Бұл туралы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Орталық Азия волонтерлері форумының пленарлық сессиясында айтты, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
Қазір Парламент Сенаты айналысып жатқан тағы бір мәселе – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу. Ол елордамызда 14-15 қыркүйек аралығында өтеді. Оған 51 елден 100 делегат қатысады деп күтіліп отыр. Іс-шараға Рим папасы Франциск, Ислам университетінің бас иамамы, Израильдің раввинаты және өзге діни өкілдер қатысады, – деді Әшімбаев.
Ол атағандай, бірқатар халықаралық ұйымның жетекшілері қатысады.
Бұл съезд тарихи сәт болатыны анық. Оның басты мақсаты – бейбітшілік пен келісімді ілгерілендіру, ұлтаралық және конфессияаралық тұтастықты сақтау, қазіргі заманғы тәуекелдерге жауап беру. Жетінші съездің тақырыбы пандемиядан кейінгі діни лидерлердің адамзат өміріндегі әлеуметтік және рухани құндылықтарын дамытудағы рөліне арналады, – деді ол.
Әшімбаев осындай ауқымды шараны өткізуге волонтерлар тартылатынын айтты.
500-ден астам волонтер халықаралық шараны өткізуге көмектеседі. Ол құрамда осы жерде отырғандар да бар шығар. Осы сәтті пайдаланып волонтерлер тобына қосылып, тарихи шараға қатысуға шақырамын, – деді Мәулен Әшімбаев.