Біраз жылдан бері тәрбие тақырыбын зерттеп жүрген балалар педагогы, 3 тілде жарық көрген «Баланы жазасыз тәрбиеле» кітабының авторы, «Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығының құрушысы әрі кеңесшісі Елжас Ертайұлымен әңгімеміз тәрбие ісіндегі ұлттық құндылықтар, баланың ортасы мен оның рухани дамуы төңірегінде өрбіді.
Бала сезімін «тұншықтырмау» қажет
– Педагог ретінде балаға берілетін тәлім-тәрбие дегенді қалай түсіндіресіз?
– Жалпы, бала тәрбиесі – баланы тек материалдық тұрғыдан қажеттілігін қамтамасыз ету емес. Ол баланың материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз етумен қатар, баланың ішкі жан-дүниесіне көңіл бөлу, сезімдерін түсіну. Сондай-ақ, баланың рухани дамуына ата-ана ретінде өз үлесімізді қосу, салыстырмасыз түрде тәрбиелеу. Тек материалдық жағдайды қарастыратын болсақ, онда бала тәрбиесінің кішкентай ғана бөлігін қолға алған болып есептелеміз.
Жеткіншектерге тәлім-тәрбие беру – олардың сезімдерімен дұрыс жұмыс істей білу. Атап айтар болсақ, сезімталдық тұрғыдан балалардың дамуына өз үлесімізді қосу. Мұны қазіргі тілмен айтқанда эмоционалдық тұрғыдан деп айтады. Осы тұрғыдан келгенде балалардың толық адам болып шығуына, толық дами алуына ата-ана ретінде өз үлесімізді қосу.
Бір өкініштісі, бұл кенжелеп тұрған мәселе деп айтсақ болады. Себебі, бізде көбінесе балалардың сезімдерін басу бірінші орынға шығып тұр. Мәселен, «жылама, қуанба, ашуланба…» деген секілді сөздер арқылы әрқашан олардың сезімдерін басып тастап, бақылауға тырысамыз. Бұл – қазіргі ата-аналардың ең үлкен қателігі деп ойлаймын.
Сондықтан жалпы балалардың сезімдеріне еркіндік беріп, олардың іс-әрекетін тәртіпке келтіру – ата-аналардың басты мәселесі болу керек.
Ұлттық тәрбиеде ата-әженің рөлі зор
– Балаларымызды ұлттық құндылықтарымызбен қалай тәрбиелейміз?
– Ұлттық тәрбие беру барысында, әрине, ата-әжелер институтының рөлі өте зор. Егер ата-әжелеріміз осы функцияны толыққанды атқара алса, негізгі ұлттық құндылықтарға сусындататын басты кісілер деп соларды айтуға болады. Балаларды ертегілермен, тәлім-тәрбиесі мол әңгімелермен сусындатып отыру – ата-әжелеріміздің басты міндеті.
Өкінішке орай, қазіргі таңда бұл функцияны атқарып жатқан ата-әжелер саны өте аз. Көпшілігі ертегі айтуды білмейді. Баламен отырып сөйлесуді де біле бермейді. Көбінесе олар қазіргі жастардың ағынына түсіп, еліктеп кетіп жатады. Мысалы, гаджеттерге «жабысу», сериалдарды мүлт жібермеу, т.б. салдарынан немере тәрбиесіне көп көңіл бөлініп жатқан жоқ.
Барлық ата-әжеге топырақ шашудан аулақпын. Өкініштісі, басым бөлігі осындай кейіпте. Ал, енді осы мәселені ескере отырып әке-шешелер ретінде біз, осы ұлттық құндылықтар арқылы баланы тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Яғни, ертегі айту мәселесін, дағдыларын өзімізге сіңіруіміз керек.
Сондай-ақ, тәлім-тәрбиелік мәні бар әңгімелеріміз, мақал-мәтелдеріміз, қазақ зиялыларының еңбектері мен ақын-жазушыларымыздың өлеңдерін балалармен бірге отырып оқу, талқылау қажет. Бұларды өзіміз күнделікті өмірімізде қолдану арқылы балаларымызға да ұлттық құндылықтарымызды сіңіре аламыз деген ойдамын.
Күштеп берілген білім – пайдасыз
– «Алла Тағала ешбір баланы жаман болсын деп жаратпайды. Оны жаман қылатын – баланың жанын түсінбейтін ата-ана, күштеп берілген пайдасыз білім және жаман орта», – делінген. Баланың ортасы қандай болуы қажет?
– Әрине, күштеп, қинап берілген білім – пайдасыз. Біздің білім жүйеміз осыған кішкене жақындау секілді. Қазіргі таңда ата-аналардың білімге деген көзқарасы осы күштеп берілген пайдасыз білім категориясына кіріп кетіп жатыр.
Сондай-ақ, бала үшін – жаман ортаның кесірі мол. Ата-ана ретінде көбінесе балаға пайдалы ортаны таңдай алмауымыз немесе соған дайындай алмауымыз кері әсерін беріп отыр.
Ал, баланың ортасы қандай болу керек дегенге келсек, ең бастысы оның бойына сіңіргіміз келген құндылықтарға сәйкес болу керек. Баланы қандай қылып тәрбиелегіміз келеді, біз оған сондай ортаны дайындай алуымыз қажет.
Ұлы Абай атамыз айтқандай, «адамға мінез үш кісіден жұғады». Олар: әке-шешесі, ұстазы және құрбылары. Құрбылары дегені – сол ортасы.
Сондықтан баланың араласатын достары, ойнайтын ортасы мен ауласы бәрі дұрыс таңдалып, алдын ала дайындалған болуы өте маңызды. Осыған байланысты «Үй алма – көрші ал» деген нақыл бар. Көршінің, жалпы айналаңдағы адамдардың маңызды екенін осы сөзден түсінсек де болады.
Айтарым, тек қана өз балаларымызды тәрбиелеу жеткіліксіз. Балаларымызға жақсы орта дайындай алу үшін жалпы қоғам болып бала тәрбиесіне атсалысуымыз керек. Өзіміз бала тәрбиесіне байланысты қандай да бір құндылыққа қол жеткізген кезде оны міндетті түрде ең жақын адамдарымызбен бөлісу керекпіз. Оларға да бұл ақпараттар мен құндылықтарды жеткізуіміз керек.
Өйткені, балаларымыз олардың балаларымен қарым-қатынаста болғаннан кейін, ол балалар да міндетті түрде әсерленеді, ойланады. Сондықтан олар да осы біздің құндылықтарға сәйкес бала тәрбиесін қолға алуы үшін тәрбие ісінің насихатшысы, жанашыры болуымыз өте маңызды.
Айтқаннан үлгі болған жақсы
– Баланы дінімізге бағыттап өсіру үшін неден бастаған жөн?
– Діни білімді де күштеп емес, оны жақсы көргізе отырып берудің жолдарын қарастыруымыз керек. Жалпы айналамыздағы намазхан ата-аналардың баламен қарым-қатынастарынан байқағаным, халқымызда кішкене жақсы көргізу арқылы емес, күштеп көрсету, үйрету басым екенін байқаймын.
Діни құндылықтарды, қағидаларды, құлшылықтарды түсіндіріп, жақсы көргізіп, сүйсіндіріп, махаббатпен берудің орнына, көбінесе әкесінен қорыққаны үшін орамал тағу немесе намаз оқу деген жағдайлар – қоғамымызда жиі кездесететін мәселелер. Бұларды жаттанды түрде айтып отырғаным жоқ. Бұлар орталығымызға келіп түскен сұрақтар мен ата-аналардың маған қойған сауалдарынан шығып отырған тұжырым.
Сондықтан да ең бірінші жақсы көргізе отырып тәрбие беру мәселесін айтар едім. Екіншісі – үлгі болу. Біз баламызды қандай болуын қаласақ, әуелі өзіміз сондай болуымыз қажет.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізге бірінші кезекте барлық жағынан үлгі болған болса, біз де соның жолын ұстана отырып, балаға сөзбен айтқаннан гөрі іспен көрсетуге көбірек мән беруіміз керек. Намаздың маңыздылығын түсіндіргіңіз келсе, намаз бірінші кезекте біз үшін маңызды болуы керек. Мәселен, намазды уақыт кіре сала оқу, беріліп оқу, оқыған кезде өзіміздің Алла алдында тұрғанымызды ұмытпау деген секілді. Яғни, хушумен оқу. Осының бәрін шынайы түрде өзіміздің бойымызға сіңіретін болсақ, бұл баламызға әсер етпей қоймасы анық.
Сондықтан жалпы бұл діни тәрбиеге байланысты ата-ана ретінде айтарым, балаға айта беріп, мезі қылғанша әрбір қағидасын толығымен бойымызға сіңіру арқылы үлгі болсақ, әлдеқайда әсерлі болады деп ойлаймын.
Өз «портретіңізге» салып, шектемеңіз!
– «Сегіз қырлы, бір сырлы баланы» қалай тәрбиелеуге болады?
– Ең алдымен баланы тануымыз керек. Баламыздың қырлары мен сырларын анықтап алсақ, сол құндылықтарын дамыту мүмкіндігіне ие боламыз.
Ал, егер де балалардың жан-дүниесін танымай жатып өзіміздің жасап алған «портретімізге» шектеп, соған кіргізуге тырысатын болсақ, онда керісінше баланың бойындағы қырлары мен сырларын өшіріп, сезімдерін өлтіріп алуымыз әбден мүмкін.
Сондықтан ең алдымен ата-аналарға ұсынарым, балаларыңызды таныңыздар. Олардың қызығушылықтарын, қабілеттерін, ерекшеліктерін, потенциалдарын, күшті жақтары мен бейімділіктерін анықтап және соларды дамытуға тырыссақ – баланы сегіз қырлы, бір сырлы етіп шығара аласыз.
– Әңгiмеңiзге рaхмет. Бала тәрбиесі жoлындaғы игiлiктi icтерiңiзге тaбыcтaр тiлеймiн!
Сұхбаттасқан Руслан БЕГЕН