1988 жылдан бері 31 мамырда жыл сайын Дүниежүзілік темекіден бас тарту күні аталып өтеді.
Темекінің зияны туралы профилактикалық жұмыстардың жүргізілуіне қарамастан, бұл проблема әлі де өзектілігін жойған жоқ. Темекі жыл сайын 8 млн-нан астам адамның өліміне себеп болуда, оның зиянды әсері ғылыми дәлелденіп отыр. Бұл қандай әсерлер?
Темекі өкпенің қатерлі ісігі, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, демікпе, қанайналым жүйесі ауруларын: жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертония, қан тамыры ауруларын тудырады, сондай-ақ ағзаның инфекциямен күресу қабілетін төмендетіп, иммундық жүйеге кері әсер етеді. Пассивті темекі шегу де осындай әсер етеді.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ күндізгі стационарының терапевт дәрігері Гаухар Кожакееваның айтуынша, қазіргі уақытта темекі шегудің бір түрі – вейпинг кең таралып отыр. Көптеген адамдар ағзаларына зиянды әсердің қаупін азайтамын деп электронды сигаретке көшті. Бұл қателік. Электронды сигареттердің аэрозолінің құрамында никотин бар және ағзаның жасушаларына оның әсері жоғарыда көрсетілген ауруларды тудырады.
Қазақстанда Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, 2020 жылы елімізде 15 және одан жоғары жастағы тұрғындар арасында темекі шегудің таралу көрсеткіші – 18,3%: ер адамдар арасында – 28,5%, әйелдер арасында – 8,5%, ауыл тұрғындарында – 19,1%, қалалықтарда – 17,6%-ды құрайды.
Жоғарыда айтылып өткендей, денсаулыққа зиян тигізетін негізгі кері әсері және оның салдары еліміздің экономикалық дамуына теріс ықпал етеді.
Әлемде пандемия басталғанда халық арасында темекі шегушілерде коронавирусты жұқтыру қаупінің аз болатындығы және жұқтырған жағдайда оның жеңіл өтетіндігі туралы жалған ақпарат тарап кетті. Бұл шындыққа жанаспайды. Темекі түтінінің әсерінен темекі шегушілерде өкпе тіні зақымданып, иммунитеті төмендейді, сол себептен жіті респираторлық синдромның дамуы (SARS-CoV-2) керісінше жоғарылайды және сырқаттанғандарда аурудың өршуінің салдары ауыр тиеді.
Мұны темекі шегу және COVID-19 арасындағы байланыс туралы зерттеу жұмыстары растап отыр. Қытайдың 552 ауруханасынан COVID-19 инфекцияларының зертханалық талдауларының нәтижелері бойынша дәлелденген 1099 пациентте аурудың салдары зерттелді. Оның нәтижелері бойынша сол кезде темекі шегетін пациенттердің 12,4%-ы қайтыс болған және қарқынды терапия бөлімшесіне емделуге жатқызылған және бұл темекі шекпейтін пациенттерге қарағанда жоағыр көрсеткіш.
Темекі шегу:
– аурудың даму қаупін арттырады;
– иммунитеттің төмендеуі салдарынан ағзаның инфекцияға қарсы тұру қабілеті төмендейді;
– жүрек-тамыр ауруларын асқындырады және тромбоздар қаупін арттырады, мұның коронавирустық инфекция кезінде аса қауіпті болатындығы туралы қорытынды жасалды.
Жоғарыда айтылғандардың барлығын қорытындылай келе, темекі шегушілер өзінің болашағы туралы ойлануы және денсаулығын сақтау үшін темекі шегуден бас тартуы қажет.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Баспасөз қызметі