Ибн Сирин бір кісіге:
– Жағдайың қалай? – дейді. Ол:
– Мойнында бес жүз дирхам қарызы мен бала-шағасы да бар адамның халі қандай болушы еді? – дейді. Ибн Сирин үйіне кіріп кетіп, мың дирхам алып шығады. Сосын оны әлгі кісіге беріп:
– Мына бес жүзді қарызыңа төле. Ал, мына бес жүзді өзің мен бала-шағаңа жұмса, – дейді. Ибн Сирин үйіндегі бар ақшасын алып шыққан еді. Сосын ол.
– Уаллаһи, енді ешқашан ешкімнің жағдайын сұрамаймын, – дейді.
Ибн Сириннің қолындағы бар ақшасын беруінің себебі: біреуге жаны ашымаса да оның жағдайын сұрап, соның себебінен рияқор, мұнафық болып қалудан қорыққандығынан еді.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ