Сұрақ: Шығыс Қазақстан облысындағы «Әл-Құддыс» мешіті еліміздегі ең бірінші азан шақыратын мешіт дейді. Сол рас па?
Жауап: Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы еліміздегі табиғаты ең көркем аймақтардың бірі.
Жыл он екі ай аппақ қардан киген қалпағын бір тастамайтын Өр Алтайдың тік жоталары, көкке найза болып қадалған Мұзтаудың үшкір шыңдары, қысы-жазы түсін бір өзгертпейтін бөктеріндегі балқарағай мен самырсыны, саратанның сартап ыстығында жап-жасыл кілем болып жататын көк майса көгалдары, түгін тартсаң май шығатын құйқасы бөлек шүйгінді шөбі, таудан құлап, сарқырап ағатын өзендері*, қалың ну орманның бұтақтарына мүйізі бір ілікпейтін кербұғысы мен кермаралдары, төбеде аңда-саңда топшысын бір қағып қойып, қалықтаған қыран құстары, құйрығын тік көтеріп бұтақтан-бұтаққа секірген тиындары, жайылымда жүрген үйір-үйір тоқпақ жалды жылқылары, бәрі-бәрі көздің жауын алады.
Сұлудың да қас сұлуы болады демекші Катонның кермиық сұлутөрі – Рахман қайнары десек сірә қателеспейміз. Төрт мемлекет – Ресей, Қытай, Моңғолия және Қазақстанның түйіскен тұсында орын тепкен Мұзтаудың етегіндегі Рахман көлі табиғи минералды суға бай.
Жан-жағын Өр-Алтайдың самырсынға толы сілемдері қоршаған. Рахман сарқырамасынан бөлек Тәңірсу** тостақанына тұс-тұстан бұлақ сулары сылдырап келіп құйылып жатады. Кәусар суын қанша сімірсең де бір қанбайсың. Саф ауасы аңқаңа енгенде, құлағыңды тарс бітеп, естен тандыра жаздайды. Төменгі еңісі Сақ дәуіріне тиесілі «Патшалар жазығымен» жалғасады. Атақты «Берел» тарихи-кешені осында орналасқан.
Кереметтің де кереметі болады демекші Рахман қайнары демалыс кешенінің кіре берісінде «Әл-Құддыс» атты қос мұнаралы шағын ғана мешіт орын тепкен. Күмбезі – қас батырдың дуылғасы іспетті, қос мұнарасы хан сарайының кіре берісіндегі күзетшілердің үкілі найзасындай, қызыл кірпіштен өрілген қабырғасы алты қанатты киіз үйдің кергесіндей сәулетті. Сән-салтанаты келіскен мешіт еліміздің қиыр шығысында орналасқандықтан, бұл құтханада намаз уақыттары ерте кіреді. Сол себепті де Әл-Құддыс мешітінде әрбір күні Қазақстанда алғаш болып Алланың аты айтылып, азан шақырылады. Әрі теңіз деңгейінен 1780 метр жоғарыда орналасқандықтан, еліміз бойынша ең биікте орын тепкен мешіт саналады.
Қызықтың да қызығы болады демекші мешіттің салыну тарихы да тым қызық. Осыдан он бір жыл бұрын Берел жақтан кенеттен тілсіз жау – өрт шығады. Лаулаған өрт лезде Өр Алтайды қып-қызыл отқа орайды. Орманшылары бар, өрт сөндірушілері бар төменнен де, төбеден де су бүркігенімен, одан еш қайран болмайды. Тілсіз жау ауыздықталмай, неше жүз жылғы балқарағай мен самырсындардың жапырағын өрт шалып, қарияның сүйенетін қу таяғындай жалаң ағашқа айналып шыға келеді. Өрт толастамай қалың елді қатты әбігерге салады. Жан-жақты жалмап бара жатқан қызыл от енді Тәңірдің тартуы – Рахман қайнарына қарай бет алады. Осы кезде орманшы болып жұмыс істейтін мұсылман бір жігіт дереу үйіне барып, Жаббар Хаққа жалбарынып, бір өгізді құрбандыққа шалып, тасаттық жасайды. Іле-шала Тәңір-Тағаланың таңғажайыбы орын алады. Қас-қағым сәтте көкті қазбауыр бұлттар торлап, жауын сіркірей бастайды. Бірте-бірте қою қара бұлтқа айналып, жаңбыр төпелеп нөсерлейді. Жауын ара-сыра демін алып, екі күн нөсерлеп, қызыл өртті ада-күде өшіреді.
Өрт орын алған шақта жанын қоярда жер таппаған Рахман қайнары демалыс орнының иесі А.М.Балушкин орманшы жігіт тасаттық жасағаннан кейін барып тілсіз жаудың тыңшығанын жұрттан естіп біледі. Бұл оқиға қатты әсер етіп, ол Алла-Тағалаға шүкіршілік ретінде «Әл-Құддыс» мешітін тұрғызуға шешім қабылдайды. Оның бұл ізгі бастамасына Катонның ығай-сығайлары қолдау көрсетеді. Осылайша Қазақстанда ең биікте орналасқан және әрбір күні ең алғаш азан шақырылатын Әл-Құддыс мешіті бой көтереді. Мешіт ресми түрде 2013 жылы пайдалануға берілген.
Мұхан Исахан
* Бұқтырма.
** Рахман көлінің ескі атауы.
Осының өзін жақсылап насихаттап, туристердің келуіне жағдай жасар ма еді?..
Қызықты әрі танымды ақпарат екен. Шығысқа барып жатсақ, осы мешітті көріп қайту керек екен.