Рамазан айларының бірінде екі молда ауылдағы мешіттерге барып қызмет ету үшін қаладан жолға шығыпты. Ақшам уақыты жақындағанда түнеп шығу үшін жолда бір ауылға тоқтапты. Тоқтаған үйдің иесі де өте парасатты, көпті көрген жан екен. Ақшам намазына дайындалмақ болып жолаушының біреуі түзге шығып келуге сыртқа шығады. Сол кезде үйдің иесі үйде қалған жолаушыдан:
– Досыңның ілімі, тәрбиесі қалай? Құранды жақсы оқи ма? Тәпсір, хадисті жақсы меңгерген бе? – деп сұрайды. Әлгі де:
– Жо-о-ғ-а-а! Ілімі де, тәрбиесі де жоқ! Барып тұрған есектің өзі! Ешнәрсені ұқпайды. Нағыз алаяқ, бірақ жұрт сонда да оған сенеді, – дейді.
Осы кезде сыртқа шығып кеткен молда ішке кіріп, іштегісі дәрет алуға шығады. Үйдің иесі біріншіге қойған сұрақты екіншісіне де қояды. Анау да сапарлас досы жайлы тәуір пікір айтпайды.
– Барып тұрған сиырдың өзі. Ілімнен де, әдептен де нәсібін алмаған. Қалада өткен уақыттары босқа зая болған, – деп жауап береді.
Молдалар дәреттерін алып келген соң бірге намаз оқып, кешкі асқа жайғасты. Үй иесі де беті жабық үш табақпен ас әкелді. Екеуін қонағының алдына тартты. Өзі біреуін алды да:
– Ал, астан алыңыздар, ас болсын! – деді. Екі жолаушы табақтарының бетін ашып, біреуінен арпа, екіншісінен саман көреді. Дереу екеуінің көзі үй иесінің табағына түседі, оның табағында болса әдемі қызарған кәуәп екен. Екеуі де үндеместен қызарып кетті. Себебі, мәселені айтпай-ақ түсініп отыр. Десек те, үй иесі сөз алып, табағында арпасы бар жолаушыға:
– Досың сені «барып тұрған есектің өзі» деген соң саған арпа салғыздым. Себебі, адамды ең жақсы досы таниды. Сондықтан кімнің кім екенін досынан сұрайды, – деді. Сөйтті де табағында саман салынған молдаға қарап:
– Сені де досың «барып тұрған сиырдың нақ өзі» деді. Мен де «сиырдың ең сүйікті асы – саман» дедім де саған саман салғыздым. Ал астан алыңыздар, ас болсын! – деді.
***
Рас, кейде досты да дұрыс таңдай білу керек. Себебі, «Адам досының дінінде болады» дейді Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.). Қазақ та «қотыр атқа соқыр ат сай бопты» деп осындайда айтса керек.
Сұлтан КЕРІМ