Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында мәдениет үйі күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды, деп хабарлайды Kazinform.
Тарихи ауылдағы еңселі ғимараттардың бірі – мәдениет үйінің ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Нұрлыбек Даумов Нарын өңірінде күй атасы Құрманғазыдан бастап Дәулеткерей, Сейтек, Махамбет, Науша Бөкейхановтар, Шамғон Қажығалиев, Тұяқберді Шәмелов жалғастырған өнер дәстүрінің жойылмай келе жатқанын атап өтті.
Фото: Бөкей ордасы ауданы әкімдігі«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде мәдениет саласына да елеулі көңіл бөлініп келеді. Бірқатар бағдарламалар қолға алынып, жаңадан мәдениет нысандарының бой көтеріп, сала қызметкерлерінің жалақысы өсуі – соның айғағы. Биыл Хан ордасы музей-қорығында визит орталығы мен әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Жыл соңына таман көршілес Бисен ауылында 300 орындық заманауи мәдениет үйі іске қосылмақшы. Сол секілді алдағы жылы Ұялы ауылында мәдени-спорттық кешен салынады. Осының бәрі мәдениет саласы қызметкерлерінің, әсіресе, жастардың қызметіне тың серпін береді деп сенеміз», – деді Н.Даумов.
БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қолға алынған мәдениет үйінің күрделі жөнделуіне облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қолдауымен қосымша қаржы бөлінгенін жеткізді.
Фото: Бөкей ордасы ауданы әкімдігі«1801 жылы Бөкей сұлтан бастап Еділ-Жайық аралығына қоныстанған елдің орталығы болып есептелетін тарихи Хан ордасы ауылы соңғы жылдары көркейіп келеді. Музейдің визит орталығы мен әкімшілік ғимаратына қоса Алма Оразбаева мен Сейтқали Меңдешевтің үйлері қалпына келтірілді. Аурухана қайтадан салынуда. Тағы бір атап өтетін жайт, аймақ басшысының қолдауымен алдағы жылы бес бірдей архив ғимараты салынбақшы. Міне, соның алғашқысы осы Бөкей ордасы ауданында бой көтермекші. Жалпы, алдағы үш жылда өңірдегі архив ғимараттарын түгелдей жаңарту көзделуде», – деді С.Дүйсенов.
«Нарын әжелері» ансамблінің отау тіккеніне 12 жыл болды. Осы уақыт ішінде облыстық байқауларға барып, жүлдегер атандық, концерттерге үнемі қатысып жүрміз. Міне, енді жарқыраған мәдениет үйінде өнер көрсететінімізге қуаныштымыз», – дейді мәдениет саласының ардагері Роза Түменова.
Айта кетейік, Хан ордасы – Хан сарайы, қазынашылық ғимараты, мешіт және басқа да тарихи нысандары қалпына келтірілген бірегей ауыл.
2026 жылы Бөкей хандығына – 225 жыл, іргесін Жәңгір хан қалаған Хан ордасы ауылына екі ғасыр толмақшы.