Экстремистік әдебиеттер туралы сауалдарға
«Экстремизм» деген латын сөзі «шеттеу», яғни орталықтан ауытқу, қандай да бір белгіленген шектен тыс кету деген мағына береді. «Экстремизм» сөзінің ең жақын синонимі «радикализм». Бұл сөз де жанама түрде мейлі дінде, мінез-құлықта, пікірде болсын, қалыпты, дұрыс деп қабылданған деңгейден ауытқу. Экстремизм жалпы түрде ешбір мөлшерді, тәртіпті мойындамайтын, өзінің шектен шыққан пікірі мен іс-әрекеттері арқылы ерекшеленген адамдарды білдіреді. Саяси ортада пайда болған экстремизм – саяси Экстремизм ал діни ортада пайда болған экстремизм – діни Экстремизм деп аталады.
Экстремизмнің пайда болуы. Экстремизмнің бірінші белгісі адамның надандыққа, көр соқырлыққа негізделген өз көзқарасы, пікірінің орындалуын табанды түрде талап етуі. Мұндай адамдар басқа көпшіліктің қажеттіліктері мен шынайы жағдайын түсінбейді немесе түсінгісі келмейді. Олар, жөн білетін, дұрыс бағыт көрсете алатын адамдардың ешқайсысын мойындамайды. Өзіне сын көзімен қарау деген түсінік олар үшін жат. Олардың түсінігінде тек олар ғана тура, басқаның барлығы да адасушылар. Сондықтан да олар басқаларды әділетсіз, әрі қатігез деп айыптауды өзіне міндет санайды. Сондықтан, аяғы әртүрлі қақтығыстарға алып баратын жалған пікірлер таратып, мәжбүрлеу арқылы осы пікірлерді мойындайтын, шариғатқа, заңға қайшы келетін қадамдар жасайды. Экстремистердің пайда болуының екінші себебі, олардың ешбір қажеті болмаса да, әр істе шектен тыс шығып кетуге бейім тұруы. Басқаларды да осыған итермелейді. Нәтижесінде адамдар арасындағы қалыпты қарым-қатынас бұзылып, қоғамдағы үйлесімді тіршілік арнасынан ауытқып, әлеуметтік толқулардың тууына себеп болады. Экстремистік көріністің үшінші түрі, сырт көзге байқалмайтын, адамдарға деген күдік пен сенімсіздіктен туады.
Экстремизмнің негізгі белгілері: біріншіден, мемлекетте диктатура орнатуды ашық жариялайды, яғни бұл дегеніңіз елдегі азаматтардың саяси және азаматтық құқықтарын кемсіту; екіншіден, елдегі конституциялық құрылымды үзілді-кесілді мойындамайды, оны зорлық-зомбылық күшімен жоюға және билікті заңсыз басып алуға ашық түрде насихаттайды; үшіншіден, заңсыз қарулы жасақтар құрады; төртіншіден, елде әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, тіл және діни алауыздықты қоздырады, сонымен қатар, осы ерекшеліктер бойынша азаматтардың құқығын шектеуді мақсат етеді; бесіншіден, елде белгілі бір ұлттың немесе діни конфессияның тоталитарлық тәртібін орнатуға ұмтылады.
Діни экстремизмнің негізгі мақсаты – өз дінінің басқа діни конфессияларға басым екенін мәжбүрлі түрде мойындату.
Діни экстремизм – діни фанатизмнің шектен шыққан түрі, терроризмнің ең соңғы сатысы. Кез келген экстремизмнің мәні – олардың пікірлеріне қосылмағандарға зорлық-зомбылық көрсету. Діни экстремизм әлемді өздерінің шектен шыққан көзқарасы мен діни фанаттық идеологиясына сәйкес қайта құруға тырысады.
2006 жылғы 8 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы «Ғаламдық террормен күрес» стратегиясын қабылдады. Бұл құжатта БҰҰ-ға мүше мемлекеттер экстремизм мен терроризмнің барлық пішінін бір жақты айыптайды және осыған қарсы тығыз ынтымақтастық арқылы әрекет етуге дайын екендігін көрсетеді.
Қазіргі заманда қоғам, мемлекет үшін қауіп-қатердің ең бастысы – лаңкестік пен діни экстремизм. Осыған орай соңғы жылдары біздің елімізде «Экстремистік қызметке қарсы қимыл жасау туралы» Заң қабылданып, Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінде әлемдік қауымдастыққа діни экстремизмге қарсы күрес шараларын қабылдау жөнінде Үндеу халыққа жолданды.
2005 жылдың 18 ақпанында «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» қабылданған Заңның 12-бабы «Байланыс желiлерi мен құралдарын экстремизмді жүзеге асыру үшін пайдалануға, экстремистік материалдарды басып шығаруға және таратуға жол бермеу» деп аталады. Тарқатылып отырған бапта «Қазақстан Республикасының аумағында байланыс желiлерi мен құралдарын экстремизмді жүзеге асыру үшін пайдалануға, сондай-ақ экстремистік материалдарды басып шығаруға және таратуға тыйым салынады. Байланыс желiлерi мен құралдары экстремизмді жүзеге асыру үшін пайдаланылған жағдайда жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын уәкiлеттi органдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кез келген байланыс желiлерi мен құралдарының қызметін тоқтата тұруға құқылы. Байланыс желiлерi мен құралдарының қызметіне тыйым салуды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сот жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын және экстремизм белгілері бар ақпараттық материалдарды прокурордың мәлімдемесі бойынша сот тыйым салу талабын мәлімдеген прокурор тұрған жер бойынша немесе мұндай материалдар табылған жер бойынша экстремистік деп танып, әкелуге, басып шығаруға және таратуға тыйым салады» – деп көрсетіледі.
2011 ж 1 қазанында қабылданған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 9-шы бабы «Діни әдебиет және діни мақсаттағы заттар» деп аталады. Осы бапта «Діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол беріледі» – деп анық жазылған.
Жаңа заңда елімізде экстремистік әдебиеттердің енуіне тосқауыл қойылады, ең алдымен қандай да болмасын діни әдебиеттер толық дінтанулық сараптамадан өткізілуі қажет делінген. Мұның өзі елге енген дін таратушылардың іліміне толықтай сараптама жасалады деген сөз.
Елімізде діни мазмұндағы экстремистік әдебиеттерді тарату соңғы онжылдықта қатты белең алғаны мәлім. Қазіргі таңда осы процесс қатаң қадағаланып, заңды түрде жолға қойылды.
Мысалы, 2009 жылғы 3 шiлдедегi Астана қаласы сотының шешiмiмен экстремистік деп танылған 200-ден астам ақпараттық материалдың әкелінуіне және таратылуына тыйым салынды. Дін істері агенттігінің мәлімдемесі бойынша, 2006-2010 жж аралығында Қазақстан территориясындағы діни мазмұндағы объектілердің 2,5 мыңнан астамына діни сараптама жасалған. Соның ішінде, 135 діни бірлестіктердің жарғылық құжаттары болса, 200-ден астамы аудио- бейне өнімдер және 2190 басылым жарияланымдары. 2010 ж сараптама жұмысына 9 ғылым докторы, 8 ғылым кандидаты тартылған. Олардың көпшілігі араб, түрік және басқа шет тілдерін еркін меңгергендер болған.
Қорыта айтқанда, жаңа заман жағдайында, яғни конфессиялық топтардың саяси қайшылықтары кезінде жоғарыда аталған мәселелер ерекше маңызға ие және оларды еңсеру барысында Қазақстанның саяси-құқықтық құрылымы мен ұлттық ерекшеліктері есепке алынып отыруы тиіс.
Экстремизмнің қай түрі болса да тұтас әлемге, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне, елдің аумақтық тұтастығына, азаматтардың құқығына және бостандығына үлкен қауіп төндіреді. Кез келген ел үшін діни экстремизмнің ең қауіпті түрі – діни ұранды бүркемелеп ұлттар және діндер арасына от қойып, шағыстыру болып табылады. Ал, оны жүзеге асырудың алғашқы бастамалары халық санасына адасушылық жолындағы діни әдебиеттермен енгізуден басталады.
Ең бастысы ұлттық сана-сезімді қорғау екенін естен шығармағанымыз абзал. Белгілі саясаттанушы П.Клачков былай дейді: «Діни экстремизмге қарсы күрестің негізгі нысанасы қатардағы орындаушылар емес, шын мәніндегі тапсырыс берушілер мен ұйымдастырушылар, рухани көсемдер болуға тиіс. Радикалды исламизмнің саяси көсемдерін құрықтап, оларға құйылатын қаржыға тосқауыл қою керек». Бізде де ең маңызды мәселе осы.
С.Ж. Сапарғалиева,
Мәдениеттер мен діндердің халықаралық
орталығының бөлім бастығы, ф.ғ.к.