немесе апатты су бөгетінің тағдырына кім алаңдайды?
«Су – ырыстың көзі, еңбек – кірістің көзі» дейді ата-баба даналығы. Дегенмен сол ағыл-тегіл ырыстың да түгесілер күні болуы мүмкін екенін «Судың да сұрауы бар» деп ескертіп кеткен. Бәлкім бұрын көп адам бұл сөздің тереңіне бойлай қоймаған шығар. Бірақ соңғы жылдары елдегі ауыз су тапшылығы күрделенген сайын бабалар ескертуінің бекер емесіне көз жете түсті.
Бөгеттің жайы бөлек
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі су мәселесі, соның ішінде ауыз су проблемасын жыл сайын көтеріп келеді. Былтыр халыққа Жолдауында: «Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады» деп осы саланы қадағалайтын арнайы органның пайда болуына мұрындық болғаны белгілі. Ал жуырда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев ысырапшылдық тақырыбына тоқтала келе су мәселесіне тағы да оралды. «Бізде суды үнемдеуге байланысты қалыптасқан дәстүр жоқ. Оны ашық мойындауымыз керек. Ал су болашақтың байлығы екенін бүкіл әлем мойындайды. Бұл – Қазақстан үшін аса маңызды мәселе. Себебі елімізде су тапшылығы пайда болды» деді ол.
Шын мәнінде қазақ даласында су тапшылығы ешуақытта күн тәртібінен түспегені белгілі жайт. Өйткені жеріміздің жартысынан көбі шөл мен шөлейттер болса, қалған бөлігі бастауын сырттан алатын өзендердің суына тәуелді. Кеңес заманында Орталық Азияның құмды өлкелерін көгалдандыру және Арал теңізін қалпына келтіру үшін Сібірдің суы мол өзендерін Қазақстанға қарай бұруды көздеген ірі жоба өмірге келген-ді. Өкінішке қарай оның құрылысы басталмай жатып тарих қойнауына енді. Осы ірі жобаның бір бөлшегі саналатын Ертіс-Қарағанды, яғни бүгінгі Қ.Сәтпаев атындағы су арнасы ғана сәтті жүзеге асып, халық игілігіне берілген болатын. Одан бері де жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті.
Бүгінде осы арнаның өне бойы тозығы жетіп, апат алдында тұрғаны жиі айтылып жүр. Соңғы жылдары Парламент депутаттары да ел аумағындағы бірегей жобаның басында болып, өз көздерімен көріп, қордалаған мәселе көп екенін айтудан жалыққан емес. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарайтын су арнасы еліміздің орталығы мен солтүстігіндегі өндірістік аймақтарды және ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ететін, Екібастұз, Ақсу, Қарағанды, Теміртау қалаларына және Вячеслав су қоймасы арқылы елордамызға ауыз су жеткізіп отырған стратегиялық нысан. Ертіс өзенінен бастау алып, Қарағанды қаласындағы №1 сорғы стансасына дейін 458 шақырымға созылып жатқан арнаның бойында 22 сорғы стансасы орналасқан. Қарағанды қаласы Ертіске қарағанда 400 метрден астам биікте орналасқандықтан, аталған сорғы құрылғылары суды жоғары тартып, бөгеттерге жинайды. Сол жерден әрі қарай ағып отырады. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл арна жоғарыдан төменге емес, керісінше төменнен жоғарыға ағып жатқан өзен іспеттес. Қазіргі күні оның бойындағы сорғы стансалары да, су бөгеттерінің де тозығы жеткені сондай, уақыт оздырмай қайта жөндеуден өткізіп, жаңғырту жұмыстары жүргізілмесе, апаттардың ауылы алыс емес секілді көрінеді.
Өткен жылы желтоқсан айында Мәжіліс депутаты Ажар Сағындықова Сәтбаев су арнасының бүгінгі адам аярлық жағдайын айтып қана қоймай, «Қазсушар» кәсіпорны шетелдік банктерден несие алып, стратегиялық маңызы бар нысанды банкке кепілдік ретінде қойғанын сынға алған еді. «2017 жылы «Қазсушар» шетелдік банктерден миллиондаған көлемде қарызға ақша алып, су арнасын кепіл ретінде қойған. Ол ақшаның құмға сіңген судай қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді. Ал несие алуға итермелеген жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Жылына миллиондаған бюджет ақшасы сол несиенің пайызын өтеуге жұмсалып жатыр» деді депутат.
Ал биыл 18 ақпанда өткен Сенат отырысында депутат Ернұр Әйткенов Сәтбаев су арнасындағы №87 бөгеттің апатты жағдайда екенін айтып, Үкіметтен бұл пролемаға жедел назар аударуды сұрады. «Қазсушар» РМК «Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы» филиалына тиесілі №4 су торабының №87 бөгеті апатты жағдайда тұр. 2019 жылы жаңғырту жұмыстары жүргізілген болатын, алайда жұмыстар сапасыз атқарылды және толық көлемде жасалмаған. Бүгінде арнаның техникалық жағдайы нашар және қайта жаңғыртуды қажет етеді. Бөгетті Павлодар облысы әкімдігі мен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері мамандарды тарта отырып тексерген кезде бөгет аумағының бұзылғаны анықталды», деді Ернұр Әйткенов.
Иә, қазіргі күні Қ.Сәтбаев атындағы су арнасындағы жағдайы ең күрделі нысан – осы №87 бөгет. Оның апаттық жағдайда деп жарияланғанына да оншақты жылдың жүзі өткен. Қазір көктем басталып, қар еріп, еліміздің кейбір өңірлерінде ауылдарды су басып жатыр. Солтүстік өңірде тасқын қаупі енді туындап келеді. Құдай бетін әрі қылсын, егер еріген қар суы күшейіп аталған бөгетті бұзып өтетін болса, Шідерті және Шиқылдақ секілді бірнеше ауылды су шайып, Астананы қосқанда бірқатар ірі қаланың халқы ауыз сусыз қалмақ. Наурыз айының басында «Amanat» партиясы Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцевтің төрағалығымен өткен отырыста да еліміздегі су шаруашылығы нысандарының 70%-ы тозып тұрғаны, соның салдарынан қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай төмендегені айтылды. 14-15 наурыз күндері Партиялық бақылау комитетінің жұмыс тобы Сәтбаев су арнасының Павлодар облысы аумағында орналасқан №87 бөгетінің жағдайын көзбен көру мақсатында арнайы сапарға шыққан болатын. Біз де осы жұмыс тобы құрамында болып, бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан күрделі мәселенің мәнісіне жан-жақты үңіліп, журналистік зерттеу жүргізбекке белді бекем будық.
Аяқсыз қалған жұмыс
Бірден айта кетейік, №87 бөгет су қоймасының миллиондаған текше метр суын әрең ұстап тұрса да, әлі күнге жөндеу жұмыстары аяқсыз қалуына «Қазсушар» РМК мен бас мердігер «Гидроспецстрой» ЖШС арасындағы бірнеше жылға созылған сот үдерістері себеп болып отыр. Павлодар облысына арнайы сапарға шығып, журналистік зерттеу жүргіземіз дегенде екі тарап та біздің бұл бастамамызға үрке қарап, күдіктеніп қарсы алды. Олардың бұл пиғылын «Не себепті аяқ астынан келдіңдер? Бұл проблемаға қалайша қызыға қалдыңдар? Бұл кімнің тапсырмасы?» деген сынды тосын сұрақтарынан-ақ аңғаруға болатын еді. Біз күрделі жағдайда тұрған бөгетті өз көзімізбен көруді мақсат тұтқанымызды айтып, су арнасы басшылығы және «Amanat» партиясы орталық аппаратының партиялық бақылау инспекторы Айжан Ысқақовамен бірге №87 бөгетке ат басын бұрдық.
Дәл осы жерде су арнасы бойындағы сорғы стансаларының бірі орналасқан. 2015 жылы бөгеттің 1,5 шақырымнан астам учаскесін «Antares Platinum» ЖШС апатты жағдайда деп таныған. 2018 жылдың аяғында «Қазсушар» РМК мен «Гидроспецстрой» ЖШС арасында «Қаныш Сәтбаев атындағы су арнасының №4 су торабы №87 бөгетін қайта жаңғырту» туралы құны 6,2 млрд теңгені құрайтын келісімшартқа қол қойылыпты. 2019 жылдың наурыз айында «Гидроспецстрой» ЖШС бөгетті қайта жаңғыртудың мемлекеттік сараптамадан өткен жұмыс жобасын өзгерту туралы бастама көтеріп, апатты учаскеге шпунтты қабырғаның орнына бұрғыинъекциялы тіреуіштен қабырға орнатуды ұсынады. Бұл өзгертуді тапсырыс беруші «Қазсушар» РМК қолдап, сол жылдың аяғында мемлекеттік сараптамадан өтеді. Негізі бұл жұмыстар 2019 жылы басталып, 2020 жылдың аяғында бітуі тиіс болатын. Алайда жұмыс жобасын өзгертіп, оң сараптама қорытындысын алуға бір жылға жуық уақыт кетуіне байланысты тек 2020 жылдың ортасында ғана басталған.
Дегенмен бірнеше ай өтер-өтпестен тапсырыс беруші «Қазсушар» РМК жасалып жатқан жаңғырту жұмыстарының сапасыздығын ескертіп, кейін келісімшарт тоқтатылады. Осы жерде бір түсініксіз жайт, «Қазсушар» басшылығы «Гидроспецстрой» ЖШС 2020 жылдың қараша айында бұрғылау техникаларын алып кетіп, жұмысты өз бетінше тоқтатты десе, бас мердігер керісінше тапсырыс беруші тарап жұмысты доғаруды талап етті деп оларды кінәлайды. Яғни екі жақ та бөгетті жаңғырту жұмыстарының тоқтап қалуына бір-бірін айыптап отыр. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» демекші, екі тарап арасында жүріп жатқан осындай «соғыс» салдарынан 2020 жылдан бері бөгет учаскесінде ешқандай жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жоқ.
Бізбен бірге нысанды көруге барған «Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы» басшысының орынбасары Ғабит Амангелдиннің айтуынша, жұмыс тоқтағаннан кейін де «Қазсушар» РМК бірнеше рет мемлекеттік сатып алу байқауын жариялағанымен, пандемиядан кейін құрылыс материалдарының бағасы қымбаттап кетуіне байланысты бұл жұмысты қолға алатын мердігерлер табылмапты.
– «Гидроспецстрой» бөгеттің ішкі бетіндегі бұрынғы бетон қабықты алып тастап, орнына жаңасын құюды бастаған болатын. Бірақ бұл жұмыс аяқсыз қалды. Нәтижесінде қабырғаның ішкі топырақ беті жалаңаштанып, су шая бастады. Біз ол жерге өз күшімізбен 2 мың текше метр көлемінде тау тастарын төктік және қазір су деңгейін тиісті шамадан 30-40 см төмен ұстап отырмыз. Сондықтан көктемгі қару еру маусымына дайынбыз, бөгеттің бұзылу қаупі жоқ, – деп сендірді ол.
Дегенмен қанша жерден жасырып-жапқанмен бөгеттен төнер қауіптің бары айдан анық. Ол жерге тау тастарын төккенімен оның сапалы жөндеу секілді болмайтыны тағы белгілі. Біз өзіміз де оны көзімізбен көрдік. Бір қарағанда 1,5 шақырымға созылған бөгет мызғымай тұрған секілді. Бірақ бұрыннан тұрған бетон қабығы алынып тасталған, оның орнына тас төгілген. Кей жерлерінде жаңадан бетон құйылыпты. Ал бөгет қабырғасының үстінен жер астына қарай бұрғыинъекциялық бағандар орнатылған. Бұның бәрі «Гидроспецстрой» ЖШС-ның жасап үлгерген жұмыстары. Алайда су арнасы бас инженерінің айтуынша, бұл жұмыстардың бәрі сапасыз. Тіпті аталған бұрғыинъекциялық бағандар да түбіне дейін жетпеген. Оны тіпті эксковатормен қазып көргенде көз жеткізгенін айтады. Яғни қауіп-қатердің бар екенін су арнасы өкілдерінің сөздерінен-ақ аңғару қиын емес.
Кім кінәлі?
Өкінішке қарай біздің елімізде әбден апат болып, ауылдарды су алып, адам шығыны орын алғанда ғана қозғала бастайтын әдет бар ғой. Ал оған дейін мәселені тез арада шешуге көп адам құлық таныта бермейтіні ащы да болса шындық. Соның бір мысалы – осы №87 бөгет. Егер оншақты жылдан бері жағдайы күрделі болып тұрған топырақ қабырғаны су бұзып өтсе, оның арты не боларын шамалау қиын емес. 2010 жылғы Алматы облысындағы Қызылағаш оқиғасы немесе 2020 жылғы Өзбекстандағы Сардоба бөгетінің трагедиясы бұл сөзімізге жақсы мысал бола алады.
Біз Сәтбаев су арнасындағы №87 бөгеттің қазіргі ахуалына себепші болып отырған екі тарап – «Қазсушар» РМК мен «Гидроспецстрой» ЖШС-на арнайы хабарласып, екі жақтың да пікірін тыңдап көрдік. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Бақытжан Кемелбековтің айтуынша, 2020 жылы су арнасын қайта жаңғырту жұмыстары тоқтап, 2021 жылдың басында келісімшарт үзілгеннен кейін 2022 жылы «Гидроспецстрой» ЖШС сотқа арыз түсірген. Олар бөгетте жасаған жұмыстарын 2,2 млрд теңгеге бағалап, оны «Қазсушар» мекемесінен өндіріп алуға тырысқан. «Сот-құрылыс сараптамасы нысан басына барып жасалған жұмыс барысын тексеріп, талап етіліп отырған сома заңды деп шешім шығарып, бас мердігердің талабын қанағаттандырды. Біз онымен келіспей, Бас прокуратураға наразылық түсірдік. Кейін қайтадан сот болып, Жоғарғы соттың араласуымен алдыңғы шешім өзгертіліп, 2023 жылы «Қазсушар» тарапынан бас мердігерге төленуге тиіс сома 340 млн теңгеге дейін азайтылды. Қалған 1,8 млрд теңгенің жұмысы талапқа сай орындалмаған. Біз былтыр аталған соманы «Гидроспецстройға» толықтай төлеп бердік» дейді ол.
Ал «Гидроспецстрой» ЖШС президенті Владимир Трашиннің айтуынша, оның мекемесі осы салада 62 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандықтан, тәжірибесі мол. Сондықтан бөгетті қайта жаңғырту бойынша алғашқы жұмыс жобасындағы шпунтты қабырға орнатудың техникалық жағынан өте қауіпті екеніне көз жеткізген. «Сол себепті біз жұмыс жобасын өзгертіп, бұрғыинъекциялы тіреуіштерден қабырға орнату дұрыс екенін айттық. Оны арнайы мамандар қолдады. Біздің қолымызда барлық құжаттар бар. Бұл өзгерту «Қазсушар» тарапынан да қолдау тауып, жұмысты бастап кеткен едік. Бірақ тапсырыс беруші жұмысты орта жолдан тоқтатты. Соған қарамастан былтыр жазда комиссия тексергенде бөгет қабырғасынан су өтіп жатқаны байқалмады. Біз олардың өздері бекітіп берген жұмыс жобасынан ауытқыған емеспіз. Алдымызға қойған талапты орындадық. Ал егер шынымен қабырғадан су өтіп жатса, бұл өздерінің кінәсі» дейді ол.
В.Трашин арадағы келісімшарттың үзілуіне себептердің бірі – жұмыстардың мерзімінде орындалмауына да «Қазсушар» кәсіпорнын кіналап отыр. Өйткені олар сапалы жұмыс жобасын ұсынбаған және оны түзеуге көп уақыт кетірген. «Гидроспецстрой» ЖШС басшылығы алғашқы сотта және одан кейінгі апелляциялық алқа сотында жеңіп шыққанымен, кейін Бас прокуратураның араласуымен ол шешімнің өзгертілуін заңсыз дейді. Бізге берген мәліметке қарағанда, олар мұндай шешімнің шығуына Бас прокурордың Сәтбаев атындағы су арнасы басшылығындағы адамдармен туысқандық байланысының болуы ықпал етуі мүмкін екенін айтып отыр. «Бас прокуратураның араласуынан кейін сот істі «Қазсушардың» пайдасына шешіп бергесін шектен шыққан былық пен абсурд басталды. Жоғарыдан бұйрық берілген соң біздің талабымызды кері қайтаруға заңсыз «негіздемелер» табылды. Соттар мен прокурорлардың қолдауына сүйенген «Қазсушар» РМК бізді «жосықсыз орындаушы» деп тану арқылы жазалауға кірісті» дейді В.Трашин.
Дегенмен «Гидроспецстрой» ЖШС тарапынан бізге берілген мәліметтердің ең қызығы – олар №87 бөгетті қайта жаңғырту жұмыстарының тоқтауына оның сапасыздығы емес, ең бірден-бір себебі «Қазсушар» РМК, бас жобалаушы «Antares Platinum» мен авторлық қадағалаушы тарапынан болған алаяқтық пен сыбайлас жемқорлық екенін жеткізді. 2021 жылы 15 наурызда сол кездегі Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С.Қожаниязовқа жазған хатында өздерінен барлық жасалған жұмыстардың кедергісіз қабылдануы үшін 500 млн теңге пара талап етілгенін айтады. «Біз осы фактілер бойынша министрлікке де, Су ресурстары комитетіне де шықтық. Алайда ешқайсысы бұған назар аудармады. Тек Павлодар облысы Полиция департаменті ғана біздің арызымыз бойынша сотқа дейінгі қылмыстық тексеруді бастап, сараптама жүргізді, куәгерлерден жауап алды. Алайда сот үдерістерінің жүріп жатуына байланысты іс тоқтатылды» дейді В.Трашин бізге берген жауабында. Осы орайда айта кетейік, «Гидроспецстрой» ЖШС сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша Антикорға да жүгінген екен. Алайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Астана қаласы бойынша департаменті «Қазсушар» РМК қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлық қылмыстарының белгілері байқалмаған деп жауап қайтарған.
Әрине біз өз тарапымыздан осы сот ісі бойынша дауласып жатқан екі тараптың бірін кінәлаудан не қолдаудан аулақпыз. Біздің мақсатымыз – осындай проблеманың болып жатқанын көрсету және соның салдарынан ел халқының үштен бірін, яғни 6,5 миллион адамды ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған су арнасының апаттық жағдайда тұрғанын жеткізу. Сондықтан екі тараптың да бізге ұсынған мәліметтерін ықшамдап толыққанды беруге тырыстық. Айта кетейік, «Қазсушар» РМК сотта жеңіп шыққаннан кейін «Гидроспецстрой» ЖШС-ні «жосықсыз орындаушы» деп тану үшін Павлодар облыстық сотына қайта арыз түсірген болатын. Біз осы мақаланы дайындап жатқанда, яғни 19 наурыз күні сот отырысы өтіп, «Қазсушар» РМК-нің талабы қанағаттандырылды.
Не істеу керек?
Кәсіпорынның бас директоры Бақытжан Кемелбековтың айтуынша, қазіргі таңда «Қазсушар» РМК «Сәтбаев атындағы су арнасы» филиалымен бірлесіп жаңа жұмыс жобасын әзірлеуді бастап кеткен. «Біз жұмыс жобасын қайта жасап жатырмыз. Әрине атқарылатын жұмыстың құны бұрынғыдан көп болады. Себебі қазір құрылыс материалдары қымбаттап кетті. Осы жылы немесе келесі жылы біз бөгетті қайта жаңғырту жұмыстарын толық аяқтаймыз. Ол үшін басқа мердігер іздейміз немесе өз күшімізбен атқарамыз» деді ол.
Біз Бақытжан Кемелбековтен сөз басында айтылғандай, депутат Ажар Сағындықованың Сәтбаев су арнасын шетелдік банкке кепілге қойғаны және ақша алып, оның қайда жұмсалып жатқаны белгісіз болып отырғаны жайындағы сынына қатысты пікір білдіруін сұрадық. «Қазсушар» директорының айтуынша, су арнасының шетел банкіне кепілге қойылғаны туралы мәлімет – қып-қызыл өтірік! «Біздің Еуропалық банк пен Ислам даму банкінен жалпы сомасы 300 млн доллардан аса несие алғанымыз рас. Оның кепілі – Үкімет. Егер біз төлей алмай қалған жағдайда, оны Үкімет өтеуге міндеттенеді. Алайда біз оған жол бермейміз. Былтырдан бері сол несиені өтеуді бастадық. Оны алған себебіміз – Мемлекет басшысы 5 жыл ішінде 600 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіруді тапсырған еді. Бұны орындауға республикалық бюджетте қаражат болмағандықтан, біз 2017 жылы несие алу туралы шешім қабылдадық» деді Б.Кемелбеков.
Біз «Amanat» партиясы орталық аппаратының партиялық бақылау инспекторы Айжан Ысқақовамен Павлодар облысындағы №87 бөгетке барған сапарымызда көтерілген тағы бір мәселе – су қоймалары мен арнаның терроризмге қарсы қорғалуы. Бұл стратегиялық нысан, алайда оның айналасына Үкіметтің талабы бойынша терроризмнен қорғауға арналған қоршау жасалмаған. Құдай бетін әрі қылсын, ертең біреулер арна суын улап тастайтын болса, оған кім жауап береді? «Қазсушар» РМК бас директоры Бақытжан Кемелбековке осы сұрақты қойдық. Оның айтуынша, бұл бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. «Үкіметтің талабы бары рас. Прокуратура жыл сайын тексеріп, терроризмге қарсы қоршау жоқтығы үшін біздің филиалдарымызға 3-4 млн теңге айыппұл салып кетеді. Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан кейін біз бұл мәселені тағы да көтере бастадық. Аталған қоршауды өз күшімізбен орнатуға қаражатымыз жоқ» деп жауап берді.
Біз осы сұрақты аталған министрліктің Су шаруашылығы құрылыстарын және гидромелиоративтік жүйелерді дамыту басқармасының бастығы Ердос Құлжанбековке де қойған едік. Оның айтуынша, су қоймаларына қоршау жасап, оны күзетудің ешқандай да қисыны жоқ. Өйткені суды улаймын деген адам жүздеген шақырым су арнасының кез келген жеріне барып соны істей алады. «Ал бүкіл жүздеген шақырым арнаның бойын бетон қабырғамен қоршап, оған күзетші қою қаншалықты ақылға сыяды?!» деп жауап берді ол.
Қазіргі таңда «Amanat» партиясының Партиялық бақылау комитеті бұл проблеманы өз бақылауында ұстап отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы министрлік құрып, су мәселесін жиі ауызға алуы арқылы осы саладағы бетімен кеткен түрлі проблеманы бір ізге түсіруге талпынып жатыр. Алайда Президенттің бұл сөзіне немқұрайлы қарап отырғандар да әлі де бар секілді. Әйтпесе Қ.Сәтбаев атындағы су арнасындағы аталған проблемалардың он жылдан орнынан қозғалмай, шешілмей келе жатқанын қалай түсіндіруге болады? Біз де алдағы уақытта өз тарапымыздан бұл мәселені назарда ұстап отыратын боламыз.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ