Діни және зайырлы құқықтың үндестіктері мен ортақ қағидаттары
Адамдардың арасындағы қарым-қатынастар жасау және бір-бірімен араласулары үшін, сондай-ақ араларындағы туындалып жатқан келіспеушіліктер мен қайшылықтардың алдын алу және шешу үшін адамзат әр уақыт құқықтық заңнаманы үйренуге, дамытуға және жүзеге асыруға мұқтаж болатын. Бір-бірімен бірігіп қоғам түзіп, елдікке ерікті жұмсаған адам баласы қауымдық немесе дала заңдарымен қатар, Жаратушысынан жіберілген елшілері мен пайғамбарлары арқылы әр кезде әр түрлі діни заңнамаларға «шариғаттарға» ие болды. Мұны біз тарих сахнасынан айқын көре аламыз. Сонау Ибрахим пайғамбардың ұрпақтарынан келген Мұса, Иса және соңғы пайғамбар Мухаммедтің әкелеген құқықтық заңнамалары осы күнге дейін жер бетіндегі миллиардтаған адамдар тарапынан ұсталынуда.
Дін – адам мен қоғам өмірінің барлық аспектілеріне жан-жақты ықпал еткен. Ол өзінде адам мен Құдай арасындағы жеке диалогты ғана емес, бәлкім адамның адаммен, адамның қоғаммен қатынасын, сауда-саттық,үйлену-ажырасу, мирасқорлық сияқты көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерді, сондай-ақ жалпы өмір сүру дәстүрлерін мұқияттылықпен қарастырады.
Діннің, соның ішінде ислам дінінің бүгінгі зайырлы құқықпен үндесе-үйлесетін тұстары көп. Діни және зайырлы құқықтың қағидаттарына ортақ болып табылатын маңызды мәселелердің бастысы – адамқұқықтарын ескеру мен қорғау. Яғни діни және зайырлы құқықтық негіздер бойынша әр адам қай жерде жүрсе де, құқық субъектісі ретінде танылуына құқылы. Адамзатқа он төрт ғасыр бұрын жеткен исламның шариғатында адам құқықтары жөніндегі кодекстің негізгі қағидаттары қамтылған. Діни және зайырлы құқықтық заңнамаларда адамның ар-намысы мен абыройын сақтау, қысым көрсетілу мен әділетсіздіккежол бермеу сияқты ортақ мәселелер көтерілген.
Ислам дініндегі классикалық ұлы ғалымдардың бірі болған имам әл-Ғазали ислам дінінің негізгі құқықтық принциптері жайлы: «Расында Жаратушы жаратылысына бес нәрсені сақтауға кепілдік береді: олардың дінін, өмірін, ақыл-есін, ұрпағын және мал-мүлкін. Аталған бес нәрсені сақтау – парыз, ал оларды бұзу – жамандық. Бұл жамандықты тоқтату міндеттелінген»- деп айтты. Мұндағы берілген бес құндылық адам өмірінің негізін құрайды.
Діни және зайырлы құқықтың үндестіктері мен ортақ қағидаттарының сабақтасып үйлесуін төменде талқыланған тақырыптар бойынша байқауға болады.
Адамның өмір сүруге құқығы
Адам өміріндегі ең маңызды орынға ие болған құқық ол – адамның өмір сүруге құқығы. Ислам бойынша басқа конституциялық заңдардағыдай, адам өмірі қасиетті әрі дербес құқықты болып табылады. Сонымен қатар ешкім оған заңсыз қол сұға алмайды. Оны қорғауда барлық қажетті қауіпсіздік шаралары жүргізу міндеттелген. Ислам діні адамның құқықтарына қол салуды, ар-намысына тиюді, оның заңмен қаралған қандай да бір бостандығын шектеуді үлкен қылмыс, әрі Жаратушыға қарсы шығу деп санайды.
Ислам дінінің ең басты принциптерінің бірі – жеке тұлғаның дербестігіне және оның өмірінің қауіпсіздігіне кепілдік беру. Сонымен қатар, басқа әлемдік діндер секілді ислам заңнамасы адамның өз-өзіне зиян тигізіп, өміріне қол жұмсаудан қатаң түрде тыяды.
Адамның жеке бас бостандығына құқығы
Әр уақыт адамның бұғаудан босап, аңсап келген еркіндігі мен бостандығы зайырлы конституциялық заңдарымен қатар, бұл діннің құқықтық заңнамасынан тыс қалған жоқ. Расында адам баласы еркін болып туылады. Оның құқықтарына заңға қайшы ешкім қол сұға алмайды.
Адамның еркіндік мәселесіне ислам діні көп маңыздылық берген. Дүниеде адам баласы саяси, интеллектуалды, әлеуметтік, діни және экономикалық құлдықтың батпағына бата бастағанда, ислам діні діни сенім бостандығын, ой-пікір, сөз бен сын айту еркіндігін бекітті. Мұны исламдағы «амрун мағруф»(жақсылыққа шақыру) принципінен көруге болады. Осыған орай Мухаммед пайғамбар: «Әр адам бір жамандықты көрсе, оны қолымен тоқтатуы керек. Оған шамасы келмесе, сөзбен тыюы қажет. Ал егер оған да шамасы жетпесе, жүрегімен қарсы болуы тиіс»- деген.
Әрбір адам және қауым өзінің кез-келген формадағы бостандығына ажыратылмайтын құқығы бар: физикалық, мәдени, экономикалық, саяси, т.б. Ислам бұл мәселеде аталған құқықтарды ерекше бағалайды. Аталмыш діннің құқықтық заңнамасы бойынша осы құқықтардың иелері өз құқықтарын бұзуға бағытталған барлық әрекеттерді қолдағы қажетті құралдармен тоқтатуға құқығы бар. Барлық қысым көрсетіліп жатқан адам немесе қауым бостандық құқығын қорғауға байланысты заң аясында қысым көрсетуге қарсы күресуге заңды түрде құқықты әрі соған міндетті.
Адамның діни сенім, ой және сөз бостандығы ислам құқықтық заңнамасында қарастырылған. Ол бойынша кез-келген адам заңға қайшы келмейтін шеңберде өзінің жеке ойын, пікірін және ұстанымдарын еркін білдіре алады. Алайда бұл дегеніміз, ешкім басқа адамдарға әділетсіздік көрсетуге бағытталған, қоғамдық тепе-теңдік пен тыныштықты бұзатын ақпаратты таратуға немесе жаланы жаюға құқықсыз. Білім алу мен ақиқат жолындағы ізденісте болу әрбір мұсылманның құқығы ғана емес, бәлкім оның парызы. Ақпарат таралымында егер ақпарат қоғамдық не мемлекеттік қауіпсіздікке қауіп төндірмесе, сондай-ақ заңның шектеуімен шектелмесе, оны таратуда ешқандай тосқауылдар болмауы қажет.
Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша әр адам ар-ұждан мен діни бостандыққа ие. Ислам заңнамасы адамның бостандығын діни моральдық-әдептілік нормаларымен тығыз байланыстырады. Ешкім біреуді өзінің дініне күштеп, мәжбүрлеу немесе бопсалау арқылы кіргізуіне хақысы жоқ. Мысал ретінде, діни сенім бостандығы жайлы Құран кітабынның «Юнус» сүресінің 99-аятында айтылады: «(Мухаммад с.а.у.) Егер Раббың қаласа еді, әрине жер жүзіндегілердің барлығы түгелдей иман келтіреді. Адамдарды иман келтіруге сен зорлайсың ба?», сондай-ақ «Бақара» сүресінің 256 аятында: «Дінде зорлау жоқ…»- деп жазылған.
Әділеттікке құқығы мен Заң алдындағы теңдік
Әділеттікке құқығын қарастырсақ, әр бір тұлғаның құқықтары тек қана заңмен қаралуы тиіс. Әр бір адам әділетсіздікке қарсы тұруға құқықты ғана емес, бәлкім бұл оның парызы. Осы мәселеде ол тиісті құзіретті органдар мен заңда рұқсат етілген құралдарға жүгіне алады. Мұндайдан ол адам өз отбасы мүшелері мен қоғамын қорғауы тиіс.
Ислам өзінің пайда болған сәтінен бастап-ақ, біреудің мүддесіне өте абай болу керектігін ескертіп келеді. Мухаммад пайғамбардың хадисінде: «Егер сендер үшеу болсаңдар, біреулеріңді шет тастап, екеу ара күбірлеспеңдер! Өйткені, ол ренжіп қалуы мүмкін»- дейтін ескертулер осыған дәйек.
Ал Маида сүресінің 8 аятында айталған: «Әй, мүміндер! Алла үшін күәлікте туралық үстінде мықты тұрыңдар. Және бір елдің өшпенділігі сендерді әлсіздікке тартпасын. Әділдік істеңдер. Сол тақуалыққа жақынырақ…».
Алла алдында барлығы тең. Ислам әділеттіктің орындалуын талап етеді. Адамзаттың мәдени-әлеуметтік тұрақтылыққа қол жеткізіп өмір сүруі үшін әділеттілік ең биік мәртебеге ие.
Қазіргі таңдағы әділетті сотта қолданылатын «кінәсіздік презумпциясы», яғни айыпталушының кінәсі дәлелденбей, ол айыпты болып саналмайды деген принципті заң жүзінде алғаш бекіткен – ислам шариғаты (құқықтық заңнамасы). Ешбір адам қылмыс жасағаны дәлелденбей, құзіретті соттың шешімінсіз сотталынып, жазаға кесілмеуі керек. Тиісті тергеу жұмыстары жүргізілмей, қорғау шаралары қолданылмай адам жазаға ілікпеуге тиіс. Әр адам өз ісіне жауапты. Біреу жасаған қылмыс үшін басқа адамдарды, солардың ішіндегі қылмыскердің қылмысқа қатысы жоқ отбасы мүшелері жауапқа тартылмайды.
Ешкім де азапталуға немесе қадір-қасиетін қорлайтындай адамгершілікке жатпайтын қатыгездік жолмен жәбірленуге, немесе жазалануға ұшырамауы керек. Әр адам әділетті сот үкіміне құқықты болып табылады.
Дүниежүзілік декларациялар мен құқықтық заңдар бойынша адамға өзінің ұстанатын дініне, түр-түсіне, нәсіліне, тегіне, жынысына немесе тіліне қатысты әділетсіз мәміле жасалмау керектігі белгілі. Сондықтан ешбір тұлға Заң алдында басқа тұлғадан артық емес, және де барлық адам өзінің құқықтарын қорғауда бірдей мүмкіншілікке ие. Ал аталмыш принциптер өз көрінісін дінде де тапты. Ислам дінінің тағылымында Алла адамдарды тең етіп жаратты делінген. Мухаммед пайғамбар өзінің соңғы хұтбасында (қайырласу сөзінде) айтқан сөзі бар: «Уа, адамдар, расында сендердің Раббыларың бір, расында аталарың бір, барлығың адамсыңдар (Адамнан таралғансыңдар), ал Адам топырақтан (жаратылған), Алланың алдында ең құрметтілерің – ең тақуалыларың (құдайдан қорқушы), сондай-ақ ешбір арабтың ағжамиден(араб емес ұлттан) тақуалығы болмаса, басқа артықшылығы жоқ». Мұнымен біз ешбір ұлт басқа ұлттан немесе ешбір нәсіл басқа нәсілден артықшылығы жоқ екендігін көреміз. Халықтар мен қауымдардың, ерлер мен әйелдердің бір-бірінен абзалдығы тек қана олардың тақуалық сипаттарына байланысты.
Адам өмірінде елеулі орын алып жатқандардың бірі ол – оның ары мен абыройы. Сол себепті әр адам өз атына немесе отбасысына қатысты айтылған негізсіз жалалар мен масқараулардан және бопсалаулардан қорғануға құқықты. Ислам адамдардың бір-бірін жамандауға, қауымдардың арасындағы сондай әрекеттерге баруға тыйым салады. Әр бір адам жеке не ұйымдасқан түрде қоғамның діни, әлеуметтік немесе саяси өміріне қатысып, жақсылыққа бұйыратын, жамандықтан тыйятын іс-шараларын өткізуге қатыса алады.
Жекеменшікке және адал еңбегінің ақысына құқығы
Ислам адамның жекеменшік құқықтарын да ескерген. Солардың ішінде маңызды орын алатын адамның жеке тұрғын үйге құқығын айқындайық. Ислам жеке тұрғын орынға құқықты 7-ші ғасырда-ақ заңды түрде бекіткен. Оның құқықтық заңнамасы бойынша жеке үйге рұқсатсыз, заңсыз кіруге тыйым салынған. Кіруші кім болса да, лауазымы мен мәртебесіне қарамай, үй иесінің рұқсатынсыз ол жерге қадам баспау талап етіледі. Құранның «Нұр» сүресінің 27-28 аяттарында айтылды: «Әй, Мүміндер! Өз үйлеріңнен басқа үйге рқхсат алмайынша, әрі үй иесіне сәлем бермейінше кірмеңдер. Бұл сендер үшін қайырлы. Мүмкін сендер түсінерсіңдер.(27) Егер үйде ешкімд ітаппасаңдар, өздеріңе рұқсат бермейінше кірмеңдер. Егер сендерге: “қайтыңдар” делінсе, онда қайтыңдар. Бұл сендер үшін жақсырақ. Алла не істегендеріңді жақсы біледі(28)».
Жеке үйге ие болу құқығы арқылы адам жеке өмірге құқығының орындалуына қол жеткізеді. Берілген аяттар келімсектің үйге рұқсатсыз кірмеуін ғана ескертпей, бәлкім үйде ешкім болмаса, не үй иесінің кіргізуге қалауы болмаса, оны артқа қайтуына міндеттейді.
Сонымен қатар, ислам жеке үйдің қол сұғылмаушылық құқығына маңыздылық бергені соншалық, тіпіті мұсылманға өз бала-шағасына да, үйіндегі қызметшілеріне де жатын бөлмеге тек рұқсат сұрап кіруіне тәрбиелеуді бұйырады. Мұның мақсаты – оларды ислами әдеп нормалары мен моральдық қағидаларына үйрету, әрі жеке үйдің дербестігі мен оның құпияларының қасиеттілігіне иландыру. Басқаша айтқанда, жеке үй құқығын бұзу мен құпиясын әшкерелеу – адам құқықтарының елеулі дәрежеде бұзылуын білдіреді.
Жоғарыда айтқанымыздай, ислам адамның ар-ұжданы мен намысын қорғауда үлкен қамқорлығын білдіреді. Бұл мәселеде ислам заңнамасы адамның өмірін қорғау сияқты маңыздылық беріп қойды десек, артық етпес.
ҚР Еңбек кодексінде бекітілгендей исламның шариғатында да адамның адал еңбегі үшін ақы алу құқығы бар. Адамның адал жұмысына қиянат жасамай ақысын жедел беруді бұйырған Мухаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «жұмысшының ақысын маңдайдағы тері кеппей тұрып беріңдер»- деген.
Ата-бабадан аманат болып қалған дәстүрлі дініміздің гуманистік ұстанымдары мен қағидаттарын басшылыққа алған қоғам құрмет пен сенімге иелік етіп, ұлттық тәрбиенің қайта жаңғыруына жол ашады.
М.Ж.Муслимов,
ҚР ДІА «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» РММ
исламды зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері