Балаларға арналған жаздық демалыс лагерін Алла қаласа ашамыз деп хабарландыру жаздық. Сол туралы хабарласқан бір бауырымызбен сөйлесіп отырып, былтырғы лагер кезеңдері есіме түсіп, тамағыма бір түйін тіреліп, көзіме тұз дәмі бар көз жас үйіріле бастады. Бір жыл өте шығыпты… Ол уақыт та өтіп, «өмір деген – өткенді еске алатын тізбек», – деген өлшемге кетіпті.
Базбіреулер балаларымен Түркияға, Ыстық көл мен Алакөлге барып дем алуды ойластыратын кез ғой. Енді бір дүние қызық тартып кетпес үшін, балаларымызды алғашында иман құндылықтарымен рухани тәрбиелеп алайық деген абыр-сабыр уақыт. Әркім шама-шарқына қарап жоспарлап жатқан кез.
Былтыр да каникул кезіндерінде он баланы жиып имандылықтан дәріс, әліп биді үйретуден басталып еді бұл тірлік. Разы болған бір апаның; «Алла разылығы деп бастаған істеріңе береке берсін. Көбейіңдер. Кеңіңдер»,- деген бата-дұғасы қабыл болды ма, әйтеуір жазда арендасы бар, тегіні бар үйлер табылып, балапандарды маусыммен (сезон) қабылдап, амал жасадық.
Мектеп табалдырығын аттай қоймаған бүлдіршіннен бастап, «он үште отау иесі» дәрежесіне бір адым қалған балалар. Әрқайсысы өз үйінің еркесі мен серкесі. Айтқандары орындалмаса: «Африкаға кетіп қаламын, онда мені крокодилдер жеп қояды!», – деп қоқан -лоқы жасайтындары бар араларында. Емшектегі кезінен қолына телефон бере қоймасаң, екі аяғын аспанға көтеріп, арыстандай ақырып, қобыландай бақырып қоя беретіндер де келген. Енді, ата-анасы осы балам ары қарай кете берсе не болар екен деген уайыммен әкеліп жатыр.
Екі дүниенің сардары, ардақты Пайғамбарымыз с.а.с.: «қыз баланы 9-дан, ер баланы 12 жастан имандылыққа үйрет, намаз оқыт»,- дегенін де естіп, амал жасағандар.
Неліктен осылай екендігіне жиналған балаларға қарап отырып, тура айтылғандығына көзіміз жеткендей болды. Бастауыштағы балалар сабақта, тәрбие сағаттарында еден жуып еңбекке баулуда сондай ынталы болады екен. Ал 12-13-тен аса «мен» деген есім жүректен орын алып, нәпсі жеңе бастайды. Мұндайда алдын алып, фундаментін түзеп қоймаса, ер жеткеннің белгісі деп ұғына ма, ата-анаға бір ауыз болса да сөйлеп қалу, наразылығын білдіру басталып, үдей түседі де кейіннен «мынау менің балама аты ғана келеді, ал өзі бөтен біреу!»,- болып көрініп, осыған арнаған қайран ғұмырым – ай, деп өксік кернеп, сол «іштен шыққан жыланның» артынан томпаңдап қарттар үйіне бара жатады. Ал бұрында қандай еді… Ондайды естігенде, Алла сақтасын, бәлембайдың баласы сөйтіпті деп, өз басына келерін біліп пе еді?!
Сонымен, балалар бөлек, қыз балалар бөлек жинала бастады. Қыз балалар лагері ашылуына бардық. Дастарханда тілектер айтылып жатыр. Бір қарасам, сол үйдегі бауырымыз бір шелек алып алған, қақпа жақтағы будка сияқтыға апарып қойды. Сөйтсем, лагер уақытында сол күркеде тұрып шықты. Төбесі шұрқ тесік болғандықтан, жаңбыр болғанда шелектерді соған тосып амал жасайды екен.
Лагер ашылады дегенді естіп, бір бауырымыз автокөлігімен Қарағандыдан үш қызын әкеліп, көз алдымызда қолдан-қолға өткізіп жатыр. Оралдық бір отбасы Алматыға түгел келіп алыпты. Ұлдарын ер балаларға, қыздарын патшайым тобына қосып, отағасы бір мешітке жатып дәріс алуға, ал жұбайы әйелдер медресесіне орналасыпты. Міне, көпшілік жаздық демалысты демалумен өткіземіз десе, бұл отбасы баршамыз баратын Жаратушының алдына қалай қайтамыз, «Ардақты Пайғамбарымыз Мухаммед с.а.с. жүзіне қалай қараймыз?!»,- деп келген екен.
Бұдан басқа, Қоянқұста, Байсеркеде және Қаскелеңде жаздық лагерлер ашылып жұмыс жасады. Қызық сәттерін айта берсек ұзақ болып кетер. «Бала тілі бал» дегендей, үйдегі көз қуаныштарымыз сол балалардың балдырған кездері ғой. Қылықтары, сөздері… Әйтеуір сағынады екенсің…
Осы жаздық лагерлер, рухани тәрбие не үшін керек?
Қазірде коммунистік тәрбиеден ажырап, ұлттық санамыз қалыптаспай, өз идеологиямыз жоқ заманда, түрлі «жанашырлар» атадан балаға мұра болған ұлттық салт-дәстүрімізден, мәдениетімізден, ислам құндылықтарынан ажыратып, мәңгүрт қалыпқа келтіруге бар күштерін салуда.
Еліміздің іргесін қалап кеткен «Алашорда» асылдары ертеңгі күні қыршын кететіндерін білмеді ме? Көздері ашық, түсінетін, сезетін. Қасық қандарын ел болашағы үшін қиған асылдарымызды алдыға жетелеген ұлттық мүдде, имандылық негізінде қалыптасқан сана. Олар дүние қумады, атақ-абыройға ұмтылмады. Олардың темірдей берік қалыптарының негізі, осы біз бастағандай медресе тәлімдері болды. Онан ары ғалым, теміржолшы, медицина саласы, билік, саяси қайраткер болып Еліне қызмет жасап кетті емес пе!..
Пайғамбарымыз с.а.с-ға аңсарлық әйел бір жасар баласын тәрбиелеймін деп әкліп, «мен кеш әкелмеген болармын?»,- дегенде, «сен 2 жылға кешіктің!»,- депті. Яғни бала тәрбиесі, дүние есігін ашпай тұрып басталатын болғаны.
Абақтысы болмаған, жесірі мен жетімін жылатпаған Ұлы Даламыз бүгінде қандай халде? Қарттар үйі мен жетімдер үйлерінде орын жоқ. Отау құрған жастардың тең жартысы ажырасып жатса, еліміз шарап ішу мен суицидтен алдыңғы орындамыз.
Жәрдем сұраған мұқтаждарға, алты баласымен тасбауыр бауырымыз тастап кеткен жалғыз басты шырылдаған қарындастарымызға қол ұшын берейік деп жүгіреміз.
Баурларым, бұның барлығын салдар деп атайды. Себебін алдыдан іздеңіздер. Ол – бала кезден рухани тәрбиенің болмауынан болып отыр. Аузынан бал кетірмей, ішкені артында, жемегені алдында, үлде мен бүлдеге орап қойып, Гарвард пен Оксфордта оқытсаңыз да, иманы жоқ, тасбауыр ұрпақтан сізге де, Елге де хайыр болмайды.
Сонымен, соңғы 3-ші сезонды өткізіп, балаларды аман-есен табыстап болған едік. Топта ағайынды екі ұл болды, кішісі 7 жасар, үлкені 1,5 жас ересек тете балалар. Көп уақыт өтпей, әлгі ұлдардың әкесі телефон шалып: «Аға, мына балаларымды не істеп қойғансыздар?!»,- деді.
Жүрегім су ете түсті. «Не болып қалды екен?»,- деп жатырмын жаным қалмай.
Бауырым дауысы дірілдеп кеткен, жоқ, бәрі жақсы. Лагерден соң ұлдарым аналарына барып; «Анашым, біздің осы ғұмырымызда Сізді ренжітіп қойып, хақыңызға тиген болсақ, бізді кешіріп қойсаңыз. Ахиретте азабы қатты болар»,- дейді. Аналары жұмыстан келсе, шылапшынға жылы су құйып, аяғыңды жуып берейік,- деп жамырап жүгіреді. Үйдің барын тазалап, біздің қас-қабағымызды аңдуда. Әйелімнің көңілі босап жыласа, мен ұлдарымның артына тұрып намаз оқып жылауық болып кеттім, – дегені бар.
Автокөлік жүргізіп келе жатқанмын, тоқтадым. Ей, бауырларым -ай, ағаларыңды да бір жылаттыңдар ғой деп, мен де көз жасқа ерік бердім…
Алла қаласа, биыл да сол бір сезіммен жазғы демалысты қызметпен өткерсек деп ниеттенудеміз. Тамақ, тәрбиешілер мен қызметшілер айлықтары, балапандардың демалыстары бәрі қаржыға тіреледі. Үйде қамап ұстағанша, тәлім алсын дейтін ата-аналар көп, алайда қысқа жіптері күрмеуге жетпей отырғандар көпшілік. Шамасы жетсе бар балаларын әкеліп бергісі келеді…
«Еліңді түзегің келсе, бесігіңді түзе»,- деп кетіп еді бабаларымыз. Құлақ түре жүріңіз, ағайын.
Мадияров Мирхат, дін және қоғамтану эксперті
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аға оқытушысы