«Жиһад» не? «Шәһид» кім?
2005 жылдың күзі. Жаймашуақ күні. Мысырдағы Синай түбегінің оңтүстік шығысында орналасқан Шарма әл-Шейх туризм қаласы. Қызыл теңіздің жағалауына орналасқан бұл қаланың әуе-жайына досым екеуміз бір жерлесімізді күтіп алу үшін сонау Каирден келген едік. Ұшақтар әр 15 минут сайын қонып жатыр. Біздікі уақытынан жарты сағат кешігуде. Бір кезде біз күткен ұшақтың да қонғанын хабарлады. Мен досыма:
– Қазір әлгі кісі шыққанда мына көпшіліктің ішінен адастырып алмайық, сіз осы жерден, мен анау жерден күтейін, – деп топырлаған адамдардың екінші жағына шықтым. Бір уақытта қазақстандық туристер де көріне бастады. Олардың ішінен спорттық жеңіл киініп алған бір жас жігіт ақырын ғана бөлініп, оқшауланып қала берді. Қимылы шапшаң, спортпен айналысатыны байқалады, бірақ жан-жағына жалт-жұлт қарай берді. Бір уақытта менің қазақ екенімді байқады ма, жаныма келді де:
– Қазақстандықсың ба? – деп орысша араластырып сөзге тартты. Елді қатты сағынғандықтан ба, онымен тілдесе кеттім. Сөйтсем, ол қыдыру үшін емес, діни тәлім алу үшін келіпті. Менен Каирге қалай жету керек екенін сұрамақшы екен. Осылай екеуара жөн сұрасып тұрғанымызда, жанымызға аққұба жүзді тағы біреу келді. Қимылы біртүрлі, көзге тік қарамайды, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды. Ол әлгі жігіттің бірге келе жатқан алматылық серігі болып шықты.
– Әлгі кісі кешікті ғой, ең соңында шықпаса болды?– деп досым жанымызға келді.
– Мына алматылық бауырларымыз оқу іздеп келіп қалған екен…– дей бергенім сол еді.
– Қайдағы алматылық, мен жаңа ғана: «Қазақстандықсың ба, қазақсың ба?» деп сұрағанда: «Жоқ, Бішкектенмін» деген жоқсың ба?» – деп досым әлгінде ғана топтың арғы жағында онымен сөйлескенін айтып, бейтаныс «жерлесімізді» сөзінен ұстады. Ол ештеңе айта алмай қипақтап қалды. «Діни оқу іздеп келе жатып та жалған айтқан бұл қандай жан?» – деген ой келді.
Ол екеуі Каирге жету жолын көрсетіп жіберуімізді өтінді. Біз тәптіштеп әбден түсіндіріп бердік. Көп жылдар бойы Каирде оқып жүгенімізді білген әлгі «спортсмен» қолын бір-біріне соғып:
– Ахи (бауырым дегені)! Бұл жақтан Жибутиға қалай жетуге болады?– деп сұрады.
– Оны білмеймін. Ол жақта нең бар?– дедім,
– Ислам революциясы, жиһад болып жатыр. Ислам мемлекеті құрылады. Арманым – сондай мұсылман елде өмір сүру, – деп лепірді. Досым екеуміз бір-бірімізге қарадық. Сонда қалай болғаны, Африкадағы артта қалған, тұрақсыздық орын алған, аумағы еліміздің бір облысына да жетпейтін Жибути жастарымыздың арманына айналған мұсылман елі екен де, ата-бабамыз мұсылманшылықты ұстанып, бізге мұра етіп қалдырған, кіндік қанымыз тамған туған жеріміз Қазақстан мұсылман елі емес пе?
Сол жерде дереу райынан қайтаруға әрекет жасап, екеуіне білгенімізше насихат айттық. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қазақ. Бейбарыс бабамыз да Мысырды 23 жыл билеп, соңында елге қайтып бара жатып Дамаскде дүние салған. Сендер, Каирде қалып оқитын болсаңдар, бұл елдегі Қазақстан Республикасының елшілігіне барып консулдық бөліміне тіркелулерің керек, – деп білгенімізді айттық.
Содан үш-төрт ай өткеннен кейін Мысырдың қауіпсіздік комитеті екі Казақстан азаматын студенттер арасында жиһадқа шығуды үгіттегендері үшін құрықтап, біраз уақыт қамауға алып, Қазақстанға депортация жасағанын естідік…
Кей мұсылман елдеріндегі жағдайды жақсарту, биліктің мұсылмандар қолына өту жолында жасалып жатқан талпыныстарға еліміздің мұсылман жастарын тарту, олардың бастарын қатырып, бұл «Аллаһ жолындағы жиһад!» деген түсініктер пайда болуда. Бұл мәселе бүгінгі таңдағы маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. Расында осы мәселеге жастарды үгіттеу, оларды белсенді түрде қатысуға насихаттау еліміздің дипломатиялық қарым-қатынастарына, әлемдік аренадағы қол жеткізген беделіне, ұлттық қауіпсіздігімізге кері әсерін тигізеді. Мұндайлардың Сирияда, Шешенстанда, Ауғанстанда да жиһадқа қатысуға барғанда қолға түсіп БАҚ-да оқта-текте көрсетіліп жататыны баршаға мәлім. Біздің жастар не үшін осындай іс-әрекеттерге баруда? Оларды не итермелейді?
Бұған қырағылықпен, аса байсалдылықпен қараған жөн. Мұндай көзсіз сорақылықтың басты себебі өзін өлім бәйгесіне тіккен әрбір жанның шәһидтік дәрежені аңсауы. Бірақ, олардың басым көпшілігі сол «шәһид» терминінің мән-мағынасын байыптау бермейді. Енді осы «жиһад» және «шәһид» сөздеріне түсіндірме жасап көрелік.
«Жиһад» сөзінің ұғымы өте ауқымды, әрі бұл сөзді араб тілінен қазақшаға аударғанда белгілі бір мақсатқа қол жеткізуге тырысу, сол жолда күресу, бар қажыр-қайратымен, ынта-жігерімен ең қымбат саналатын уақытын, дәулетін, тіпті жанын да сол мақсатқа жетуге арнау жайында деп айтылып та жазылып та жүр. Негізінде мұндай түсінік «Жиһад» сөзіне тілдік тұрғыдан қарағанда қалыптасқан. Ал енді бұл сөзді Ислам дінімен байланыстырып діни сенім-наным тұрғысынан қарайтын болсақ, онда «Жиһад» дегеніміз адамзат баласының Жаратушы Хақ тағаланы дұрыс танып-білуіне, Оның бұйырғандары мен тыйымдарын орындауда, дінді еркін түрде толық ұстануға мүмкіншілік тудыруға кедергі болатын тосқауылдарды барынша, әрі мүмкіндігінше жою. Осы кедергілерді жою жолында әрбір мұсылман ақыл-санамен, денемен, мал-мүлкімен өз үлесін қосуға міндеттелу дегенді білдіреді.
«Жиһад» сөзі мұсылмандардың қасиетті кітабы Құран Кәрімде отыз бес рет әр сүреде әр түрлі мағынада айтылады. Осы аяттардың төртеуі ғана көпшілікке үрей салатын қолға қару-жарақ алып дін дұшпандарына қарсы тікелей соғысу мағынасында келген. Ал қалған аяттарда басқа мағыналарда қолданылған. Бұл туралы БАҚ бетінде дін қайраткерлері талай рет дәйекті түрде мақалалар жариялаған.
Мен, Исламның атын жамылған, исламға қарсы бағытталған диверсия құралына айналған, өздерін «Ахмади мұсылман» жамағаты немесе қозғалысы деп атайтын ағым сияқты «жиһадты» түбегейлі жоққа шығарудан аулақпын. Ұлыбританияның демеуімен құрылған, орталықтары Лондонда орналасқан бұл жамағат «Исламда жиһадтың күні өтіп кеткен. Дін, мемлекет, халық және отан үшін соғыстар аяқталған» деп ұрандатып, мұсылмандарды мәңгүрттікке, жасқаншақтыққа, батыстың алдында бұға беруге шақырады .
Ғұламалар жиһадты жалпы екі жолмен қарастырады. Біріншісі майдандағы жиһад. Ол шайқаспен, қолмен, тілмен, жүрекпен іске асады. Екіншісі бейбітшілікте адам өз нәпсісі және шайтанмен күресу .
Алғашқысы – дипломатиялық жолдармен келіссөзге келу әрекеттерінің барлығы пайда бермей, амалсыздан баратын соңғы шара. Егер қарсы жақ соғысты тоқтатып, келіссөз сұраса, мұсылмандар да соғысты тоқтатып, келіссөзге келгендері жөн. «Егер олар келіссөзге, бейбітшілікке қол созса, сен де соз»
Исламда майдандағы қарулы жиһадқа тек төмендегі жағдайларда ғана рұқсат етіледі:
1. Қорғану мақсатында. Мұсылман еліне жау шапқан жағдайда әрбір мұсылман ер мен әйелге жиһадқа шығу парыз болады. Құранда: «Сендермен соғысқандарға қарсы сендер де Аллаһ жолында соғысыңдар. Бірақ шектен шықпаңдар. Аллаһ Тағала шектен шыққандарды жақсы көрмейді» -делінеді .
2.Мұсылман еліне шабуыл жасайтыны нақты анықталған дұшпанға бірінші болып шабуыл жасап, соғыс тактикасын қолдану.
3.Елбасы соғысқа шығуды бұйырған жағдайда.
Бірақ соғыстың жоғарыдағы түрлерін жеке тұлға немесе жеке тұлғалардан құралған топ «жиһад» деп жариялай алмайды. Оны тек қана мемлекет және оның басшысы жариялайды.
Сондай-ақ, сауатсыздық, әлсіздік, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, ерік-ойға, санаға жасалған шектеулер сияқты жаратушы мен адамның арасындағы бөгеттерді жою үшін жасалатын барлық іс-шараға да «жиһад» делінеді. Егер қандайда бір қоғам осы айтылған келеңсіздіктерді түзетсе оны сырттан жау алмақ түгілі, ешкім де оған шабуыл жасауға да шешілмес еді.
Екіншісі – мұсылман адам нәпсісінің, шайтанның алдауында, жетегінде жүрмейді. Нәпсісінің азғындаған уақытында Аллаһ тағалаға құлшылығын ұмытпай, ғибадатқа жақын болады. Нәпсісінің азғыруына қарсы төтеп беру үшін Аллаһ тағаланы көп зікір етіп, Құран Кәрімнің мән мағынасын түсінетіндей көп оқып, әрдайым Аллаһ тағалаға дұға етеді. Нәпсі мен шайтанның азғыруынан мүлде құтыла алады деп айта алмаймыз, дегенмен, бұл шариғи үкімдер адам бойына сіңіп тура жолдан адаспайды деген үміттеміз. Ізгі амалдар нәпсі мен шайтанның адамға деген ықпалын жоғалтуға көмекші құрал бола алады. «Ал олар қашан арсыздық істесе не өздеріне зұлымдық жасаса, Аллаһты естеріне алып, күнәларының жарылқануын тілейді. Күнәларды Аллаһтан басқа кім жарылқайды. Сондай-ақ олар істеген істеріне біле тұра қасарыспайды» . «Тақуаларға шайтан тарапынан бір сыбыс тисе, олар Аллаһты еске алады да қырағылық істейді» . «Әлде кім Рахманды еске алудан көз жұмса, оған шайтанды ерікті қыламыз да сонда ол, оның жолдасы болады» . Нәпсінің азғыруының бір әсері көрінген уақытта Аллаһ тағаланы еске алып, Одан кешірім тілеп, қорған іздеп паналайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мен сахабалардың бекем ұстанған әдістері осылай болған. Міне осындай әдіс жолдар олардың Аллаһ тағала ризалығына жетуіне себепші болған.
Ал егер мұсылмандар өздерін өздері түзетпеген жағдайда, дүниенің түпкір-түпкіріндегі мұсылмандардың хал-ахуалы күн өткен сайын нашарлап, қазіргідей аянышты жағдайға түсе бермек. Міне сондықтан әрбір мұсылман ең алдымен сыртқы емес ішкі өз бойындағы кемшіліктерімен күреспесе, істеген іс-әрекеттің барлығы дерлік нәтижесіз бола бермек.
Имам Әбу Ханифа мәзһабының танымал кітаптарының бірі «Ихтияр» кітабында «шәһид» сөзінің терминдік мағынасына былайша тоқталған: «Шәһид дегеніміз – мүшріктер өлтірген немесе соғыста жарақат алып өлген және бір мұсылманның қолынан зұлымдықпен қаза тапқан адам».
Шәһидтік ұлы дәреже. Себебі, қасиетті Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 154 аятында: «Алла жолында өлтірілгендерді (шәһидтерді) олар өлі демеңдер, олар тірі, бірақ сендер сезіп біле алмайсыңдар», – десе, «Әли Имран» сүресінің 169 аятында: «Алла жолында өлтірілгендерді өлі деп ойлама, әрине олар тірі. Раббыларының жанында олар ризыққа бөлендіріледі», – деп ашық баян етіледі.
Ұлы Рахманның жанындағы шәһидтердің мәртебесін және ол бақытты иеленушілер жөнінде Пайғамбарымыз (с.а.у)-нан келіп жеткен хадистер көп. Әбу Һурайра (р.а): «Алла елшісі (с.а.у): «Шейіттер беске бөлінеді: оба (немесе сол сияқты жұқпалы) дертке ұшырап бақилық болғандар, іш ауруына шалдығып көз жұмғандар, суға батып өлгендер, қираған үйдің астында қалып қаза тапқандар және шыбын жанын Алла жолында пида еткендер», – деп айтты», – деген. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (с.а.у) тарапынан жәннатпен сүйіншіленген ардақты он сахабаның бірі Сағд ибн Зәйд ибн Амр ибн Нуфайл (р.а): «Алла елшісінің (с.а.у): «Дүние-мүлкін қорғап өлген адам шейіт, өзін-өзі қорғаймын деп ажал құшқан адам да шейіт, дін жолында қаза тапқан да шейіт, сондай-ақ, отбасы бала-шағасын қорғап көз жұмған да шейіт болып табылады», – деп айтқанын естідім», – деген.
Шәһидке негізгі үкім ретінде Ұхыд соғысында қайтыс болған мұсылмандарды аламыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Шәһидтерді жараланған жараларымен, аққан қандарымен қосып ораңдар, ғұсыл алдырмаңдар. Өйткені олар қиямет күні қан аққан күйінде тіріледі. Қанның түсі секілді түсі болады. Бірақ исі мисктің исіндей болады». Қандай да бір осындай бір халмен қайтыс болса және зұлымдықпен өлтіріліп, құны төленбесе онда ол шәһидтің үкіміндей болады. Және қандай да бір мұсылман мұсылманның қолынан зұлымдықпен қаза тапса немесе жол тосушылар, ұрылар өлтірсе де ғұсыл алынбайды. Өйткені, Әли (р.а.) Сффын соғысында қаза тапқан сахабаларды жуындырмаған. Пайғамбар (с.ғ.с): «Қандай да бір адам өлтірілсе, оған құн төленбесе ол шәһид» деген. Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша шәһид ақыл-есі бүтін, балиғатқа толған және таза болуы керек. Оның себебі, Ханзалы Ибн Амр соғыста жүніп болып қайтыс болады. Сонда періштелер оны жуындырады. Аталған оқиға бізге үйрету ретінде жүзеге асырылды. Демек, бұл жалпыға айтылған хадистен жекеленіп алынған үкім.
Көптеген діни кітаптарда шәһидтік дәреже туралы ақпараттар келтірілген. Мәселен:
1. Дінін үйренуге және үйретуге барар жолда өлген адам шәһид болады. Хадисте былай делінген: «Дінін үйрену, үйрету және тарату жолында өлген адам шәһид болады». (Ибн Асакир)
«Әмри маруф (діннің әмірлерін, жақсылықтарды үгіттеп) және нәхии мункәр (күнәлардан, жамандықтардан тыйылуды насихаттау) кезінде өлген адам шәһид болады». (Ибн Асакир)
«Тәрк етілген бір сүннетімді жандандырған адамға жүз шәһид сауабы бар». (Хаким)
«Фитнә заманында сүннетімді ұстанғанға жүз шәһид сауабы бар». (Хаким)
2. Намазын дұрыс оқыған адам шәһид болып жан тапсырады. Хадисте былай делінген: «Бес уақыт намазын дұрыс оқыған адамға әрбір күні үшін мың шәһид сауабы беріледі». (Тәрғиби Хадими)
3. Дәретпен жүріп дүние салған адам шәһид болады. Бір хадис шәрифте: «Дәретпен өлген мұсылман шәһид болады», – делінген. «Дәйләми»
4. Алла тағаланың жолында шәһид болып өлуді қалаған адам да шәһидтік дәрежені иелене алады. Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның хадисінде: «Алла тағаладан ықыласпен шәһид болуды тілеген адам төсегінде өлсе де шәһид болады». (Муслим)
«Шәһидтердің көбі төсекте өледі. Соғыстағылардың ниетін тек Алла тағала біледі» (имам Ахмад)
Халық арасында соғыста көз жұмған барлық адамдарға шәһид, тірі қайтқандарға ғази делінсе де шынайы шәһидпен, шынайы ғазиді тек Алла тағала біледі. Иманы бар адам ғана шәһид және ғази болады. Басқалардікі көріністе ғана сондай. Ғазилік және шәһидтік өте үлкен мәртебе. Құран Кәрімде былай делінеді: «Иман келтіріп Алла жолында хижрат еткендер, жиһад еткендер және бұларға қамқор болып, көмек бергендер, міне шынайы мұсылман осылар». Мұсылман әйелдің жәннатқа кіруі, шәһид болуы жеңілдетілген. Әйел салихалы болып, күйеуіне мойынсұнса жиһад сауабына қауышады. Хадисте Алла елшісі (с.а.у): «Мұсылман әйел бес уақыт намазын оқыса, Рамазанда оразасын ұстаса, күйеуіне мойынсұнса, намысын қорғаса жәннатқа қалаған есігінен кіреді», – деп айтқанын Ибн Хиббан жеткізеді. Сондай-ақ, «Жүктілік кезінде, босанарда немесе босанғаннан кейін өлген әйел шәһид болады», – делінеді. Осыған ұқсас тағы бір хадисте Алла елшісі (с.а.у): «Мұсылман әйел жүкті кезінен босанғанға дейін және сәбиін емізуден шығарғанға дейін Алла жолындағы күресуші секілді болады. Дүние салар болса шәһид дәрежесінде болады»
Соңғы жылдардағы мұсылман елдеріндегі болып жатқан соғыстар, сол елдің мұсылманшылықты сауатты түрде түсінбей, оны дұрыс орындамай, Ислам қойған шеңберден шығып кеткендерінің салдарынан болып жатыр десек артық айтпаған болар едік. Ауғанстанда, Сомалида, Жибутида, Шам елдері (Сирия, Иран, Ирак) т.б. елдердегі қан төгістер әлемдік және сол мемлекеттердің ішкі саясаттары салдарынан болып жатқан әрекеттер. Бүкіл Ислам әлемі мұсылмандарына парыз болатындай «жиһадқа» жатпайды. Олай болса, оның қазақстандық жастарға қандай қатысы бар?
Бүгінгі таңда дініміздің жаулары Исламға және мұсылмандарға өз кесірлерін тигізіп, мұсылмандарды Исламнан алыстататып, көңілдерін суыту әрекеттерін уақыт өткізбестен жүзеге асыруда өз күштерін салып бағуда. Мұның бәрі мұсылмандарды бір-біріне айдап салу, діни топтарға бөліп іштей іріткі салып, елдегі ішкі татулықты бұзу, жас ұрпақты өздеріне тарту, араларында ұрыс-тартыс шығару, т.б. жолдармен іске асатыны айтпаса да белгілі.
Ислам бейбітшілік пен тыныштыққа шақырады, соғысты басқалар таңған қажеттілік, себеп ретінде ғана қарастырады» .
Мұсылман жамағатының назарын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисіне аударсақ, Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.): «Денеде бір ет бөлшегі бар, егер ол жақсы, түзу болса бүкіл дене жақсы болады. Ал егер ол бұзылса бүкіл дене бұзылады. Біліп қойыңдар ол – жүрек»-деген болатын. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл сөзінен кейін мұсылманның жүрегін дұрыстау жолы үлкен жиһад болмағанда не болды? Мұсылман кісі ойлау арқылы бұл ақиқатқа жеткеннен кейін оны орындауға тырысып, Ислам әдебіне сай, әрі шарттарына қатты көңіл бөлуі тиіс. Өз бойында түрлі кемшілік бола тұра, басқаларды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйған адам тура жол көрсеткендігі үшін сауап алғанымен, өзі жақсылықтан мақрұм қалып, жамандықтан жиренбегені үшін күнәлі болады. Өйткені «жақсылықты кешіктіру, жамандыққа аяқ басу» деген сөз.
Негізінде адамдардың жақсылықтан бет бұрып жамандықпен дос болуларының басты себебі ақылмен туралықты түсінбеуінен және бұл мәселеде жол көрсетушінің болмауынан емес, жүрегінде нәпсі қалауларының үстемдік етуде. Адамның жан-дүниесі Аллаһ тағалаға құлшылық ету ниетінен алыс тұрса, онда ақылдың жалғыз өзі логикалық принциптерді мойындағаны жеткіліксіз болады. Сондықтан ең алдымен Ислам діні жайлы үгіт-насихатты мұсылмандардың өз арасында жүргізу қажет. Өздерінің өмірін дұрыс жолға түсіріп, Исламның шынайылығын терең түсініп, оның тәлім-тәрбиесін бойларына сіңдірген адам ғана басқа кісілерге нағыз Исламды таныстырып, олардың дінге бет бұруына әсерін тигізері сөзсіз. Сондықтан әрбір мұсылман ең алдымен өзін түзеу керек!
Қорыта айтқанда, таза Исламды бетперде етіп, түбінде жеке мүддені көксейтіндер жетегінде кетуден еліміздегі әрбір мұсылман сақ бола білуі тиіс.
Аллаһ тағала баршамызды Өзінің тура жолына бастап, сол жолдан еш адастыра көрмесін! (Әмин!)
Ершат Ағыбайұлы Оңғаров