Иә, қазақтың тарихы осы жарты мыңжылдықтан аз ғана асатын кезеңмен өлшенбейді. 550жыл – тамырын тереңнен тартқан мемлекеттілігіміздің этникалық атаумен даралана отырып, жаңа сапаға, елдік белеске көтерілген кезеңін танытатын шартты мерзім. Шын мәнінде біздің мемлекеттілігіміз бен елдігіміз өз бастауын тарих тереңінен алады. Біздің мемлекеттілігіміздің тарихында сонау сақтар мен ғұндар дәуірінен басталып, Көк Түріктер қағанатында жалғасын тапқан, кешегі Қазақ хандығы тұсында кемеліне келген егемен ел, азат мемлекет жолындағы күрестердің ізі сайрап жатыр.
Әлем тарихында үш мыңжылдық бойына мемлекеттілігін сақтап келген екі ел бар. Ол – ирандықтар мен қытайлықтар. Ал осы екі көне мемлекет аралығында орналасып, олардың тарихында терең із қалдырған, өркениеттік дамуына елеулі әсер еткен ежелгі Тұран жұрты жасаған өркениеттің әлі күнге лайықты бағасы берілген жоқ. Егемен елдің бүгінгі тарихшылары осы мәселеге баса назар аударуы керек. Біздің қазақ елі басқа да түркі халықтарымен бірге даңқты Тұран өркениетінің заңды мұрагерлері болып табылады. Сондықтан біз Тұран өркениетінің тарихын жаңа көзқараспен қайта сараптауымыз қажет. Бұл отандық тарих ғылымының сапасын жаңа деңгейге көтерудегі нақты қадам болмақ.
Ғалымдардың пайымдауынша, ең даңқты өркениеттер көшпенділер өлкесімен шектесіп жатқан аймақтарда ғана пайда болған екен. Мұның бір себебі көшпенділер өлкесінің мәдениеттер мен өркениеттерді сұхбаттастырушы, сол арқылы біріктіріп, кіріктіруші, дамуына ықпал етуші өлке болғандығында жатыр. Және көшпенділер өркениетінің материалдық мәдениеті басым дамыған елдердің дүнияуи тұрғыдан тұтынушысы, рухани тұрғыдан серпін берушісі ретінде де елеулі ролі болғанын ұмытпауымыз керек. Басқаша айтқанда, көшпенділер жасаған өркениет әлемдік өркениетке тепе-теңдік дарытып, таразы басын теңгеріп тұрған өз ерекшелігі бар өркениет болған. Көшпелілерді «от қару пайда болғанға дейін тарихтың дырау қамшысы болған» деп бағалаған европа ғалымдары да осындай негіздерге сүйенсе керек. Ал руханият мәселесіне келсек, түркішілдік теоретигі Зия Гөкалптың: «Әрбір халық әлемдік өркениетте белгілі бір жетістіктерімен орын алады. Түркілер мораль мәселесінде ерекше жетістікке жеткен» деген пікірі де үлкен зерттеулердің нәтижесінде түйінделген тұжырым.
Екінші жағынан біздің қазақ жерінде дамыған өркениет бірыңғай көшпелі болып қалмағаны бәрімізге белгілі. Көпшілігі монғол шапқыншылығынан кейін тіршілігін жойған, бірқатары ХVІІ ғасырға дейін тіршілігін жалғап келген, кейбірі күні бүгінге дейін өмір сүріп, тарихымыздың тірі куәсі болып отырған шежіре-шаһарларымыз қаншама. Оларда өз кезеңіндегі өркениеттің ең үздік жетістіктері шоғырланды. Тарихымыз жайлы сөз болғанда атын атамай өте алмайтын Отырар, Баласағұн, Түркістан, Сарайшық секілді төрт қаланың өзі қаншама өркениеттік жетістіктерімізді еске түсіреді. Осы даңқты шаһарлардың көбі қазір құм басқан қалпында жатыр. Олардың өркениеттер тарихындағы мән-маңызын біз әлі танытып болған жоқпыз.
Біздің тарих әлемдік өркениетте өз болмысына адалдығымен ерекшеленеді. Жаңа тарих кезеңіне дейін көшпелі өмір салтын қоса алып жүрген ата-бабамыз кейбіреулер қате пайымдап келгендей кертартпалықтан, жалқаулықтан немесе қырсыздықтан емес, шексіз кең дүниетаным мен шексіз сұлу қолданбалы мәдениетті қалыптастырған, ерекше руханилығымен өзге өркениеттерден оқ бойы озық тұратын төлтума болмысын сақтауға тырысқандықтан осы әрекетке барды. Отырықшы қоғамның құнсыз құндылықтарына таңылғысы келмей, текті тазалыққа тән тарпаң мінез танытты. Өмір салтымыз өзгеріп біткен бүгінгі таңда далада туған дәстүрді санада сақтап қала білсек те мол олжа болмақ.