Сұрақ: Еңбектің қайсысы жақсы?
Жауап: Ислам адамға басқалармен жақсы мәміле жасауға, жақсы сөз сөйлеуге, ізгілік жасауға шақыруымен қатар адал еңбек етуді де міндеттейді. Шариғат сізге еңбектің бір-бірінен артықшылығын емес, бәлкім оның адал болғанын айтады. Яғни мұсылман адам дәрігер, инжинер, мүғалім, диқаншы, саудагер немесе сол сияқты т.б. кәсіп иесі болса да бастысы адал болуы шарт. Діннің кәсіп иесіне қоятын басты талабы – адалдық, кісі ақысын жемеу. Хазіреті Айша анамыздың риуаятына сәйкес пайғамбар (с.ғ.с.) былай деп бұйырған: «Адамның ішкен-жегенінің ішіндегі ең жақсысы өз еңбегімен тапқаны…» (Насаи). Келесі хадисте Микдамдың (р.а.) жеткізгені бойынша, пайғамбар (с.ғ.с.): «Расында ешкім өз еңбегінен асқан қайырлы тамақ жемеген. Алланың расулы болған Дәуіт те өз еңбегімен тапқан асты жейтін еді», – деген (Бұһари).
Хадистерден көргендей адамның өз қолымен жасаған қандайда бір адал еңбегі – ең қайырлы һәм пайдалысы. Сондықтан жастар бір-бірімен мамандығын айтып мақтанғаннан гөрі еңбегінің адалдығын айтқаны жөн. Еңбектің қайырлысы – адал болғаны.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ