Мамырдың 1-і күні АҚШ президенті Барак Обама әлем жұртшылығы алдында сөз сөйлеп, он жылдан астам уақыт бойы дүниені «ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында» ұстап келген №1 лаңкес Осама бен Ладенді құрыққа түсіріп, көзін жойғандарын паш етті. Мыңдаған адамның, соның ішінде жазықсыз сәбилер мен әйелдердің өліміне себепші болған, атышулы 11 қыркүйек оқиғасын ұйымдастырушы қанішердің көзі жойылуы дүниежүзілік лаңкестік ұйымдардың басын қосып, бір орталықтан басқарып отырған «әл-Каида» тобына жасалған орасан соққы екендігін айтты. Баракты қоштап, Израиль премьері Биньямин Нетаньяху, Ресей президенті Д.Медведев, Британ премьері Дэвид Кэмерон да әлем бұл күн Дәджалдан құтылғандай, бір жеңілдеп қалғандарын бірауыздан мәлімдеп жатты.
Қош, сонымен бүкіл дүние болып қол біріктірсе де, осыншама уақыт ұсталмай жүрген Бен Ладен кім еді? Оның құрған, атынан атан түйе үркетін «Әл-Каида» ұйымы қандай құрылым? Бұндай лаңкестік ұйым шынымен бар ма? Әлде кейінгі кездері көп айтылып жүргендей, бұрын АҚШ және батыс елдері КСРО-ны «әлемге қауіп төндіруші, дүниені қопарушы құбыжық» деп атап келсе, Одақ құлаған соң, адамзатты үрей астында ұстау үшін өздері ойлап тапқан аты бар да, заты жоқ «құбыжықтың» бірі ме?
«Википедия» виртуалды энциклопедиясына көз салсақ, «әл-Каида» сөзі «іргетас», «негіз» мағынасын беретіні, идеологиясы – Исламның уаһабшылық бағыты екені, 1988 жылы құрылғаны, төрағасы – Осама бен Ладеннің өзі екендігі, Таяу Шығыс пен Африканың бірқатар елдерінде, тіпті Еуропаның өзінде бөлімшелері жұмыс жасайтыны, бірнеше содырлар ошақтарының басын біріктірген мұсылман «фундаменталистерінің» аса ірі лаңкестік желісі болып табылатындығына көз жетіземіз. 1998 жылы Кения мен Танзания елдерінде орын алған ірі жарылыстарды, Барак Обама айтқандай «Американ халқы тарихындағы ең сұмдық лаңкестік әрекет» деп баға берілген 9/11 оқиғасын ұйымдастырушы сол екен. Кейбір мәліметтер бойынша, Ауғанстандағы бір үңгірді мекен еткен Осама бен Ладен сол жерден әлемнің түкпір-түкпіріндегі қол астына қарайтын түрлі лаңкестік ұйымдарға «Ана жерді жар, мына елде лаңкестік жаса, анау мемлекетте бүлік сал, халқын билікке қарсы қой» деп бұйрық беріп отыратын болған екен. Интернетті де, телефонды да қалай пайдалану керектігін білмесе де, үңгірде отырып осының бәрін қалай қалтқысыз атқарғандығының өзі бір құдірет. Қалай дегенде де, батыс ақпарат құралдарының дәл осындай тисе терекке, тимесе бұтаққа бағытталған мәліметтерінің арқасында, Әл-Каида – бұрын-соңды болмаған ең сойқан лаңкестік ұйым, Осама бен Ладен – әлемнің нөмірі 1-ші лаңкесі деген түсінік әрбір адамның миына әбден сіңді. Әсіресе, ғайыпқа сенбесе де, сенсациялық жаңалықтарға сенетін батыс жұртшылығы әл-Каида деген атты естіген сайын Исламға үрке қарап, мұсылмандардың бәрін «лаңкес» дейтін дәрежеге дейін жетті.
Ал енді шындықтың жүзіне тура қарап, осы айтылған мәліметтерді ақиқат таразысына салып, ойша бағамдап көрелік: әл-Каида деген лаңкестік ұйым шынымен бар ма, жоқ па? Жер бетін кезіп жүрген лаңкестік елесі аңыз ба, ақиқат па?
Шыны керек, соңғы уақыттары әл-Каиданың ойдан шығарылған ұйым екенін айтып, тау-тасты паналап жүріп-ақ, Американың өзін тақырға отырғызып кететін мұндай шебер содырлардың болуы мүмкін емес деп пікір білдірушілер қатары күрт арта бастады. 2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йорктегі Бүкіләлемдік сауда орталығының екі егіз ғимаратын құлатып, бұрын-соңды болмаған алапат жасап, 10 жыл бойына ұсталмай жүретін ол неғылған елес?
Осылай деп пікір айтқандардың бірі – Сирия президенті Башар әл-Асад. «Әлемде болып жатқан ірі-ірі терактілердің бәрі «беймәлім» әл-Каиданың атына жабылып, таңылып жатыр. Ал сондай ұйым бар ма өзі? Бар болса, неге оны біз көрмейміз? Неге оның бірде-бір мүшесі ұсталған жоқ? 11 қыркүйек оқиғасына кінәлілер неге әлі күнге табылмай жатыр? Бұл жерде бір шикілік бар. Терактілерді жасап жатқан әл-Каида емес, басқа күштер», – дейді ол.
Сирия басшысының бұл сөзін Би-би-си түсірген «Құбыжықтар билігі» деректі фильмі де растайды. Үш бөлімнен тұратын фильмнің мазмұны бойынша, әл-Каида – АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Буш пен бұрынғы Британ премьері Тони Блэрдің ашқан «жаңалығы». Бұл батыс алпауыттары мұнайға бай мұсылман елдеріне жорық жасау үшін дәл осындай себеп-сылтау тапқан. Яғни «Таяу Шығыста аса ірі лаңкестік ұйым күшейіп жатыр, онымен күреспесе болмайды, бұл бүкіл әлем халқына төнген қауіп» деп, өздері жасаған жарылыстардың бәрін әл-Каидаға арта салады да, сосын қалаған еліне әскер кіргізе береді. Аталмыш фильм барысында АҚШ-тағы егіз ғимарат пен Пентагонға құлаған ұшақтар оқиғасын да Американың өзі ұйымдастырған болуы керек деген түйін жасалады.
Қазіргі күні әлемнің 108 елі өз аумақтарында ешқандай әл-Каида деген ұйымның барын көрмегендігін, бұл ғаламдық қауіптен аман екендігін айтып отыр. Сонда әл-Каида қайда?
Қазақтар кішкентай балалары тентек боп жатса: «Бөжей келе жатыр» деп қорытатыны бәрімізге белгілі. Бұл сөзді естіген жүгірмектер қайда тығыларын білмей, зәресі қалмайды. Батыстың да айтып отырған әл-Каидасы – осындай бір қорқыту құралы болуы ғажап емес.
Ұзақ жылдар түрік барлау қызметін басқарған Махир Кайнак былай дейді:
– Мына дүниеде ешқандай да әл-Каида дейтін ұйым болған емес. Қазір де жоқ. Егер ол бар болса, АҚШ-тың арнайы қызметі оны баяғыда-ақ қолға түсірген болар еді. Тіпті әл-Каида дегенің – сол барлау қызметінің өзі. Өйткені, 9/11 оқиғасы секілді ірі лаңкестік әрекеттерді жәй бір ұйым жасауы мүмкін емес, оны қуатты мемлекет қана жасай алады.
Осама бен Ладеннің де ұзақ жылдар артына бір із қалдырмай жасырынып жүруі ақылға сыймайды. Ол туралы ертегінің бәрі – Исламды әлем өркениетіне қауіп төндіретін құбыжық дін етіп көрсетудің амалы. Сонымен бірге, әрбір жасалған лаңкестік әрекет – АҚШ-тың жаңа бір жорыққа шығар алдындағы дайындығы. Мәселен, 11 қыркүйек оқиғасы болмағанда, АҚШ Ауғанстан мен Иракқа оңай басып кірмес еді…
Иә, бұл пікірдің де жаны бар.
Сонымен, не болса да №1 лаңкес өмірден озды. Осаманың өлгендігін дәлелдейтін денесі халыққа көрсетілмесе де, Обаманың АҚШ жұрты алдындағы беделі өсіп шыға келді. Оны осы күні көшеге шыққан мыңдаған американдықтардың қуанышты шеруінен анық байқаймыз. Ал Осама бен Ладеннің денесін Ислам «дәстүрі» бойынша сол күні-ақ қара жер қойнына беріпті. Және біреулер зиратына табынып кетпесін деп, жер бетіне емес, Араб теңізінің түбіне жерлепті…
Американ президенті өз сөзінде Осама бен Ладеннің өлімі АҚШ-тың ішкі және сыртқы лаңкестікке қарсы күрес шараларын тоқтатпайтынын мәлімдеді. Басшысының көзі жойылғанымен, әл-Каида әлі бар деді ол. Бұл АҚШ қойып жүрген концерттің әлі бітпегендігін аңғартады.
Біз бұл мақаламызда әл-Каида мен АҚШ-қа қатысты кесіп-пішіп пікір айтудан бойымызды аулақ салуға тырыстық. Алайда соңғы 10 шақты жыл ішінде әлем «қожайыны» АҚШ тарапынан жасалынып жатқан іс-әрекеттер мен әскери жорықтардың астынан шикіліктің молынан шығып жатқаны, Буш бастап, Обама қостап, әлем қауымдастығы алдында лаңкестік пен Исламды «егіз» қылып жібергендігі, 9/11 оқиғасынан кейін Бен Ладен деген елес пайда болып, дәл сол елес күйінде өмірден озғандығы, әл-Каиданың басқаның көзіне көрінбей, тек АҚШ-тың ғана көзіне көрінетін сиқырлығы бізді бей-жай қалдырмай, осы жағдайлардың астарынан Ислам дініне келетін нұқсанды көргендіктен, оқырманға өз ойымызды жеткізгіміз келді.
Әлбетте, қазіргі әлемде лаңкестік қаупі бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, әл-Каида лаңкестік тобы әлем аренасында пайда болғанда Қазақстанда да оған ресми тыйым салынды. Жер әлемнің әр жеріндегі жарылыстар, қаншама адам өмірін жалмап жатқан содырлық әрекеттер лаңкестік қаупіне селсоқ қарамауды талап етеді. Алайда, біз көбіне сол терактілердің артында кім тұрғандығы туралы ойлана бермейміз. Бұл мұсылмандарды қаралау үшін арнайы ұйымдастырылған саяси ойын емес пе деп ой жүгіртпейміз. Атышулы әл-Каида да батыс алпауыттарының өздерін сүттен ақ, судан таза етіп көрсетіп, әлемдік демократияны орнатушы қылып танытулары үшін ойлап тапқан жоспарлы ертегісі болуы әбден мүмкін.
P.S. Бүгінде Осама бенЛаденніңөлімін әлемнің ақпарат құралдары жаппай талқылау үстінде. Небір қым-қиғаш пікірлердің майданы қыз-қыз қайнап жатыр. «Көзбен көрген – рас, құлақпен естіген – өтірік» демекші, бірде-біреуіне сенгің келмейді. Б.Обама алғашында берген уәдесінде тұрып, бен Ладеннің денесін көрсеткенде, «әлем қауіпті лаңкестен құтылды, енді жер-жерде болып жатқан жарылыстар азаяр» деп қуанар едік.
Қалай десек те, Осама бен Ладен ХХІ ғасырдың ең «жұмбақ» адамдарының бірі болып тарихта қалды. Ол туралы әлі талай жазсылар, бірақ бұл бізге мәңгі құпия күйінде қала бермек. Бізге белгілі бір-ақ нәрсе бар: ол келесі жылы АҚШ-та өтетін президент сайлауы қарсаңында Барак Обаманың ел алдындағы беделі өсіп шыға келгендігі…
Ескендір Тасболат,
«Ислам және өркениет»