Күндердің күнінде ұлы Имам Әбу Ханифаға Фатима есімді әйел келіп:
– Осыдан 2 жыл бұрын күйеуім екеуміздің некемізді қиып едіңіз. Енді сол некені қайта бұзуыңызды қалаймын. Мен онымен бір шаңырақта тұрғым келмейді, – дейді.
– Не болды? Ажырасуға не түрткі? – деп сұрады Имам. Фатима сөзін жалғастырып:
– Менің күйеуім күнде жұмыстан кеш келеді. Сол үшін үйде жанжал толастамайды. Көрші үйдің күйеулері қашан да отбасының жанында, – деп сөзін қайырады.
– Басты себеп осы ма? – дейді таңданған Имам.
– Иә, мен ондай адаммен бірге болғым келмейді. Ұрыс-керіссіз өмір сүргім келеді.
– Жарайды, мен сіздерді ажыратайын бірақ, бір шартым бар. Сен қазір үйіңе бар да, жақсылап тоқаш пісір, сосын оны маған алып келіп бер. Бірақ, сол тоқашты пісіру үшін заттарды тек көршілерден барып ал. Егер олар себебін сұраса, маған айтқан күйеуіңнің жағдайын оларға да баяндап бер, – дейді. Мұндай жеңіл шартқа келіскен әйел дереу кері қайтып тоқаш пісіруге қамданады. Содан ол үйіне келіп алдымен бір шыны су алу үшін жақын көршінің үйіне бет алады. Онда Мариям деген келіншек оған:
– Сендер де су бар еді ғой, – деп бір шыны су сұрағанға таңдана қарайды. Сосын Фатима мән-жайды бастан-аяқ баяндайды. Мұны тыңдаған Мариям:
– Ал, менің күйеуім болса…, деп бар жамандығын ортаға салады.
Содан ол тұз сұрау үшін келесі Әсия есімді көршінің үйіне барады. Оған да барлық жағдайды түсіндіреді. Әсия да өз кезегінде күйеуінің жаман тұстарын ашып салады.
Осылайша барлық көршілерді аралап, жағдайларына қаныққан Фатима ақырында ойға батқан күйі үйіне келіп, тоқашын пісіріп Имамның үйіне қайта келеді. Тоқашты бере сала Фатима:
– Құрметті Имам. Мен сізді бос мазалаппын. Мен енді күйеуіммен ажырасқым келмейді. Ол мен ойлағандай жаман адам емес екеніне көзім жетті. Енді мен ұрыс-керіске жол бермеймін, – деген екен күлімсіреп. Көздегеніне жеткен Имам Әбу Ханифа да оған жақсы насихат айтып, шығарып салыпты.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы