Ислам дiні мен оның асыл құндылықтарына зиянын тигiзiп жүрген ұйымдардың бiрi – «Хизбут-Тахрир» партиясы. Арабша «Хизб» – ұйым, партия, ал «тахрир» – азаттық деген мағынаны бiлдiредi. «Хизбут-Тахрир» партиясының негiзiн Таки ад-Дин Набахани 1952 жылы Палестинада қалаған. Өз мүшелерiнiң санын көбейту мақсатымен ол партия атауына исламды да қосып, алдарына 13 жылда халифат құру мiндетiн қойды. Бiрақ көрсетiлген мерзiмде партия мүшелерiнiң саны өспедi, бiрде-бiр араб мемлекетiнде халифат құрылған жоқ. Дегенмен, бұл кезеңде партияның діни экстремистік идеясы қалыптасты деуге болады. Көптеген араб елдерiнiң өзi «Хизбут-Тахрир әл Ислами» партиясының идеясын құптамайды. Хизбутшылар ислам атынан таратқан әдебиеттердi (кiтапшалар, парақшалар және т.б.) мұсылман әлемiнiң ғұламалары мен дiндарлары мойындамайды, қайта оларды терiске шығарады.
Біраз уақыттан бері осы «Хизбут-Тахрир әл-Ислами» партиясы бiздiң мемлекетiмiздің мұсылмандары арасында да жiк салуда. Өкiнiшке орай, қазіргі кейбiр жастарымыз мәселенiң мән-жайына бармай терiс уағызға көзсiз көбелектей iлесiп отырып, олардың қатарына қосылып қалғанын аңғармай жүр. Қазақстан халқының көпшiлiгi мұсылмандар (70 пайыз) екенiне қарамастан олар жұртымызды «кәпiрлер елi» деп атайды. Жоғарыда аталған деректерге сүйенiп келе, аталмыш «Хизбут-Тахрир» партиясын Исламды бет перде еткен, халифатты аңсаушы, саяси утопиялы партия деуге толық негiз бар.
Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) халифат туралы:«Мен дүниеден өткеннен кейiн халифат 30 жылға созылады, содан соң әмiрлiк пен патшалық басталады» деген. (Имам Тирмизи мен Имам Ахмад ибн Ханбал риуаят еткен). Хадис шәрiпте:«Халифат құру Исламның басты мақсаты емес»,– деп атап көрсетiлген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ислам мемлекетi мен билiктi немесе халифат құру туралы емес, тек бiр Аллаға иман келтiрiп, шариғат заңдарын сақтау қажеттiгiн айтты. Осыдан көрiнiп тұрғанындай «Хизбут-тахрир» партиясының мақсаты Исламға кереғар, бұл ұйым қандай жолмен болса да тек саяси билiкке ғана жетудi көздейдi. Жалпыға белгiлi Ислам дiнi бiр Аллаға сенуге және ынтымақ пен бiрлiкке шақырады. Жаратушымыз Аллаһ Тағаланың Құран Кәрiмде:«Алла тартқан желiден (дiннен) бекем ұстап айырылмаңдар»(«Әли Имран» сүресi, 103 аят),– деген сөзі бар.
Аталмыш партия мүшелері өзидеяларын әуелі Израилмен соғыс жағдайындағы Иордания мен Мысырда және Израилды жек көретін Ливия мен Сирияда таратуға әрекеттеніп бақты. Бірақ, Мысыр мен Израил бітімге келіп соғыс аяқталған соң, жағдай өзгеріп Мысырдың муфтилері «Хизбут-Тахрирдің» ұстанған жолы «Әһлі сүннә уәл жамаға» сеніміне сай келмейтіні туралы бірқатар фәтуәлар шығарып, ұйымның жұмысына тиым салынды. Сәтсіздікке ұшыраған хизбшылар өз бақтарын бірнеше ғасыр бойы халифаттық жүйені ұстанып келген Туркияда сынап көруге әрекеттенді. Бірақ, ханафи мазһабын ұстанатын түріктер жат ағымды жанастырмады. Кейбір мәліметтерге сүйенетін болсақ, олар өз бақтарын Кувейтте де сынап көрген. Бірақ, кувейттіктер оларды маңайларына да жолатпады. «Хизб-ут-тахрирдің» бағы Совет Одағы Ауғанстанға өз әскерін кіргізгеннен бастап жана бастады. Соғыс жағдайын пайдаланып, «Кәпірлерге қарсы жихад жариялау» ұранын малданған хизбутшылар өз қатарларын молайтып, біршама танымал болып алды. Сөйтіп, 1988 жылдан бастап «Әл-уаъй» (Сана-көзқарас) деген журнал шығара бастады. Штаб-квартирасы Ұлыбританияның Лондон қаласында, ТМД-ның барлық республикаларында жасырын бөлімшелері бар. «Хизб-ут-тахрир» көсемдері өздерінің шығаратын шешімдерін шариғат ережелеріне емес, өз саяси көзқарастарына негіздеп шығарады.
«Хизб-ут-тахрир» ұйымының ұстаған бағыты мен мақсаты әлем жұртшылығын алаңдатып, діндер арасында іріткі салуды көздейтіндіктен, бірқатар елдер, атап айтқанда, Таяу Шығыстағы көптеген мемлекеттер, сондай-ақ, Иордания, Сирия, Пәкістан, Ресей, Германия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, тағы басқа елдер аталмыш ұйымның өз елдері аумағында қызмет етуіне ресми түрде тыйым салды. Ал енді 2005 жылдың 28 наурыз күні Бас прокурордың ұсынысы бойынша Астана қаласының соты «Хизб-ут-тахрир» ұйымын экстремистік ұйым деп танып, оның Қазақстан аумағында қызмет етуіне тыйым салу туралы шешім шығарды.
Хизбутшылар өздерінің мүшелеріне немесе басқа мұсылмандарға «Хизб-ут-тахрир» дегеніміз – Ислам, Ислам дегеніміз – Хизб-ут-тахрир» деп сендіруге тырысады. Мұның астарында өздерінің қатарын қалайда көбейту секілді жымысқы әрекет жатқанын қарапайым мұсылман аңғармай қалуы бек мүмкін. Олардың сөздеріне еріп, тобына кіргендер, адасып жүргендер баршылық. Кейбіреулері берілген бұйрықты орындаймын деп, өз іс-әрекетіне ие бола алмай, ессіздікке ұрынады, тіпті өлім құшып, жанкешті атануы да ғажап емес. Осындай оспадар әрекеттер қоғамдағы қалыптасқан ынтымақты бұзып, оның соңы орны толмас өкініштерге апарып соғады. Бұл жайларды алысқа бармай-ақ, көршілес жатқан мемлекеттерде кезінде орын алған қайғылы оқиғалардан көруге болады.
Сонымен, қазақта «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген мәтел бар. Бұл мәтелді бүгінде еліміз аумағында көрініс беріп тұратын хизбутшылардың ынтымақты бұзуға бағытталған іс-әрекеттеріне қаратып айтқан жөн шығар. Өйткені, олар қатарына діни сауаты шамалы, діннен де, саясаттан да алыс жатқан жастарға үйір келеді. Ал енді Исламнан мағлұматы мол адамдар хизбутшылардың алдауы мен арбауына түспейді.
Болат Кәрім