Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елімізде Құран жаттап, қари атанып, ижаза алғысы келетіндер үшін ижаза беру орталығын ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы “Иман” журналына берген сұхбатында ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейітбеков айтты.
– Жыл өткен сайын Құран жаттаған қариларымыздың саны артып келеді. Қала берді, ижазасы бар қариларымыз да көбейді. Ижаза демекші, бірқатар қариларымыз ижаза алу үшін Түркия мен Мысырға барып, атақты қарилардан тәлім алып жатыр.
Ижаза дегеніміз – ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күні бүгінге дейін тіні үзілмей келе жатқан ұстаздар тізбегімен берілетін рұқсатнама. Сол ижазаны алу оңай емес.
Бас мүфтидің шешіміне сәйкес ижаза алғысы келетін қариларға арнап, ижаза беру орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Орталыққа танымал шетелдік қариларды шақырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Себебі олардың бұл саладағы тәжірбиесі мол. Мақсатымыз – солардың тәжірибесін меңгеріп, отандық қарилардың деңгейін көтеру. Нәтижеде алдағы уақытта біздің де қариларымыз бірнеше қырағат иесі болып, ижаза беретін қариларымыздың санын артатын болады. Алла сол күндерге жеткізсін деп тілеймін, – деді Смайыл Сүйерқұлұлы.
Оның айтуынша, қазіргі күні елімізде 7 қарилар орталығы жұмыс істеуде. Бұдан бөлек орталық мешіттер жанындағы курстарда мыңдаған бала Құран жаттап, қари болуға талпынып жүр.