26 жастағы екі баланың анасы Меруерт Ұлұқпанованың кішкентай қызы мүгедек. Қазір жасы үштен асқан. Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының тұрғындары. Жолдасы 2014 жылы шебін шығаратын зауытта жұмыс жасап жүріп бір қолын сындырып алған. Қазір ол да 3-топ мүгедегі. Бір отбасының екі мүшесі мүгедек болғандықтан, қазір Меруерттің қолынан келмейтіні жоқ.
Меруерт ханымның айтуынша, перинатальды орталықтан қызы екеуі аман-сау шыққан. 10 айға дейін нәрестенің бойынан аурудың еш белгілері байқалған жоқ. Тіпті, түрлі дыбыстар шығарып, гуілдеп, еңбектеп жүрген. Бір мезетте қимылы азайып, бала әлсіз болып қалған.
– Дәрігерлер менің балам БЦС (ДЦП) деген ауруға шалдыққанын айтты. Мен есеңгіреп қалдым, себебі, жүкті кезімде бәрі қалыпты болатын, жүрегі де ырғақты соғып тұрды, УДЗ ауытқушылықтар көрсеткен жоқ. Бірінші баламды жасанды жолмен босанғаннан кейін екінші баламды да жасанды жолмен босануым керек болатын. Бірақ дәрігерлер дер кезінде келмей, айқай-шудың арқасында әйтеуір босандырып алды, – дейді жас ана.
Гинеколог маманның айтуынша, бала дүниеге келгенде өз шаранасына тұншығып қалған. Ондай жағдай екінің бірінде болады, уайымдайтын еш себеп жоқ деген сөздермен босанған келіншекті тыныштандырған екен. Кейін енді туылған нәрестені жасанды демалдыратын бөлмеге алып кеткен. Сондай-ақ басында кішкентай киста бар, ол уақыт өте тартылып кететінін жеткізген.
– Қызым мүгедек болып қалады деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Басымызға осындай іс түскеннен кейін бір Алладан көмек сұрап, емдеу шараларын жүргізгеннен басқа қолымнан ештеңе келмеді.
Қызыма айына алатын жәрдемақы 96 042 теңге, ал бір айға еміне кететін ақша 270 000 тг. Себебі массаж, ЛФК, логопедке күніне 9000 теңге төлеймін. Әрі қарай өздеріңіз есептей беріңіздер. Шынын айтсам, менің күнде осындай қаражат жұмсауға мүмкіндігім жоқ. Сол себепті айына 10 рет, кейде 15 рет қана массаж аламыз. Жақындарым ақша беріп бір ай емін толық алған едік. Сол кезде қызым өзі 15 секунд отырды. Басын тік ұстай бастады. Қатты қуандым, бірақ қуанышым ұзаққа созылмады, – дейді Меруерт.
Өмірдің тауқыметін көп көрген ананың айтуынша, дәрігерлер жолдасын үш жыл бойы мүгедектердің тізіміне қоспай, әлеуметтік көмек бермей қойған. Нұр-Отанға, жоғарыдағыларға шағым жазамын дегеннен кейін ғана жәрдемақы алатындардың қатарына қосқан.
– Жолдасым екеуміз отбасы құрғалы бері жалдамалы пәтерде тұрып келеміз. Әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдарға берілген үйдің сыртында қымбат-қымбат көліктер тұрады. Әкімдікке барсам, «кезегіңіз әлі келген жоқ» деген әуенмен әрдайым шығарып тастайды. 2014 жылдан бастап жолдасым жұмыс жасамай қалды. Мектепте оқитын үлкен ұлым бар. Өзім бала күтімімен үйде отырдым. Сонда мен қандай қаражатқа баламды емдеймін. Егер қызым толық ай сайын ем қабылдап отырғанында қазір аяғына тұрып кетер ме еді. Соны ойласам жүрегім езіліп, өзімді тығар жер таппай қаламын,-дейді бейшара ана.
Ал аудан әкімінің орынбасары Қонақбаев Амангелді Құрманғазыұлының айтуынша, заң бойынша үй алуға төрт санат бойынша азаматтар кезекке тұра алады. Жыл сайын 20-30 пәтер беріледі. Қазіргі таңда кезекте 450-500 адам тұр. Оның ішінде 200 мүгедек балалар, жетім балалар, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар бар.
– Кез келген аймақтың тұрғындары пәтерді кезекпен алады. Біздің ауданда көп дегенде екі қабатты үйлер салынады. Сол себепті бірден барлық адамға баспана беруге мүмкіндік жоқ. Мысалы, сегіз пәтер бөлінсе, оның екеуі мүгедекке, екеуі жетім балаға, екеуі көпбалалы отбасыларға, екеуі жалғызбасты анаға бөлініп беріледі.
Мүгедек балалары бар отбасылар мемлекет тарапынан тиесілі көмек алады. Егер де оларға берілген жәрдемақы жетпей жатса, бізге келіп қосымша көмек алуға мүмкіндіктері бар. Алатын массажын тегін жасап береміз. Тіпті, азық-түлік, киім-кешек қажет болса, алып береміз. Әлеуметтік салада жұмыс жасайтындықтан, жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын созуға әрдайым дайынбыз, – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Иә, кез келген ана үшін ең бастысы – баласының денсаулығы. Одан асқан байлық та, дәудет те бұл фәниде жоқ шығар. Анасы туған баласының аурудан қиналып, шырылдап жылағанын көрген кезде жанын бере салуға дайын ғой. Бірақ Алланың адамның басына берген сынағы болғандықтан, сабырлықпен, шүкіршілікпен өмір сүру керек. Қайырымды жандар да осындай мәселеден айналып өтпесе екен. Ешбір ананы баласымен сынамасын.
Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ