Ақтөбе облысының Мәртөк аудандық сотында Қырғыз Республикасының азаматына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды, деп хабарлайды Жоғарғы сот.
Ол шекаралық бақылаудан өткен кезінде сот шешімімен экстремистік деп танылған және Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге тыйым салынған діни кітапты өз көлігінде сақтаған және тасымалдаған. Сөйтіп, ӘҚБтК-нің 453-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасаған.
Құқық бұзушының айтуынша, ол аталған кітапты Бішкек қаласынан сатып алған, оның Қазақстан Республикасында экстремистік деп танылғанын білмеген, кінәсін толық мойындаған.
ӘҚБтК-нің 453-бабының 4-бөлігінің санкциясы баламасыз болып табылады және айыппұл түрінде әкімшілік жазаны көздейді – 100 АЕК, яғни 369 мың теңге, өнім тәркіленеді.
Сот құқық бұзушыны кінәлі деп тауып, өнімді тәркілеп, 369 мың теңге айыппұл салды.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.