Елордадағы Ұлттық музейде Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толуына орай «Батырдың биік тұлғасы: тарихы, зерттелуі, ақиқаты» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚпазАқпарат тілшісі.
Конференция аясында алдымен Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан «Халық батыры» атты көрменің салтанатты ашылуы болды.
«Өздеріңіз жаңа ашылуына куә болған көрме мен осы конференция – Амангелді Имановтың 150 жылдық мерейтойының бастауы болып отыр. Қазіргі уақытта облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тікелей тапсырмасымен мерейтойға байланысты арнайы жоспар бекітілген. Оның аясында облыс аумағында бірқатар ауқымды жобаларды іске асыру көзделген. Мәселен, Амангелді Имановтың мемориалдық музейін жөндеуге, аудан орталығында орналасқан батыр ескерткішінің аумағын абаттандыруға облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Оған қоса, Амангелді аудандық мәдениет үйін, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жөндеуге, керекті жабдықтарын алуға арнайы қаражат қарастырылды», – деді конференцияда сөз сөйлеген Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер өткізілуде. Барлық жұмыстарды қыркүйек айында өтетін негізгі мерейтойлық іс-шараларға дейін аяқтау жоспарланған.
«Жалпы, Қостанай облысында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің тарихын зерделеуге, оған қатысқан тұлғалардың есімдерін дәріптеуге байланысты бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Өздеріңізге белгілі, мерген Кейкі батыр Көкембайұлының сүйегі елге қайтарылып, 2017 жылы кесенесі салынып, ұлықтап, жерлеу рәсімі өткізілді. Қазіргі уақытта аталған кесене жалпыұлттық маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енгізілген. Сонымен қатар облыстық ономастикалық комиссия отырысында Арқалық қаласына қарасты Жаңақала ауылына ұлт-азаттық көтерілістің әмірі болған – Әбдіғаппар Жанбосынұлының атын беру ұсынылды. Бұл мәселе алдағы облыстық мәслихат сессиясында қаралып, қолдау табады деп күтіп отырмыз», – деді ол.
Айта кетейік, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушыларды еске алу – елдің тарихи дамуының кез келген кезеңіндегі маңызды үрдіс.