Сұрақ: Ер азаматқа «сүйіспеншілік» жарасады ма?
Жауап: Бүгінде кейбір жастарда «мейірім», «сүйспеншілік», «жұмсақтық» сияқты т.б. мінездер әйел затына тән қасиеттер деген көзқарас қалыптасқан іспетті. Бәлкім кейінгі кезде мешіттерде көріп қалатын кейбір «ахилардың» суық немесе сұсты түрлерін көріп, «намаз оқитын ер азамат осындай болуы керек шығар» деп ойлаулары да мүмкін.
Егер мұсылманның бейнесін (суық, сұсты, қатты) деп ойласақ, онда қателесеміз. Керісінше мұсылман адам жылы жүзді, иманды, кішіпейіл, ізетті, кешірімді, мейірімді, жұмсақ мінезді және т.б. Пайғамбардан (с.ғ.с.) ізгі сахабалардың бойында мұндай көркем мінез қасиеттері тұнып тұр. Мұны біздер Ислам тарихынан жақсы білеміз мысалы, бұған қатысты хадисті Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етеді:
«Алланың елшісі (с.ғ.с.) Хасан ибн Әлиді сүйген еді. Сол уақытта оның қасында әл-Ақрағ ибн Хабис әт-Тамими отырған болатын.
Пайғамбардың (с.ғ.с.) мұндай махаббатын көрген Ақрағ:
– Расында менің он балам бар. Олардың бірін де сүймедім, – деп айтады. Алланың елшісі (с.ғ.с.) оған қарап:
– Кім рахымды болмаса, оған рахымдылық бұйырмайды, – дейді» (Бұхари).
Келесі хадисте де пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) баласына деген махаббатын Әнас ибн Мәлик (р.а.) былай жеткізеді:
«Балаларға пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сияқты мейірімін төккен ешкімді көрмедім. Пайғамбардың (с.ғ.с.) ұлы Ибраһим Мәдина шаһарының сыртында тұратын анасының қолында еді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) менімен бірге сол әйелдің үйіне барып, баласы Ибраһимді сүйіп қайтатын. Ибраһим қайтыс болған кезде Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Ибраһим менің балам. Ол емшектен шықпай қайтыс болды. Осы себепті оның жәннатта екі анасы бар. Олар оны емшектен шығу уақытына дейін емізеді, – дейді» Ибн Асакир. Хаиятус-Сахаба 3 том. 249 б.
Расында да сүйіспеншілік көркем-мінезге жататын ізгі қасиеттердің бірі. Мұны арнайы бір текке немесе әйел затына ғана таңуға болмайды. Мұндай сипат адамның жеке басын ғана емес, отбасын, тіпті бүтін қоғамды жақсылыққа бастайды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
Сондай жылы әрі әсерлі жазбаМәлімет үшін көп рахмеет.