Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы Хамзат Әділбеков жұмыс сапарымен Уәлиханов ауданына барды.
Сапар барысында алдымен өңірдің бас имамы аталған ауданның әкімі Қайрат Пішенбаевпен кездесіп, діни ахуал талқыланды.
Сондай-ақ «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық жобасы аясында аудан орталығының тұрғынына баспананың кілті табысталды. Салтанатты іс-шараға қатысқан облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы көмекке мұқтаж отбасыға баспана кілтін табыстап, жаңа қонысымен құттықтады. Мұқтаждың мұңын ойлап, мейірімділікке үндейтін берекелі жобаның жүзеге асырылуына жергілікті кәсіпкерлер атсалысты.
Мерейлі іс-шарада үйлі болған игі жобаның басы-қасында жүрген барша азаматтарға және мешіт имамдары мен жамағаттарға шексіз ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік бұл – еліміз бойынша беріліп отырған 522-ші баспана.