Talim TV телеарнасының бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, псиxология ғылымдарының кандидаты, PhD, айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек екінші рет коронавирус жұқтырды. Ол алты ай бұрын вакцина алғанын, соның нәтижесінде ауру ағымы жеңіл өтіп жатқанын айтты.
Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында жазды.
– Екі-үш күннен бері екінші рет айналып соққан дерттің әуресімен ем алып жатырмыз. Жүлдегерлерді қарсы алып аэропортта жүрдік, жұмысқа бардық, дәмханада болдық, қайдан деріңіз бар ма, Жаратқанның жазуымен жұрт жүрген жерде жұғысып қалсақ керек. Алты ай бұрын вакцина алғаннан ба, басқадан ба Алланың сынағы жеңілдеу өтіп жатқан секілді. Бір жағынан үйде оқшауланып, оқылмай жатқан кітап, жазылмай жатқан жұмыстардың қыртысы жазылып, біраз шаруа бітіп жатыр. Осы, әлемде болып жатқан дүрбелеңнің, бәрімізді үрейге салған вирустың сыры біз ойлағаннан әріде, мағына-мәні илахи мақсаттарда жатқан секілді. «Әр нәрсе – Құдайдан» дейміз ғой. Бірақ соның парқына терең бойлай бермейтін секілдіміз. Ақылға саламыз деп, асыра сілтейміз. Аллаға тәуекел етеміз, деп тәртіпті ұмытып жатамыз. Құндылықтарды құрдымға итеріп, адамшылықтан аттап, азғындықты ашық насихаттап, зұлымдық пен қиянаттың небір түрін жасап жатқан адамзатқа Алланың соңғы бір ескертулері кеп жатқандай, әрі-беріден соң жақсыларды жалмап, тұлғалардан жалаңаштап жатқан сынақ-сабақ-азап екеніне көзім толық жете бастағандай, – дейді ол.