Нұр» сүресінде Алла тағала былай деген: «(Әй, Мұхаммед) Мүміндерге айт: «Көздерін (бөгде әйелдерге қараудан) тыйсын және ұятты жерлерін (күнә жасаудан) сақтасын! Міне, олар үшін ең таза жол осы. Расында Алла тағала олардың не жасап жатқандарынан толық хабардар. Мүмін әйелдерге де айт: «Көздерін (бөгде еркектерге қараудан) тыйсын және абыройларын (күнә жасаудан) сақтасын!… » («Нұр» сүресі, 30-31). Міне осы аяттар ашық түрде ер болсын, әйел болсын мұсылман баласына харамға қарамауға, ар-намысын сақтап зина жасамауға шақыруда. Осы аяттардың астарына дұрыстап үңілсек адамды азғырып, зинаға жетелейтін негізгі фактордың бірі бөгде ер мен әйелдерге нәпсі қозатындай сұқтана қарау екені байқалады. Яғни бұлай қарауға тыйым салынып тұр (харам). Бұлайша қарау зинаға жетелейтіндіктен, көзді сақтау маңызды. «Қарағанда тұрған не бар екен» деп бей-жай қарау, түбінде адамды жамандыққа алып барады. Байқаусызда көз түсіп кетіп, еріксіз назар аудару күнә емес. Алайда біле тұра, қайта-қайта қарауға тыйым салынған. Бөгде ер мен әйелдің бір-біріне қарап, жымыңдап көз қысуы «көз зинасы» ретінде бағаланады. Көз зинасы адамның тек қана дініне емес, дүние тіршілігіне де кесірін тигізеді. Бөгде әйелге құмартып көз салған ер немесе әйелде өз жұбайына деген салқындық туындап, нәтижеде айрандай ұйып отырған отбасы ойран болуы мүмкін. Әрі мұндай бейнелерге қараудың белсіздікке апарары да белгілі. Табарани және Хаким риуаят еткен бір хадисте «Харамға қарау – шайтанның оқтарының бірі. Кім менен (Алладан) қорыққандықтан одан сақтанса, оның ләззатының орнына тәттілігі мен рахатын жүрегінде сезетін керемет иман беремін» делінген. Харамға қарау шайтанның улы оғы болғандықтан, онымен жараланған жүрек кеселге ұшырайды. Адамның бойында кейбір нәзік сезімдер болады. Олар өлсе қайта тірілмейді. Пайғамбарымыз бір хадисінде «Пенде бір күнә жасаған кезде жүрегіне бір қара дақ түседі. Егер ол тәубесіне келіп, күнәдан алшақтаса жүрегі тазарады. Тәубесіне келмей, күнә жасауын қоймаса ол қара нүкте үлкейіп кетеді. Соңында бүкіл жүрегін жайлайды» (Ибн Мажа) деп, иманның мекені саналатын жүректі таза ұстауға бұйырған. Сондықтан Жаратқанның тыйым салған кез-келген мәселесінің, ардақты етіп жаратылған, кемелдікке қанат қағар адам баласы үшін зиянды екенін тек қана дін емес, қазіргі ғылым-білім де толық растайды. Ислам шариғатында ердің жалаңаш әйелге қарауы былай тұрсын, тіпті ер кісінің әурет, яғни ұятты жерлерінің (ханафи мәзһабында кіндік пен тізенің арасы) өзіне қарауға тыйым салынған.