«Такфир идеологиясы Қазақстанда ваххабиттік жамағаттар арасында кеңірек таралуда. «Такфир» жамағатының мүшелері өздерінің пікірлері мен мінез-құлықтары бойынша радикалдық (батыл шараларға баратын) көзқарастарымен ерекше көзге түседі. Олар бірбеткейлік (фанатиктік) сенімдегілер: өз жамағатынан басқалардың бәрін кәпірлер деп санайды, өз идеологияларын таратуда және оны қорғауда ең соңғы батыл шаралаларды қолдануға әзір, өзгелерден оқшауланып қауымдасып өмір сүреді, мешіттерге бармайды, қылмыстық топтармен бірлеседі, қауымдастық мүшелері арасында тұрақты түрде физикалық және идеологиялық дайындықтар жүргізіледі.
«Такфир әл-Хиджра әл-Джихад» сектасының идеологиясын – өздерінен басқаларды дінсіздер (кәпірлер) деп санау, қоғамнан оқшаулану және сол қоғамға қарсы қарулы көтеріліске дейін баруды — өткен ғасырдың 60-шы жылдарының ортасында Мысыр мемлекетіне қарсы қастандық әрекеттері үшін айыпталып тұтқындалған «Ағайынды мұсылмандар» ұйымының белсенді мүшелері қазіргі заманға сай үлгіде дайындаған еді. Тұтқынға түскен «ағайынды мұсылмандардың» басым бөлігі қатты азапталынып, дарға асылған болатын. Аман қалған «ағайындылардың» бастарынан өткен естен тандырарлықтай психологиялық сандырақтар (психологиялық шок) және өш алуды аңсау өшпенділігі бұл ұйымның идеологиясының одан әрі радикалдандырылуына (батыл шараларға баруына) айтарлықтай ықпалын тигізді.
Президент Насердің бұйрығы бойынша тұтқындалғандардың бірі Әл-Азхар мешітінің имамы Әли Исмаил болатын. Ол президент Насерді және оның үкіметін ғана емес, дінсіз басшының билігінен босанып шығуға әрекет етпей отырған бүкіл мысырлық қоғамды дінсіз кәпірлер деп жариялады. Бұл түрлі экстремистік бағыттағы ағымдарды біріктіретін атаққа ие болған ортағасырлық ғалымдар Ибн Таймийи мен Ибн Абдул Ваххабтың идеяларының логикалық жалғасына айналды. Әли Исмаилдың өзі «такфир» идеясын одан әрі дамытудан бас тартты. Бірақ, оның бұл концепциясын кейін «Джамаа аль-Муслимун» («Мұсылман қауымдастығы») атты жаңа радикалдық топтың лидеріне айналған жас агроном Мұстафа Шукри «іліп алып кетті». Бұл топтың өз атауын Мысырдың арнаулы қызметі «Джамаа Такфир әл-Хиджра» деп өзгертіп атады.
Жас ұйымның мүшелері дінсіздік (күпірлік) айыбы тағылған бұл қоғамнан бөлектеніп, шөл далаға қоныс аударды (хиджра жасады). Қарулы көтеріліс олардың идеологиясының негізі болып қала берсе де, бірақ Шукри сол кездегі өте күшті державалар арасында жүріп жатқан «салқын соғыс» дінсіз қоғамға қарсы соғыстың басталу мерзімін ұзартып, күш жинауға мүмкіндік береді деп үміт артты. Зайырлы мемлекеттің заңдарын орындау міндетті емес деген талап қоя отырып, «такфирлер» өз идеяларын жүзеге асыру жолында адам тонау, ұрлық, адам ұрлау, бопсалау (шантаж), тіпті адам өлтіру мен іріткі салу (саботаж) сияқты кез келген әдіс-амалдарды қолдануды ақтады. Өз әрекеттеріне осылайша көңіл бөлу – ақыр аяғында қарапайым халыққа қарсы жасалған терактілерді ақтауға арналған негізге айналды.
1977 жылы Мұстафа Шукри дарға асылғаннан кейін, бұл ұйымның алғашқы мүшелерінен аман қалғандары араб және мұсылман елдеріне сіңіп кетіп, өз идеологияларын жаңа жерлерге тарата бастады. Террористік «такфирдің» алғашқы «тіс көрсетуі» 1979 жылы Меккедегі Қасиетті Мешітті басып алғанда көрінді. Бір топ «такфир» идеологиясын ұстанушылар бірнеше күн бойы осы Әл-Харам мешітінде қажылық парызын орындап жатқан бірнеше мың адамды тұтқында ұстады.
Бұдан кейін «такфирлердің» терактілерінің саны мен сапасы арта түсті. 1994 жылы Суданда бірнеше мешітте намаз оқып жатқан мұсылмандарға «такфирлер» бірнеше рет шабуыл жасап, нәтижесінде ондаған адам қаза тапты, жүздеген адам жараланды. 2000 жылы желтоқсан айында бірнеше жүз «такфирлер» жиналып, Солтүстік Ливанда қала тұрғындары мен құқық қорғау органдарына қарсы кең көлемде шабуыл ұйымдастырды. «Такфирлер» мұндай террористік акцияларды көптеген мұсылман елдерінде: Сомалиде, Кенияда, Иорданияда, Түркияда, Сирияда, Мороккода, Алжирде ұйымдастырып, нәтижесінде «такфирлер» тұтқынға түсіп, дарға асылды. Көптеген «такфирлер Ауғанстанға, Босняға, Чечняға, Иракқа қоныс аударып, сол жерлердегі қарулы қақтығыстарға белсене қатысты. «Такфир» идеологиясы іс жүзінде барлық сепаратистік және террористік ұйымдарда көрініс табуда. Ол белгілі бір күштер мен тұрғындарға қарсы қолданылатын зорлық-зомбылық құралы ролін атқарып келеді.
«Такфир» идеологиясы 90-ыншы жылдардың басында Алжирде күшті қолдау тауып, мойындалмаған сайлаудан кейін, «Ислам Құтқару Майданы» күштері мен үкімет арасында басталған азаматтық соғыста исламистер күйрете соққы беріп, жеңіске жетті. Алжирдегі азаматтық соғыс агрессиялық «такфир» идеологиясын алжирлік көтерілісшілер арасында таратуға мол мүмкіндік берді және Мұстафа Шукридің, Ибн Таймийидің және Мұхаммад Абдул Вахабтың идеяларының қарулы көтеріліске ұласуына жол ашты. Егерде «такфирлер» алғашқы кезде «мұсылман» қоғамдарын дінсіздер деп айыптаса, Алжирдан кейін «дінсіздер деп айыптау және қарулы көтеріліс» идеясы кеңейтіліп, батыс елдері мен қоғамдарына тарай бастады. Өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарының ортасынан бастап «такфирлердің» топтары «Әл- Каидамен» біріге бастады. Осылайша, «такфирлер» идеологиясы еуропа елдері мен АҚШ территориясына, осында қоныс аударған мұсылман эмигранттардың екінші ұрпақтары мен жаңадан пайда болған мұсылман-еуропалықтар арасына тарай бастады. «Талибтердің» жеңісі, Алжир соғысы, «Әл-Каиданың» пайда болуы «такфирлердің» «дінсіздерге» қарсы күрес тәсілдерін өзгертті. Енді «хиджра» («қоныс аудару») концепциясы – қоғамнан бөлектену модификациясы өзгерді. «Дінсіз» қоғамнан мүлдем бөлініп кетпей, енді «такфирлер» «дінсіз» қоғамның мүмкіндіктерін сол қоғамға қарсы күресті қаржыландыруға пайдалануды жүзеге асыра бастады.Қазіргі заман «такфирлері» мен «классикалық такфирлердің» айырмашылықтары таң қаларлықтай. Егер Мұстафа Шукри модернизация мен интеллектуалдыққа қарсы болса, қазіргі «такфирлер» заманға сай технологиялар мен өркениеттер қол жеткізген мүмкіндіктерді өз мақсаттарына жету үшін белсенді түрде пайдалануда. Сондай-ақ, олар қылмыстық топтармен және діни экстремистермен тығыз байланыс жасап, біріге әрекет жасап отырғаны байқалады.
«Такфир» — бұл ең адымен қоғам мен мемлекет пікірімен жаппай келіспеушілік негізінде оларға қарсы қарулы көтеріліске шақыратын идеология. «Такфир» идеологиясын таратушылар негізінен «сунна» мен «хадистерге» сүйене отырып, өздерінің агрессиялық және ксенофобиялық әрекеттерін оп-оңай ақтап шыға алады. Араб және де басқа мұсылман елдерінде оқыған бідің елдің жастары әкелетін діни әдебиеттер мен олардың уағыз-насихаттары — діни экстремизм идеясын тарату бұлақтары болып табылады.
Құран — Ислам туралы ақиқат ақпарат беретін негізгі қайнар бұлақ болып саналатындықтан, ол бұл мәселеге басқа көзқараспен қарайды және нақты түсінік бере алады. Мысалы, қарулы көтеріліске Құран тек қана өзін-өзі қорғау мақсатында рұқсат береді. Сондай-ақ, Құран кінәсіз адамдарды дінсіздер деп айыптауға үзілді-кесілді тыйым салады. Ешбір адам басқа адамның кінәсі үшін жауап бермейді. Әрбір адам жеке жауапкершілік принципіне сәйкес өзі үшін ғана жауап береді. Құран осындай негізде құрылған. «Такфирлер» идеологиясының негізгі мәні — әйелдер мен еркектерді, қарттар мен балаларды айырып қарамастан, барлық қоғам мүшелеріне «дінсіздер» (кәпірлер) деп ең қатаң айып тағу. Мұндай идеологияны санасына сіңірген адамдар өшпенділік пен террористік идеяларын таратуға бейімдірек болады. Өкінішке орай, қазіргі кезде «такфирлердің» идеологиясы белгілі бір деңгейде біздің еліміздің мұсылман жастары арасында да кеңірек таралуда. Түрлі секталар мен топтарға бөлінген қазақстандық мұсылмандар бір-біріне өшпенділікпен қарап, айрандай ұйып отырған біртұтас мұсылмандар қауымы арасында алауыздық пайда бола бастады. Осындай секталар мен топтарға бөлінген мұсылмандар бір мешіттің ішінде қатар тұрып намаз оқымайды. Бір-бірінен бөлектеніп жүреді, тіпті кейде бірін-бірі «кәпір» деуге дейін барып жүр. Осындай жолға түскен жастар өздерінің ата-аналарымен қатар отырып тамақтанбайды, оларды намаз оқымағандары үшін «кәпір» санайды. Кейбір топтардың мүшелері мешіттерге барудан да бас тартып, имамдарға дінсіз үкімет тағайындаған деп айып тағады.
Міне, осының бәрі жинақтала келе, Қазақстан жастары арасында радикалды топтардың көбеюіне әкеліп соқтырады деген қауіп бар. Бұл проблеманы түпкілікті шешу үшін адамдарға «такфир», «хиджра», «джихад» деген сияқты барлық діни сұрақтарға тек қана Құран аяттары арқылы жауап бере отырып, шиеленіскен түйіндерді шешуге болады.
(Материалды Ақтөбе облыстық әділет департаментінің діни істер
жөніңдегі бөлімі ұсынады)