Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында ұйымдастырылған «Жастар – руханият шамшырағы» ІІ республикалық Жастар форумында баяндама жасады.
Алдымен форум Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Бұдан кейін ҚМДБ Құран секторының меңгерушісі Серік қари Ахмет құран аяттарын оқып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады. Сонымен бірге ҚМДБ Төрағасы алғысөз сөйлеп:
«Жастық шақ – қайтып келмейтін көктем. Ендеше, осы бір өмірлік кезеңді қоғамға пайдалы істермен өткізуге тырысу қажет. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасында да жас сахабалар өте көп болды. «Жастардың ең абзалы үлкендерге ұқсағандары, сондай-ақ үлкендердің ең жаманы (ғапылдыққа салынып) жастарға ұқсағандары», – деген хадис баршамыға ғибрат болуы керек.Діни басқармаға қарасты Жастар ісі секторы жыл басынан бері жастарды қазіргі қоғамның дерті болған зиянды әрекеттерден, атап айтқанда құмар ойындар, лудомания, нашақорлық, алаяқтық сынды жат әдеттерден сақтандыру бойынша 100 шара өткізді. Оған 8450 жас буын өкілдері қатысты. DinTellect интеллектуалды білім сайыстарын өткізді. Баршаңызды игі істерге үлес қосуға шақырамын» деді.
Сондай-ақ форумда Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төраға орынбасары Біржан Әлімжанов сөз сөйлеп, қазіргі қазақ қоғамындағы жастардың рөліне тоқталды.
Жастар форумында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы су тасқыны кезінде ел тұрғындарына көмек беріп, белсенді жұмыс атқарған азаматтарға алғыс хат табыстады.
«Сізге Діни басқарманың игі бастамаларына қолдау білдіріп, ел басына күн туған қиын сәтте көмекке мұқтаж жандарға демеу болғаныңыз үшін алғысымды білдіремін. 2024 жылдың көктемі еліміздің Қостанай, Ақтөбе, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары, өзге өңірлер үшін де оңай болмады. Су тасқыны қоңыр тіршілік кешіп отырған қарапайым тұрғындарды әбігерге салып, қиындық келтірді. Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен еріктілердің қатарында сіз де болдыңыз. Өскен жерін, өмір сүріп отырған баспанасын су басқан талай отбасыға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жастары, еріктілері қатарында болып, жанашырлықпен жәрдем жасадыңыз. Алла Тағала жұдырықтай жүрегіңіздегі таудай ниетіңізге разы болсын! Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, жұмысыңызға береке тілеймін» делінген алғыс хатта.