Сұрақ: Ең жақсы алғыс сөзі қандай?
Жауап: Басқаларға жақсылық жасай білу – құнды қасиет. Бұл бала кезден үлкен тәрбиені қажет етеді. «Жақсылықты жақсы адам ғана жасай біледі», – деп бекер айтылмаса керек. Әдетте адам жақсылық жасаған уақытта ақысына бір нәрсе күтуі әбден мүмкін. Сол үшін сізге біреу жақсылық жасаса, оны да қуантатын жақсылықпен қайтарған жөн. Ең құрығында жақсы сөз айту, алғыс білдіру әдептілікке жатады.
Дін ислам жақсы сөз айтуға және жасалған қайыр үшін алғыс білдіруге жігерлендіреді. Тіпті, адамдарға «рахмет» деп айтқан сөздің өзін Аллаға айтылған «шүкірлік» санатына жатқызатыны туралы хабар бар.
Мысалы, Ашғас ибн Қайс (р.а.) есімді сахаба: «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Расында сендердің Алла табарак уа Тағалаға ең көп алғыс айтушыларың – адамдарға көп рахмет айтушыларың», – деп айтты» деген хадисті келтіреді (Ахмад).
Негізінде алғыс айтудың қайсысы болмасын – жақсы сөз. Мұның өзін тәрбиелі адамдар айтады. Қазақ: «Құдайдан қайтсын», «рахмет», «Алла разы болсын» деген сияқты т.б. жақсы сөздерді айтады.
Алғыс сөзді тілек деп айтуға да болады. Себебі жақсылық көрген адам, жақсылық жасаушыға ізгі тілек айтқандай шын жүректен алғысын білдіреді. Сол үшін алғыс сөз айтқан уақытта рахмет сөзінің ең жақсысы айтылғаны мақұл.
Бұған қатысты Усама ибн Зайд (р.а.): «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Кімге жақсылық қылынса, жақсылық жасаған адамға: «Алла саған сауаптан жазғай!» – деп айтсын. Бұл алғыс айтудың ең жақсысы» – деді», – деген риуаятты келтірген (Термези).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ