Әбдеш Қалмырзаев,
философия ғылымдарының докторы, профессор
Экстремизм, терроризм және радикализм туралы пайымдау
Мәскеудің метрополитенінде болған екі жарылыс бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Бейбіт тұрғындардың өмірін қиған бұл террорлық актіні АҚШ-тан бастап, бүкіл Еуропа, Азия елдері бір ауыздан қатал айыптады. Екі жас әйелдің мұндай жантүршігерлік әрекеті ақылға сыйымсыз шектен шыққан ауыр қылмыс болды. Метродағы сойқаннан кейін араға бір күн салып Дағыстанның Кизляр қаласында тағы террорлық шабуыл жасалды. Бұл жарылыстан 12 адам мерт болды, негізінен, құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Солардың қарсыласуының арқасында халық тығыз орналасқан жерлерге лаңкестер жетіп үлгере алмады. Бұл лаңкестік те алдыңғы апатты ұйымдастырушылардың ісі деп бағаланды. Содан кейін Ингушетияның Қарабұлақ қаласындағы жарылыстан екі полицей қызметкері опат болды. Мұндай террорлық әрекеттердің жиі бой көрсетуі дағдыға айнала бастады. Жер шарының әртүрлі аймағында – Иракта, Ауғанстанда, Пәкістанда, Еуропа мен Азияда жиі көрініс беруде.
Бұл террорлық әрекеттердің сыры неде? Жазықсыз жандарға қарсы адамдар неге өлім себеді? Олар неге қатыгездікке барады?
Бұл сауалдар әркімді-ақ ойландырады. Ежелден бері жеке адамдардың өміріне қастандық жасап, тұтқиылдан өмірін қиып, дұшпандыққа баруы тарихтан белгілі. Бұл қастандық негізінен патшаларға, ел билеушілерге, министрлерге, фабрика-заводтың директорларына, ірі помещиктерге қарсы бағытталған-ды. Мұны түсінуге болады. Олар өз бақытсыздықтары үшін кінәлілерден, ар-намысын аяққа таптаушылардан, жеке басының кегін алудың бірден-бір жолы лаңкестік деп есептеді. Александр II патша осындай қастандықтан қаза болды. Аш-жалаңаш халық өздерінің ауыр тұрмысынан құтылудың амалы қатыгез патшаның көзін жою деп түсінді. Француздар XVIII ғасырда Людовик XVI король мен оның айдай сұлу зайыбы Мария Антуанеттаның бастарын гильотинамен қағып тастады.
Бұл қастандықтардың нысанасы нақты тұлғалар болды. Оларды құрбандыққа шалудың себептері де жеткілікті еді. Ал бейбіт халықты жаппай қырғынға ұшыратуды қалай түсінуге болады?
«Экстремизм» деген терминнің өзі XX ғасырдың екінші жартысынан бастап қолданысқа енді. Экстремизм латынның extremus – крайний деген сөзінен шыққан. Ол «ең соңғы, төтенше» деген мағынаны білдіреді.
Экстремизм баспасөзде лаңкестік деп аударылып жүр. Бұл өз мағынасын дәл беріп тұрған жоқ. Лаңкестік ұғымы ылаң салу, бүлік шығару, бұзақылық жасау деген ұғымға жақын келеді. Ал экстремизм – бұдан кеңірек ұғым. Оның өмірдегі көріністері терроризм, геноцид, этноцид, расизм болып табылады.
Экстремизм бұл ілім немесе ғылым емес. Ал өмірде радикалды саяси ілімдер, саяси ұғымдар, түсініктер жиі кездеседі. Олар бірте-бірте кең етек алып, күш жинап, нақты практикалық әрекетке ұласады, яғни террорға, ұйымдасқан бандитизмге, қарақшылық қылмыс жасауға барады. Саяси радикализм тікелей экстремистік қылмыстың түріне жатпайды. Ол саяси ұрандар, популистік үндеулер тастайды, өз идеяларын жариялы түрде листовкалар арқылы таратады. Бірақ бұл экстремистік әрекет емес. Бұл саяси популизмнің, халық назарын өзіне аударудың, көпшіліктің көшбасшысы болуға ұмтылудың көрінісі болып табылады.
Саяси радикализм өкілдері нені насихаттаса да, нені ұрандатса да олардың идеялары көпшілік мүддесіне қайшы келмейді, керісінше, оған жақын әрі ұнамды да болуы ықтимал. Бірақ оның қазіргі жағдайда халыққа бере қояр қайыры аз болмады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірқатар саяси қозғалыстың басшылары мұнайдан, шикізатты сатудан түскен табысты әр адамның есепшотына аударып беруді ұсынды. Қарапайым халыққа, оның үстіне әбден күйзелген, жоқшылықтың, тапшылықтың зардабын шегіп отырған жұртшылыққа бұл ренталық үлес беру идеясының қатты ұнағаны сөзсіз. Өйткені әркімге өзінің бүгінгі қалтасы қымбат. Бірақ саяси билік мұны қолдамады. Табиғат байлығын игеруден түскен табысты ұлттық қорға жинақтауды дұрыс деп шешті. Биліктің бұл қадамының орынды болғандығын қазіргі шындық, әсіресе, әлемдік қаржы дағдарысы жағдайындағы ахуал айқын көрсетіп отыр.
Саяси радикализм мен саяси реализм екеуі екі басқа дүние. Біріншісі оқиғаны тездетуді, мәселені түбегейлі бірден шешіп тастауды ұсынады. Оған қажетті жағдай пісіп жетілді ме, оған қоғам дайын ба, биліктің қолындағы ресурстар оны қамтамасыз ете ала ма? Онда радикалистердің шаруасы шамалы, олардың мақсаты – мәселені күн тәртібіне шығарып, оның орындалуын талап ету. Биліктегілер (көбіне олар нақты реалдық жағдайды есепке алады) болса, оған бірден бел шешіп кіріспейді, белгілі мерзім қажет екенін, ресурстар мен алғышарттар керек екенін алға тартады. Радикалдық саясаткерлерді бұл қанағаттандыра бермейді. Қоғамдық пікірге жүгінеді, өздеріне белгілі дәрежеде жақтастарды да табады, қоғамда жарықшақ туғызып, саяси тұрақтылық пен келісімге кері әсерін тигізеді. Сондықтан да билік солшыл радикалистерге қолдау көрсете бермейді.
Бұл күнде халықаралық экстремизм әлем жұртшылығын қатты алаңдатып отыр. Әсіресе, Ресейдегі наурыздың соңғы күндеріндегі террорлық әрекеттер халықтың ашу-ызасын туғызды. Ресей Президенті Д.Медведев Махачкалада Солтүстік Кавказ аймағының басшыларымен кеңес өткізіп, терроризмді ауыздықтаудың бес бағытын алға тартты. Біріншіден, күш қолдану құрылымдарының қызметін одан әрі жандандырып, пәрменділігін арттыруды ұсынды. Екіншіден, терроризм мен лаңкестікке қарсы күресті мейлінше қатал, мейлінше батыл жүргізуді, керек болса, қанжардың соққысымен олардың көзін жоюды талап етті. Үшіншіден, бүлікшілерден, лаңкестерден өз еркімен қол үзген жандарға жылы көзқарас танытып, оларды ішке тартуды қажет деп санады. Төртіншіден, елдегі экономикалық ахуалды күшейтуді, жаңа жұмыс орындарын ашуды, жұмыссыздықты, әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздықты барынша азайтуды талап етті. Солтүстік Кавказ халықтарының рухани жаңғыруын қамтамасыз етуді, олардың мәдениетін, білім алуын, адамгершілік және моральдық толысуына жағдай жасауды ұсынды. Бесіншіден, елдің рухани көсемдерінің, дін басшыларының, халық алдындағы беделін, әсер-ықпалын тиімді пайдалануды, діни тәрбиенің оңды жақтарын ұмытпауды ескертті.
«Лаңкестерді ауыздықтауға бола ма, – деді де Д.Медведев, – әбден болады. Біз оларды жеңеміз, өйткені біз көппіз, әрі күштіміз, біздің сыртымызда халық тағдыры тұр, әрі ең бастысы – шындық біз жағында», – деп оптимистік нотада сөзін аяқтады. Бірақ Ресей басшысының бұл жігерлі сөзіне илана қоюдың өзі қиын еді. Өйткені ол лаңкестіктің нақты себебі мен қайнар көзі неде екенін айтпады. Керісінше, оның экономикалық астарына шешуші мән бермеді. Террористердің кедейі жоқ, бәрі бай деп лаңкестіктің экономикалық негізін алдыңғы кезекке шығармады.
Президент Д.Медведев лаңкестікпен күресте күш қолдану, жазалау шараларын қатайтуға көп көңіл бөлді. Лаңкестердің көзін жоюға, олардың ұясын күл-талқан етуге шақырды, яғни қорқыту-үркіту жағына екпін түсіре сөйледі. Бірақ бұдан үріккен бүлікшілерді көрмедік. Араға екі-үш күн салып, Ингушетияның Қарабұлақ қаласында милиция бекетінде жарылыс жасап, екі полицейді мерт етті. Өздерін өлімге тәуекел етіп, белдеулеріне бомба байлап келген жанкештілер үшін қатал жаза, түрме қорқыныш емес, лаңкестердің бетін қайтара алмады. Сондықтан да терроризмнің түпкі себебін, төркінін айқындап алмай, онымен біржақты күш қолданумен, қанжар жұмсаумен қорқытып алу мүмкін емес. Қорқатын жандар мұндай жолға әсте де түспейді, олар қорқыныш-үрейдің не екенін білмейді, олар өлімнен сескенбейді, бұл жолға өз өмірлерін садақа еткен. Сондықтан да қорқыту-үркіту, жазалауды қатайту лаңкестікті болдырмаудың басты амалы емес.
Рас, террористің өзінің бай болуы мүмкін. Бірақ оны қолдайтын, паналатып, жасырып сақтайтын адамдар негізінен тұрмысы төмен, өмірге риза емес, билік саясатына көңілі толмайтын жандар емес пе? Сондықтан да терроризмнің экономикалық астарын жоққа шығармай, оны түбегейлі шешпейінше, лаңкестікті ауыздықтау мүмкін емес. Жұмысы жоқ, тұрақты табыс көзі жоқ адам лаңкестердің қатарын толықтырмағанда қайда барады! Көзі қарайған тал қармайдының кебін киіп, олар бүлікшілердің ықпалына еріксіз түседі. Жастарды жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын көптеп ашу, олардың әлеуметтік, рухани сұраныстарын қанағаттандыру лаңкестердің әлеуметтік базасын тарылтудың бірден-бір жолы болып табылады.
Рас, лаңкестік қимылдар біздің елімізден тыс жерлерде бой көрсетуде. Бірақ бұл бізді, қазақстандықтарды алаңдатпай отыра алмайды. Өйткені террористер жазықсыз бейкүнә жандарды құрбандыққа шалуда. Бейбіт отбасылардың басына қайғы-қасірет әкелуде. Біреуді ата-анасынан, біреуді ұл-қызынан айыруда, сәбилердің көз жасына қалуда. Мұндай қасіреттің ертең біздің елімізде орын алмауына кім кепілдік береді? Терроризм бір елдің, бір өңірдің, бір аймақтың үлесіндегі құбылыс емес, оның белгіленген шекарасы жоқ. Ол жер шарының кез келген түкпірінде бұрқ ете түсуі ықтимал. Сондықтан да әлемнің кез келген елінің басшылары халықаралық терроризмді бүгінгі жаңа ғасырдың айықпас індеті деп қабылдап отыр.
Экстремизм термині XX ғасырдың екінші жартысында халықаралық қатынас құжаттарында айналымға енгенімен, оның түрлі формалары әр елде ежелден белгілі болып келді. Теңізге шығатын елдерде теңіз қарақшылығы (пиратство), континенттік елдерде, таулы мекендерде жол бойын торыған үлкен баукеспе ұрылар, Жібек жолының бойында керуен тонаушылар, Еуропа елдерінде Робин Гудтар, өшпенділікпен ауыл-қыстақтарға өрт қоюшылар, қазақ тұрмысында барымташылар, өрістен не қорадан мал ұрлаушылар және басқа заңсыз күш қолдану, халыққа зиян келтіретін зұлымдықтар орын алды. Оның кейбір сарқыншақтары әлі де бар. Олар бұл күнде басқаша сипат алып, жаңаша мазмұнға ие болуда. Солардың осы заманғы көрінісі экстремизм болып табылады. Оның негізіне күш қолдану, мәселені дәстүрлі, заңды жолмен емес, ең оңай қарақшылық жолымен,шектен шыққан төтенше амалмен, адамгершілік, мораль, ар-ұят, әдепті ысырып тастап, адам баласына қатыгездікпен қастандық жасау тәсілімен жүзеге асырылатын болды. Оның мақсаты елдің зәресін алу, қоғамда қорқыныш пен үрей тұғызу, өмірдің қалыпты жағдайын өз ырғағынан айыру болып табылады. Бұл жолда экстремистер өз өмірлерін де кияды, жанкештілік жасап, тікелей өлімге тәуекел етеді. Мұны олар өздерінше идеяларына берілгендік, берген серттеріне адалдық деп түсінеді. Бұлар – негізінен өмірден түңілген, алдау мен арбаудың шармауына ілігіп, жалған сенімнің құлына айналған пенделер. Мәселен, Ермакты алайық. Ол кім өзі? Оған деген көзқарас бірыңғай емес. Баукеспе ұры ма, әлде жол торыған қарақшы ма, әлде халықтың ортасынан шыққан батыр ма? Жолында кездескен кез келген ауылды тонаушы баскесер ме? Әлде орыс жерінің етек-жеңін жинап, оны кеңейтуші, Сібірді бағындырушы халық қаһарманы ма? Қала мен селоны өрт құшағына берген соғыс жылдарындағы неміс оккупанттары кім? Оларға қарсы астыртын күрес жүргізген қызыл партизандар ше? Ал бүгінгі тақыр бас скинхедтер кім? Бұлардың бәрі де күш қолдануға барған. Күш қолданды деп сонда солардың бәрін бір тақтаға қоямыз ба? Бір өлшеммен бағалаймыз ба? Әрине, экстремизмнің түрлерінің бәрі – терроризм, расизм, этноцид, геноцид – бәрі де күш қолдануға сүйенген.
Шындығына келсек, күш қолданудың (насилие) екі түрі бар. Бірі – легитимді (заңды) түрі, екіншісі – заңсыз түрі. Бүл екінші топқа экстремизм жатады. Ал бірінші топқа легитимді түрде күш қолданатын мемлекет жатады. Оның күш қолдану институттары бар: әскер, полиция, қаржы, жол, көлік полициялары, қауіпсіздік органдары бар. Олар Конституцияға сай қоғамдық тәртіпті сақтау үшін заңды түрде, легитимді жолмен күш қолдануға, жазалау шараларын жүргізуге, адам құқықтарын шектеуге, бостандықтан айыруға заңды құзыретін пайдаланады. Экстремизм болса күш қолдануға заңды аттап өз бетінше барады. Олардың әрекеті легитимді емес. Заңды аяққа басу, қоғамда қалыптасқан дәстүрлі тәртіп нормалары мен ережелерін бұзу қылмысқа жатады. Экстремистердің ісі – ауыр қылмыс болып табылады.
Экстремизмнің бүгінгі таңда кең тараған түрі – терроризм. Terror – латын сөзі – қазақшаға аударғанда қорқыныш, үрей деген мағынаны білдіреді. Террорлық әрекеттің басты мақсаты қоғамда үрей, қорқыныш, әбігер туғызу, елдің тыныштығын бұзу, өзіне көпшіліктің назарын аудару арқылы өздерін үлкен саяси күш ретінде таныту болып табылады.
Терроризмнің төркінін бұл күнде Шығыстан, мұсылман елдерінен іздеу кең өріс алып отыр. Оған шығыстық, діни сипат беріп, оны варварлық, орта ғасырлық құбылыс ретінде бағалау басымырақ күйде.
Шын мәніне келгенде, терроризмді белгілі бір ұлтпен немесе дінмен байланыстырудың ешбір негізі жоқ. Террорлық қимылдарға кез келген ұлттың, діннің өкілі бара алады. Мәселен, жуырда АҚШ заң орындары Мұхаммед Пайғамбардың каррикатуралық суретін салған суретшіні өлтіру үшін киллерге тапсырыс берген бір әйелді тұтқынға алды. Ол өзі Ислам дінін қабылдаған, мұсылман әйелдерінше киініп, Швецияға барған. Мұнда ол киллер жалдап, суретшіні өлтіруді мақсат еткен. АҚШ қауіпсіздік органдары бақылауға алып, әйелді тұтқындаған. Тексере келгенде, ол АҚШ-тың өз азаматшасы екен, келімсек емес, осында туып-өскен англо-саксондық болып шыққан. Террорист біткенді Шығыстан іздеген АҚШ қауіпсіздік қызметкерлері оны өз тумаларынан тапқан.
Бұл нені көрсетеді? Терроризмнің ұлттық сипаты жоқ, бұл қылмыспен кез келген ұлттың өкілі айналыса алады. Оған себеп, сылтау, қолайлы сәт керек, тиісті бопсалау, ынталандыру, иландыру, психологиялық амалдардың сүзгісінен өтулері керек. Сонда ұлтына, жынысына, жасына, дініне, тіліне қарамастан, ланкестер қатарынан келіп бір-ақ шығады. Ешкім террорист болып тумайды, ол тұқым қуаламайды. Оны жағдай, әлеуметтік, экономикалық, моральдық, руханияттық орта мәжбүрлейді, өзінің өмірдегі өкінішін, кеткен кегін, төл тағдырына мойынсынбауын террорлық топқа қосылумен ақтағысы келеді. Саяси экстремизмді өзін құтқарудың, Құдайдың құлы ретіндегі міндетін адал өтеудің бір амалы деп қабылдайды. Әдетте бұған ерік-жігері осал, үгіт-уағызға тез берілетін, өмірде белгілі бір мақсаты жоқ, рухани дүниесі кедей жандар бейім келеді.
Терроризм бүкіл әлемде бүгін белең алып тұр. Дүниежүзіндегі алпауыт ел АҚШ-тың өзі 11 қыркүйекте лаңкестердің шабуылынан қорғана алмады, оның көп қабатты екі ғимараты ұшақтың соққысынан опырылып, күл-талқан болды. Әлемдегі қуатты ел қатты састы, дүниені алақанында ұстап тұрғандай сезінетін Президент Буш террористерге соққы беру үшін өзіне жақтастар іздеді. Британия премьері бірден қолдау көрсетті. Лаңкестердің көсемі Бен Ладен Ауғанстанда жанкештілерді дайындықтан өткізіп, мұхит асырып отыр-мыс деген желеумен терроризмнің ошағын жоймақ болды. НАТО-ның біріккен әскери күшін жіберді. Тәліптер мен Аль Каиданың бұзақыларын тәубесіне келтірмек болды. Бірақ мұндағы әскери операция әзір нәтиже бермей отыр.
Жаппай қырып-жою арсеналы бар деген Иракты жазалау үшін АҚШ мұнда да әскер жіберді. Оны БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесімен кеңескен де жоқ. Дәстүрлі тәртіпті белінен басты. Елдің астан-кестеңін шығарды, бірақ Ирактан ядролық қару-жарақтың ұштығын да таба алмады. Елдің билеушісі Саддам Хусейнді дарға асып өлтірді. Бірақ Иракта тыныштық орната алмады. Ежелгі Вавилон елі басқыншыларға бас имеді. Ирак халқы тарапынан АҚШ өзіне мәңгілік дұшпан тауып алды. Демократия тұқымын әкеп сеппек болып еді, онысы жаңа жерге тамыр жая алмады. АҚШ Иракқа кіріп алып, енді балшыққа белшесінен батып, шыға алмай отыр. Американың жаңа Президенті Барак Обама Ирак драмасын елдің бетіне таңба түсірмей аяқтау үшін шаралар қарастырып жатыр.
Әлемдегі ірі мемлекеттердің басшылары екеуара кездескенде экономикалық, сауда-саттық мәселелерін сөз етумен қатар халықаралық терроризмге бірлесіп күрес жүргізу жайларын да үнемі назарда ұстайды. Өйткені қай ел болса да, мейлі үлкен, мейлі кіші ел болса да лаңкестікке, наркотрафикке қарсы жекелеп күрес жүргізудің тиімсіз екендігіне әбден көзі жеткен секілді. Сондықтан да бұл саладағы уағдаластыққа үлкен мән беріп отыр.
Ауғанстанға жерді минадан тазарту мақсатымен бір батальон әскер жібергеніміз үшін АҚШ үкіметі Қазақстанға сөз орайы келген сайын ризашылығын білдіріп жатады. Терроризмге қарсы күрестегі әріптесіміз деп көтермелеп қояды. Біздің бір батальон НАТО-ның біріккен әскери күштерінің салмағын арттыра қоюы екі талай екені белгілі. Бірақ АҚШ үшін өздері бастаған аяғы жоқ соғысқа қолұшын берушілердің қарасын көбейту әлем алдында ақталу үшін, моральдық қолдауға ғана керек шығар, сірә! Минаны іздеп, оны залалсыздандырудың мамандары НАТО үшін қат емес екені кімге болса да аян.
АҚШ-тың Орталық қолбасшылығының қолбасшысы, генерал Дэвид Петреус жуырда Астанада болғанда Республика Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал Б.Сембиновке Ауғанстанда қазақстандық әскерлердің көмегі үшін кеудесіне АҚШ орденін тағып кетті.
Терроризммен күресті сөз еткенде мұның кейбір астарлы құпия жақтары барын да жоққа шығаруға болмайтын сияқты. Мәселен, кейбір алпауыт елдер лаңкестікті сөз жүзінде айыптай отырып, оған қарсы батыл күреске шақыра отырып, бұл күресті үлкен саясат үшін, ішкі есепке құрып, қос қабатты стандартқа бағытталған саясат жүргізетінін де теріске шығаруға болмайды. АҚШ-тың Иракқа, Ауғанстанға қарсы саясаты осыған мысал бола алады. Әскери-өнеркәсіп кешендерінің алпауыттары бюджеттен қаржыны көбірек қымқыру үшін, елдің милитаристік саясатын ақтау үшін сыртқы жаулардың қауіптілігін асыра бағалауға әуес екенін де естен шығармауға тиіспіз.
АҚШ-тың милитаристік топтары Америка әлемді билеуі керек деген пиғылдан әлі арыла алмай келеді. Елдің саяси, әскери, қаржылық алпауыттары жаңа Президенттің саясатының милитаристік, гегемондық бағыттан ауытқымауына бар күшін салып жанталасуда. Дж.Буштың саясатын жүргізген ескі күштер, Республикалық партияның белсенділері саясат аренасынан әлі де кеткісі келмейді, жаңа Президенттің әлеуметтік бағыт ұстаған саясатына қарсы қасарысып бағуда. Олардың қарсылықтарына қарамастан Барак Обама елде денсаулық сақтау реформасын жүзеге асыруға қол жеткізді. Бұл қарапайым американдықтардың көңілінен шықты.
Республикашылар болса, елдің қорғаныс қуатын күшейтуді бірінші кезекке шығарып, АҚШ-тың супердержавалық мәртебесін жоғалтпауын жақтап отыр. Халықаралық терроризм әлемдегі алпауыт ел АҚШ-тың қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұр ма, Бен-Ладеншілер АҚШ-қа екінші рет он бірінші қыркүйекті әзірлеп жатқан жоқ па екен деген сауал көңілге оралады. Өйткені АҚШ өзінің бұрынғы президент кезіндегі ракета шабуылына қарсы қорғаныс қалқанын Еуропада орнату саясатынан әлі қол үзе алмай отыр. Сол бірінші рет болған 11 қыркүйек оқиғасының өзіне деген Америка қоғамында екі ұшты пікір де бар, сол оқиғаның өзі Буштың жеке басына, әскери-өндірістік топтарға қажет болған жоқ па екен деген де болжам-елес мұнда әлі кезіп жүрген сияқты. Бірақ оның анық-қанығы әзір ешкімге мәлім емес. Үлкен алпауыт ел АҚШ үшін кішкентай Солтүстік Корея, Сирия, Гаити мен мұсылман елі Иран үлкен қатер төндіріп тұр ма екен, сірә! Еуропаның төріне әкеп, Ресейдің қақ желкесіне ядролық ракета зеңбіректерінен қорғайтын бекет ашу не үшін қажет болып отырғаны түсініксіз. Бұл да мұсылман елдерінің террорлық шабуылынан қорғану үшін қажет болып отыр ма екен дерсіз.
Ресейдің қауіпсіздік органдары Мәскеу метросындағы жарылыстың бірін 18 жасар Жаннет Абдуллаева деген кавказдық жесір әйел жүзеге асырғанын анықтады. Екіншісін де жесір әйел М.Шарипова жасаған. Бесіктен белі енді шыққан екі жас келіншектің пейіштің төріне бару үшін, өткен жылы қайтыс болған бандит күйеулеріне қосылу үшін осындай жанкештілікке барғанына таңғаласың. Олар жас өмірін не үшін құрбан етті? Оларды мұндай қадамға не итермеледі, кім көндірді? Әке-шешесін, ағайын-туыстарын, бауырларын қалай қиып, өлімге бастарын тікті? Әрине, мұның себебін бір сөзбен айтып жеткізу қиын. Бәріне кінәлі – терроризмнің халықаралық тылсым күшке айналуы. Олардың өз мақсаттары, өз жақтастары, өз пірлері бар. Жанкештілерді даярлайтын арнайы орталықтары бар. Олар қоғамдағы өз ахуалдарына риза емес, олар езілген, қорланған, жаншылған, өмір ағысынан шеттетілген, олардың іштерінде өшпенділік пен кекшілдік ұялап, тұнып қалған. Олар бұл ахуалға өздерін жеткізген жауларды іздейді. Бұлардың ойынша, олар, әрине, бар. Іштегі кекті, ыза мен ашуды солардан алғысы келеді. Ашық күреске шамасы жетпейді. Бір ғана жолды таңдап алады, ол – лаңкестік. Бейбіт халықтың үрейін алу арқылы қоғамда қорқыныш туғызу. Сол арқылы жауларының зәресін алып, райынан қайтару, бейтаныс жауларының мысын басып, оларды жуасыту болып табылады. Өздерінің тұрмыс деңгейінің төмендігін іштен іздемей, сырттан, өзгелерден іздейді. Сол үшін оларды тәубасына келтіруді ойлайды. Бұл жолда оларға күш қолданудан басқа амал жоқ. Дәлел, аргумент келтіру қиын. Сондықтан да диалогқа бару тиімсіз. Ең оңайы – террорлық әрекет.
Сөйтіп, екі жас әйел Мәскеу метросында 40-тан астам бейбіт жанды о дүниеге аттандырды. Сексен адам ауыр жарақаттанып, ауруханаға түсті. Екі жанкештінің әрекеті мұншама адамды қасіретке ұшыратты, жанын күйзелтті.
Алматы облысындағы Қызылағаш ауылында болған су апаты соншалық адамның өмірін қиып кеткен еді. Бұл тосыннан келген апатты бүкіл республика жұртшылығы аза тұтты. Қолдарынан келген көмектерін берді. Үкімет қазір ауылды қалпына келтіруге қызу кірісіп кетті.
Ал Мәскеу метросындағы жарылыс бүкіл әлемді дүр сілкіндірді, әлем терроризмді бірауыздан қатты айыптады. АҚШ Президентінен бастап Франция, Германия, Ұлыбритания басшылары, ТМД елдерінің жетекшілері, Еуроодақ, НАТО, ЕҚЫҰ басшылары да азалы жеделхаттар жолдап, ланкестердің әрекетіне ашу-ызасын білдірді. Барак Обама болса, тікелей телефон арқылы Ресей Президентімен байланысып, көңіл айтты, терроризмге қарсы бірлесіп күресуге сөз берді.
Екі апаттан болған өлім саны шамалас. Біріншісі ел ішінде, екіншісі бүкіл әлемде резонанс туғызды. Неге екі түрлі резонанс болды? Өйткені екі апаттың екеуі екі басқа. Бірі тілсіз жау – табиғаттың дүлей күшінің салдарынан орын алды. Күтпеген жерден мылқау күш – су тасқыны бейқам жатқан ауылды жайпап кетті. Ал екіншісі қаныпезер адамдардың қолымен әдейілеп жасалды. Кінәсі жоқ, күнәдан пәк жандар жазықсыздан жазықсыз қайғылы қазаға ұшырады. Екінші апаттың ауыртпалығы да, өкініштісі де осында. Әйтпесе адам өмірі әрқашан қымбат, оның қазасы қандай жағдайда болса да ауыр, қайғылы. Бірақ қанішердің қолынан бір мезгілде көп адамның мерт болуы екі есе аянышты, екі есе азалы. Сондықтан да әлем жұртшылығының мәскеуліктерге көңіл айтуы, қайғысына ортақтасуы шынайы адамгершіліктің дәлелі болып табылады.
Терроризмнің көріністері бұрын да жиі кездескен. Бірақ олардың бүгінгі лаңкестіктен едәуір айырмашылығы болды. Бұрын қастандық жасаудың нақты нысаны таңдалып алынды. Елдің патшасы, ірі шенеуніктері, министрлер мен өндірістің ірі басшылары нысанға алынды. Оларға деген лаңкестердің нақты өшпенділігі, кеткен кегі болды. Ел билеушілерін нысанаға алғанда қоғамдағы қайшылықтарды солардың кесірінен деп ұқты. Оларды саясат сахнасынан кетіру қалыптасқан жағдайды түзетуге көмектеседі деп түсінді, яғни бұл террористердің бүгінгілердің айырмашылығы қарапайым халықты қырып-жоюға емес, жеке тұлғаларды тарих сахнасынан аластатуды мақсат етті. Ресейдің патшаларына әлденеше рет шабуыл жасалды, П.Столыпин қастандықпен өлтірілді. Қанша хайуандық әрекет болса да, бұлардың өзіндік себеп-сылтауы болды, жүргізілген саясатқа халықтың көңілі толмады. Ал кейбіреулері жеке басының кегін қайтаруды мақсат етті. Қанша ауыр болса да, олардың қатыгез әрекеттерін түсінуге болатын еді. Ал бүгінгі бейбіт жандарға қарсы бомба қолдану, жаппай өлімге қию, оның үстіне өз жеке бастарының тағдырын да құрбандыққа шалу қазіргі лаңкестердің зұлымдық әрекеттеріне, шектен шыққан қатыгездіктеріне мысал бола алады. Бұл бір сөзбен айтқанда, адамшылық бейнеден біржола айырылу деген сөз. Нағыз тағылықтың, қаныпезерліктің белгісі болып есептеледі. Бейбіт елді қырып-жою дін жолына да, адамгершілік ережелеріне де қайшы келеді.
Жоқшылық, кедейлік халықты ашықтан ашық заңсыз күш қолдануға, мемлекет ғимараттарына басып-кіріп, оларды талқандауға дейін апарады. Мұны сәуірде болған Қырғызстандағы мемлекеттік төңкеріс кезіндегі бассыздық, тәртіпсіздіктен анық көруге болады. Ашынған халық ғимараттарды өртеп, дүкендерді, жеке үйлерді қиратып, тонаушылыққа барды. Бұл да – экстремизмнің көрінісі.
Кедейлік, аш-жалаңаштық бұқараны сабырдан айырып, тобырлық қалыпқа түсіреді, алдына келгенін, қолына түскенін тапа-тармағай талап-тонауға дейін апарады. Бұл нағыз бассыздықтың, бандитизмнің өзі, заңды биліктің әлсіздігі болып табылады.
Террористік қимыл-әрекеттердің дүниенің барлық түкпірінде жыл сайын көбейіп келе жатқаны ешкімге жасырын емес. Бірде Иракта, бірде Ауғанстанда, бірде Палестинада, бірде Дағыстанда, Шешенстанда, Ингушетияда, бірде Ресейдің орталық қалаларында лаңкестік күштер айылын жимай, оқтын-оқтын бейбіт жандарды қырғынға ұшыратып келеді. Терроризмнің сотқарлары ұсталып, көздері жойылуда. Көптеген шетелдіктер жалданып, арнайы дайындықтан өтіп, Ресей елінде лаңкестік топтың қатарында қылмыс жасауда.
Бүгінгі билікті, қоғамды ойландыратын жайлар көп. Бұған оларды не итермелейді? Бәрін материалдық, қаржылық жайлармен түсіндіруге бола ма? Бұлардың жыртқыштық, хайуандық, қатыгездік әрекеттерінің артында не күш тұр? Жазықсыз жандарды шімірікпестен қалай өлімге қияды? Идеялық сенім, діни нанымның арқасында осыған бара ма? Әлде алдану, арбаудың нәтижесінде күнәсіз пенделердің қанын төгіп, көз жасын көлдетуді немен түсіндіруге болады?
Біздің бақытымызға орай, Қазақстанда лаңкестіктің үлкен ошағы болған жоқ. Террористердің зұлымдық әрекетінің іздері кезіккен жоқ. Дегенмен де сырттан келген діни миссионерлер, әртүрлі сектаның өкілдері көбейіп барады. Олар дәстүрлі діндерден алшақ сенім-нанымдарды уағыздап, жастардың санасын улап жүр. Бұлардың елге емін-еркін кіріп, еркін сайран салуын тоқтату қажет. Бұған еліміздегі дәстүрлі дін ұйымдарының басшылары көмектесулері керек. Дін адамдардың бас араздығын қоздырмай, олардың бірлігін, татулығын, имандылығын қамтамасыз етуге күш салулары абзал.
Террористік әрекеттердің оқтын-оқтын қайталанып келіп, халық арасындағы дүрбелең туғызғанымен, уақыт өте келе азаматтар оны ұмытып, естен шығарып жібереді. Соның салдары болуы керек, жүргізілген сауалдамалардың нәтижесіне қарағанда көпшілік өз өмірлеріне басты қауіп-қатерді олардан күтпейді. Мәселен, 2008 жылы қаңтарда Левада Орталығы жүргізген сауалдаманың қорытындысы осыны аңғартады.
Сауал берілген ересек 1600 азаматтың 5 пайызы ғана Ресейге іштен төнетін қауіпті лаңкестіктен күтеді. Ал 20 пайызы – биліктің озбырлығынан, 14 пайызы – экономикалық дамудың әлсіздігінен, 12 пайызы билік ішіндегі топтардың өзара қырқысуынан деп түсінеді екен. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым азаматтарды лаңкестіктен гөрі басқа мәселелер көбірек алаңдататын секілді. Өйткені бұл террорлық әрекеттердің қайталану мерзімі белгісіз, біріншісі болып, екіншісі қайталанғанша, ел оны ұмытып кетеді, яғни нажағай оты жарқылдағанша Құдайға құлшылық ете бермейді. Халық санасы ұмытшақ, жамандықтың бәрін есте ұзақ сақтай бермейді. Сондықтан да сауалдаманың нәтижесі солай, қатты қауіпті лаңкестерден күтпейді.
Терроризм – жаңа құбылыс емес. Ол XIX ғасырдың екінші жартысында-ақ Ресей қоғамын едәуір елеңдетті. Билікке, қоғамдағы ахуалға қарсы топтар әр жерде-ақ бас көтерді. Кісі өлтірумен айналысып, үйлерді өртеді, осылай қылмыстарының ізін жасырғысы келді, олар дүниені қайта құруды мақсат етті. Бұл үшін құпия саяси ұйымдар құрды, билікке қарсы күресті. Күш қолдану, қорқыту-үркіту әрекеттеріне барды. Бұл туралы Ф.Достоевский өзінің «Ібіліс» («Бесн») атты романында жақсы жазды. Мұншалықты қиянатқа, кісі өлтіруге, дау-жанжалға, зұлымдықтарға неге барасыздар деген сауалға романның бір кейіпкері Лямшин былай деп жауап береді: «для систематического потрясения основ, для систематического разложения общества и всех начал; для того, чтобы всех обескуражить и изо всего сделать кашу и расшаттавшееся таким образом общество…» (Қараңыз, 10-т, 510- бет).
Бүгінгі терроризмнің де мақсаты, күрес тәсілі осындай, бұдан екі ғасыр бұрынғыдай. Уақыт жаңа, күрес тәсілі бұрынғыша: қорқыту-үркіту, елдің берекесін алу, жазықсыз жандардың қанын төгу, қасіретке ұшырату, аңқау жандарды бопсалап, өз қатарларына тарту.
Осыған қарамастан соңғы кезге дейін әлемде лаңкестікті бағалауда субъективтік ұғым басым болды. Мәскеу метросындағы соңғы екі жарылысқа дейін Батыста Ресейдегі террорлық әрекеттерді азаттық үшін күрес құрбандары деп бағалау басым болып келген еді. Осы соңғы жарылыстан кейін олар өз көзқарастарын өзгерткен секілді. Мәскеу метросындағы бұл жарылысты бүкіл Батыс бірауыздан айыптап, ресейліктердің қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Мұның өзі – прогресс. Терроризм қай жерде жасалса да, варварлық құбылыс. Бүгінгі әлемдік өркениеттің бетіне үлкен таңба. Адамдардың рухани деңгейінің көрінісі. «Қара жамылған жесірлерді» күйеулерінің кегін алу үшін тікелей ажалға айдау өркениеттіліктің белгісі емес. Шындап келгенде, нағыз тағылық, орта ғасырлық түнекке қайта оралу деген сөз.
Қазіргі кезеңде әлемде кең етек алып отырған бұл індетті материалдық қана емес, рухани мешеуліктің, адамдар бойындағы гуманистік сезімдердің тұрпайылануының салдары деп ұғынған жөн. Сондықтан да бұл ғасыр қасіретімен күресте осыны басты назарда ұстауымыз керек.
Адамзат өркениеті, тарих тегершігі кері шегініс жасауға тиіс емес, өйткені планетадағы тіршілік прогреске құрылған, әлем ертеңге деген үлкен үмітпен өмір сүреді.
Фото: egemen.kz