Қазақстандағы діни көші-қонның күрт өсуі елдің конфессиялық картасын едәуір өзгертіп жіберді. Діни ұйымдарды тіркеуге қатысты либералды заңнама, тұтастай алғанда қазақстандық менталитетке тән шынайы толеранттық орта және қоғамның «атеистенуі» дәуірінен кейінгі жергілікті халықтың әртүрлі топтарын қамтыған діндарлықтың өзіндік «сәнге» айналуынан трансформациялық қозғалыстардың басталуына түрткі болған деидеологизация кезеңі де бұған ықпалын тигізді. Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңы мен 90-жылдарының басында көптеген азаматтарда ментальдықтың фрустрациялық жағдайы орын алды. Сол жылдары құндылықтар жүйесі әрекетінің әлсіреуі, әлеуметтік-гуманитарлық білімнің дүниетанымдық корпусының қайта құрылуы ахуалында дүниетанымның ғылымилығы өлшемдері мейлінше бәсеңдеді және азаматтардың санасында жалған ғылыми, пұтқа табынушылық, жалған діни идеялардың шапшаң енуін қамтамасыз еткен жағдайлар пайда болды.
Бұл қалыптасқан жағдайларда діндарлық пен дін (дәлірек айтқанда – жалған діндарлық пен жалған дін) Қазақстанда тарихи қалыптасқан мемлекеттілік алғышарттарын қайта өндірудің іргелі шарттары ретіндегі тұрақтылық пен келісім факторларына негізделген этномәдени, конфессионалдық, азаматтық және саяси бірегейліктің үлгісіне «шабуыл жасаудың негізгі бағыттарына» айналды.
Құқықтық, зайырлы, демократиялық және әлеуметтік мемлекет ретіндегі Қазақстанның осы жылдарға дейінгі егеменді дамуы нақты әралуандық үшін жағдайлар қалыптастырды және қазақстандық қоғамның шын мәнінде діни сипатта еместігіне қарамастан, қазіргі кезде бізде тек әлемдік және дәстүрлі діндердің ғана емес, сонымен қатар жаңа наным-сенімдердің де тұтас шоғыры бар. Мемлекет пен діннің өзара қатынасын реттеу саласындағы бұрыңғы заңнама мыналарға мүмкіндік берді: 1) қоғамдық бірлестіктерді (оның ішінде жалған діни сипаттағы да) тіркемеу және олардың қызметін бақыламау; 2) экстремистік мазмұны мен үндеулері бар әдебиеттің шектеусіз енгізілуі мен еркін таратылуы; 3) діннен хабары жоқ азаматтарды жалған діни әрекетке алдап немесе мәжбүрлеп кіргізу; 4) азаматтарды бұл ұйымдарда қорқыту және еркін басып тастау арқылы ұстау. Оның ішінде әңгіме мыналар туралы болып отыр: а) өз мүдделері мен әрекеттерінің аясына балаларды, оқушыларды, жұмысшы жастарды, зиялы қауымның (педагогикалық, ғылыми) әртүрлі топтарын, жасы ұлғайған азаматтарды қоса алғандағы жергілікті халықтың барлық топтарын дерлік алдын ала ойластырылған және жүйелі түрде тартатын жалған діни бағыттағы көптеген бірлестіктер туралы; ә) саяси сахнада белсенді «жұмыс істейтін және қарсы бағыттағы азаматтық мәдениетті қалыптастыру үдерісіне (ең бастысы, мемлекет пен оның институттарына қатысты азаматтардың осындай ұстанымын қалыптастыратын) азаматтық қоғам институттарының әрекеті туралы.
Сараптамалық бағалаулар мен қоғамдық мониторинг деңгейінде, сондай-ақ бұқаралық қабылдауда мәдениетқұрастырушы дін мен мемлекеттік құрылысты зорлықпен өзгертуге немесе билікті зорлықпен басып алуға және осы мақсаттарда діни өшпенділік пен жек көрушілік тудыруға бағытталған діни жамылғылық әрекетті айқын ажырату қажет. Мұның соңғысын деструктивті бағытталған деп анықтау маңызды. Дінді рухани тұрғыда да, саяси тұрғыда да адамнан үстемдігі терминдерінде түсіндіруге ұмтылушылық та деструктивті ықпалға жатқызылуы тиіс.
Бұрыңғысынша кітап дүкендері тораптары арқылы сатылатын, жаңа діни ұйымдарда келушілерге сатылатын немесе тегін берілетін, көшелерде азаматтарға үлестірілетін, тұрғын үйлердің пошта жәшіктеріне жеткізілетін және т.б. тарқатылатын «діни» деп аталатын әдебиеттерді талдау мен мониторинг қазақстандықтардың құлықтары мен санасының эстремизациялануы мен оның «үйге дейін жеткізілуінің» шексіз мүмкін екендігін көрсетеді. Осылайша таратылған мәтіндер дінаралық алауыздықты, этносаралық жеккө-рінішті қоздыруға бағытталған ақпаратқа, үстем болып отырған зайырлы билікпен күреске үндеуге ие болып шығады. Оларда тасымалданатын ақпарат оларды тұтынушылардың бойында әртүрлі үрейлер мен қорқыныштардың, оның ішінде апокалипсис нәтижесіндегі катаклизмдермен байланысты барлық дінге сенбейтін-дер мен шынайы діндарлардың бойында қорқыныштарды дамытуға тікелей немесе жанама бағытталған. Дәстүрлі емес сипаттағы діни ұйымдардың жетекшілеріне арналған арнайы әдістемелік әдебиеттің мониторингі көптеген қауымдардың дінді жамыла отырып, өз қатарына жаңадан келгендерді тарту мен әдістемелермен арнайы жасақталған әрі бекітілген және мақсатты түрде ұйымдастырылған сипатқа ие зомби жасау, манипуляция технологиялары бойынша өз мүшелерін тәрбиелеу боынша белсенді түрде жұмыс жасайтынын көрсетеді. Мұндай әрекет табиғи сипатты емес, белгілі бір дүниетанымды, жүріс-тұрыс пен өмір тәртібі үлгілерін «жасанды енгізу» сипатты, яғни «таңылған бірегейлікті» қабылдайды. Біз мұндай қауымдарды псевдодіни деп атап, ал олардың әрекетін квазидіни деп бағалауды ұсынамыз.
Жүріс-тұрыстың экстремизациялануына мыналарды жатқызу керек: а) өздерінің әлеуетті және шынайы мүшелеріне тұтастай алғанда қазақстандық қоғамдағы және жекелей алғанда отбасында қалыптасқан мәдени дәстүрлерден бас тартуға, туған-туыстармен өзара қарым-қатынастарда жалпы қабылданған құндылықтар мен басымдылықтарды үзуге шақыратын үндеулер; ә) діни топтағы қарым-қатынастың қатаң, құпиялық ережелерін сақтаумен байланысты белгілі бір мінез-құлық алгоритмдеріне үйрету, сана мен құлықты қадағалауға дағдыландыру, өз туыстары мен қауымның өзге мүшелері өмірінің әр алуан қыры туралы ақпарат жинауға үйрету.
Қайта құру дәуірімен тап келген әлеуметтік өмір негіздерін идеологиясыздандыру жағдайында бұрыңғы өз болмысы жағынан ұжымдық сананың ұмтылыстары азаматтарды әртүрлі ұйымдардағы жаңа бірлекстіктерді іздестіруге әкелді. Нәтижесінде сауда, оқыту, кеңес беру және т.б. форматында да, діни бірлестіктер кейпінде де тіркеліп, әрекет ететін, қызметінің басты мәні өз қатарына «рух маргиналдарын» тартумен сипатталатын тораптық құрылымдар ең маңызды құрамдасқа – адами капиталға ие болды.
Олардың Қазақстандағы мақсаты – отандастардың менталитетін қайта бағдарлау, оларды жаңа корпорациялардың қызметіне тарту, санаға мақсатты түрде ықпал ету мен жүріс-тұрысты бағдарламалауға арналған қондырғыларды енгізу арқылы жалған қауымдастықтарды құру. Бұл ықпалдар мәдени бейімделушіліктің дәстүрлі түрде бар формаларына (отбасындағы, білім беру жүйелеріндегі, достық қарым-қатынас топтарындағы, кәсіби ортада және басқаларында) енгізілмеген маргиналды тұлғаның ерекше тұрпатын қалыптастырудан көрінеді. Этноконфессионалды менталдылықтың бұзылуы мен азамат-тардың маргиналдық жағдайға қарқындап «батуы» қазақстандық қоғамда ерекше мультимәдени орта қалыптастырумен байланысты тарихи ұзақ уақыттар бойы өндіріліп келген төзімділік, келісім мен жасампаздық атмосфераның күйреуімен насырға шабады. Жаңа квазидіни ұйымдарда жүйелі түрде өндірілетін сана мен мінез-құлықтың экстремизациялануы тұлға, отбасы, мемлекет деңгейлеріндегі тұрақтылықтың жойылуымен қауіпті. Іс жүзінде діни емес сипаттағы қазақстандық қоғамда соңғы онжылдықтар бойы азаматтарды діндарлық рухына жаппай тарту мәселесі қоздырылып жатыр. Біздің 2010 жылы 14 облыс орталықтарындағы, сондай-ақ Астана мен Алматыдағы діндарлықтың динамикасы мен үрдістері жөнінде жүргізген қазақстандықтардың қоғамдық пікірінің мониторингі мәліметтері бойынша респонденттердің 2/3 дейін өздерін қалай да болсын дінмен байланыстырады. Бірақ оның барысында қауымдарда тіркелген діндарлар 10%-дан шамалы-ақ асады. «Дінге деген Сіздің қатынасыңыз қандай?» деген сұраққа респонденттердің көпшілігі: дінге сенемін, бірақ діни өмірге қатыспаймын» (56,2%) деп жауап берді. «Өз дүниетанымызды қашан таңдадыңыз?» деген сұраққа басым көпшілік – 37,8% – «балалық шақтан» деп, 25% – он жылдан бері» деп, 10,1% – «бес жылдан бері», 8,6% – «одан аз уақытта» деп жауап қатты. Осылайша, қалалық респонденттердің 40%-дан астамы өздерінің дүниетанымдық бағдарларын соңғы онжылдықта айқындаған.
Діннің ықпалы мен оның қазіргі қазақстандық қоғамның өміріндегі күшейе түскен рөлін бағалай отырып, сұралғандардың жар¬тысына дейіні бұл айғақты жағымды үрдіс ретінде қарастырады. Сонымен бір мезгілде әрбір алтыншы респондент (14,9%) қазақ-стандықтардың өмірінен діннің жағымды рөлін көрмейді. Тұтастай алғанда, менің пікірімше, біздің еліміздегі сенушілердің саны кейбір сарапшылардың көрсетуіндегідей динамикада артқан емес. «Енжар діндарлар» деп аталатындар (сенетіндер, бірақ діни өмірге қатыспайтындар) халықтың жартысынан шамалы көбін құрайды. Белсенді сенетіндер (яғни өмірдің діни тәртібімен, оның қауымдық тәртібімен тығыз байланыстылар) шамамен 10-нан 17%-ға дейін құрайды (аймақтарға қарай), ал осы діндарлардың арасында псевдодіни идеяларға (сол үшін өз өмірі мен тағдырына кепіл болып қалуға дайын болатындай идеялар) көзсіз берілгендердің саны ұлғая түседі. Егер бұрыңғы үлгідегі (социалистік кеңестік менталитетке тән) діни фанатиктер 1-2% болса, қазіргі уақытта олардың саны жалпы сенушілердің 5-6%-на дейін көтерілген.
Бұл өсімге қазақстандықтар үшін дәстүрлі емес діни ұйым-дарда (христиандық, исламдық және басқа жамылғыларды жамылатын ұйымдар) қолданылатын мінез-құлық пен сананың экстреми-зациялануының белсенді әрі ауқымды енгізілетін технологиялары ықпал етуде. Мұндай ұйымдардың әрекеті қатаң құрылымға ие, ал оған қатысу сатылы және адепттердің (мүшелерінің) санасы мен мінез-құлқын сергек бақылауды жүзеге асырумен сипатталатын ішкі тәртіптің белгілі бір ережелеріне қатаң бағындырылады. Мұндай құрылымдардың басында аз да емес, көп те емес – жоғары күштермен тікелей байланысы бар көшбасшылар тұрады және олар мүшелеріне тікелей нұсқаулар мен бұйрықтарды «жоғарыдан аламыз» деп жариялайды.
Мұндай ұйымдарға халықтың әртүрлі топтарын тарту белгілі бір тартымды «жарнамалар» арқылы жүргізіледі: біреулерді қасиетті жазбаларды жақсы білу үшін шақырады, екіншілерін – жаңа отбасы құру үшін, келесілерін жағымсыз бағыныштылықтардан (наркотиктік, алкоголдік) арылу және т.б. үшін тартады. Көбіне ұйымға кіру өмір тәртібін алмастыруға әкеледі: жаңа сенімге кіргендерге ақпарат алудың шекарасы тарылады, олар үшін қарым-қатынасқа (оның ішінде – осы жаңа көзқарасты бөліспейтін және осы мәңгүрттенген туыстарының артынша псевдодіни қауымдастықтарға кіруге асықпайтын туыстары мен жақындарымен де) түсуге тыйым салынады.
Псевдохристиандық ұйымдарға да, псевдоисламдық ұйымдарға да тән болып келетін жаңа діни культтарға «жүгінудің» әдістемелерінің ұқсастығы алаңдатады. Олардың екеуі де өз қатарларын толықтыру үшін тұлғалық дағдарыс, адамгершілік және дүниетанымдық ізденіс, құндылықтық кескінді қайта пайымдауға ұмтылу, қандай да бір өмірлік кедергілерді игеру сәттерін ұтымды пайдаланады. «Діни қызмет» желеуімен жаңа қауымдарға тартудың басты құралына рухани және физикалық емдеуге уәде беру, жаңа бауырластар, отбасын табу, жаңа ұжымдық жағдайда діни (Құранды немесе Тауратты, ғибадат ету практикасын үйрену) және діни емес мұқтаждықтар жүйесін өтеу айналады. Идеологиялық әсердің жаңа «агенттерінің» әрекетінің бағыты діни құлшылықты атқару, тұлғалық жетістіктерге жетудің жаттығуы, өмірлік қиындықтары мен мәселелері барларды қолдау, шет тілдерді үйретудің тәсілін жарнамалау немесе тиімді аутотренингтің дағдыларын алу, салауат¬тандыру практикасын игеру және басқа да танымал болып үлгерген әдіс-тәсілдермен бүркемеленуі мүмкін.
Псевдодіни ұйымдар өз мүшелерінің ойлау мен өмір тәртібін жүйелі түрде өткізілетін жиындарда (бұл жиындар осы мақсатқа арнайы бөлінген орындарда да, пәтерлерде де, жеке сектордағы үйлерде де, мекемелер мен ұйымдардың кеңселерінде де, қоғамдық орындарда да өткізіле береді) бағдарламалайды және бақылайды: ол жиындарда әрбір қатысушының жиындағы «жұмысы» тексеріледі, әрбір мүшенің құлшылық қызметіне қатысудың үдемелілігі туралы, оқыту мен басқа шараларға қатысуы, олардың ұйымды қолдаудағы қаржылық қатысуы туралы әрбір микротоп (ұялас) «ағаларының» хабар-мәліметтері тыңдалады. Ұяның жетекшілеріне кез келген «бағынбаушылық» туралы, ұйым тәртібін бұзу жөнінде, мүшелердің ұйым үшін ыңғайсыз қойған сұрақтары туралы мәліметтер жеткізіледі. Осының аясында бұл қызметтің сипаты мен бағыты туралы, оларда туыстар мен жақындардың ұзақ қалуының себептері туралы ақпарат алуға тырысатын туыстар мен БАҚ құралдары үшін осы псевдодіни ұйымдардың жабықтығы мен тасалануы кездейсоқ көрінбейді.
Псевдодіни ұйымдардың жүзеге асыратын әрекет түрлері мен уағыздарын талдау бұл қызметті атқарушылардың қазақстандық-тар өмірінің әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне жүйелі әрі табандылықпен назар аударатынын көрсетеді. Болып жатқан әлеуметтік өзгерістерді бағалау жағымсыз жағына қарай саясиландырылады, болмыстағы шынайылықтың себеп-салдарлық байланыстары қиялдан туған мифологиялық бағыныштылықтармен алмастырылады және ол адепттердің ойлауын нақтылықтан бұрып әкетеді.
Псевдодіни уағызшылар діни топтың жігерін азаматтарды әлеуметтік қолдаудың басқа тәсілдеріне қарсы қояды, көзқарастарды таңады және дүнетаным мен дүние түсінікті алмастыруға мәжбүрлейді, моральдық қысымнан бастап әсер етудің физикалық әдістеріне дейін қорқыныш ұялатып, қауіп-қатер төндіреді. Оған қоса, қазақстандық мемлекеттің бейнесіне, оның институттарына жауыздардың, алпауыттардың сипаттамалары таңылып, онымен (жалған) діни сенім ұстанымында күресу қажеттігі айтылып, қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін мүшелерді «рухани сарбаз» болуға шақырады. Мұның барлығы таусылмайтын ұзын-сонар уағыздар мен жаттығуларда, кездесулер мен әңгімелерде санаға сіңіріледі, олардың түпкі мақсаты – кәдуілгі үйреншікті қарым-қатынастан (отбасылық, жора-жолдастық, кәсіби) азаматты шығарып, қауымға жаңа пікірлестерді тарту, өзінің жеке еркін қауымдық көшбасшының бұйрықтарына көндіру.
Жеке адам мен топты, азамат пен қоғамды тайталастырып қою мақсатын көздеуді біз жалпымәдени бірегейлікті бұзу, біздің қоғамдағы келісім атмосферасын шайқалту ретінде қарастырамыз. Ал мұндай әрекет саяси тұрғыда бұрмаланған және идеологиялық пиғылдағы әрекет ретінде анықталады.
Туған-туыстар мен жақындар, психологтар мен психотерапевттер, әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар жекелеген дәстүрлі емес табынушылықтардың ықпалына түскен тұлғалардың сыртқы да, ішкі де өзгерістерін бірден аңғарады. Өмірдің жаңа тәртібін қабылдау, тұлғалық өзгерістің қатаң бақылаумен сипатталатын үнемі қауымда болудың салдарынан болатын құндылықтық бағдарлардың ауысуы осыған ықпал етеді. Көп жағдайда неокульттардағы ұжымдық құдайға құлшылық ақпаратты иландырып қабылдауға негізделген әсер етудің арнайы әдістерін қолданумен және ұйымшылдығымен ерекшеленіп қана қоймай, озбырлығымен де сипатталады.
Психология мен психиатрия саласындағы мамандар бірқатар табынушылық ғұрыптарды атқару кезінде бағышталған психо-эмоциялық әсердің болатынын тұжырымдайды, ақырында бұл адепттің ұжымдық ғибадат шараларға экстатикалық тәуелділік қалыптастырады. Қауымда болудың барысында адептің (дінге сенуші адамның) психологиялық денсаулығы бұзылады, әлеуметтік мәртебесі жойылады, тұлғаның қалыпты бұзылуы жүзеге асады. Қайта бейімделу үдерісі отбасы, мамандар, достар мен әріптестер тарапынан орасан зор күш-жігерді қажет етеді.
Дәл осы себепті, қалыптасқан жағдайдан шыға отырып, псевдо-діни ұйымдардың қалыпты құрылымының бұзылу әрекетінен опық жеген азаматтар үшін сауықтыру аймақтық орталықтарын құру қажет. Олар ұзақ уақыт бойы әлеуметтік реадаптацияға, заңгерлік көмектен бастап еңбек терапиясына дейінгі қызмет көрсетудің кең шоғырына мұқтаж болып табылады. Квазидіни ұйымдарға қатысушылар көбіне пәтерін, бизнесін ерікті түрде беру туралы немесе ұйымның мекен-жайына, нақты тұлғаның атына өз еркімен ақша аудару туралы келісімді қысым немесе көзарбау салдарынан жазғандықтан заңгерлік көмек қажет болады.
Сараптамалық талдау көрсеткендей, жаңа діни табынушылықтар, қоғамдық бірлестіктер (көбіне мемлекеттік тіркеуден өткен, сондықтан да маңғазданатын) жамылғысының астында еркін әрекет ететін және тұтастай алғанда тораптық сипатқа ие болатын бұл қызмет қазақстандық менталитеттің құндылықтық негіздерін бұзу арқылы мемлекеттіліктің бейнесін шайқалтуға бағытталған, басқарылатын сипатқа және арнайы ұйымдастырылған бағдарға ие. Псевдодіни ұйымдардың әрекеті идеологиялық тұрғыда үнемі демократиялық еркіндіктің жоқтығы туралы пікірталасты қоздырады, ал шын мәнінде «басқарылатын демократияны» және «жоспарланған хаостың» үлгісін өндіреді. Көпжылғы мониторинг көрсеткендей, діннің жамылғысы астындағы миграцияның салдары тек тұлғалық қана емес, топтық сипатқа және қоғамдық эффектке де ие. Уағызшылардан бастап неофиттерге дейінгі діни мигранттар Қазақстанның ішкісаяси тұрақтылығына қауіп төндіретіндей және қақтығыстық сипаты жоғары жаңа субмәдениетті қалыптастырады. Мұндай әрекеттің мақсаты – бұқаралық мінез-құлық пен санаға деструктивті әсер ету, басқарылатын (эластикалық) бұқаралық сананы қалыптастыру, бір жағынан бұқаралық сананы жаһандық сипаттағы «шайылған» құндылықтарға қайта бағдарлаумен, екінші жағынан үстемдік етіп отырған мемлекеттік құрылысты өзгертуге ұмтылумен айналысатын құпиялықты сақтау қызмет ететін саяси ұйымдардың торабын құру.
Орталық Азия аймағындағы тұрақтылықты сақтаудағы Қазақстанның геосаяси стратегиясы мен рөлін ескере отырып, азаматтар конфессионалдық негіздегі қақтығыстарға халықтың тартылып кету мүмкіндігіне алаңдаушылық білдіреді. Саяси жүйенің, қоғамдық құрылыс пен экономикалық тәртіптің өзгеруі жағдайында қоғамдағы құндылықтық басымдылықтар жүйесінде үнемі өзгерістерде болатындықтан, мемлекет пен қоғам идеологиялық ықпалдың тетіктерін азаматтық менталдыққа беріп қоймауы тиіс. Республикада арнайы жүйелі зерделеудің, зерттеудің қазіргі заманғы озық әдістері мен технологиясының негізінде менталдық үдерістердің мониторингінің болмауы бұқаралық сананы айлалы әрекет жасау мүмкіндігіне, оны псевдодіни ұйымдар мен квазидіни көшбасшылардың саясиландыруына әкеледі. Біздің қоғамда азаматтық шоғырланудың шайқалуына және билік институттарына деген сенімнің әлсіреуіне әкелетін наразылықтың мүмкін болар қарсылықтық көріністерінің алдын алатын тетіктер жұмыс істемейді. Осыған байланысты псевдодіни идеологияның негізінде ахуалдың мүмкін болар экстремизмденуі мәселелері бойынша тұрғылықты халықпен ақпараттық-кеңес берушілік жұмысты үнемі жүргізіп отыру маңызды. Идеологиялық басқару мен саяси ықпалдың тетіктері мемлекеттің қолында болуы тиіс.
Елена Бурова