Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов ТМД Бас прокурорлары үйлестіру кеңесінің отырысында жаңа қауіп-қатерлердің ішінде терроризм мен экстремизмнің алдыңғы қатардағы мәселе екенін айтты. Оның үстіне, биыл алғашқы жартыжылдықтың өзінде ғана экстремизм мен терроризмге байланысты құқықбұзушылықтың саны артып отыр. Терроризм мен экстремизммен сотты болғандарды түзету жұмыстары қалай жүреді? Терроризм мен экстремизммен кімдер сотталады?
Жақында ғана елімізде экстремизм мен терроризмге байланысты 139 құқықбұзушылық тіркеліп, былтырмен салыстырғанда 19,8 пайызға өскені айтылды. Ал былтыр терроризмді насихаттау және террористік әрекеттерді дайындаған 80 адам сотты болған. 2017-2020 жылдарда құқықбұзушылықтың саны мұндай өспеген екен. Өңірлер арасында экстремизм мен терроризмге байланысты құқықбұзушылықтар бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Аймақта осындай құқықбұзушылықпен 18 оқиға тіркелген. Сондай-ақ Жамбыл облысы мен Шымкент қалаларында да экстремизм мен терроризм дерегі жиі ашылады. Көбіне мұндай бұзушылықтар әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздыру туралы бап бойынша жасалған. Бұдан бөлек, терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру, сот шешімімен тыйым салынған қоғамдық немесе діни бірлестіктің қызметін ұйымдастыру және оған қатысу бойынша сотты болғандар көп.
Күрестің басын қаржыны бақылаудан бастау керек
Заңгер Мақсат Нұрыпбаев экстремизм мен терроризммен күресудің басы осы жоспарға бөлінген бюджет қаржысын қатаң бақылаудан басталғаны жөн деп отыр. Өйткені осы уақытқа дейін мемлекеттен бөлінген қыруар қаржы кейбіреулердің «күрес» ойынына ұласып кеткен көрінеді. «Осы күнге дейін болған түрлі террорлық оқиғаның нақты дәлелденбесе де, діни экстремистер жасады деп мәлімделуінің артында мол қаржыны игеру мүддесі тұрған жоқ па деген күдікті ұялатады. Себебі дәл қазір экстремизм мен терроризм алаңдатарлық жағдайда болатындай себеп көріп тұрған жоқпын.
Сондықтан бұл белгілі бір құрылымдардың күреске бөлінген ақшаны желеу етіп, халықтың ішіндегі белсенді топтарды қыспаққа алудың амалы болуы мүмкін. Әйтпесе, қырып-жойып, жаппай лаңкестік оқиғалар болып жатқанын көріп отырған жоқпыз. Бес адамды атып салған Алматыдағы жағдайды терроризмге қосуға болатын шығар. Бірақ оның негізгі себебі банк жүйесіндегі былық-шылықтан тұтанғанын көруге болады», – дейді Мақсат Нұрыпбаев.
Қылмысты қайта жасау азайды
Соңғы мәліметтер бойынша, 400-ден астам адам діни терроризм мен экстремизм қылмыстары үшін жазасын өтеп жатыр. Ішкі істер министрлігінің айтуынша, дерадикализацияланған шаралар кешенінің нәтижесінде терроризм мен діни экстремизм идеологиясын жақтаушыларға жататын сотталғандардың басым көпшілігі дәстүрлі ислам жолына түскен. Олардың әрқайсысымен ҚАЖ мамандары мен теологтер жеке жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы үшін идеологиялық, профилактикалық және әлеуметтік-тәрбиелік іс-шаралары бар жеке бағдарлама әзірленген. Сондай-ақ мұндай жұмыс тек ақталғандармен ғана емес, басқа да сотталғандармен жүзеге асырылады. Өйткені бұл радикалды идеялардың ерте сатысында таралуына жол бермейді.
«Бір жыл бұрын ҚАЖ мекемелерінде сотталған адамдармен теологиялық оңалту жұмысын ұйымдастыру қағидаларын бекітті. Онда бас бостандығынан айыру орындарындағы экстремизмнің алдын алу шаралары және біздің қызметкерлеріміз ұстанатын деструктивті идеологияны ұстанушылармен жұмыс істеуге қойылатын талаптар егжей-тегжейлі сипатталған болатын. Нәтижесі де айтарлықтай. Осы жылдың өзінде ғана ҚАЖ мекемелерінде 2,6 мыңнан астам психодиагностикалық тексерулер жүргізіліп, олардың нәтижелері бойынша түзету шаралары жүргізіліп жатқанын атап өту керек», – дейді Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі. ҚМДБ-ның білікті имамдары, жергілікті жерлердегі дін істері басқармаларының мамандары, оңалту орталықтары және өзге де ақпараттық-түсіндіру және қарсы насихаттау іс-шараларын тұрақты түрде жүргізу кеңінен қолға алынған. Олар мекемелерде дәріс оқып, діндарлармен жеке әңгімелер өткізеді, сондай-ақ дәстүрлі діни конфессиялардың артықшылықтарын түсіндіреді.
Анамның үмітін ақтамадым…
«Біздің мекемеде экстремизм және терроризмге қатысты сотты болған 16 адам жазасын өтеп жатыр. Олардың басым көпшілігі интернет желісінің құрбаны болғандар», – дейді Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ИЧ-167/9 мекемесінің теологиялық оңалту жұмысын ұйымдастыру инспекторы Бахтияр Таутеев. Соның бірі – осы мекемеде жазасын өтеуші Азамат Қайырғалиев. Мектеп қабырғасын орташа бағамен оқып, 9-сыныптан кейін Орал қаласындағы колледждің бірінде «салық ісі» мамандығы бойынша оқуға түскен ол қаладағы мешіттерге барып жүріп, дінге деген қызығушылығы артқан.
Ауылға қайтып келген соң намазхан достарымен бірге намаз оқи бастапты. «Бәрінен бұрын анам қатты қуанып еді. Себебі оған дейінгі өмірімде көшеде жүріп, ішімдік ішіп дегендей, үйге түннің бір уақытында келетінмін. Осылардың бәрінен намазға жығылған соң тыйылдым. Бірақ «дінді ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген рас екен. Алғашында мешіт имамдарынан намазды Абу Ханифа мазһабы бойынша үйреніп, оқи бастадым. Достарымның ықпалымен Сауд арабиясының шейхтары Абдулуахаб, Альбани деген адамдардың кітаптарын оқып, мәзһабтан бас тартып, намазды «сүнна» бойынша оқи бастадым. Интернет желісінен араб елдерінің шейхтарының жағымсыз уағыздарын тыңдап, мешіт имамдарын адасқан, бидғатшы деп айыптадым. Имамдардың айтқанын тыңдау былай тұрсын, оларға ұйып намаз оқымайтын болдым», – дейді ол.
Не керек, «мұсылман мен кәпірдің айырмасы намаз» деген хадисті тікелей түсінген Азамат Қайырғалиев көп достарымен бірге «кәпірлермен» соғысуға бет бұрады. «Өзін мұсылман деп санайтын адам сол елге хижрат етіп (көшіп) барып, сол жақта өмір сүру керек деп ойладым. Сөйтіп жүргенде, Сирия жерінде Ирак пен Шам өлкесінде ислам мемлекеті құрылды деп интернеттен жар салды. Олардың іс-әрекетін күні бүгінге дейін қолдап келдім. Сол жаққа кетіп қалуды ойлап жүрген күндерім де болды. Бірақ отбасымды, анамды қимадым. 2016 жылы жаз айларында Ақтөбе қаласында Ирак пен Шамдағы ислам мемлекетін қолдап жүрген бір топ адамдармен қарулы қақтығыс жасады. Бірнеше адам қайтыс болды.
Кейін Ақтөбедегі жағдайды сегіз адамның бастамасымен Орал қаласында қайталау мақсатында ниеттеніп жүрген кезде көп уақыт өтпей қамауға алындым. ҚР ҚК-нің бірнеше бабы бойынша айыпталып, 11 жылға бас бостандығымнан айырылдым», – дейді ол. Қазір Азамат Қайырғалиев түзету мекемесінде мекеме қызметкерлері мен имам-теологтердің діни танымдық түсіндіру жұмыстары арқасында көп нәрселерді түсініп жатқанын тілге тиек етті. «Дінге бет бұрғандарға айтарым, дін мәселесінде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына жүгіну міндеттігін түсіндім», – деп отыр.
Өмір бойына жазаланады
Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қыдырбек Альхожаевтың айтуынша, жарылыс жасау, өрт қою немесе адамдардың қаза табуы, елеулi мүлiктiк залал келтiру не қоғамға қауiптi өзге де зардаптардың туындау қаупiн төндiретiн өзге де әрекеттер жасау, егер бұл әрекеттер қоғамдық қауiпсiздiктi бұзу, халықты үрейлендiруге әкелсе, терроризм болып саналады.
Ал мемлекеттiк органдардың, шет мемлекеттiң немесе халықаралық ұйымның шешiмдер қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату не халықаралық қарым-қатынастарды шиеленiстiру мақсатында жасалса, сондай-ақ осы әрекеттердi дәл сол мақсаттарда жасаған немесе жасауда қатерін төндірген адамдар «терроршылар» деп танылады. Сондай-ақ адам өмiрiне қол сұғу, мемлекет немесе қоғам қайраткерiнiң, мемлекеттiк немесе өзге де саяси қызметiн тоқтату не осындай қызметi үшiн кек алу мақсатында жасалған әрекет, халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдарға немесе ұйымдарға, ғимараттарға, құрылыстарға шабуыл жасау арқылы адамды кепiлге алу, ғимараттарды, құрылыстарды, қатынас және байланыс құралдарын басып алу, әуе немесе су кемесін, жылжымалы темiржол не өзге де қоғамдық көлiктi айдап әкету, адам өмiрiне қол сұғу террористік акт болып табылады.
«Заң бойынша ҚР адамның, оның ішінде ел ішінен тысқары жерде, оқып-үйренуші үшін көрінеу белгілі террористік немесе экстремистік қылмыс жасаудың машығы мен дағдыларын үйретуге бағытталған даярлықтан өтуі – үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал террористік іс-әрекет жасағандардың мүлкі тәркіленіп, азаматтығынан айырылады. 15 жылдан 20 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға, не өлiм жазасына жазаланады», – дейді судья Қыдырбек Альхожаев.
Әлеуметтік желінің әсері көп
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің Интернет кеңістікте діни экстремизмнің алдын алуды үйлестіру басқармасының басшысы Жапал Долиев «Экстремизм мен терроризм бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарының дені соңғы екі жылдан бері интернет кеңістікте күшейтіле бастады» деп отыр. Мәселен, өңірлердегі жергілікті атқарушы органдардың жұмысын үйлестіру мақсатында ақпараттық топ мамандарына жаңа медианың әдіс-тәсілдері үйретіліпті. «Смартмедиа» жобасы жоба аясында былтыр аймақтарда әлеуметтік желілермен жұмыс жүргізу бойынша 300-ден астам адам оқытылған. Оның ішінде ақпараттық топ мүшелері, дінтанушы, психологтер бар. «Биыл бірінші жартыжылдықта әлеуметтік желілерде 62 мың материал дайындадық. Былтыр 26 мың болған. Бұл дін саласындағы саясатты түсіндіру, діни ағымдардың зияны мен қауіптілігі турады алдын алу жұмыстарын қамтиды. Сонымен бірге мониторинг жүргіземіз. Алты айда ғана 80 мыңнан астам теріс діни ағымдағы материалды жойып, 301 материалды бұғаттадық», – дейді Жапал Долиев.
Жеке колония керек пе?
Отан алдындағы міндетін атқару кезінде құқықбұзушылық жасап, істі болған Даниярдың анасы Арай түрмеден шыққан соң баласының психологиясы өзгеріп кете ме деп қауіптенеді. Айтуынша, уақытша ұстау изоляторында қамауда отырған үш айдың өзінде ұлының сөзі мен ісі өзгеріп кеткеніне алаңдаушылық білдірген Арай: «Сотқа дейінгі тергеу кезінде бір айдан кейін алғаш кездесуге барғанда өз баламды өзім танымай қалдым. Қоғамға деген көзқарасы қысқа уақытта өзгеріп кетуіне қандай себеп болды екен деп ойладым. Сөйтсем, қасында бірге отырғандардың екі-үшеуі діни экстремизм бабы бойынша істі болып жатқандар екен. Желдің қай жақтан соғып жатқанын біліп, бүкіл таныстарымды шулатып жүріп басқа адамдардың қасына ауыстырдым. Бірақ оны түрмеде кіммен отырғанын, кіммен не туралы сөйлесіп жатқанын білу қиын», – дейді. Осыдан біраз жыл бұрын дінтанушы Есбосын Смағұлов экстремизм мен терроризм үшін сотталғандарға арнап жеке колония салу және оларды түзету мекемелерінде оқшаулайтын орындар ашу керегін айтқан еді. Өйткені түрме іші экстремистік ағымдағы адамдар үшін өздерінің үгіт-насихаттарын жүргізуге қолайлы орта екенін айтқан. Шындығы сол, бір ғана Даниярдың жағдайы арқылы түрмедегі қоғамға өкпелі жандардың жарасына тұз себу арқылы экстремизм немесе терроризм көзқарасындағы сотталған бір адам қасындағы он адамның көзқарасын оп-оңай өзгерте алатынына көз жеткізуге болады. Сол үшін ауық-ауық айтылып жүрген түзеу мекемелеріндегі оқшаулау қағидаларына түзету енгізіп, түрмелерге тәжірибелі имамдар мен мықты теологтерді алдыру аса қиынға соқпас еді.
Жадыра МҮСІЛІМ