Ғалым Жүсіпбек,
Сүлеймен Демирель университеті Экономика факультетінің Халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі
Ислам ланкестерді қаралайды
– Лаңкестік пен Исламның арақатынасы жайлы көп айтылып та, жазылып та жүргенімен, бұл мәселе неліктен өзектілігін жоймақ емес?
– Расында көп айтылып та, жазылып та жүргенімен, бұл тақырып өзінің өзектілігін жоймақ емес, әрі бірқатар себептерге байланысты әрдайым жіті назар аударып отыруды талап етеді.
Біріншіден, қазіргі таңда мұсылман әлемі саяси, экономикалық және әлеуметтік айтарлықтай дағдарыстарға ұшыраған. Екіншіден, аталмыш тақырыпта жасалған көптеген сараптамаларда шынайы нәтижелерге жеткізуге жол бермейтін әдіснамалық қателердің орын алып отырғаны байқалады. Дәлірек айтқанда, талдаулар көбінесе материалды-позитивистік пайым тұрғысынан жасалады, бұл өз кезегінде Ислам ілімін дұрыс ұғынуға мүмкіндік бермейді, яғни исламдық дүниетанымды объективті түрде түсіндіріп бере алмайды, себебі материалды-позитивистік көзқарас мүлдем өзгеше әдіснамаға негізделеді. Немесе исламға қатысты жасалған сараптамалар Ислам мен мұсылман ұғымына қатысты жағымсыз жиынтық шаблондар мен қасаң қағидаларға негізделген «ориенталистік» (кейде ашық, кейде жасырын) сипатта болып келеді. (Айта кету керек, ориентализм ұғымы біз білетін шығыстану ғылымы емес, «ориентализм» ең алдымен қате методология, «шығысты» қисық призма арқылы зерттеу, қабылдау және бұрмаланған күйінде басқаларға таныту методологиясы, яғни ориенталистік түсінік Шығыс пен Батыс арасында онтологиялық қайшылық бар дегенді еш тартыссыз қабылдайтын аксиомалық ұстанымға негізделеді, сондай ақ бұл түсінік Шығыстың образдарын, негізінен, қиялдан жасайды және бұл образдар әдетте Батысқа тиесілі жағымды образдарға қарама қайшы сипатқа ие болып келеді). Бұл жерде «жағымсыз Шығыс», «жағымды сипаттарға» ие Батыстың қара айнасы іспеттес.
Сонымен қатар жалпылама сөздерге құрылған «ешқандай дін терроризмді жақтамайды» деген тәрізді талдаулар да жиі кездеседі. Үшіншіден, көбіне БАҚ арқылы қарқынды түрде таратылып келе жатқан «исламофобияны» да есептен шығаруға болмайды. Осының барлығы «Ислам мен терроризмнің арасында байланыс бар ма, жоқ па?» деген тақырыпқа жиі айналып соғуды қажет етеді.
– Ислам мен зорлық-зомбылықты қатар қоюдың сыры неде?
– Бірден айту керек, қазіргі жұртшылық түсінігіндегі терроризм – салыстырмалы түрде жаңа феномен, дейтұрғанмен исламды зорлық-зомбылықпен қатар қоятын «ориенталистік» түсінік сан ғасырлық тарихқа ие. Қайта айта кетейік, «ориенталистік түсінік» – көп айтылып та, жазылып та жүргенімен, жалпылай алғанда Шығысқа, жекелей алғанда Исламға қатысты жағымсыз әрі жиынтық шаблондардан құрылған біржақты ойлау жүйесін білдіреді. «Шығыстық деспотизм», «ислам – қылыштың діні» сынды жағымсыз, үрей тұғызатын ұғымдар «нағыз «ориенталистік» шаблондардың бірден-бір айғағы болып табылады.
Түйіндей айтқанда, классикалық ориентализм танымындағы Шығыс, бір жағынан қызықты да экзотикалық, екінші жағынан жабайы, азғындаған (сексуальды), «делқұлы» әрі көзсіз фанат болып көрінеді. Шығысты дәл осылайша тану, негізінен, өткеннің еншісінде қалғанымен, қазіргі кезде де қоғамға тікелей не жанама түрде ықпал етіп келе жатқандығын мойындау керек. Себебі бұл Батыстың тарихи жады мен мәдени кодында бар (айта кету керек, бұл түсінік белгілі деңгейде орыстардың да тарихи жадында бар) Сонымен, Ислам мен терроризмді қатар қою санғасырлық ориенталистік дүниетаным-ның заңды нәтижесі болып табылады.
Исламға қатысты жаңсақ пікірлердің көбейіп, өзінше бір секторға айналғаны сонша, бүгінгі таңда, пост-колониальды зерттеулер саласындағы ғалымдардың пайымдауынша, «нео-ориентализм» пайда болған. «Нео-ориентализмнің» негізгі ұстанымы, Исламды қате методология тұрғысынан зерттеу арқылы, Ислам мен саяси экстремизм және террорды қатар қою, сонымен, заманауи исламофобияның өртін қоздату.
– Ислами қайнаркөздерді түсіну, Исламды түсіну болып та табылады. Ендеше, ислами қайнаркөздерді дұрыс түсіну /тәпсірлеу/ қалай болмақ?
– Исламдық ілімді түсінудегі басты қажеттілік – Ислам діні қайнаркөздерінің Мұхаммед пайғамбар мен алғашқы ұрпақтардың заманынан бастау алатын дұрыс методология (әдіснамамен) түсіндіріліп, өз контекстінде (Құран мен сүннеттің жалпы рухына сай) қарастырылып, түсіну қажеттілігі болып табылады.
Дінді евро-центристік және позитивистік-материалистік тұрғыдан түсіндіру, біржақты әрі белгілі бір стереотиптер шеңберінде ғана болғандықтан Исламға қатысты сұрақтарға дұрыс жауап бере алмайды. Қазіргі заман ғалымдары өткен ғасырдағы тәрізді материалистік парадигмаларға байланып қалмауы керек, себебі ғылымда өзге де парадигмалар (мәселен, пост-позитивизм, креационизм т.б.) бар.
Осы тұрғыда қазіргі кезде материалистік батыстық медицинамен қатар мүлде басқа дүниетаным мен тәсілдерге негізделген, алайда нәтижелілігі жағынан одан бір мысқал кем түспейтін шығыстық дәстүрлі медицинаның да мойындалатынын тілге тиек етуге болады. Басқаша айтқанда, батыстық медицинаның ұстанымдары дәстүрлі қытай немесе тибет медицинасын қалай түсіндіре алмаса, тура солай позитивистік-материалистік немесе евро-центристік және әлбетте ориенталистік призма мен ұстанымдар исламды түсіндіре алмайды.
Қысқасы, қазір көп қылаң беріп қалатын секулярлық және позитивистік контексте емес, Исламды өз контекстінде, өзіндік ойлау формасы мен ұғыну жүйесінде қарастыру қажет (бұл Исламға ғана емес өзге діндерге де қатысты).
Мысалы, қарастырылып отырған аят дүниетанымдық па, яғни әрдайым назарға алынатын бағдаршам іспеттес аят па, әлде «белгілі бір ерекше жағдайларға байланысты түскен, яғни тек қана кейбір төтенше жағдайларда ғана қолданылатын аяттар ма (осындай «оқиғалық» аяттар мен дүниетанымдық аяттардың бар екенін позитивтік әдіснамаға бой ұрған зерттеушілер мен Ислам ілімін толық түсінбеген кейбір мұсылмандар көбіне назардан тыс қалдырады) екендігін айырып алу – Құран тәпсіріне қойылатын міндетті талаптың біріне жатады. Ол үшін қарастырылып отырған аяттың түсу тарихын білу керек, Исламның болмысын, Құран мен сүннеттің мақсатын, контексті білу керек және де аятты жалпы толықтай түйсіне және ұғына білу керек.
Ислам қайнаркөздерінде бейбіт өмір (түрлі діндер мен этностарға жататын адамдардың бір-бірімен бейбіт жағдайда өмір сүруі) – жалпы ереже болып қабылданса, соғыстың – тосын, ережеден тыс жағдай екендігі, оның мүмкіндігінше тез уақытта тоқтатылуы тиіс екендігі айтылады. Күш қолдану мен әскери әрекеттер жүргізуге қатысты аяттар «оқиғалық» аяттар, яғни белгілі бір жағдайларға байланысты түскен. Және бұл аяттар күш қолданудың себебі мен салдарын, формасын нақты айқындап береді. Қазіргі секулярлық құқықта бұл қалыпты, тіпті қажетті жағдай. Исламда әскери күш қолдану мүлде басқа шара қалмағанда, онда да заңды органдар тарапынан, онда да бейбіт өмірді сақтап тұруға айқын қауіп төнгенде ғана қолданылады.
Өкінішке қарай, аяттардың жоғарыда айтылған классификациясын, олардың түсу себептері мен салдарын білмеу, Исламның бейбітсүйгіштік табиғатын жоққа шығаруға алып келеді. Осы білімсіздікті терроршылардың «ұстаздары» мен серкелері өздерінің хайуандық идеяларын қасиетті жазбаларға таңа отырып шебер пайдаланады. Сол себепті кейбір ғалымдар, Құран аяттарының жай ғана «мағыналық аудармасын» ешқандай дайындықсыз адамдар тарапынан оқылуының арты түрлі қауіптерге бастайды деген пікірді ұстанады. Құранның жалпы контексті мен аяттардың түсу себебі жайлы мүлде хабарсыз болу, мүлде қате тұжырымдарға алып келеді. Мәселен, әсіресе, күш қолдану мен соғыс тақырыбындағы аяттар жайлы айтқанда, кейбір «оқиғалық» аяттарды дүниетанымдық деп тану секілді. Сонымен бірге Сүннетті де дұрыс ұғынбаудың салдарынан хадистерді қате тәпсірлеп, оның арты үлкен қауіптерге ұласып жататындығын да ұмытпауымыз керек. Ал сүннетті дұрыс түсіну Ислам дінінің табиғатына сай кәсіби біліктілікті қажет етеді, яғни, Сүннеттің санғасырлық әдіснамасына /дәстүріне/ негізделген іліммен қаруланған болу керек.
– Муртад (дінбұзарлық) жайында не дейсіз?
– «Муртад» мәселесі төңірегінде айтылып жүрген көптеген қате тұжырымдар Ислам ілімін дұрыс методология арқылы түсіндірудің маңыздылығын көрсете алады.
Қазіргі заманда кейбір кісілер, өкініштісі ең алдымен кейбір мұсылмандар, «Ислам қайнаркөздері адамды мұсылмандықтан шығып басқа дінге кіргені үшін (дінбұзарлығы үшін) өлім жазасына бұйырады» деп қате түсінеді. Бұл өрескел қателік Ислам қайнаркөздерін дұрыс методология шеңберінде талдамау және түсінбеу салдарынан туындап отыр. Алайда Исламды дұрыс түсінсек, басқа діндерге кірген адамдарға үлкен жазалар, олардың өз дінін, сенімін өзгерткендігі үшін берілмейді, ол адамдардың орасан үлкен дүниелік қылмыстары үшін беріледі. Біріншіден, олар қоғам мен қоғамдық тәртіпке, өзге де адамдарға тікелей қауіп төндіргені үшін беріледі (адам өлтіру, адам денсаулығына айтарлықтай зиян келтіру, заңды билікті мойындамау, салық төлеуден бас тарту және заңды өкіметте қарсы бүлік шығару, т.б.); екіншіден, соғыс жүріп жатқан уақыттарда өз міндетін тастап қашу, отанды сату секілді жағдайлар орын алған жағдайларда беріледі. Өлім жазасына кесу жайлы айтылған барлық хадистер осы мазмұндас үлкен дүниелік қылмыстарға қатысты дінбұзарлықтар болып келеді. Олардың қатарында жоғарыда аталған Отанға опасыздық, заңды билікке қарсы бас көтерушіліктер жатады.
Факих-ғалымдардың түсіндіруінше, Пайғамбар тарапынан дінін өзгерткендерге қатаң жазалар қолдануға қатысты айтылған санаулы хадистер меккелік пұтқа табынушылармен соғыс кезеңіне жатады /әлбетте ол кезде Ислам дініне деген опасыздық мемлекетке деген сатқындықпен барабар, тең дәрежеде болды/. Сол себепті ол кезеңдердегі үкімдер өзге дінді таңдағаны үшін емес, мемлекетке деген опасыздығы үшін берілді. Осындай жайттар тұңғыш халифа Әбу Бәкірдің кезінде де орын алды. Ол кезеңдерде дін мен мемлекетке адалдық ұғымдары қатар жүретін. Халифа Әбу Бәкірдің муртадтармен соғысының басты мақсаты салық төлемей бүлік шығарып жүрген антимемлекеттік бағыттағы басбұзарларды тезге салу болды. Орта ғасырларда, сұрапыл соғыс кезеңдерінде ашық түрде Ислам дінінен өзге дінге көшу де мемлекетті сатып кетумен бірдей бағаланды, яғни, ол жай әншейін «өз сенімінен бас тарту» болып қаралған жоқ (оның жазасын о дүниеде Алланың өзі ғана бере алады деп сенген). Сол себепті ол кезеңдегі заңгерлер де дінін өзгерткендерді отанын сатып соғысып жүрген дұшпан қатарына қосылу деп қабылдап қатаң жазалар қолданды. Кез келген зайырлы құқық жүйесі бұны солай қабылдар еді. Ал егер адам өзінің дінбұзар екендігін жасырын ұстаса, онда ол екіжүзді адам (мунафиқ) саналады, алайда ешкім де оны жазаға тарта алмайды. Айта кету керек жайт, Пайғамбар дәуірінде осы екіжүзді мунафиқтар Мәдина халқының үштен біріне жуығын құраған. Пайғамбар олардың бірде-біреуіне жаза қолданбақ түгілі, олармен тығыз бауырмал, адами қатынасын үзбеген және сахабаларды соған үгіттеген.
Қазіргі кезде кейбір радикалды топтардың өзгеше ойлайтын мұсылмандарды және өздері сияқты радикалдарға қарсы күресіп жүрген, айталық, мемлекеттік қызметкерлерді «муртад» деп айыптап, оларды өлтіру керек деп жариялауы, Исламды өрескел бұрмалау, Ислам қайнаркөздерін мүлдем түсінбеу болып табылады.
– Ислами дүниетанымды жүйелі түрде қалай сипаттауға болады?
– Ислам дінінде барлық негіздердің негізі, бастапқы алғышарт – иманды жанның ізгі ниеті. Жаратқанның разылығы үшін емес, зорлық-зомбылықпен жасатылған (немесе көзге түсу мақсатында, т.б. жасалған) нәрседе ешқандай қайыр да шынайылық та болмайды. Себебі бұны жасаушыда (дұрысырақ айтсақ, жасауға мәжбүрленіп жатқан адамда) шынайы ниет жоқ. Сондықтан исламға күштеп кіргізеді немесе күштеп кіргізу керек деген түсініктер ислами санаға мүлдем қайшы, олар көбінесе ориенталистік шаблондар болып табылады. Бұған сенетін мұсылмандар болса, олар я надан, я ислами сананы әлі бойына сіңдіріп үлгермеген, басқа категориялармен ойланатын адамдар.
Екіншіден, исламдық дүниетанымға сай, қоғамның әр алуан, көпқырлы болып келуі – Алланың қалауы. Ислам адамзат баласының діни, этникалық, идеологиялық сан түрлілігін Жаратқанның қалауы ретінде қапысыз қабылдайды. Себебі бұл дүниелік өмірдің шүбәсіз шындығы болғандықтан, Ислам діні еш уақытта да сенімді күш арқылы таратуды мақсат етпейді. Ол өз кезегінде Исламға жабылған жала, әрі исламдық ілім пен таным негіздерін бұрмалау болып табылады.
Сонымен қоса Исламның дүниені тануы партикуляризмді (яғни бөлінушілікті) емес, керісінше «барлығын қамтуға» бағытталған. Осындай дүниетаным барлығымен ой-пікір түйістігіне шақырады, ортақ түсіністікке жол іздейді. Мәселен, қасиетті хадистің бірінде бұл жайт ашық баяндалған: «Барлығыңыз Адамнан тарайсыздар, ал Адам – топырақтан жаратылған. О, Құдайдың құлдары (адам-дар), бір біріңе бауыр болыңдар». Мұхаммед ғ.с. пайғамбарға түскен Құранның соңғы аяттарының бірінде-бір Жаратушыға ғана сенім аясында бірігу қажеттілігі жөнінде «Кітап иелеріне» қарата айтылған үндеу бар. ««Әй, Кітап иелері! Біздің арамызбен сендердің араларыңа бірдей бір сөзге келіңдер; жалғыз Аллаға құлшылық қылайық. Оған еш нәрсені ортақ қоспайық. Сондай-ақ Алладан өзге бір-бірімізді тәңір тұтпайық…» (Али Имран сүресі, 64-аят).
Үшіншіден, Ислам дінінде «адль» (әділдік), дәлірегі «адалет-и махза» (бұлтартпас, асқан әділдік) – басты қағида. Осыған орай, ешкім де біреудің қателігі мен күнәсі үшін жауапкер бола алмайды (мыс: «Зілзала» сүресі). Қанды кекке тыйым салып, оны түбірімен жойған да дәл осы Ислам діні болатын, ал қанды кек – өзіндік бір терроризм болып табылады. Сонымен бірге «адалет-и махза» қағидатына сәйкес бір жеке тұлғаның құқығы көпшілік құқығы үшін құрбан бола алмайды, ал көптеген зайырлы, модернистік жүйелер болса, мұндай құрбан етушілікті қабыл көріп отыр.
Төртіншіден, Ислам діні «мақсат құралдарды ақтайды» дегенге саятын модернизм мен барлық зайырлы идеологияларға тән «макиавеллизмді» мүлде қолдамайды. Себебі ислами ұстаным бойынша, ізгі мақсатқа (мәңгілік бақыт пен Жаратқанның разылығына қол жеткізуге) тек қана ізгі жолдармен жетуге болады.
Бесіншіден, Ислам діні ұстанымы бойынша, Алла тағала – тек адамның ғана жаратушысы емес, оның ризық несібесінің де жаратушысы. Мұсылмандар бұған кәміл сенеді, сол себепті жұмыс пен ресурстар, т.б. тапшылығы жайлы негізсіз алаңдауға ешбір себеп те болмайды. Ал осы жайттар жікшілдік пен ксенофобияға қозғау салатын басты факторлар болып табылады.
Алтыншыдан, құрандық және пайғамбарлық рухқа сай Ислам дінін дұрыс түсінудің негізінде (әһли сүннетті түсінуді осыған жатқызамыз) адамның, жеке тұлға мен қоғамның рухани тұрғыдан қайта жаңаруы, рух пен сана тәрбиесі, рухани және дүниелік ілімдерге айрықша мән беруі жатыр. Сондықтан Ислам дүниетанымында адам мен қоғамның өзекті мәселелерін шешуде саясатқа жүгіну емес, саяси тәсілдерге балама жолдар іздеуге басты назар аударылады. Объективті түрде алып қарасақ бұл заңды да, себебі адам мен қоғамның өзекті мәселелері ең алдымен рухани кедейлік пен мақсат мүддесіздіктен туындады.
Өкінішке қарай, колониализм мен пост-колониальды синдромға қарсы реакция негізінде пайда болған кейбір «саяси модернистік» бағыттағы ағымдар, Ислам дінін әлеуметтік әділетсіздік пен жеке басқа табынушылыққа қарсы күресте қалқан етіп, ұлт азаттық күрес пен қарсылық доктринасы ретіндегі пайдалану «құралына айналдырды». Мұның өзі Исламды Құран мен сүннет рухына сай түсінуге мүлде жат тәсіл болып табылады.
Яғни әһли сүннет үшін (ирандық шиизм қағидаттары мен «харижиттер» сияқты маргинальды секталардың идеологияларын есепке алмағанда), саясат пен басқару жүйесінен гөрі имани парасат пайымға ие үлгілі тұлға тәрбиелеу, сол арқылы шынайы әрі таза қоғам қалыптастыру басты әрі аса маңызды міндет болып табылады. Сондықтан ислам тарихының өне бойында әһли сүннеттің барлық ұлы ғалымдары хадистерде айтылған: «өздерің қандай болсаңдар, басшыларың да сондай», «егер сендер тура және тақуа болсаңдар, Алла тағала да басшыларыңды дұрыс жаққа қарай бұрып, сіздерге жайлы етеді» сынды қағидаттарды басшылыққа ала отырып, саясатқа араласпақ түгілі, оны үлкен адасушылық деп санады. Айта кету керек, қасиетті Құранда да, сүннетте де «исламдық мемлекет» делініп жүргендей, белгілі бір мемлекеттік құрылым жайлы мүлде айтылмайды. Заманымыздың басқа ойшылы айтқандай, Құранда ара, түйе, өрмекші туралы айтылады да, «исламдық мемлекет» туралы еш нәрсе айтылмайды.
Демек, исламды «зайырлы идеология іспеттес» саяси қарсылық көрсетудің түріне айналдырған ойшылсымақтар мен ағымдар исламды өз методологиясына сәйкес түсінбеудің құрбандары, сондай-ақ олардың идеялары да ислам әлемінде жаппай қолдауға ие деп ой қорыту да қателік, кезекті «ориенталистік» тұжырым болып табылады. Алайда қазіргі батыстық және олардың ізінде жүрген басқа да зерттеушілермен әңгіме әсіресе, Ислам дініне қатысты болған тұстарда саясаттан тыс не одан биік құндылықтарға айтарлықтай назар аудармай келеді. Қайтсе де Ислам мен саясат арасында бір байланыс табуға бар күштерін жұмсайды.
– Ислами діни сана, яғни мұсылмандық түсінік пен адамзат құндылықтары арасындағы байланыс туралы не айтуға болады?
– VIII және ХIII ғасыр аралығы мұсылмандық өркениеттің өркендеу кезеңі бола тұра, тарихты евроцентристік және ориенталистік тұрғыдан түсіндірудің құрбаны болып келеді. Алайда объективті түрде зерделер болсақ, Ислам өркениетінің көптеген ғылымдардың негізін қалағанын, халықаралық гуманитарлық құқық, діни төзімділік, заң үстемдігі, әрбір жеке тұлғаның құқығын бұзбау сынды және адамзаттың қазіргі таңда мойындаған басқа да универсалды қағидат пен принциптерді бірінші болып жүйелі түрде өмірге енгізгенін аңғаруға болады. Бұның өзі терроризм мен экстремизмнің қай түрі-нің болмасын, Ислами сананың туындысы бола алмайтындығын аңғартады. Исламдық дүниетаным мен құндылықтарды дұрыс түсіну, терроризмді былай қойғанда, нигилизм, цинизм, шовинизм сынды заманымыздың кез келген «измдерінің» қарқынына мызғымас қалқан бола алады.
Басқаны айтпағанның өзінде, соғыс кезінде кінәсіз адамдарды өлтіру мен қанаудың кез келген түріне тыйым салатын, «адамзат баласының әр алуандығын (көпқырлылығын)» ашық, бұлтартпай мойындайтын, «әрбір адамды қандай болса сол күйінде» қабылдауды Жаратқанның әмірі деп білетін, өкілдері сан ғасырлар бойында шынайы әр алуан, ең плюралисті қоғамдардың негізін салушы болып табылатын, өз тарихында не колониализмді, не нәсілшілдікті, не апартеидті, не екі Американың түпкілікті халықтарын геноцидке ұшыратып байлықтары мен жерлерін басып алуды (ондаған миллион адамдар қайтыс болды), не Хиросима мен Нагасакиді (бір бомбалық соққының нәтижесінде мыңдаған бейбіт тұрғындар мерт болып, миллиондаған адамдар науқас және мүгедек болып қалды), не ГУЛАГ-тарды, не жаппай репрессиялар мен ұжымдастыруды (ондаған миллион адамды, бүтіндей елдер мен әлеуметтік топтарды қырып салған), не ксенофобияны, не жаппай етек алған консюмеризм мен цинизмді білмейтін Ислам сынды дінді және соның негізінде құрылған өркениетті аяқастынан күрт өзгеріп, терроризмге дем беріп, бейбітшілік пен тыныштыққа қауіп төндіреді деу, жұмсарта айтқанда, мүлде ақылға қонымсыз болып тұр.
– Исламды терроризммен қатар қоюдың астарында кейбір күштердің құрдымға кеткен Кеңестер Одағы орнына жаңа жаудың бейнесін жасау амалдары жатыр деп айтуға бола ма?
– Жүйелі түрде Исламды терроризммен қатар қоюдың басы – жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдары. Қырғиқабақ соғыстан кейінгі әлемдік саясат пен халықаралық қатынастардағы тыныштық көптеген саясаткерлердің көңілінде үрей тудырды. Мәселен, АҚШ президенті болған тұста үлкен Буш: «Біз Қырғиқабақ соғыста жеңіске жеттік, алайда біз өзіміздің «қарсыласымызды» жоғалттық, оның үстіне, біз сыртқы саясатымызды өрге сүйреп тұрған ұлттық ұйысу факторын да жоғалттық» дегенді айтып салды.
«Первая Церковь Христа» атты діни ұйымға тиесілі Christian Science Monitor атты газеттің жазуынша, «аль-Каида», «джихадизм» терминдерін басқа-басқа емес ең алғашқы болып батыстық барлау органы қызметкерлері айналымға енгізгені көкірек көзі ашық адамға ой салуға тиіс.
Мынаны да ұмытпаған жөн деп ойлаймын, казіргі заманда адамдарды мәңгүрттендіру үшін қолдануға болатын көптеген психотроптық дәрі-дәрмектер бар, олдарды кейбір күштер оп-оңай қолдана алады. Яғни кез келген ақыл-есі бүтін адамды қысқа мерзімде «өз қожайындарының» қандай да болмасын тапсырмасын орындауға дайын «зомбилар» мен «адам роботтарға» айналдыратын көптеген дәрі-дәрмектер, сондай-ақ арнайы психологиялық әдістер де бар.
– Елімізде орын алған лаңкестік оқиғалар туралы қандай сараптама жасауға болады?
– Соңғы уақытта елімізде орын алған бірқатар лаңкестік оқиғалар Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыруды, мемлекеттік органдардың абыройын түсіруді, дін мен зайырлылыққа қатысты әртүрлі түсінікке ие адамдар мен топтардың және әртүрлі діни топтардың арасына от тастауды көздейтін қара күштердің бар екендігі жайлы ойлауға негіз бола алады. Жақын уақытта бірқатар мемлекеттерде осы тектес қайғылы жайттардың болғаны және кейбір қара күштердің (Италияда «Гладио», Түркияда «Эргенекон») бұларды ұйымдастырғаны анықталып отыр. Бұл мысалдардың елімізде жіті зерттелуі қажет деп ойлаймын.
– Сонымен, терроризм мен экстремизм мәселесін қалай шешуге болады?
– Құрандағы алты мыңнан аса аяттың ішінен алты-жеті аятты бөліп алып, Ислам діні қайнаркөздерін тәпсірлеудің классикалық дұрыс әдіснамасын лақтырып тастайтын терроризмнің модернистік иделогиясын Исламның бұрыс трактовкасы деп айтуға болмайды. Басқалай айтқанда, терроризм тіпті Исламның қате түсіндірілген түрі де бола алмайды ( дұрыс түсіндірмеушілік – «тәпсіршінің рұқсат етілген шеңбер аясында отырып, қате ұғындыруы» дегенді білдіреді). Себебі ол бүтіндей Исламнан тыс, оның қандай түрі жайлы әңгіме қозғалғанымен, ислам құндылықтары мен терроризмнің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Терроршылар – діни қайнаркөздерді ашық әрі мақсатты түрде бүлдіру, бұзып айту немесе діни мәтіндерді тәпсірлеу әдіснамасын толықтай елемей тәпсірлеудің бұрыс әдіснамасын қолданады.
Осыған байланысты еске сала кететін бір жайт, мұсылман әлеміндегі шынайы ислами дүниетанымның әлсіреп, жоғалып бара жатқандығының бір себебі «улемалардың» (мойындалған, танымал ислам ғұламалары), қоғамдағы салмағының әлсіреуі, тіпті кейбір елдерде олардың жойылып кетуі, айталық, атеистік саясат ұстанған бұрынғы Шығыс блогі қоғамдарында және отаршылдыққа ұшыраған басқа да көптеген мұсылман қоғамдарда. Ал «улема» болса, ислам қайнаркөздерінің дұрыс әдіснамасы мен ислами мұраның сақтаушысы, шырақшысы болып табылады.
Екіншіден, экстремизм мен радикализммен күресу: адамдардың бойына этикалық қасиеттер дарытып, идеологиялық және өмірлік-стилдік плюрализмді қабылдау бейімділігіне үйрететін зайырлы білім-беру жүйесі мен ағартушылық арқылы да жүзеге асу керек.
Үшіншіден, ата-аналар мен туған-туыстар жас ұрпақты, балаларын сүйіспеншіліктің бесігіне бөлеу үшін отбасы институтын күшейтудің маңыздылығы өте зор. Сол арқылы, ауылдарда, оқу орындарында, қала аулаларында жұқтыруға жеңіл «ұры-қарылық түсініктер» (зоновские понятия, воровские понятия) мен қатыгездік сынды ауруларға шипа табуға болады.
Сонымен бірге қазіргі БАҚ-та көптеп кездесетін Исламды бұрмалап түсіндіретін, ориенталистік және нео-ориенталистік қасаң қағидалар мен штамптардан арылу керек.
Соңғысы әсіресе, жауапты органдар мен мекемелерге барынша сақ әрі объективті болу керек. Себебі егер терроризм мәселесімен бетпе-бет келген көптеген елдердің көп жылғы тәжірибесін қаперге алатын болсақ, терроризм, әдетте кейбір ішкі және сыртқы күштерге тәп-тәуір бетперде болып табылады. Ондайлар қоғамда тұрақты үрей тудыру арқылы өз мақсаттарына жетуді көздейді, ал мұндайда кейбір мұсылмандар (немесе өздерін мұсылман ретінде таныстырып жүрген жандар) бостан-босқа олардың қолшоқпарларына айналып жатқандарынан өздері де бейхабар болады.
Сөзімнің соңында оқырмандарды бүгін басталған қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтағым келеді. Әрбір мұсылман үшін Құрбан айт – қасиетті, мүбәрак мейрам. Құрбан айт секілді ұлық мейрам арқылы елдің береке-бірлігі, ынтымағы, достығы артып, тәуелсіздігіміз баянды болсын деймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Төреғали Тәшенов
sunna.kz