына ең алғаш жұмысқа тұрған кезімде қандай бағдарлама жүргізсем екен, қандай жобаларды қолға алсам, мен жүргізген бағдарламалар халыққа пайдалы бола ма деген ой мазалады. Сөйтіп, ең алғаш қазақ еліне еңбегі сіңген қайраткерлер мен тұлғалардың өмірінен сыр шертетін «Тұлға» деген бағдарламаны қолға алдым. Кейіннен ол «Қазақ елінің қайраткерлері» деген атаумен жалғасын тапты. Бұл бағдарламаның мақсаты тұлғалардың өнегелі өмірі мен ел үшін, елдің игілі үшін атқарған еңбегін өзіміздің замандастарымызға үлгі ретінде көрсету болды. Осыдан кейін қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің түйткілін тарқататын «Ұлт және қоғам», қоғамың әр түрлі саласында еңбек етіп, жаста болса бас болып жүрген белсенді, талантты жастарға арналған «Алаш жастары», өскелең ұрпақты имандыдылыққа, адамгершілікке, отаншылдыққа, жақсы қасиеттерге үндейтін рухани-танымдық бағыттағы «Ұлағат» деген арнайы жобаларды қолға алып, «Сіз не дейсіз?», «Махаббат аялдамасы», «Мұрағат қазынасы», «Ана тілің – арың бұл», «Ой дода», «Апта», «Замандас», «Армандастар», «Тәулік тынысы» хабарларының редактор-жүргізушісі болдым. Осы бағдарламаларды дайындау барысында, кейіпкерлер және бағадарлама қонақтармен сұхбаттасу кезінде, жалпы радиода жұмыс жасаған бес жыл ішінде үлкен тәжірибе жинадым.
— Студияңызда қонақ болған мемлекет және қоғам қайраткерлерімен сұхбаттасу барысында аға буын жайлы қалыптасқан ойыңыз қандай болды?
— Әрине, бағдарламама арқау болған әрбір кейіпкердің қазақ елі үшін сіңірген еңбегін, ол кісілер жайлы қалыптасқан ойымды бір сұхбаттың аясында айтып жеткізу мүмкін емес. Өз басым ол кісілерден үлкен сабақ алдым, әңгімесін тыңдадым, ақыл-кеңесіне құлақ түрдім. Ойлап отырсам, сұхабаттасқан отыздан астам мемлекет және қоғам қайраткерлерінің басым бөлігі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, соғыстан кейін дүниеге келген тұлғалар болды. Олардың балалық-шағы мен жастық шағы қазіргідей тоқшылық заманда өтпеген екен. Соған қарамастан бар күш-жігерін бойына жинап, еңбектеніп, оқып, білім алып, нәтижесінде үлкен жетістікке қол жеткізді. Ол кісілер еліміздің тәуелсіздік жолында, егемен еліміздің даму жолында аянбай еңбек етті. Мәселен, мемлекет және қоғам қайраткері, журналист, реформатор-қаламгер Кәкімжан Қазыбаевтың Рейхстагқа ең алғаш жеңіс туын тіккен қазақ азаматы, Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев екенін дәлелдеп шыққанын, Кеңес үкіметі кезінде неміс автономиясының құрылуына үзілді-кесілді қарсы болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Оны өмірлік жары Орынша Қазыбаевадан сұхбат алған кезде естідім. Осы секілді мақтанышпен айтуға болатын естеліктерді, кейіпкерлердің басынан өткізген оқиғаларды тізбектей беруге болады. Себебі, ата-бабаларымыздың, мемелекет және қоғам қайраткерлерінің атқарған еңбігінің жемісін бүгінгі ұрпақ көріп жатыр деп айтар едім. Бірде мемлекет және қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, марқұм Мақсұт Нәрікбаев ағамыздан сұхабат алып болғаннан кейін маған «Бақыттың қиын баспалдақтары» атты кітабын сыйға берді. Сол кітаптың алғашқы бетіне «Ерболат, айналайын! Мен және менің замандастарыма егемен Қазақстанымыздың ірге тасын қалап, қабырғасын тұрғызу мүмкіндігі туды. Ал сен және сенің замандастарыңның алдында сол мемлекетіміздің шатырын жабу міндеті тұр. Сол жолда жығылмай, сүрінбей өтуіңе тілектеспін» деп қолтаңба қалдырған болатын. Расымен де, болашақ – жастардың қолында. Біз сол кісілердің үмітін ақтап, туған еліміз үшін еңбек етсек, кейінгі ұрпақ та оның жемісін көретіні анық.
— Қазақ радиосының рухани-танымдық бағдарламасына және жоспарына қандай ұсыныс айтар едіңіз?
— Шыны керек, қазіргі таңда кейбір телерадиоларды алып қарасақ руханиятқа емес рейтингке қарай жұмыс жасайтын болды. Ал, руханият екінші орында қалып жатыр. Осы ретте тек қана Қазақ радиосына емес отандық телеарналарға діни-танымдық бағдарламаларды ашуға ұсыныс айтар едім. Әрине, зайырлы мемлекет ретінде дін мемлекеттен бөлек. Алайда, дәл қазіргі таңда бізге бұл ауадай қажет. Неге дейсіз ғой? Қазір біз ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Кез-келген ақпарат адамдардың санасына БАҚ арқылы сіңеді. Егер де өзіміздің дәстүрлі дінімізді БАҚ арқылы жеткізбесек жат ағым өкілдері әлеуметтік желілер арқылы өз идеологиясымен жастардың санасын улайды. Себебі, кез-келген дінге қызғуышылығы бар адам өзіне қажетін таппағандықтан дұрыс емес ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы алуы мүмкін. Ал, әлеуметтік желіде белгілі бір шекара жоқ екенін жақсы білесіз. Егер де отандық телеарналардан ислами-танымдық бағдарлама ашып, мешіт имамдарын, исламтанушы-ғалымдарды сұхбатқа шақырып отырса, сол арқылы халықтың көкейіндегі сауалдарға жауап беріп отырса, көптеген жастар жат ағым идеологиясынының жетегінде кетпес еді. Сонымен қатар, бізге рухани-танымдық бағдарламалар көптеп қажет. Әрине, мұндай бағдарламалардың рейтингі төмен болуы мүмкін, бірақ, келешекте жемісін береді. Кез-келген халықтың рухы мықты болса, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын мықтап ұстанса, ол елдің мемлекеті де мықты болады. Сондықтан да, кез-келген медиа саласының маманы бағдарлама дайындайтын кезде алдына үлкен мақсат қою керек. Яғни, ол үлкен идеалогиялық құралға айналу керек. Мәселен, біз «Көршімнің күрішін алыңыз», «Әке қадірі», «Сабасына түскен құл» деген секілді т.б. анимациялық роликтер мен «Тәніңді ластама», «Алғаның жаман жолықса», «Өз өміріңді бағалай біл», «Ұлық болсаң кішік бол», «Адасу» деген секілді әлеуметтік роликтерді дайындадық. Оны біз рейтинг жинау үшін емес, халыққа аз да болса ой тастау үшін әзірледік. Кезінде сол роликтерге ешкім мән бермеді. Аллаға шүкір, қазір күннен күнге нәтижесін беріп келе жатыр.
— Сіз журналиссіз, бірақ дін саласында қызмет етуді таңдадыңыз. Басқаша айтқанда, қызметіңіз бен жан қалауыңызды ұштастырдыңыз. Дін жолына қалай келдіңіз?
— Өз басым дін саласына үлкен дайындықпен келдім. Ұзақ уақыт діни бағдарламалар дайындап, мешіт имамдары мен діни басқарма қызметкерлерінен сұхбат алып, сол кісілемен пікір алмасып тұратынмын. Өзім қызмет атқарған Қазақ радиосында «Ислам құндылықтары» деген мықты бағдарлама болатын. Оны діни басқарманың сол кездегі уағыз және насихат бөлімінің маманы Асылбек Әуезханұлы жүргізетін. Сол кезде діни бағдарламаны діни саланы жақсы білетін, ҚМДБ-ның маманы жүргізген дұрыс деп радио басшылығы солай шешім қабылдады. Ол бағдарлама әр жұма сайын кешкі уақытта еді. Оның артынан менің бағдарламам шығатын. Кейіннен 2012 жылы Астанада «Әзірет Сұлтан» мешіті ашылып Асылбек Әуезханұлы сонда найб имам болып тағайындалды. Сол жылы біздің радио Астана қаласына көшіп, көппен бірге біз де келдік. 2013 жылы мешіттің сол кездегі Бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы мешіт жанынан телерадиостудия ашамыз, қаласаң бізге кел деп шақырды. Сөйтіп, Астанаға келгеннен кейін бір жылдай Қазақ радиосында бөлім басшысының орынбасары қызметін атқарып, осы «Хикмет» телерадиостудиясына редактор болып жұмысқа орналастым.
— Имамдармен етене араласу барысында оларды жақсы тани бастадыңыз. Имамдардың жұмысына қандай баға бересіз?
— Көп адамдар имам десе, Құдайы астар мен жаназаны көз алдына елестетіні жасырын емес. Негізінде бұл – қате пікір. Имамдық қызмет тек қана діни рәсімдермен шектелмейтіні анық. Қарап отырсаңыз дін қызметкерлерінің қоғамға пайдасы орасан зор. Мәселен, мешітке әр түрлі адамдар келеді. Әр қайсысы әр түрлі проблемамен келеді, кейбірі күрделі сұрақтармен келсе, кейбірі әлеуметтік жағдаймен келеді. Осы кезде мешіт имамы сабырлыққа шақырып, сұрақтарына жауап беріп, көкейіндегі түйткілді мәселесін тарқатып береді. Енді бірі ауырып, мазасызданып келеді. Осы кезде де қасиетті Құран аяттары арқылы дем салып, жазылып кетуіне себепкер болып жатады. Бұлардан бөлек, дін қызметкерлерінің жамағатқа уағыз айтуы, бес уақыт намазды өткізуі, шәкірттерге дәріс беруі, құран оқып, бата беруі, азан шақырып, ат қоюы бар. Сонымен қатар, дін қызметкерлерінің жат ағымдардың алдын алу жұмыстарына бір кісідей ат салысып, арнайы мекемелер мен оқу орындарында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқандығын да көріп жүрміз. Қазақта «жақсының жақысылығын айт, нұрысы тасысын» деген сөз бар ғой. Сондықтан да мен білетін имамдар осындай.
— Қазақ тілінде журналист пен имамдар ғана сөйлейді деген әзіл-шыны аралас бір сөз естіп едім.
— Бұл сөз әзіл болса да рас дер едім. Қарап отырсаңыз, елімізде үш мыңнан астам мешіт болса сол мешітте айтылатын жұма уағыздарының барлығы қазақ тілінде жүреді. Бұдан бөлек, күнделікті дәрістер де қазақ тілінде жүреді. Бұл деген орыс тілін, немесе шет тілін білмейді деген сөз емес. Имамдардың барлығы кем дегенде 2-3 тіл біледі.
— Журналист, ол кім? Замандас әріптестеріңіздің ішінде кімді мықты деп танисыз?
— Журналист деген халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, қоғамдағы мәселелердің шешілуіне ат салысатын, туралықты айтып дұрыс ақпарат жеткізетін мамандық иесі дер едім. Ал, замандастарымның ішінде мамандығы журналист болмаса да, осы салада талай жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан Нұрмұхаммед Байғаревты, орыс тілділердің арасында Қазақ радиосында бірнеше жыл қызмет атқарған Бақтияр Асылханұлын, дикторлардан Мұхаммедәли Болатұлын айтар едім. Бұл жігіттер тек қана мамандық жағынан емес, адами қасиеттерімен де мықты. Себебі, кез келген бір мамандық иесінде адамгершілік қасиет болмаса, істеген еңбегінің бәрі бекер.
— «Хикметтің» алдағы жоспарларының шет-жағасын айтсаңыз…
— Алла қаласа, биыл «Хикмет» телерадиостудиясының ашылғанына бес жыл болады. Осы бес жылды саралай келе, бес жылда жинаған тәжірибені жинақтай келе жаңа бір белесті бағындыруды, шығарып жатқан өнімідерімізді халыққа бұрынғыдан да ауқымдырақ жеткізуді қолға алдық. Сонымен қатар, келешекте интернет телеарна құру мақсатында «Хикмет» студиясының жеке сайтын ашуды бастап кеттік. Бұл сайттың өзге сайттардан ерекшелігі – тек қана аудио және видео контенттерден тұрады. Сонымен қатар, кез-келген сайт қолданушысы бес жыл бойы жиналған өнімдердің аудио нұсқасын 24 сағат бойында онлайн тыңдай алады. Сол сайтқа кіру арқылы кез-келген оқырман намаз оқуды, арабша құран оқуды, күнделікті өмірде кездесетін ең қажетті дұғаларды оңай жаттауға мүмкіндік алады. Сайттың тағы бір ерекшелігі – діннің үш тірегі «Ислам». «Иман». «Ихсан» тақырыптары халыққа оңай, жеңіл тілмен түсіндіріледі. Халықтан бізге көптеген сұрақтар келетіндіктен қазір біз «Шариғат және пәтуа» бөлімімен бірлескен жобаны бастап кеттік. Сондағы мамандармен бірлесіп халықтан келіп түскен сұрақтардың аудио және видео нұсқаларын дайындап жатырмыз. Бұдан бөлек, сайтта балаларға арналған, жастарға арналған, көпшілікке арналған арнайы жобалар жарық көрмек.
-Әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан – Руслан ҚАМБАР