Сұрақ: Биыл еліміздегі жағдайларға (қуаңшылық, малдың қырылуы, пандемия және т.б.) байланысты құрбан шалмау керек деген мәселе көтеріліп жатыр. Осыған шариғат қалай қарайды?
Жауап: Соңғы уақытта бұл сұрақ желі пайдаланушылары арасында қызу талқыға түсіп жатқаны рас. Бұл телебағдарлама барысында айтылған ел азаматының жай ұсынысы, жеке ойы болатын.
Естеріңізде болса, бұдан бір-екі жыл бұрын да «Құрбандық шалудың орнына ағаш отырғызайық» деген ұсыныс айтылып, желі пайдаланушылары тағы бір шулаған еді. Енді биыл «малды соймай, садақа етіп, батыс өңіріне атайық» деген ой айтылды.
Дәл сол сияқты бір жылдары «Қазақстан экономикалық дағдарысқа ұшырауда, қажылар барлық қаржыны шетелге (Мекке мен Мәдинаға) тасып жатыр. Қажылыққа тыйым салу қажет. Сонда ел экономикасына көмек болады» деген де пікір айтылды. Желіде бұл мәселе төңірегінде де «жақтаушылар» мен «жоққа шығарушылар» болып екіге бөлінді.
Неге екені белгісіз, кейбір азаматтар қоғамда қиындық тудырып жатқан нәрседе дереу дінді алға тартып, мәселені дін арқылы шешуді қалайтын сияқты. Бұлай жасау дұрыс емес. Себебі, дінді дұрыс түсінбеген немесе діни сауаты төмен азаматтар арасында «осы мәселеге дін кінәлі екен» деп исламофобия туындауы мүмкін.
Әрине, жеке пікірін айту, ойын білдіру – азаматтың жеке құқығы. Бірақ, дін мәселесінде мұқият болған жөн. Ол үшін әуелі дін қызметкерімен немесе дін маманымен кеңескен дұрыс.
Исламда құрбандық шалу – орындалуы тиіс діни құлшылықтардың қатарына жатады. Құрбандық шарттарының бірі – қан ағызу. Құрбандық орнына жасалған қандай да басқа амал құрбандықтың орнын баспайды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ