Сұрақ: Екі жақтың ата-анасы қарсы болған қызды алуға бола ма?
Жауап: Ислам діні ата-анамен қарым-қатынасқа үлкен маңыз береді және оның діні қандай болғанына қарамастан әрдайым оларды құрметтеуді бұйырады. Бұлар Құран Кәрім аяттары мен хадистерде кеңінен баяндалады.
Алла тағала «Исра» сүресінің 23-аятында: «Раббың өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «түh» деме (кейіс білдірме). Сондай ақ, ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле», – деп бұйырады.
Сонымен қатар, «Ахкаф» сүресінде: «Адам баласына әке-шешесіне жақсылық жасауды нұсқадық. Өйткені шешесі оны зорға көтеріп, әрең босанады. Сондай-ақ, оған жүкті болу, (сүттен) айыру отыз ай. Ақыр ол, ержетіп, қырық ұласқан кезде: «Раббым! Өзіме әке-шешеме берген нығметтеріңе шүкірлік етуімді, өзің разы болатын түзу амал іcтеуімді маған нәсіп ете көр. Менің ұрпақтарымды да түзет. Шын мәнінде, мен тәубе қылдым. Әрине, мен бой ұсынушыларданмын» деді», – деп бұйырылады (15 аят).
Имам Насафи ата-ананың баласында сексенге жуық қақысы бар деп айтады. Бұлардың бірнешеуі хадистерде былайша бұйырылған деп баяндайды: «Ата-анасына қызмет жасап разылығын алу арқылы Алла тағаланы разы еткен болады, ата-анасының қаhарына ұшыраған Алла тағаланың қаhарына ұшырайды» (Ибн Нажжар).
Әбу Дауттың хадис кітаптарында: «Уа, Алланың Елшісі, анам мүшрік. Оларға жақсылық жасауым дұрыс па?» – деп сұрағанда: «Иә, анаңа жақсылық жаса және қайырымды бол», – деп бұйырылғаны жеткізіледі.
Жоғарыдағы аяттар мен хадистерден көріп отырғанымыздай, Алланың ризашылығы – ата-ананың ризашылығында екен. Өзінің ақ сүтімен емізген ананың, Алланың берген адал рызығымен бағып-қағып өсірген әкенің разылығын алып барып құрған отбасында да береке болады.
Әке-шешені ренжітіп, көңілін қалдырсақ, екі жақтың ата-анасы да қаламаған жерде берік отбасы болуы қиын екенін ескерген жөн. Сондықтан үйленер кезде ата-ананың ризашылығын, ақ батасын алған абзал болады.
Балғабек МЫРЗАЕВ