Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан–2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы діни ахуалға үлкен көңіл бөлді. Мемлекет басшысы атап айтқандай, «бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінің шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз.
Біздің Конституция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл – факт. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген болмайды. Ол дегеніміз – хаос. Барлығы да Конституция мен заңдар аясында болуға тиіс.Әркімнің таңдау құқығы бар. Діни таңдауға өте үлкен жауапкершілікпен қарау керек, өйткені, адамның өмірлік салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкіл өмірі соғанбайланысты».
Қазақстан Республикасының Конституциясында, 2011 жылы қабылданған дін туралы жаңа заң баптарында және адам құқы туралы актілер мен келісімдерде бекітілген азаматтардың сенім бостандығын іске асыруға кепілдік берілетіндігі, Қазақстан Республикасы басқа мемлекеттердің және азаматтығы жоқ азаматтарының жеке дара немесе басқалармен бірлесе отырып кез-келген дінді еркін ұстануына немесе ұстанбауына, сондай-ақ діни рәсімдерге қатысуға немесе қатыспауға құқылы екендігі, діни айқындалуға қатысты ешқандай мәжбүрлеуге жол берілмейтіні, діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлінгендігі туралы айтылды.
Бірақ, Елбасы атап өткендей, ождан бостандығы ерекше жауапкершілікті талап етеді. Қоғамдық пікірге қатысты жүргізілген әлеуметтік зерттеулерге жүгінсек, еліміздің тұрғындарын қазіргі діни ахуалдың алаңдататындығы байқалады. Әсіресе, Республикамыздағы дәстүрлі ислам және православие дінінің өкілдері жаңа діндердің таралуына қауіппен қарайтындығын аңғару қиын емес. Біржағынан бұл заңды да.
Тоталитарлық құрсаудан шыққан тәуелсіздіктің алғашқы жылдары діни сенімдердің шектелуін демократиялық нормалардың бұзылуы деп бағалаған болсақ, қазіргі кезде кейбір діни бағыттардың демократиялық принциптерге қайшы келетіндігі, тіпті адам құқықтарын елеп ескере бермейтіндігі анық болып отыр. Осыны ескерген билік экстремистік бағыттағы діни ұйымдарға тиым салды. Атеизмді мемлекеттік идеология ретінде жариялаған кеңестік жүйеден шыққан жас мемлекеттерде азаматтардың дін, діннің шын мәні туралы білімдері таяз болып шықты.
Сондықтан сыртқы бітімі «жалтырап» тұрған, ел басына түскен ауыртпалықты діни тұрғыдан интерпретациялаған «кірме» діндер етек жайды. Экономикамыз тұралап, рухани құндылықтар көмескіленіп қалған жылдары бұл жаңа діни бағыттар халықтың әлеуметтік аз қорғалаған топтарына гуманитарлық, мейірімділік, қаржылай көмек көрсету арқылы да өз торларына тартқаны жасырын емес.
Жиырмасыншы ғасыр жалпы тосын қайшылықтар дәуірі, солардың бірі – бүгінгі әлемде рухани жаңғырудың қосымша құрамдас бөлігі боларлық діні жоқ ұлт арагідік бөгде мемлекеттік жүйенің жемі болатындығы.
Қазіргі қоғамымызда орын алып отырған діни процестердің бәрі бірдей емес. ХХІ ғасырдың ақпарат және ақпараттық технологиялардың ғасыры екені белгілі, сондықтан қарсыласын бағындырудың басты құралы ретінде идеологиялық форматтар алдыңғы қатарға шығуда. Ал дін ең пәрменді идеологиялардың бірі екендігі талас тудырмайды. Әрине, жаһандану дәуірінде біздің әлемдік процестерден шет қала алмайтынымыз белгілі. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздіктің саяси-экономикалық ірге тасын қалады деп айта аламыз.
Сондықтан ендігі кезекте тәуелсіздігіміздің ақпараттық және мәдени-рухани аспектілеріне де жете көңіл аударуымыз қажет. Бұл тұрғыда дін мәселесінде де дәйекті әрі жан-жақты таразыланған саясат ұстанған абзал. Мемлекеттің тұрақты дамуының басты кепілі – қоғамдағы тұрақтылық. Сондықтан қазіргі таңда зайырлы мемлекет үшін азаматтық бірегейлік басты белгі болып табылғанымен, діннің де қоғамдық процестерге пәрменді ықпал ететінін естен шығармаған абзал. Елбасы Жолдауында гуманистік, демократиялық принциптер тек жарияланып қана қоймай, оларды әлеуметтік өмірдің барлық салаларында жүзеге асыру тетіктері де жан-жақты қарастырған.
Бұл тұрғыда Елбасы: «Конституциямызда артықшылықтардың бірі ретінде айқындалған ождан бостандығы, жай ғана, жансыз заңдылық ұстанымы емес, аса маңызды қоғамдық институттарының бірінің орасан зор рөлін мойындау деген сөз. Әрине, демократиялық мемлекеттердің діни қағиданы зорлап «миға шегедей сіңіруге» хақысы жоқ. Бұл Қазақстанның бүгінгі басшылығының берік байламы», – деп атап көрсетеді. Алайда, кейбір жаңа діни ағымдардың өздерінің діни ілімдері мен түсініктерін «зорлап «миға шегелей сіңіруге» талпынатындығы еліміздің тұрғындарын қынжылтады.
Еліміздің болашағы жастар дейтін болсақ, бұл мәселеге де бейжай қарауға болмайтыны түсінікті. Сондықтан мектепке және басқада оқу орындарына жақын жерлерде, сондай-ақ кәмелетке толмаған жас жеткіншектер арасында діни үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді шектеу қажет деп ойлаймыз. Мемлекет пен қоғам азаматтардың психикалық саулығына да аса көңіл бөлуі керек.
Өйткені жастардың көбі танымдық қызушылықтың салдарынан, сондай-ақ қарым-қатынастың, отбасы мен жақындарының оларға жеткілікті көңіл бөлмеуі салдарынан, яғни, өтпелі кезеңде туындайтын психологиялық қиыншлықтардың салдарынан да жаңа діндерге еріп кетеді. Осыған орай, мектептер мен басқа да оқу орындарында ұлттық тәрбие мен рухани жетілуге көп көңіл бөлуіміз қажет. Қазақстанның болашағы ұлттық мақсат-мүддемізге сай келмейтін діни идеялармен уланбаған, жан-жақты терең білімді жастардың қолында.
Мемлекетіміз бен ұлтымыздың болашағын ойласақ, діни сананы жетілдірудің жайы ойланатын-ақ жайт.
Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында былай дейді: «Дінінен айырылған халық ұлттық қасиетінен де ажырайды, ұлтсыздандырылған халық дінінен, ділінен айырылатыны белгілі. Ал үстемдік жасаған ұлт өркениеттер алмасуы, білім мен ғылым тарату сияқты желеумен кейде ашық, кейде жасырын түрде өз дінін, өз тілін енгізеді». Дін ұлт мәдениетінің ажырамас құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл аксиома. Алайда, діннің қоғам дамуындағы рөлін асыра әсірелеу де жақсылыққа әкеле бермейді.
Діни білімі терең адамдардың өзі әрқашан қоршаған ортаны тануға мүмкіндік беретін ғылымдарды игеруге үлкен мән берген. Сондықтан діни және зайырлы мәдениеттер бір-біріне қайшы келмейді, қайта бір-бірін толықтырып отырады. Өкінішке қарай, әр түрлі діндер ғана емес, бір дінді ұстанатын адамдардың өзі ымыраға келе алмай жатады. Мысалы, қазір ел тұрғындарының 70%-ға жуығы ислам дінін ұстанады деп жүрміз. Алайда, соңғы кездері мұсылман қауымының арасындағы ала ауыздықтың көрініс табатындығы да ақиқат жағдай.
Көп жағдайда бұл діни білімнің таяздығы мен біржақтылығынан, сонымен қатар, жергілікті халықтар дәстүріндегі исламның ерекшеліктерін дұрыс түсінбеуден туындайды. Исламның таралуы барысында жергілікті дәстүрлер мен ислам өзара бейімделу үрдістерін бастан кешірді. Ескі әдет-ғұрыптар мен дәстүрлердің ішінде исламның негізгі қағидаларына қайшы келмейтіндері сақталып қалды. Шариғат нормалары қазақ хандарының жарғыларына енді, үкім шығаруда қазылар Ханафи мазхабының үлгілеріне сүйенді.
Патшалық Ресей империясы қазақ даласын басқарудың түрлі ережелерін енгізіп, әлеуметтік өмірдегі ислам нормаларын ел басқару ісінен шеттетті. Кеңестік үкімет діннің аясын барынша тарылтты. Ресми идеология дінді кереғар құбылыс ретінде интерпретациялады. Мұндай жағдайда, дінді әлеуметтік құбылыс ретінде объективті тұрғыдан зерттеу мүмкін болмады. Қазіргі таңда шет елдерде (әсіресе, араб елдерінде) діни білім алып келген жастар арасында Қазақстандағы исламды сол елдердің дәстүрі тұрғысынан бағалап, түсіндіруге бейім топтар бар. Кей жағдайларда олардың бұл әрекеті түсініспеушілікке алып келеді.
Сондықтан білім беру жүйесінде сұхбаттық мәдениетке, басқаның көзқарасын бөліспеген күнде де оппонентіңді сыйлай білуге баулудың маңызы зор. Сонымен қатар қоғамдағы толеранттылық туралы айтқанда, Қазақстанды кеңестік және одан да бұрынғы заманнан бері мекендеп келе жатқан халықтардың арасындағы этноконфессиялық төзімділікті сақтауға көп көңіл бөлуіміз қажет. Толеранттылықтың тонын жамылып, қалыптасқан қарым-қатынасты бұзуға бағытталған әр түрлі діни ағымдардың әрекетін құқықтық тұрғыдан шектеу демократия принциптеріне қайшы келмейді.
Діни бірлестіктер мен ұйымдардың Қазақстан Республикасы заңдарын бұлжытпай орындауын, «басқаның үйіне өз заңдарымен кірмейді» деген принципті мұхит асып келген «адам жанының аңшыларының» санасына әрқашан құйып отыруымыз керек. «Есіктен кіріп, төрге озғысы» келетіндер осыны түсінгені абзал. Либерализм, демократия, толеранттылық абстрактілі идеяларға емес, нақты азамат пен еліміздің болашағына қызмет етуі қажет.
Тұрсын Ғабитов, Қайрат Затов,
философия ғылымдарының докторлары,
әл-Фараби ат. Қазақ ұлттық университеті профессорлары