Өзінің туа бітті алғырлығының арқасында сұлтанның көзіне түсіп, біртіндеп әскери лауазымы өсті. Месуд Сұлтан Шамшаддин Елдеғұзды 1136 жылы Арран (Қарабақ) аймағына әмірші етіп тағайындады. Шамшаддин қолбасы Гүржістан мен Арменияға қарсы қасиетті (фатх) соғыстар жүргізіп, аз уақыттың ішінде үлкен жетістіктерге жетті.
Аймақтағы билігін күшейткен Шамшаддин 1146 жылдан бастап Әзірбайжанға жеке-дара билей бастады. Селжұқ-Ирак мемлекетіне Елдеғұз сөз жүзінде ғана бағынышты болды. Іс-жүзінде Шамшаддин Елдеғұз Әзірбайжан аймағына дербес билік жүргізді. Тіпті, ол Месуд Сұлтанның бауыры ІІ Тұғырылдың жесірі Муминеге үйленіп, Селжұқ-Ирак мемлекетіндегі беделін арттыра түсті. Месуд Сұлтан 1161 жылы қайтыс болғанда, Хорезм шах Арслан хан, Рай әміршісі Инанш, Салғұрлардың Фастағы атабегі Зеңгі, Казвин билеушісі Ибн Бездарлар бірауыздан ханзада Махмұтты Селжұқ-Ирак тағына лайықты деп білді. Алайда, Шамшаддин олардың бәрін жеңіп, өзінің өгей баласы (ІІ Тұғырылдың ұлы) Арслан Шахты Селжұқ-Ирак тағына отырғызды.
Месуд Сұлтан қайтыс болған кездегі саяси дағдарысты пайдаланып қалғысы келген Грузия королі ІІІ Георгий 1162 жылы Довин мен Генж аймағын басып алды. Оған қарсы Шамшаддин Елдеғұз әскер шығарып, жаулап алынған жерлерді кері қайтарды. Арслан шах пен Шамшаддиннің саяси одағының күшейгенінен қорыққан Салғұр атабегі Зеңгі өз еркімен келіп бағынатынын білдірді. Ал, Рай әміршісі Инаншқа қарсы Шамшаддин 1169 жылы әскер шығарып, оны тас-талқан етіп жеңді.
Хорезм шах Арслан хан 1172 жылы қайтыс болып, Шамшаддинге қарсы тұратын бәсекелес қалмады. Ол құрған Елдеғұз мемлекеті Оңтүстік Кавказ және Қорасан аймағында қуатты саяси күшке айналды.
Шамшаддин 1175 жылы қайтыс болып, оның үлкен ұлы Нусредддин Жихан Пехливан Елдеғұз мемлекетінің тағына отырды. Бастапқыда Селжұқ-Ирак билеушісі Арслан шах Нусреддинге қарсы болғанымен, кейін оның мұрагерлік билігін мойындады. Нусреддин де әкесі Шамшаддин секілді Селжұқ-Ирак мемлекетінің ішкі істеріне тікелей араласып отырды. Арслан шах қайтыс болғанда, Селжұқ-Ирак мемлекетінің тағына ІІІ Тұғырылды отырғызды. Алайда, Арслан шахтың Хузистандағы бауыры Мұхаммед ІІІ Тұғырылдың билігін мойындамады. Ол Исфахан әміршілерімен ауыз жаласып, Нусреддин Жиханға қарсы шықты.
Елдеғұз мемлекеті аймақтағы саяси беделін сақтап қалу үшін Исфаханға шабуыл жасады. Салғұр атабегі Зеңгі көтерілісшілерді жақтап, оларға пана болғанымен, соңында Нусреддин Жиханның билігін мойындауға мәжбүр болды. Нусреддин Жихан төңіректегі әміршілердің барлығына мешіттерде ІІІ Тұғырылдың атына құтпа оқуды бұйырды.
Фарс, Хузистан, Мосул, Ахлат, Ерзурум билеушілері Елдеғұз билеушісінің бұйырғына мойынсұнды. Бірақ, Әйуби билеушісі Салаххаддин Нусреддин Жиханның пәрменіне бас иген жоқ. Елдеғұз әскері соғыс ашқанымен, Салахаддин Әйуби жеңіске жетті.
Нусреддин Жихан Пехливан 1186 жылы қайтыс болды. Елдеғұз тағына Нусреддиннің бауыры Музаферреддин Қызыр Арслан отырды. Әдепкіде, ІІІ Тұғырыл оның билігін мойындағанымен, кейін екеуінің арасында саяси бақталастық күшейді. Ақыр соңында Селжұқ-Ирак пен Елдеғұз мемлекеттерінің арасында шайқас орын алып, бұл соғыс 1191 жылы Қызыл Арслан ханның өлімімен аяқталды.
Музаферриддин Қызыр Арслан ханнан кейін Елдеғұз мемлекетін Хорезм шах билеушісі Текеш хан жаулап алды. Текеш хан Елдеғұз билеушісі Құтлық Инаншқа Жибал өңірінің билігін ғана берді. Оған қанағаттанбаған Құтлық Инанш Хамаданға шабуыл жасағанымен, Хорезм шах әскерінен оңбай жеңіліп, Аббаси билеушісі Насырға қашуға мәжбүр болды.
Халиф Насыр өзінің уәзірі Ибнул-Кассабқа әскер беріп, Елдеғұз билеушісіне қолдау көрсетті. Құтлық Инанш Хамадан мен Райды алғанымен, соңынан Ибнул Кассабпен келісе алмады. Осы сәтті пайдаланған Хорезм шах қолбасшысы Маяжык Құтлық Инаншты 1196 жылы қастандықпен өлтіріп, Елдеғұз мемлекетін өзіне қаратты.
Келесі атабек Нусреддин Әбу Бәкірдің тұсында да Елдеғұз мемлекетінде тыныштық болмады. Бір жағынан Хорезм шах, келесі бір жағынан Гүржістан және Ирандағы Ахмедилер мен Әрбил билеушілерімен соғысып, Елдеғұз мемлекеті әлсірей түсті. Нусреддин Әбу Бәкір Гүржістан королінің қызына үйленгенімен, христиан дінін ұстанушы грузиндер Елдеғұз мемлекетінің қайта қалпына келуіне қолдау білдірмеді. Ирандағы Ахмедилер күшейіп, Елдеғұз мемлекетіне қарасты жерлерді жаулап алды. Нусреддин Әбу Бәкір Ахмедилерге қарсы тұра алмай 1210 жылы қайтыс болды.
Елдеғұз тағына келесі болып Әбу Бәкірдің бауыры Өзбек отырды. Өзбек атабектің сол кездегі саяси қуаты артқан Хорезм шах билігін мойындамасқа амалы қалмады. Хорезм шах мемлекетімен көмегімен аймақтағы бәсекелесі Салғұр билеушісі Садил және Сайфуддин Оғылмышпен соғысып біршама жетістіктерге жеткенімен, ол 1226 жылы Шыңғысхан әскерінің шапқыншылығына ұшырап, Нахишеванға қашты. Іле-шала Шыңғысханнан жеңілген Желалладдин Хорезм шах Тебризге келіп бекініп, аймақтағы Елдеғұз билігін күйретті. Ал, Өзбектің орнын иеленген Қызыл Арслан 1228 жылы Желалладдин Хорезм шахтың қарамағына берілді. Осымен Елдеғұз мемлекеті біржолата жойылып тынды.
Елдеғұз мемлекеті Оңтүстік Кавказ аймағында ислам дінінің орнығуына саяси тұрғыдан ықпал етті. Гүржістанға ислам дінінің таралуына мұрындық болды. Иранда түрік-ислам мәдениетінің қалыптасуына үлкен рөл атқарды. Алғашқы Елдеғұз атабегі Шамшаддин Хамадан қаласында үлкен медресе тұрғызды. Ол ордаға ақындар мен дін адамдарын шақырып, оларға ілтипат көрсетуші еді. Елдеғұз атабектерінің ішінде Нусреддин Әбу Бәкір көптеген мешіт пен медресе тұрғызумен оның аты даңққа бөленді. Ал, Өзбек атабек Тебризде ерекше көркем сарай салдырды. Нахишевандағы Мумина хатунның басына тұрғызылған кесене Елдеғұз мәдениетінің айшықты ескерткіші саналады.
Мұхан ИСАХАН,
дінтанушы PhD доктор